МЕНІҢ ӘКЕЛЕРІМ

 (Қазақтың туыстық дәстүрі жайлы бір үзік сыр)

Серік ҚИРАБАЕВ,
академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Әкелерім де сол тұстағы замандастары сияқты өз дәуірінің адамдары еді. Олар қиын заман кешті, сөйте тұра барын сол кездің қоғамдық тәртібін нығайтуға, өздерінің шама-шарқынша елді көтеруге, адамдарды тәрбиелеуге сарқа жұмсады, өздері де өсіп, жаңа тәрбие алды. Жаңаша оқуы аз болғанмен, халықтық қайраты мол, көкірегінде оты бар, сезімі сергек жандар еді. Елім деп жүрген соларды да заманы еркелетіп көрген емес. 30-жылдардың орта тұсында менің әкем Жаңарқа ауданының бірінші ауылында ауылдық кеңестің төрағасы болып істеді. Ол кезде бұл ауылдық кеңеске «Еңбек», «Қара жартас», «Қос там», «Қоғамшыл» деген колхоздар қарайтын…

Қазақ – қашаннан-ақ алысты жақын тұтып, бауыр еткен ерекше дәстүрі бар халық. «Қарға тамырлы қазақ», «Сұрай-сұрай қарын бөле шығады», «Құда – мыңжылдық» деген орамды сөз жүйелері де тегін шықпаған. Оның бәрі араласып, бітісіп, бірімен-бірі байланысып жатқан қазақтың туыстыққа ерекше мән бергенін байқатады. Туыстықты аялау адамды адамға жақын тұтудың жолына айналған. Қазіргі жастар осындай адамдық жылы сезімнен тұратын дәстүрдің сыры мен қырын біле бермейді, сондықтан қазір алысты жақын тұтудың орнына, жақыныңды жат көру етек алып барады. Осыған байланысты кейінгілерге сабақ болар деген ниетпен қазақтың туыстық дәстүрі жайлы өзім көрген, білген бір үзік сырды әңгіме етуге бекіндім.
Менің үлкен әкем Қирабай, Жақсыбай деген ағайынды екі жігіт болыпты. Әкесі Аққошқар үлкен ұлы Қирабайды қолына ұстап, барлы-жоқ шағын шаруасына ие етіпті де, кіші ұлы Жақсыбайға бөлек отау тігіп, бірақ енші бермей, «ағаңның шаруасын істеп, күн көр» депті. Содан ағайынды екі адамның үлкені мал иесі болып, кішісі соның қызметін істеген. Әйелдері де тату болған. Балажан (Қирабайдың әйелі), Балжан (Жақсыбайдың әйелі) деген аттары да ұқсас екен. Балжан анамызды жұрт «Күң» дейтін еді, сөйтсек, бала көтермеген ­Балажан оның балаларын бауырына салып, Балжанды «Ол – біздің үйдің күңі, аналарың – мен» деп үйретіпті. Содан марқұмның өмір бойы ешкім атын атамай, «Күң» атанып кетті. Бірақ оған еш қорланбайтын. Үлкен қызы Бәкен, одан кейін туған ұлы Смайыл Қирабай баласы болып, Балажанның бауырында өскен. Одан кейінгі ұлы Жәкен ата-анасының өзінде қалыпты да, кіші ұлы Жаманды (шын аты – Зейнелғабиден) тағы да Қирабай асырап алған. Қирабай атамыз мен туған жылы (1927) қайтыс болыпты, кешікпей әйелі де дүние салған. Біздің көрген ата-анамыз Жақсыбай мен Балжан еді.

