ШУАҚТЫ ШЫҒАРМАЛАР

Ұлттық кітапханада белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі дүркін жүлдегері Жүрсін Ерманның бес томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Сардар» баспасынан 25 мың дана таралыммен шыққан еңбектің таныстырылымына жиналғандардың қарасы көп болды. 

Бес томдықтың алғашқы екі томы поэзияға арналса, 3-том – эссе, портреттік дүниелер, 4-том – қаламгер туралы жазылған естеліктер, 5-томына – телевизия саласындағы еңбектері және ­сұх­баттары берілген.
Кешті арнау өлеңімен аш­қан ақын, «Ана тілі» газетінің бас ре­дак­торы Жанарбек Әшімжан жүргізді.
Алғашқылардың бірі болып сахна төріне көтерілген Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев қала әкімі ­Бауыржан Байбектің құттықтауын жеткізді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдеш министр Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтауын оқып берді.
Бес томдықтың тұсаукесер рә­сімін Асанәлі Әшімов, ­Аман­гелді Ермегияев, Қуанышбай ­Құр­манғали, Дәулет Тұрлыханов жасады.
Кеш барысында КСРО халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері А.Әшімов, айтыстың ­жанашыры, «Алматықұрылыс» ҰХК» АҚ президенті А.Ермегияев, КСРО және Қазақстанның Еңбек сіңірген спорт шебері Д.Тұрлыханов, ха­лықаралық «Алаш» әдеби сыйлы­ғының лауреаты Ғ.Жайлыбай және т.б. сөз сөйлеп, қаламгердің шығармашылығына қатысты ой-пікірлерін білдірді.
Сахна төріне көтерілген ­«Жүр­сіннің жүйріктері», айтыс ақын­дары Балғынбек Имашев, Рүстем Қайыртайұлы, Мұхтар Ниязов, Қазірет Бердіхан, ­Жандарбек Бұлғақов, Сырым Әуезхан ­Құл­мам­бет ақынның үлгісімен өнер көр­сетіп, көпшіліктің көңілін көтерді.
Белгілі әнші Медеу ­Арынбаев ақынның сөзіне жазылған «Сыңарым» әнін шырқады. Қыздар университетінің студенттері мен жас ақын ­Батырхан Сәрсенхан ақын өлеңдерін нақышына келтіре орындады. Өмірқұл Айниязовтың жетекшілігіндегі «Сейхун» тобы үлкен-кіші сүйіп тыңдайтын «Жалғыз ұлым» әнін тарту етті.
Кеш соңында шығып сөйлеген Жүрсін Ерман шығармаларын шығаруға қолдау білдірген ҚР Мәдениет және спорт ми­нистр­лігіне және осы кешті ұйым­дас­тырушыларға алғыс білдіріп, өлеңдерін оқыды.

Бағдагүл Балаубаева
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.