Қарындастың көз жасы

Нұрперзент Домбай
«Ана тілі»

Редакциямызға Қазына апамыз телефон шалды. Бұл кісі қазақтың белгілі әдебиет сыншысы, аудармашы, бар болғаны отыз бес жыл өмір сүріп, өмірден өткен Қалжан Нұрмахановтың туған қарындасы, көрнекті ақын Бекен Әбдіразақовтың жан жары.
Әшейінде жарқын-жарқын сөйлейтін апамыз бұл жолы көңілсіздеу. Көзіне жас алып тұрғаны да байқалады.
Сәлден соң жабырқаудың себебін жеткізді.

Өткен жылдың 7 желтоқсанында Алматы қаласы мәслихатының жергілікті мемлекеттік басқару және тұрғын үй мәселелері бойынша тұрақты комиссияның отырысында шаһардағы бірқатар көшелер ­атауын қайта атау жөнінде мәселе қаралды. Яғни қалалық Тілдері дамыту басқармасының ұсыныстары талқыланды. Мәслихат бұл ұсыныстарға келісімін береді. Соңында тұрақты комиссияның хаттамасын қала әкімдігінің интернет-ресурсында орналастыру және БАҚ-тарда жариялау, сондай-ақ тиісті ономастика комиссиялардың қарауына енгізу жөнінде шешім қабылданады.
Мәслихаттың хаттамасы «Алматы ақшамы» газеті­нің өткен жылғы 8 желтоқсандағы санында жарық көреді. Көше атауына ұсынылған тұлғалар арасында сөзіміздің басында келтірген Қалжан Нұрмаханов та бар болатын.
Осыны көріп Қазына апа мәз болады. Ағасы тіріліп келгендей, қуанышы қойнына сыймайды. Газеттен көрген болу керек, көп адам телефон шалады. Олардың дені – ақын-жазушылар.
Биылғы жылы 5 қаңтарда жоғарыда тілге тиек етілген жергілікті басылымда Алматы қаласы әкімдігінің және қала мәслихатының қаланың көшелерін қайта атау туралы бірлескен қаулысы мен шешімін мемлекеттік тіркеу туралы ақпарат жарық көреді. Осындағы тізімде Қ.Нұрмахановтың аты-жөні жоқ болып шығады. Себебін білмек болып Тіл басқармасына хабарласады. Ондағылар «Ономастикалық комиссиялардың шешімі солай болған, бұл мәселе тағы да қаралады» дегенді айтады.
Әрине, өкінішті. Қалжан Нұрмаханов қазақтың асыл азаматтарының бірі еді ғой. Кейінгі буын терең біле бермес. Сондықтан да әдебиетте өзіндік із қалдырған дарын иесі жөнінде аз-кем сыр бөлісе кетейік.
Қалжан Сыр бойындағы Қазалы топырағының түлегі. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік универси­тетінің филология факультетін бітірген. Кейін М.Горький атындағы Әдебиет институтының аспирантурасында оқыған.
Ол еңбектерін екі тілде жазған. Сондай-ақ бірнеше тіл білген. Араб, парсы, түрік…
Талантты азамат әдебиетке өткен ғасырдың елуінші жылдарының басында келеді. Мәскеудің «Знамя», «Дружба народов» журналдарында мақалалары мен рецензиялары жиі шығып тұрады.
Жазушы Дүкенбай Досжан ертеректе жазған бір мақаласында Қалжанның орыс тіліне аударылып жатқан «Абай жолы» эпопеясының сөзбе-сөз тәржімасына белсене араласып, Леонид Соболев аударған тараулардың баршасында оның қаламының ізі, жүрек лүпілі, ой, сезім тасқыны сақталғанын айтады. Соболевтің өзі «Маған Қалжан жасаған қолма-қол аударма бәрінен жақын, бәрінен ұғынықты, өзінен-өзі көркем бояу тілеп, жұтынып тұратын салмақты сөйлем тіркестері болып келеді» деген екен.