Атам («көке» деуші ек) 1937 жылы 77 жасында, әжем («апа» дейтін ек) 1961 жылы 93 жасында қайтты. Әртүрлі әке атына жазылған балалары осылар­дың маңында өсті. Немерелерінің үлкендері – Хамит екеуміз мектепке дейін көкем мен апамның қолында болдық. Ағайынды үш адам – ­Смайыл, Жәкен, Жаман үшеуі де бөлініп, әкесінен енші алмаған. Жақсыбайдың қолында қалған Қирабайдың малы Жақсыбайдан Жәкенге көшкен. Кеңес заманында Смайыл мен Жаман атқа мінген де, Жәкен ауылда солардың ортақ шаруасына ие болған. Әкем (Смайыл) марқұмның: «Мал иесі – Жәкен ғой» деп отырғанын талай естіп едім. Енші алысуды олар туыстықтан бөліну сияқты көретін. Бірінің баласын бірі асырап алу дәстүрі менің әкелерім тұсында да берік еді. Смайылдың үлкен ұлы Алпысбай Жақсыбай атамның алпыс жасында ­туыпты. Мен Жәкеннің үлкені екем – анам бір жасымда қайтыс болыпты да, мені де Смайылдың бәйбішесі Бибіқамзе («Төлеупас» дейтін ек – жас кезінде тілі келмеген Алпысбай «Төлеудің қызы» деген сөзді бұрмалап, осылай атандырған) бауырына салған. Менен кейін туған Смайылдың ұлы Хамитты, қызы Бибіғайшаны Жаман иемденген. Одан кейін Жаман Жәкеннің Мереке деген ұлын асырап алған. Бұлардан басқа Смайылдың өзіне тән Мәжит, Сәбит, Майра, Жәкеннің кейінгі әйелден туған Бөде, Тоқабай, Жәмила, Орынтай деген балалары бар. Жаманның жалғыз қызы Күләйша әкесі 1937 жылы ұсталып кеткенде туып, шешесі Бәден жас босана салып, баласын тастап, күйеуін іздеп кеткенде қайтыс болған. Жас босанған әйел содан аурулы болып, кейін бала көтермеген. Бүгінде Бәден Хамиттен туған немересі Нұрланның қолында. Ағайынды үш адамның атына бөліп жазылғаны болмаса, балалардың да «менікі», «сенікісі» жоқ еді. Бәрі де үш үйге ортақ өсті. Біздің жас күнімізде жазғы демалысты үш үйде кезек өткізетінбіз. Мектепке қай үй жақын болса, балалар сол үйде жатып оқи беретін.
Біздің ауылымызда мектеп мен оқуға барғаннан бір жыл кейін ашылды. Бірінші сыныпты Қарағаш деген жерде, Жаманның қолында бітіріп, содан көбінесе аудан орталығындағы мектепте оқыдым. Онда көбінесе кісі үйінде жаттым. Сірә, менің ешкімге сүйенбей, өз жолыммен өмір сүруім сол кезден басталған болар. Ал қалған балалар негізінен ауылда оқыды. Ауыл дегенмен, әкелеріміз бір ауылда бірге тұрып көрген емес, өз ауылымызда олардың кіндігі сияқты Жәкен отыратын да, қалған екеуі қызмет бабымен басқа ауылдарда тұрды. Ағайынды адамдардың біріне-бірінің көңілі, туыстық сыйласуы, құрметтеуі ерекше еді, жылтырағы жоқ, терең, іштей құрмет сезілетін. Бірінің қалауы жоқ іске екіншісі баспайтын. Көбінесе Смайылдың қасқабағына қарайтын, ал ол: «Жәкен қалай қарайды екен?» деп отыратын. Ересектеу бала болып, мен олардың мұндай сырына қанық өстім. Бибіқамзе шешеміз қайтыс болып, орнына Айтыман деген жас шешеміз келді. Алғашқы кезде о кісі мен туыстардың арасында түсініспестік болып жүрді. Есейіп қалған Алпысбай да жаңа шешесін мойындай қоймады. Сонда Смайылдың