«Қарасазға бір тамшы жас тамыздым…»

Қолымда Әбдіғани Бәзілханұлының «Күміс өзен күмбірі» атты жинағы тұр. Арғы бетте араласып кетпегеніммен аты қанық, сөзі таныс, дауысы өлкені кернеген белгілі айтыскер ақынды жақсы білетінмін. Ол туған Отанға шын ниетімен біражолата өтіп келген соң, көп кешікпей Жазушылар одағына келіп менімен танысты. Біз тұңғыш рет кездесіп отырсақ та байырғы достарша сөйлесіп кеттік. Өйткені өнерге деген құрмет, руханият дүниесіндегі тартылыс күші тым жақын екенімізді сездірді. Содан көп кешікпей наурыздағы «Әдебиет айдыны» газетінің арнайы санын шығаратын болып, Әбдіғанидан арнайы өлең сұрадым. Ертесі жаңа шығармасын жеткізді, сол аптада бауырымыздың тартымды тамаша жыры жарық көрді. Бұл атамекендегі алғашқы үні, ақын екенінен дерек беретін жыр кестесі болатын. Одан бері он жыл артта қалды. Осы бір ақындығына азаматтығы, қайраткерлігіне қалтқысыз адамгершілігі құп жарасқан үйлесімділігін құрмет­тегеніме, қонақкәде жасап, артымыздан жеткен арлы оғланға ілтипат білдіргеніме, сенімімізді ақтап келе жатқанын мақтанышпен айтар едім. 