Қалжанның үлкен суреткер Шыңғыс Айтматов­пен достығы көпке белгілі. Ол Айтматов шығармаларын қазақ тіліне өте жатық аударды. Бұл жөнінде кезінде Қалжанның жақын досы болған, өзі де досы секілді өмірден жастай кеткен жазушы, сыншы,әдебиет зерттеушісі Айқын Нұрқатов былай деп жазған еді: «Егер Шыңғыстың бүкіләлемдік әдебиеттің даң­ғыл жолына іркілмей шығуына ұлы Мұқаң көп жәрдем, ағалық қамқорлық етсе, ал қырғыз жазушысын қазақтың қалың оқырман қауымымен тұңғыш рет, әрі мол таныстырған, табыстырған Қалжан Нұрмаханов».
М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин де қазақ әдеби сынының жаңашыл жас қайраткерінің ой-пікірлеріне ризашылық танытқан. Кейініректе Мұзафар Әлімбаев: «Туғанына бұрмайтын, қаймана жұртқа қасақана қадалмайтын турашылдық туын биік ұстап, ақиқатын ашық айту, бедел алдында бебеу қақпау – міне Қалжан еңбектеріне тән танымды қасиеттер осындай» десе, ал ақын Ғафу Қайырбеков бір жазбасында төмендегідей пікір білдіреді: «Қалжан Нұрмаханов біздің әдебиетімізде нағыз кәсіби сынның қандай болатынын үйретіп берген сыншы еді… Өзімен бірге оқыған Ш.Айтматов, Р.Ғамзатовтармен қатар отырып, пікірлескен, қоян-қолтық араласып, оларды өз ойына бас изеткен, алғыр да адал, асқан зеректік танытқан қаламгер болды».
Белгілі әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек Қалжанның шығармашылығы мен өмірін жан-жақты зерттеді. Ол бір сөзінде әдебиетшінің өмірі ерте қиылмағанда, ол болашақта мықты прозашы, мықты драматург болуы да мүмкін екендігін тілге тиек етеді. Өйткені Қалжан пьеса жанрына да қалам тербеген, роман да жазғысы келген екен. Алайда көп мақсатына жете алмай, арманда кетті. Ерте жабысқан сырқат ақыры дегеніне жеткізді.
Ол әдебиет үшін жаралған жан еді. Аз өмір сүрсе де соңына тұшымды еңбектер қалдырды. Оның ой-толғамдары, сыни пікірлері бүгінгі күні де өзектілігін жойған жоқ деп зор сеніммен айта аламыз.
Қазақ әдебиетіне елеулі еңбек сіңірген Қалжан Нұрмаханов есімі Алматы көшелерінің біріне берілуге әбден лайық. Тиісті орындар кеткен қателіктің орнын толтырып, осы мәселені көп кешіктірмей шешеді деген ойдамыз.
…Туған бауырынан ерте көз жазып қалған Қазына апаның бұл жолғы өкінішін жақсы түсінеміз. Ол көп қарындастың бірі емес, қазақтың Қалжанының қарындасы ғой.
Қарындастың көз жасы бәрінен ауыр…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. шолпан Қанди

    Алматыда Махатма Ганди атында К Ө Ш Е, М Е К Т Е П, саябақта орнатылған Е С К Е Р Т К І Ш бар. Қазақ елі үшін еңбек сіңірмек түгілі қазақ деген ұлтты есітіп білмеген жатжұрттық осынша әспеттелген. Бұл дарақылыққа, парықсыздыққа күйінемін, «Өз ағасын ағаламаған, кісі ағасын жағалайды». Қалжан туралы ізденіспен өрнектелген дәлелді, құнды мақала жазылыпты. Аудармашылық деңгейі ХАЛЫҚАРАЛЫҚ дәрежеге жеткен , оқымысты, парасатты Қалжанға Алматыда көше аты берілуге тиіс. Шолпан Қанди

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.