көңіліне келеді деп, екі інісі бір адамның аузын аштырған емес. «Бәрінен де әкеңнің ренжімегені керек», – деген еді Жәкен бірде. Кейін бәрі де қалпына келді. Айтыман да айтулы ана болды. Ешкімді өгейсіткен жоқ, барлық халыққа қамқор бола білді. Тоқсан жыл жасап, бертінде ғана қайтты. Үшеуінің өзара құрметі балаға деген көзқарастан да танылатын. Бірінің көңіліне келмесін деп, асырауға берген баласына екіншісі жақындамайтын, іш тартпайтын. Смайылға бергеннен кейін Жәкен маған таянып, іш тартып, сөйлесіп көрген жан емес. Смайыл өлгеннен кейін де осы әдетінен жаңылған жоқ. Қайтыс болар алдында көңілін сұрай барғанымда: «Әкеңнің көңіліне келер деп бетіңнен сүйіп көрмеп едім, қолыңнан сүйейін» деп, сәлем беріп ұстаған қолымның сыртынан сүйіп еді. Дініне қандай берік, ағасының аруағын сыйлауға қандай мықты адам деп ойлағам сонда. Жаманға берген балаларына да осылай қарады. Осы күні Жәкеңнің кейбір балалары туыс­тарына кеткен балаларға жоқтаушы болып, олардың ұрпақтарын Жәкен атына (әкесі Жаман атында болса да) жаздырып жүр деп естимін. Олар бауырларын сыйлап өткен Жәкен соған риза болар деп ойлай ма екен?! Қайта бауырының атауы кемігеніне назаланып-ақ жатқан болар! Ал ­Жаман өзі өлгеннен кейін шын әкесін тапқан ұрпағына қаншалықты риза дейсіз? Аруақты назаландыру деген осы емес пе? Бөліну деген осындайдан басталады да. Көкірегінде саралық жоқ, ата-ана дәстүрін сезінбейтін жандар нанға тойса, кеудесі пісіп шыға келетіні де тәрбиесіздіктен болар. «Тамағым менікі, арағым менікі» деп, келген туыстарын дастарқаннан қуған жастар өліні де, тіріні де сыйлайды деу қиын. Бала асырап алу дәстүрі кейін немерелерді ауыстырып асырауға ұласты. Хамиттың бір баласы Смайылдың үйінде өсіп, ол кісі өлген соң Сәбиттің асырауында болды. Әкем марқұм Алматыға соңғы келген сапарында (1958) маған: «Әділ деген балаңды маған бер, асырайын» деп еді. Мен ол кісінің ұсынысына түсінбегендік көрсеттім. Шынында, мен ол кезде өз баласы бола тұрып, бала асырап алу дәстүрін түсіне бермейтінмін. «Әркім өз әке-шешесінде неге өспейді? Оларды тірі жетім, тас бауыр етіп өсіру неге керек?» деп ойлайтынмын. Әкеме осы ойымды айта салдым.
Үш үйге ортақ үлкен бала болғандықтан, ойымды еркін, ашық айтатын әдетім де болатын. Әкем марқұмның: «Ой, сен не білесің? Біздің саясатымыз сендерді жат қылмау ғой» дегені есімде. Бүгін ойласам, осы сөзде көп ақыл, өнеге жатыр екен ғой. Бірінің баласын бірі асырап алу арқылы олар ұрпағын байластырып, матастырып, біріне-бірін теліп кетуді мақсат еткен екен. Мысалы, маған Жәкеннің балалары жат емес, қанша дегенмен бір әкеден тудық. Ал Смайыл балаларымен бірге, бір төсекте өстім. Сондықтан мен екі енеге телі төл сияқтымын. Туыстықты сақтау, балаларды өзара жақын болуға баулудың саясаты да халықтық үлкен дәстүрдің бір көрінісі екенін, әке сөзінің мағынасын есейе келе түсіндік. Әкелерім сөзіне де ие, ісіне де тиянақты, ұрпағына