Бізге таныс болмағанымен сізге белгісіз, «Әбдіғани кім еді?» десеңіз аз ғана шегініс жасап өмір дерегіне бір сәт назар аударайық. Ол – ҚХР, ШҰАР, Тоғызтарау ауданында 1969 жылы 1-ақпанда дүниеге келген. 1986-2008 жылдары ҚХР-дың халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық түрлі деңгейдегі ақындар айтысы, өнер фестивальдерінің жүлдегері. ҚХР-ның 11-рет мемлекеттік «Шоқжұлдыз» өнер фестивалінің күміс медалінің иегері. ШҰАР-ға «Еңбегі сіңген әйгілі ақын» атағын алған. Шығармалары Қытайдағы түрлі басылымдардан жарық көрген. Ән-термелері радио, телеарналарда орындалып жүр. Тоғызтарау аудандық мәдениет сарайының қызметкері, Іле облыстық Жазушылар одағының мүшесі, Шыңжаң «Таңжарық Зерттеу қоғамының» мүшесі, Іле Қазақ облысының әдебиет-көркемөнер бірлестігінің тұрақтыжорасы, Ауыз әдебиет қоғамының төраға орынбасары қатарлы міндеттерді атқарды. 2004 жылы сәуірде атамекенге қоныс аударды. Содан бері көптеген халықаралық және республикалық ақындар айтысының жүлдегері болды. Талғар аудандық мәслихатының V-VI шақырылымның депутаты, Талғар ауданы Нұра ауылдық мәдениет үйінің директоры болып қызмет етті.Қазақстан Республикасының «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісімен, Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» және «Отан патриоты» медалімен, «ҚР мәслихаттарының 20 жылдық» мерекелік медалімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталды. Қазіргі кезде Алматы облыстық мемлекеттік банк және әлеументтік сала қызметкерлері салалық кәсіподағы төрағасының орынбасары, Талғар аудандық мәслихатының депутаты, Алматы облысы Талғар аудандық «Нұр Отан» партиясы депу­таттық фракциясының жетекшісі қызметін атқа­рып келеді. Талғар ауданының Құрметті азаматы.
Әбдіғани Бәзілханұлы Қара шаңы­раққа келе сала өмірге еніп, тіршілікке етене араласып адал дос, абзал ағалар тауып, тосырқап тұрмай томағасын сыпырған тас түлектей талпына ұшты. Жатсынып жасыған жоқ, бөтенсіп бөгделенген жоқ. Сондықтан өрісі кеңіп өзіндегі бар мүмкіндікті аша білді. Өнерде дем беруші, қолдаушы ағалар кездесіп өлеңін тыңдап, ризалық пейілдерін танытып жылы лебіздерін арнады. Жетісу жерінен шығып жеті жұртқа дауысын жеткізген ақын, Мұқағали ағасының артынан еріп мұңына ортақтасып, мұратына куәгер болған Айтақын Әбдіқал Әбдіғани інісіне берген бағасында: «Өлеңдерінің тілі жатық, айтар ойы анық, тақырып ауқымы кең. Мұнда әсерлі жырлар, ел мен жер, ұлт пен ұрпақ қамы жайлы өлеңдер мол. Ақынның азаматтық айқын дауысы естіледі» деп, татымды пікір білдіріпті. Жырларынан үзінді келтіре отырып сыр-сыйпатын ашып таразыға салыпты.
Ақын туралы онан ары зер салып қарасақ, филология ғылымдарының докторы, профессор, белгілі ұстаз Темірхан Тебегенов Әбдіғани Бәзілханұлына тоқталып зерттеу тақырыбына алып, монографиясында молынан сөз қозғайды. Ғалымның пікірінен, «Поэзия – өмір келбетінің көркем шындықпен өрнектелген болмысы. Әбдіғани – ақын. Оның поэзиялық шығармашылығы бірнеше салаларымен ерекшеленеді: біріншісі – жазба классикалық дәстүр негізіндегі лирикалық өлеңдері; екіншісі – ауызша авторлық ­поэзия дәстүріндегі арнау мен толғау жырлары; үшіншісі – әралуан сарынды ән-өлеңдері» деп бір тоқталса, онан ары, «Ақын – еліміздің жаңа тарихындағы әдеби үдеріске өзінің табиғи талантынан туындаған өлеңдерін ұсынып отыр. Оның шығармалары көпғасырлық тарихы бар халықтық поэзиядан рухани нәр алған ұрпақтардың көркемдік бай дүниетанымын айқын аңғартады» деп, тереңге тартып текті жырлардың ішкі құпиясына үңіледі. Ғалым оқырмандардың санасына жететіндей ­саналы пікірінің салмағын ауырлатып, «Әбдіғани Бәзілханұлы – атамекенінен Атажұрты тәуелсіз Қазақ еліне қоныс аударып, орныққан отандас­тарымызбен бірге еліміздің материалдық және рухани мәдениеті салаларына мол үлес қосып жүрген қайраткер азамат. Бұл – туған халқының ата-бабаларымыздан кейінгі ұрпақтарға жалғасып келе жатқан азаматтық-отаншылдық рух дәстүрі жалғасуының көрнекті көрсеткіші» деген байлауын жасайды. Ғалым шетелдегі қазақ әдебиеті туралы жазған кітабында біз әңгіме етіп отырған Әбдіғани Бәзілханұлына молынан орын беріпті.
