Жанарға жарық сыйлаған

Адам баласы ақпараттың 80 пайызға жуығын көз арқылы қабылдайды екен. Қазақ «Қос көзің – қос шамшырағың» деп бекер айтпаған. Ұлы дала төсінде еркін өскен ата-бабамыздың көкжиектегі қарайған нүктеге дейін көретін ерекше қабілеті, қияндағыны қалт жібермей шалуы, түнгі аспанға қарап қай жұлдыздың қай уақытта туатынына дейін көріп, ажырата білетін ерекше қасиетін айтпағанда, от шашып тұратын жанары өте қырағы еді. 

Көзінің көру жағынан қазақ телес­коптық көру қабілетіне ие халық ретінде танылған ер түріктің ұрпағы саналды, сондықтан тас түнек түнде де жолаушы барар бағытынан адаспаған. Ақыл-ой зеректігі қандай мықты болса, алыс-жақынды көру қабілеті де мықты, дүрбімен қарағаннан кем түспейтін.
Отарлық мақсатпен қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрып, салт-санасын, дәстүрін, саяси тіршілігін зерттеген орыс ғалымдары, саяхатшылары «қазақтың алыстан шыққан дыбысқа дейін жақсы ажыратып еститінін, нағыз саққұлақ екенін, көздерінің қиядағыны қалт жібермей көретінін, ат үстінде тұрып шөп арасында жатқан инені де көре алатынын» таңдана жазады.
Ғылыми-техникалық прогресс зама­нында, әсіресе түрлі-түсті теледидар, жаппай компьютерлендіру, ұялы телефон, айфондардың өмір тіршілігіміздің бір бөлшегіне айналуы көзге түсетін салмақты бұрынғыдан әлденеше рет арттырып жіберді. Жұмыс ауқымы артып, салдарынан елімізде көз аурулары тым көбейіп кетті. Бұрын мектеп оқушылары арасында көзілдірік киетін шәкірт бірен-саран болса, қазір тіпті балабақшаға баратын балалар арасында көзіне көзілдірік киетіндер көбейіп барады.
Көзінің көру қабілеті күрт нашарлап, емделушілер, операция жасаушылардың жыл сайын артып отырғаны – бұл қатты алаңдаушылық тудыратын үлкен әлеу­меттік мәселеге айналуда.
Кеңес одағы кезінде науқас Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтына қаралатын, осы мекеменің қызметіне, кеңесіне жүгінетін. Қазіргі таңда емхана, жекеменшік клиникаларда көз дәрігері жеткіліксіз. Кей емханада штат бар болғанымен, көз дәрігері жоқ. Бар болса тұрақтамайды, себебі жүктемесі көп те, айлығы мардымсыз. Медициналық кадрлар даярлап келе жатқан Алматы қаласындағы жағдай осындай болса, алыс елді мекеннің жағдайы айтпаса да түсінікті.
Оның үстіне алдымен талон алып учаскелік дәрігердің қабылдауына барасыз да, содан кейін барып көз дәрігеріне қараласыз, науқастың көптігінен талон жоқ, ең кемі жиырма күн күтуіңізге тура келеді. Сонда ауру асқынбағанда не болады? Ірі мегаполистегі жағдай осылай болып тұрғанда, алыс өңірдегі аудандық-ауылдық емханалардың, елді мекендердегі ахуал сын көтермейтіні заңдылық.
Ең үлкен кемшілік – көз ауруларының алдын алу, профилактикалық шаралар жүргізу ісі бүгінде мүлдем тоқтап қалған десе де болады. Аурудың алдын алып шара қолданғанға не жетсін, көз ауруларына байланысты ондай шара жасалмай келеді. Кез келген емдеу мекемесінде офтальмолог дәрігерге қаралушылар қарасы көп, ұзақ-сонар кезек. Білікті мамандар көз аурулары ішінде көзді шел басу, ақ басу, глаукома ең жиі кездесетін ауруға айналып отырғанын, оның алдын алу оңай болмай тұрғанын айтады. Катаракт ұзаққа созылып, алдын алып ем қабылдамаса асқынып, дендеп, көздің көру қабілетін төмендетіп, тіпті көрмей қалатын жағдайға тап болып қалуы да мүмкін екен.