көп өнеге қалдырған кісілер еді. Смайыл жасынан ел ішіндегі кеңес жұмысын атқарып, ауылдың беделді, жағымды басшыларының бірі ретінде атағы шыққан адам болатын. Біздің елімізде Қирабайдың Смайылын білмейтін адам аз еді. Смайылдың баласы дегенді біз осы күнге дейін мақтан тұтамыз. Жас Жаман Смайылдың інісі болып танылды да, кейін аудан көлемінде ол да көп қызмет атқарды, белді азаматтардың бірі болды. Үнемі ағасы сияқты ауылдық кеңестің, колхоздың, совхоздың басшылық қызметтерінде жүрді. Жаңарқа көлемінде бұл екеуі болмаған ауыл жоқ еді. Солардың қолында жүріп, біз де көп жер көрдік, ел таныдық, жақсыға жанасуға үйрендік. Кезінде Смайыл да, одан кейін ­Жаман да ауданның қай жері олқы жатса, сол жерді толтыруға жұмсайтын еңбеккерлері болды. Құлкен ­Шаяхметов деген бұрын аудандық кеңестің төрағасы болған жігіттің «Қирабайдың Жаманы сияқты жігіттер тұрғанда, ауданда олқы шаруашылық болуы мүмкін емес. Ол қайда жіберсең де, бәрін орнына қояды. Оны орынбасар қып берсе, мен де кез келген артта қалған шаруашылықты басқаруға бара берер едім» деген сөзі ел арасына кең тараған. Смайыл қайтыс болғаннан (1960) кейін де Жаман бірқатар жыл қызмет істеді. Бұл жылдары ел ағасы дәрежесіне көтеріліп, беделі көп артты. Смайылдың бар кезінде оның інісі болып қана жүрген Жаманның кейін елге беделі одан да артқанын замандастары да, онымен істес болған ел де Жаман қайтыс болғанда егіліп тұрып айтып еді. Жәкен осы екеуінің шаруасына ие болып, ауылда, өз колхозында отырды, қозғалған емес. Әкелерімнің қоғамдық істері, көппен сыйлас мінезі, жұртпен тіл табысып, түсінісе кететіні, төменгі адамдарға ілтипатты, кішіпейілдігі өз балалары үшін ғана емес, кейінгі ұрпаққа да өнеге боларлықтай еді. Ондай әкелердің атына сөз келтіру – күнәнің ең ауыры.
Әкелерім де сол тұстағы замандастары сияқты өз дәуірінің адамдары еді. Олар қиын заман кешті, сөйте тұра барын сол кездің қоғамдық тәртібін нығайтуға, өздерінің шама-шарқынша елді көтеруге, адамдарды тәрбиелеуге сарқа жұмсады, өздері де өсіп, жаңа тәрбие алды. Жаңаша оқуы аз болғанмен, халықтық қайраты мол, көкірегінде оты бар, сезімі сергек жандар еді. Елім деп жүрген соларды да заманы еркелетіп көрген емес. 30-жылдардың орта тұсында менің әкем Жаңарқа ауданының бірінші ауылында ауылдық кеңестің төрағасы болып істеді. Ол кезде бұл ауылдық кеңеске «Еңбек», «Қара жартас», «Қос там», «Қоғамшыл» деген колхоздар қарайтын. Аштықтан жүдеп шыққан шағын ауылдар еді. Оларды аяғынан қаз тұрғызу, елдің есін жиғызып, кеше ғана ұжымдық шаруашылыққа сенімі азайған халықты қайтадан кеңес саясатына бұру оңай шаруа емес-ті. Әкем осы жолда аянбай, күн-түн демей еңбек етті. Партияның тапсырмасын орындады, елмен де тіл табысты. 