«Дарияның қасынан құдық қазба» десек те мен өз әсеріммен бөлісуді жөн санадым. Онда да мен сезінген поэзияның санаға ұрылатын суретіне, көңілге түсіретін жарығына назар аудардым. Өлеңнің қара сөзден айырмасы жағаласқан бұлттардан жайдың оты жарқ еткендей шұғыласын төгіп өте шығатын сәті болғандықтан ойым солай ойысады. Құдайдың құдіретімен оң зарядты бұлт пен теріс зарядты бұлт желдің айдауымен жақындасып тоғысар сәтінде зарядтарда бағытты қозғалыс пайда боладыда, ток қалыптасады. Көктегі токты көтеріп тұратын трансформатор тұрмаған соң, көз қарықтыратын жарық, құлақ тұндыратын дауысымен бұлтты қиып қара жерге құйылады. Меніңше, өлең деген сол!.. Көре алсаң таңғаласың, сезіне алсаң селк етесің. Жалпы Әбдіғани ақын туралы өлеңнің құрылымы, технологиясы, тіл қолданысы, сөздік қоры, ұлттық рухы… тағысын тағы мәселелерді іздеп жүру басы артық шаруа. Өйткені ол, күнде баспадан көрініп жүрмегенімен қалыптасқан, жортатын жолы бар ақын. Біз Әбекеңнен тосын ой, поэзиялық сәуле, айта білген образды ойларды іздедік.
Мен ақынмын құрғамаған көз жасым,
Қорғаштаған жан емеспін өз басын.
Қоңыр тағдыр жүрсем-дағы күн кешіп,
Жырмен сүрттім мұңды жанның көз жасын
– деген шумақтағы айтары айқын, «Жырмен сүрттім мұңды жанның көз жасын» деген жолдың өз орнын тауып тұрғаны ақын ғана айтатын, жүректің көзі көретін құбылыс.
Арыстан шықпай апаннан,
Қояндар билік жүргізді.
Астым деп ата-бабамнан,
Даланың заңын бүлдірді, – деп толғайтын жыр жолдарынан қоғамның бүгінгі ащы шындығы, сүреңсіз суреті сүмірейіп көрі­неді. Даналықтан гөрі даңғойлық дүмін күжірейткен, тазалықтан гөрі тәкаппарлық тақ құрған, адамдықтанкөрі ақша дәурен­деген өтпелі өліара шақтың өкінткен, өксіткен өзімшілдігін өлтіре түйрегенін көреміз.
Мөлтілдеп көзіндегі тамшылары,
Көлбеңдеп келешектің сан сұрағы.
Аңырап Алатауға қарағанда,
Кісінеген дауысынан зар шығады, – деп мұңайған ақынның айтары астарлы, базынасы батпан. Сеніп келген «Алатау» сен қайдасың, табаным тиген тағдырлы өлке мынау дүниені тарылта көрме, миллиондаған жат жұрттыққа жайлы қоныс болған бабамның байтағы, ат төбеліндей ағайынға арқа сүйер тірегім болсаңшы!… деп еміреніп тұрған жоқ па?! Иә, «жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» деп, Әбекеңдер орныққанымен, арттан келіп жатқан қаншама көгенкөздер бар… Қасиетті өлке соларға қоныс, тамыр тартар тыныс болғайсың деп тұрғанын естігендеймін.
Текті ұрпақпен келешек нұрланады,
Тәрбиеге зәруміз тым бағалы.
Ұлдан – ұждан таппасаң қыздан – ұят,
Болашақ ата-аналар кім болады?! – деген шумақта алдынғы ойларын дамытқан, ұлттың ертеңін, Отанның болашағын ойлаған ақынның жүрек сыры екенінін аңғару қиын емес. «Ұждан» мен «ұят» алыстан айтсақ адам екенімізді, жақыннан айтсақ қазақ екенімізді қаз-қалпында сақтайтын қалып, ол бұзылса енесі қасқырға жем болып қалың шибөрінің ортасында қалған бейшара лақтың күйін кешеріміз сөзсіз.
Анам берген ақ сүтімен дарыған,
Ана тілім, баға жетпес қазынам.
Мен бағынсам тек өзіңе бағынам,
Мен табынсам тек өзіңе табынам, – деп, жалғасатын өлең өрнектері де «ұждан» мен «ұяттың» болу себептері. Тіл – ұлттың басты белгісі, тіл арқылы сенім, ұстаным, ғасырлардан келе жатқан құндылықтар сіңеді. Кімнің тілінде тәрбие алсаң, мүддесін жақтайтын түлегіне айналасың, сол жұрттың тірегіне айналасың. Ахмет Байтұрсынұлы атамыз айтқандай «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген тұжырымды осы шумақ онан ­сайын жеткізіп тұр.
«Түсіну» деген өлеңнің соңғы үш шумағын тұтастай алдым. Ананың еңбегі, ұрпақ жолындағы жанқиярлығын жеріне жеткізіп ашатын әдемі желі тартылып тұр. Бұл оқиғалы өлеңдегі әке мен ананың арасындағы диалог арқылы «сәби» мен «ана» туралы ақиқатты ашады.
«Сәби» жылап жер тепкілеп шөлдеді,
Маған дереу су әкеліп бер, – деді.
Енді суды алдына алып барғанда,
– Сүт ішем, – деп сылдыр суға көнбеді.