Көзге жасалатын операция сырттай жеңіл көрінгенімен, шеберлікті, тәжірибелікті, ізденімпаздықты, батылдық пен жүректілікті қажет ететін аса жауапты іс. Хирург үшін ота жасау 20 минутқа созылатын болса, науқас үшін бұл тым ұзақ жасағандай көрінеді. Мұндайда науқасқа білікті маман көмекке келеді.
Сондай білімді де білікті маманның бірі – Әлия Усманова. Әлия Ғанимұратқызы «Орталық клиникалық аурухана» акцио­нерлік қоғамында өз әріптестері арасында сыйлы да беделді, науқастар арасында алғысқа бөленген қарапайым әрі тәжірибелі хирург. Науқастарды қабылдау мәдениеті жоғары. Ол істейтін офтальмология бөлімінде келіп-кетушілер легі үнемі толастамайды, дәлізде де, қабылдау бөлмесінде де артық-ауыз сөз, орынсыз қозғалыс, сабылыс, қарбалас сезілмейді. Тәжірибелі хирург отадан кейін адамның өзін күтуін, дәріні пайдалану режимін қатаң сақтауын жеке-жеке түсіндіріп, жұмыс жүргізеді.
Операциядан кейінгі дәрі жазып берген қағазға қарасаңыз, барлығы дерлік шетелдік фармацевтиканың медициналық тауарлары. Оның ішінде Германия, Ұлыбритания, Үндістан, Польша, Швейцария, Румыния сияқты елдерде шығарылған, бағалары бақылаусыз кеткен өте қымбат өнімдер де бар. Өкініштісі сол – олардың ішінде тәуелсіз Қазақстанда жасалған бірде-бір дәрі-дәрмек атаулы жоқ, тіпті фармацевтикалық өнімдерді отандық фармацевтикалық фабрикаларда шығару, болмаса бірлесіп шығару бағытында мемлекет тарапынан іс-әрекет жасалынбай тұрғанына қатты қынжыласың. Елімізде фармацевтикалық өндіріс тоқырап тұрғанын осыдан-ақ көруге болады.
Медициналық оқу орнын бітірген студенттер арасынан хирург мамандығын көбіне ер жігіттер таңдайды, себебі операция жасау күрделі, ақыл-ойдың күшін, жүйке жүйелерінің жұмысын жұмыл­дыратын ауыртпалығы ауыр жұмыс, екінің бірі шыдай бермейтіні мәлім, ал мұндай жұмысқа нәзік жанды жандар шыдай бермейді деген түсінік бар.
Алдымен Әлияның көз аурулары хирургы болуы – ер азаматтар атқаратын жұмысын өз иығына көтере білер батыл­дығы деу керек, осы қыры назар аудартады.
Батылы жоқ дәрігер өз-өзіне сенімді бола алмайды, кез келген істен жүрексінеді. Хирург бойында батылдық қасиет болмаса, тәуекелге барып қалай операция жасай алмақ? Операция жасап жүрген қазақ қыздары – медицина майданының нағыз жауынгер дәрігерлері деу керек. Сондай батыл да жүректі хирург қазақ қызын аталмыш ауруханада кезіктірдік.