1936 жылғы Конституцияның жобасын талқылау, 1937 жылғы КСРО Жоғарғы Кеңесінің алғашқы сайлауын өткізу деген болды. Біз елге – өз ауылымызға көштік. Әкей ауданда қалып, бір-екі айдай тексерісте жүрді де, өзіміздің колхоз – «Келтеталға» бастық болып оралды. Келісімен елді жинап, орталықтың меншігін күшейтуге күш салды. «Жаманды қамап қойып, мені тегін жіберіп отырған жоқ, сынауға жіберіп отыр», – деп, өзінің бар малын ортаға өткізді. Басқаларды да аяған жоқ, малын алып, өздерін колхоздың жұмысына жекті. Колхозға өткізілген малдың ішінде «Смайылдың сұр аты» атанған әйгілі аты да кетті. Бәйгеге қосылғанын көрген емеспін, бірақ жүрісті, сұлу, есті, қолға үйренген жануар еді. Ол еркелеп келгенде, балалар сұлы толы дорбаны алып шығып, жемдеуші едік. Сол аттың ортаға берілуі бәрімізді егілтті. Әкем «Өзім тұрғанда ешкім тимейді, өзім мінем ғой» деп жұбатты бізді. Колхоз көтеріліп, ел есін жинады, егін, шөбі уақытында алынды. Жаулығы дәлелденбей, Жаман қайтып келді. Бұл күндер біз үшін үлкен қуаныш болып еді. Жаман ұсталғанда, біздің әкей: «Бұдан да өліп қалғаны жақсы еді» депті. «Жау» деген жаман сөзден жасқанғаны ғой, бетке шіркеу еткісі де келмеген болар. Сонда Қара Қасым деген туысымыз (әкейдің құрдасы): «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деп жұбатқан екен. Жаман босап келгенде, сол кісінің өлген інісін еске алып, кебенек киген Жаманның қайтқанын, кебін киген Көшеннің кеткенін айтып жылағаны есімде. Осыдан кейін әкейді қайтадан ауылдық кеңеске төраға етіп, 6-ауылға ауыстырды. Осы күні қарап отырсам, сол ауыстырулардың бәрі – артта қалған шаруашылықты көтеру үшін, іске жаңа қарқын беру үшін жасалады екен ғой. 1939 жылы біз көшіп келгенде бұл ауыл да жүдеу, шашыраңқы қоныстанған ел еді. Аз жылдың ішінде жинақыланып, іргелі ауылға айналды. Бұл кезде мен аудан басында орта мектепте оқитын едім.
Бір күні әкей келіп, ауылға қайтып бара жатқанын, кешеден бері бір шұғыл шаруамен жүргенін айтты. Алдағы демалыс күндерін пайдаланып, үйге барып қайтуға мен де ердім. Алғашқы қар түскен кез. Ат-шана үстінде екеуміз ғана. Әкейдің қабағы түсіңкі, ашылып сөйлей алмай көп отырды. Бір кезде: «Келтеталдан» маңқамен ауырды деп бір топ жылқы алып келіпті. Ішінде сұр ат та бар» деді. Мен елең ете қалдым. «Атты атып тастады» деді әкем аз үзілістен кейін. Мен жылап жібердім. «Алып қалатын жағдайым да бар еді, бірақ өйтпедім. Қолдан кетіп қалды ғой. Әркімнің астында, жауыр болып жүргенін көргенше, атылып кеткенін дұрыс көрдім», – деді әңгімесін үзіп-үзіп жалғап. Өзіне үйренген, көп жыл қанаты болған атына қиналып отырғанын көрдім. Осыны айтып, мен үйге жылап кіргенде, Төлеупас анам бастап, үй іші түгел жылады. Әкем де көзіне жас алды. Сынбайтын, қайратты кісі сияқты еді. Жаман ұсталғанда да жылағанын көрмеп едім. Заман сындырады екен, үнемі қыспақ пен сынға түсіп, қоғам мүддесі үшін жанына серік жалғыз атын да беріп кеткен адамның бір сәт болса да әлсіздікке берілуі қандай аянышты еді. «Өзімдікі» деген дүние болмады ғой оларда. Заман азаматтарын өзін емес, елді ойлауға, халық тағдырына жауапкершілікке