Сүт әкелді саптаяққа құйылып,
«Сәбиіне» берді «анасы» қиылып.
– Енді екеуін қосып бер, – деп жылады,
Жер тепкілеп, екпетінен жығылды.

Сүт пен суды қосып берді «анасы»,
Табылды деп «тентегімнің» дауасы.
– Енді екеуін айырып бер деп жылады,
Ерке тотай «баласы»,
Отағасы аяп кетті әйелін,
Сүт пен суды айыруға қайдан болсын шамасы!
Өнер адамы суреткер, біреулері қыл қаламмен, біреулері сөзбен сурет салып жан әлеміндегі өз ақиқатын ашады. Әбдіғани ақынның көп картиналарының бірі былай болып келіпті:
Қап-қара түн боталаған көзіндей,
Қараңғылық тұнып қалған сезімдей.
Жұлдыз қалай ілініп тұр аспанда,
Жанарыңның тамшысындай төгілмей, – десе, келесі бір өлеңі туған жері, табанының табы қалған Құлжасы туралы шиыршық ата тебіреніп Айша-Құлжа-Өлең бірлігін біріктіріп жіберіпті. Сағындырған Айша тәтті жырға, аңсаған Құлжасы сырлы шумаққа өзгере береді. Өлеңнің өзегіне қарасам Айша жырға, жыр Айшаға алма кезек ауысып, мөлдіреп тұрып ақын жүрегінен шыққанындай оқырман жүрегіне де тұп-тұнық күйінде сіңе береді. Осы өлеңдегі ақынды артына көп қаратып қимастық сезім тудырған Айшаны біздің де көргіміз келеді екен.
Айшажан, Құлжа қалай, Құлжа қалай?
Бауырмал жан барма екен қыз баладай!
Құлжада мөлдіреген өлең қалды,
Айша қалды көзіне тұнған арай…

Құлақтандыру

«Сағынышым – сары дала»
Ақын, сазгер Әбдіғани БӘЗІЛХАНҰЫЛЫНЫҢ «Күміс өзен күмбірі» жыр жинағының таныстырылымы 30-қаңтар күні сағ. 15.00-де Алматыдағы Ұлттық кітапханада, ал ақынның 50 жасқа толған мерейтойына арналған «Сағынышым – сары дала» шығармашылық кеші 1-ақпан күні
сағ. 8.00- де Алматыдағы Студенттер сарайында өтеді.
Кеш қонақтары: Нұрғали Нүсіпжан, Ақжол Мейірбеков, Нұрлан Өнербаев, Дәлел Уәш, Еркін Шүкіман, Тілеубек Қожан, Алма Аманжолова, Нұржан Жанпейісов, Нұржан Қалжан, Айбек Мұхамедәли, Мұратбек Сарбасов, Қажымұрат Шешенқұл, Сәулежан Тағзия, Бейбіт Мұсаев, «Ретро», «Думан», «RAYYAN» топтары, т,б. танымал өнер жұлдыздары қатысады.

Сонымен ақын туралы айтар әсеріміздің соңына таяп қалдық. Жалпы қалам ұстаған ақындардың ішінде Мұқағалимен мұңдаспаған, Мұқағалимен «ауырмаған» ақын кем де кем. Ал, ақын Әбдіғани арғымақ атына мініп, Аспантауларды бетке алып Қарасазға барып, мұзбалақ Мұқаңның мұражайына бас сұғыпты. Елшенбүйрек етегінде, Қарасудың жағасындағы бозқарған арасында «сағыныштың сал шекпенін жамылып» тұрған екен. Оны мына жыр жолдарынан көрдік.
Найзағай жыр өлкені осқылаған,
Қағыс қалмай өтіпті еш кінәдан.
Қарасаздың қартаңдау шанағынан,
Бір мұңлы күй толықсып жетті маған.

Жан-аға, жырларыңды жатқа білдім,
Сапарымды бастадым, атқа міндім.
Киелі су тартылып қалмасын деп,
Қарасазға бір тамшы жас тамыздым. Көрдіңіз бе, поэзиялық шешімді қалай тапқан!.. Сөзімнің тегін айтылмағанына дәлел екі жол бар: «Киелі су тартылып қалмасын деп, Қарасазға бір тамшы жас тамыздым» деген сырлы сөз, астарлы теңеу көңілімнен шығып Әбдіғанидың көкжиегіне риза қоштықпен қаратты. «Бір тамшы жас» ол – өлеңге, ата-мекен киесіне, өнердің иесіне құрмет. Абай мен Міржақыптан ұласқан қазақ поэзиясы сарқылмасын деп, қайнары құрғамасын деп Қарасаздың арнасына бір тамшы жасын тамызған ақын сыры тереңде. Көңілі күй болып шертіліп, сезімі лықсып, жанары боталап тұрғанын аңғартты.

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,
ақын, түркідүниесі әдебиетінің
бірнеше халықаралық сыйлығының иегері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.