ҚҰМ ЖАЗУЫ

Жуырда Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде белгілі суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Табылды Мұқатовтың «Құм жазуы» атты мерейтойлық көрмесі ашылған болатын. 

Көрмеге қылқалам шеберінің 100-ден аса графика және кес­кіндеме шығармалары қойылған. Тақырыптық бағыттары – ­қа­зақтың табиғаты, ауыл өмірі, қай­таланбас тұлғалар, тіршіліктің қарапайым көріністері, замана тынысы, уақыт шежіресі, балалық шаққа саяхат тәрізді дүниелерді қамтиды. Сурет өнерінің «экспрессионизм» жанрында салатын Т.Мұқатовтың шығармашылы­ғы көрермендерді туындылары­ның ерекшелігімен тәнті етеді. Ол кісінің суреткерлік фантазиясы, қоршаған ортаны көре білу қасиеті өзге суретшілерден бөлек. Қандай тақырыпты арқау етсе де, байыбына барып, реңін кіргізіп, өңін ашады. Туындылардың атаулары да тартымды: «Жүйрік», «Түйелер», «Жылқылар», «Түйеші», «Екі бейне», «Аттылы», «Тыныстау», «Дала әуені», «Сауыншы» және т.б. Суретшінің шығармашылығы, бір қарағанда қарапайым болып көрінуі мүмкін, ал тереңіне бойлап, әрбір бояуға мән берсеңіз, оның өзіне ғана жарасатын өзгеше «әлемді» байқауға болады.
Қазақ бейнелеу өнерінде өзін­дік қолтаңбасымен дарала­нып келе жатқан ағамыз көптеген кітаптардың иллюстрациясын жа­сағанын да айта кеткеніміз жөн. Олардың ішінде М.Әуезовтің «Асауға тұсау», С.Жүнісовтың «Ақан сері», І.Есенберлиннің «Құлагер», «Қазақ поэзиясының антология­сы» (екі том) атты туын­­дыларға жасаған көркемдік суреттері байқауларда жүлделі орындардан көрінді. Табылды Мұқатов әйгілі Махамбеттің өлең­дерін қолмен көшіріп, маржандай жазуымен қағазға түсі­ріп, ол жеке кітап болып шық­қан. 9-қаң­тарда басталған көрме ақпан айының 3-іне дейін жалғасады.

Д.Жұматұлы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.