үйретті. Әкелерімнің бауырмалдығына, туыстық қарым-қатынасының сақ- талуына, маңына адам үйірілуіне аса айрықша еңбек сіңірген адам Бибіқамзе (Төлеупас) анам еді. Ол кісі қайтыс болғанда, Жәкеннің: «Ұйытқым-ау!» – деп жылағаны есімде. Мен де ол кісіден өгейлік көрген емеспін, қайта дүниеге, өмірге көзімді ашқан, ерте есеюіме себепкер болған сол кісі болды. Бүгінде де мен шақырмаған жерге қыдырып баруға, бейсауат жүруге жоқ адаммын. Кейде ағаларым: «Сәлем беруді білмейсің» деп өкпелеп те жүреді. Бірақ әдеттенбеген дүниені жасау қиын екен. Сол әдетке баулыған да анам болатын. Ол кісі мені үйден шығармайтын, көрші үйлергеде жұмсамайтын (өз балаларын жұмсайтын). Бірде апам (үлкен шешем) бір үйге қонаққа барды. Әжелерінің соңынан қыдырып барып, ет жеп қайтатын балалардың әдеті ғой – көрші балалар да мені үгіттеп, «әжеміздің артынан барайық» десті. Сонда анам: «Сен үй қыдырып жүрсең, жаманаты маған келеді ғой», – деген еді. Сөйтсем, менің жетімдігімді ойлап, үй қыдырып жүргенімді намыс көреді екен. Мен бармай қалдым. Сол анам өлерде (1941) өз балаларының бірін де шақырмай, мені бауырына басып отырып, «Бір емес, екі жетім ­қалдың-ау» деп жылап еді. Сондай аналар қылығы ұмытыла ма? Соғыс жылдары әкей Карл Маркс атындағы колхозға бастық болып барды. Бұл да бір тозып кеткен, бастық құтаймайтын, арыз жазғыштары көп ауыл екен. Соғыстың ауыр жылдарын біз осы ауылда өткіздік. Бұл кезде мен мектеп бітіріп, оқуға бара алмай, ауылдық мектепте сабақ бере бастадым.

 Колхоз шаруасының бас-аяғын жинап, шашырап кеткен дүниені түгелдей бастаған біздің әкейдің үстінен де арыз жазылып, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Жақан Сүлейменов келіп, жиналыс өткізгенін білем. Біраз елді сөйлетіп, колхоз бастығына тағар кінәсін (кінә дерлік ештеңе де айтылған жоқ) тыңдап алып, Сүлейменов ұзақ сөйледі. Сонда: «Тозып кеткен ауылдарыңды жинап, еліңді ел қылғаннан басқа Қирабаевтың не кінәсі бар?» – дегені есімде. Аудандық комитет хатшысы сол жолы арызшылардың кейбіреулерін басқа жаққа ауыстырып кетті. «Карл Маркс» атақты колхоз болды. Жылқылы ауыл еді. Жылқы фермасы колхозға көп пайда берді. Мен бұларды әкемді мадақтау үшін айтып отырған жоқпын…

Колхоз шаруасының бас-аяғын ­жинап, шашырап кеткен дүниені түгелдей бастаған біздің әкейдің үстінен де арыз жазылып, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Жақан Сүлейменов келіп, жиналыс өткізгенін білем. Біраз елді сөйлетіп, колхоз бастығына тағар кінәсін (кінә дерлік ештеңе де айтылған жоқ) тыңдап алып, Сүлейменов ұзақ сөйледі. Сонда: «Тозып кеткен ауылдарыңды жинап, еліңді ел қылғаннан басқа Қирабаевтың не кінәсі бар?» дегені есімде. Аудандық комитет хатшысы сол жолы арызшылардың кейбіреулерін басқа жаққа ауыстырып кетті. «Карл Маркс» атақты колхоз болды. Жылқылы ауыл еді. Жылқы ­фермасы колхозға көп пайда берді. Мен бұларды әкемді мадақтау үшін айтып отырған жоқпын. Заманның