Ұстаз жолы

Алматы қаласындағы №98 мектепте ардагер ұстаз Мырзахан Қаббасовпен кездесу кеші өтті.
Ұлағатты ұстаздың 70 жасына арналған мерекелік шараға арнайы қатысқан Медеу ауданы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев ардагер ұстазға ақ тілегін айта отырып, аудан әкімі Ержан Жылқыбаевтың құттықтау хатын оқып берді.

Мырзахан Қаббасұлы 1998 жылы Медеу аудандық оқу бөлімінің жолдамасымен №98 мектепке математика пәнінің мұғалімі болып орналасты. ­Содан бері тапжылмай еңбек етіп, бала оқытуда өзіндік жолын қалыптастырды. Алматы қалалық білім жетілдіру институтымен тығыз шығармашылық байланыс орнатып, лекциялар оқыды. Оқу бағдарламалары мен тест тапсырмаларын дайындады. 2000 жылы республика мектептеріне арналған тест тапсырмаларын құрастырушылардың бірі болды. Сонымен қатар «Орта мектепте логарифм тақырыбын оқыту туралы», «Элементтер математиканың негізгі формулалары», «Алгебра және анализ бастамаларынан есептер жинағы», «Математикадан ҰБТ тапсырушыларға көмекші құрал» сынды оқу құралдарының ­авторы. Математика ғылымына беріл­ген ұстаз алдына келген әрбір шә­кіртіне ерекше мән береді. Сондықтан да ол дайын­даған шәкірттер республикалық байқау­ларда жеңімпаз атанып жүр. Ұстаз еңбегі ескеріліп, «­Ыбырай Алтын­сарин» төсбелгісімен маратталды.
Санаулы ғұмырының 51 жылын ұстаздыққа арнаған ­Мырзахан Қаббасұлы тек математик қана емес, тілшілік қабілеті де бар. Оның қаламынан туған дүниелер қалалық, республикалық басылымдарда жарық көріп тұрады.
Ардагер ұстазбен ­кездесуде №98 мектептің оқушылары арнайы мерекелік бағдарлама әзірлеп, ақсақалдың ақ батасын алды.

А.МҰСАБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.