Сарыағаш қаласында дүниеге келген Әлия мектепте оқып жүргенде дәрігер болуды өмірлік мақсаты етті, оқуды бітірісімен медициналық оқу орнына түссем деген кеудеде маза бермей алға жетелеп тұрған арман жақын жердегі Шымкенттегі, Алматыдағы медициналық оқу орнына да емес, орталықта жатқан Қарағандыдағы медицина институтына жетеледі. Емтиханды ойдағыдай тапсырып, конкурстан өтіп, Қарағанды медицина институтының студенті атану бақытына бөленді. Бұл 1996 жыл еді. Одақ тарап, еліміз тәуелсіз ел ретінде күрделі, қиын кезеңді бастан кешіп жатты. Ол институттың емдеу факультетін таңдады, кейін жоғары курста терапевт емес, офтальмолог саласына маманданды. 2003 жылы институтты бітірісімен студент кезде өзі тәжірибеден өтіп, көзге түскен Қарағандының көп салалы ауруханасында қалдырылды. 2006 жылға дейін офтальмолог, стационарда хирург-офтальмолог болып қызмет істеді. Сол жылдары тәжірибе жинады, интернатурада оқып жүріп профессор Ю.Шустеровтың жетекшілігімен хирургияның қыр-сырын тереңірек игерді. Әлияның бойындағы қабілетін, ұмтылысын көре білген профессор оны операция жасауға баулыды. Ұстазынан үйренгені көп. «Ұстазы жақ­сы­ның – ұстамы жақсы» демекші, про­фес­сор жетекшісі ретінде өзі игерген тә­жі­ри­белерін үйретуден, түсіндіруден ешбір жалықпайтын, ерінбейтін. Хирург бол­ғысы келген жас мамандар профессор Ю.Шустеровтың қамқорлығын ешқашан ұмытпайды.
2007 жылы Әлия тұрмыс құрды, отбасылық жағдаймен Қарағандыдан Алматы қаласына ауысты. Ұзамай Оңтүстік мегаполистегі №12 қалалық орталық клиникалық ауруханаға қызметке ­орналасты. Бұл кезде едәуір тәжірибе жинақтап үлгерген жас маман клиника ұжымына адал еңбегімен, кісілік мінезімен тез сіңісіп кетті. Жаңа орта өзінің туған ұжымына айналды. Үлкен қалада жұмыс ауқымы да көп, еңбек етуге деген құлшыныс та зор болатын. №12 қалалық клиникалық аурухана Алматыдағы ең үлкен, елдің назарындағы емдеу мекемесі болатын, республиканың жер-жерінен, түкпір-түкпірінен де емделуге, операция жасауға келіп жататын. Кез келген маман мол тәжірибені осы ауруханадан алатын. Түрлі семинарлар, конференциялар да жиі өтіп, тәжірибе, ғылыми жаңалықтар ортаға салынатын. Дәрігер алған білімімен шектеліп қалмауы тиіс, үйренуден жалықпайды, тәжірибеде қолданатын жаңалықтар ой-өрісіңді де кеңейтіп, тәжірибеңді де байыта түседі.
Әлияның өмірінде 2011 жылы тағы да бір өзгеріс болды, ол бұрын «Совминнің» ауруханасы аталған, бүгінде «Орталық клиникалық аурухана» АҚ ауысты. Бұл аурухана кезінде үкімет адамдарын, белгілі қайраткерлерді емдейтін озық емдеу мекеме ретінде белгілі еді, әлем­дік стандарттағы медициналық жабдықтармен жабдықталған, дәрігер­лердің жұмыс істеуіне де барынша қолайлы жағдай жасалған бірден-бір заманауи емдеу мекемесі. Осы мекеменің белді офтальмолог-хирургі ретінде Әлия өз әріптестерінің арасында іскерлігімен, шеберлігімен жақсы қырынан танылды, науқастар бағалайтын хирургке айналды.
Күніне үш-төрт, жылына алты жүз­ден астам науқасқа операция жасап, жа­на­рына жарық сәуле сыйлап, қуа­ны­­шының себепшісі болып келеді. Хирур­гиялық еңбек өтілі 15 жыл болған Әлия Ғанимұратқызы осы жылдар ішінде 9000-дай адамға операция жасапты, осыншама адамның жанарын қалпына келтіріп, сауықтырыпты. Бұл – аз еңбек емес. Білікті маман жанарларға жарық сәуле сыйлағанын мақтан етеді.

Мұхтар Қазыбек

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.