қыспақта ұстай жүріп, жаңа ұрпақ өсіргенін, ел бастар азаматтар тәрбиелегенін, солардың дәстүрін еске алып жазып отырмын. Жаман да Смайылдың ізімен жүрді. Бұрын Смайыл істеп кеткен жерлерде болды. Сонда Смайылмен ­достасып айырылысқан ел Жаманды қуана қарсы алып, кейін қиыспай айы­рылысты. Студент кезімде бірінші ­ауылда тұрған Жаман үйіне барғанда, мен оны анық көрдім. Смайыл түгілі, соның сол кездегі кішкентай баласы маған елдің жасаған құрметі ерекше. Қайран ел-ай! Қимайтын, ұмытпайтын қасиеттерің көп-ау! Ел басқару деген үлкен өнер ғой. Ел басына қамшы үйіріп, қорқытып істететіндер де болады. Бірақ зорлық пен күшке сүйенген басшылықтың құны қандай екенін өмір өзі дәлелдеп келеді. Мәселе – елмен тіл табысып, түсінісіп істесуде. Ұрсу мен айғайда емес. Әкелерімнің тәжірибесі маған осыны үйретті. «Таспен атқанды аспен ат» деген халықтық қағиданы берік ұстаған олар дұшпандарымен де жауласып көрген емес. Оларға үнемі жақсылық жасап, кейін достасып жүрді. Жаманшылықты жақсылықпен жеңуші еді. «Иттің мінезіне иттікпен жауап берсең, өзің ит боп кеткеніңді білмей қаласың» деуші еді әкем. Ондайдың бәріне де көнімпаз болатын. Бірақ көнбейтін нәрсесі – намысын таптатуға бармайтын. Өзін күштеуге, қорлатуға көнбейтін. Осындай мінезді бір бастықпен келісе алмай, жұмыстан да алпысқа жетпей босады. Зейнетақы сұрап та сол адамның алдына бармады. Смайыл да, Жаман да ел сөзін көп білетін, әңгімешіл, әзіл-қалжыңын араластырып, маңайына ел жинап отыратын кісілер еді. Жәкең бұйығылау, көп сөйлемейтін адам болатын, бірақ оның да өзіне жетерлік әзілі бар-ды. Халықтық салт-дәстүрге берік адамдар заманның ұсынған жаңалықтарын жатырқамаған. Кейінгі шыққан салттың озығынан қашпаған. Мен Алматыдан үйленіп барғанда, әкем марқұм Әлияның басындағы орамалын өз қолымен алып тастап: «Қалада, өз үйіңде қалай жүрсең, солай жүре бер. Келін болу орамалға байланысты емес, сыйлай білсең болғаны» деп еді. Үлкен келінімен ашық сөйлесіп, оған арқа сүйеді. Кейінгі балаларды соған жіберіп, соның маңында ұстауға тырысты. Оқуға келетін балаларды көбінесе өзі ертіп келетін. Кейін Жаман ертіп келіп жүрді. Олар келсе, біздің жалтара алмасымызды білетін және қабылдаудың жауапкершілігін арттырып кететін. Солардың арқасында бізге қараған елдің балалары едәуір оқыды. Жаңарқа «Қирабайдың бұзауына дейін оқыды» деп аңыз етіседі. Бізді паналап, осылардың біразы Алматыны қоныстанды.
Менің әкелерімнің туыстыққа, бауырмалдыққа көзқарасы ғана емес, олардың бойындағы қазаққа тән мінез-құлықтың, кеңдіктің, өмірге азаматтың көзімен қарай білгені де кейінгі ұрпаққа үлгі деп білем. Өмір алдында жауапкершілік деген болады. Оны олар қатты сезінетін еді. Өздері үшін өмір сүрмей, жанталасып, жағаласып жүріп еңбек етті, із қалдырды, ұрпақ тәрбиеледі. Алла сол әкелерге жар болсын! Ал әкелер аруағы ұрпағын қолдап жүрсін!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.