АДАСҚАННЫҢ АЛДЫ – ЖӨН, АРТЫ – СОҚПАҚ…

(Көрнекті жазушы, тіл жанашыры Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫНА жауап)

Латын әліпбиі жайлы жөн-жосығын айтып, бір адамдай-ақ жазып келемін. Алайда жазғанды көретін көз, айтқанды тыңдайтын құлақ болмаған соң, ақырын күтейік деп тыншып едім. Жақында Бексұлтан Нұржеке ақсақалдың жанайқайы қайтадан серпілтіп жіберді. Жоқ, ақырын күтіп, тыныш жатуға болмайды екен. Өйткені қазіргі әліпби мен еміле-ереженің жаңсақ тұстарын көпшілік аңғарып үлгерді, сөйтіп, әсіресе мамандар жағы, бас ұрып мойындай қоймайтын сыңай таныта бастады. Бексұлтан ақсақалдың жанайқайы – соның дәлелі.
Қадірлі Беке, сіздің бұған дейін де талай рет кирилл жазуымыздағы бейдәстүр және бейрет емілеміз жайлы жазғандарыңыздан жақсы хабардармыз. Бұл жолы да мәселені турасынан көтеріп, оның оң шешімі қалай болу керек екенін тәптіштеп баяндап беріп отырсыз. Сіздің сөзіңізді «тіл жанашырының» ғана емес, тілдің «төл иесінің» сөзі деп қабылдадық. Қазақ тілінің қаймағы бұзылмаған қалпы өзіңіздей ересек ұрпақтың көкірек-көкейінде ғана қалып барады деп қауіптенем…

Мүмкін, көзіңізге түспеген болар, сіз көтеріп отырған мәселелердің ғылыми-практикалық шешімін жазып-айтып, біз де маман ретінде талай жерді «шаңдатқанбыз». Өкінішке қарай, академиялық зерттеулердің нәтижесі оқулық авторлары мен оқулық бағдарлама мамандарының көзіне ілінбей-ақ қойды. Сонымен «жабулы қазан – жабулы» күйімен қалып келе жатыр.
Енді, міне, кирилл жазуы келмеске кетіп барады, енді бұғауымыз босады ғой деп, латын әліпбиіне үміт артып, жаңа әліпбиді пайдаланып, жазуымызды «тілбұзар» таңбалар мен емілелерден арылтып (реформа жасап) алайық деп үміттенген едік…
Шегініс. Қадірлі Беке, мақалаңызда Ерден Қажыбек мырзаға директор болғандықтан қатты шүйлігіпсіз. Алайда сіз көтерген (басқа да тыс қалған) мәселелердің, сіз айтқандай оң шешімін ұсынып шырылдап жүрген екі адам болса – соның бірі, ал бір адам болса – соның дәл өзі осы Ерден. Алғашқы Парламент отырысына екі жоба алып барғанбыз: диграф және ұлттық. Ұлттық жоба қабылданбай, ­диграф жоба қалдырылды. Ақыры не болғанын өзіңіз жақсы білесіз. Жобадан жоба алмасып жатқанының өзі мәселенің шешімінде бір шикілік бар екенін көрсетіп отыр ғой. Дегенмен кінәлі Ерден емес, кінәлілердің кім екенін кезінде көрерсіз…
Енді әліпби және емле мәселесімен айналысып жүрген ғалым ретінде өз тарапымыздан жеке пікірімізді – мәселенің фонетика-грамматикалық дәйектемесін – қосқымыз келіп отыр.
Бекітілген жаңа латын әліпбиінің кемшін тұстары байқалып отырғаны жасырын емес. Осының бәрін көре отырып, маман ретінде қалыс қалуға дәтіміз шыдамады. Алайда әліпби құрамындағы шикілікті түзетудің аса қиын екенін, тіптен бүгінгі таңда мүмкін емес екендігін де ескеріп отырмыз. Әзірге, жаңа әліпбиді «барымен базар» деп мойындаудан басқа шара жоқ. Дегенмен…
Осы саланың маманы ретінде әліпби тіз­бегіндегі әріптердің тиянақтала түсуге тиіс деген тұстарына тоқталуға бел байладық.
Әліпби тізбегіндегі 11-нөмір. Орыстың дауысты и дыбысы мен қазақтың дауыссыз й дыбысын қосақтап «I ɪ» деп белгілеп беріпті.
Біріншіден, дауысты дыбыс пен дауыссыз дыбысты бір таңбамен (әріппен) белгілеуге болмайды. Екіншіден, өзара фонетика-грамматикалық үйлесімі (туыстығы) жоқ екі тілдің дыбыстарын (орыстың дауысты и дыбысы мен қазақтың дауыссыз й дыбысын) бір таңбамен (әріппен) белгілеуге тағы болмайды. Үшіншіден, көпшілік мұны бірден байқады, бұл әріптің бас әрібі мен қазақтың і дауысты дыбысының бас әріптері бірдей болып шықты: I-I. Әрі қарай кеттік.
Әліпби тізбегіндегі 28-нөмір. ­Дауысты дыбыстың таңбасымен дауыссыз дыбысты, керісінше, дауыссыз дыбыстың таңбасымен дауысты дыбысты белгілеуге болмайды. Мұны айтып отырған себебіміз – қазақтың дауысты ы дыбысын дауыссызға тән «у» (кирилмен шатастырмау керек) таңбасымен белгілеген. Дұрысында ы дауыс­ты дыбысының таңбасы I ɪ болу керек. Енді 11-нөмірге ы дауысты дыбысын орналастырып, ол I ɪ болып белгіленуге тиіс. Мысалы, IS ɪs (YS ys емес), SIZ sɪz (SYZ syz емес).
Енді 10-нөмірге өзгеріс ендіру керек: бас әріп I i болмай, керісінше, İ і болу керек. Сонда үндесім жұп дыбыстардың тірек таңбасы бірдей бола кетеді:
I ɪ — İ і. Мәселе мұнымен аяқталмайды, қазақ тілінде үндесім жұп дыбыстардың жуан әуезді сыңары, дәстүр бойынша, бірінші тұрады, мысалы, а-ä, o-ö, u-ü. Ендеше I ɪ таңбасы алға шығарылып 10-нөмірге, İ і таңбасы кейін шегеріліп 11-нөмірге орналасады. Сөйтіп дауысты дыбыстардың үндесім тізбегі құрылады: а-ä, o-ö, u-ü, ɪ-і.
Әліпби тізбегіндегі 29-нөмірге ерекше назар аудару керек болады.
Әліпбидің 29-нөміріндегі Ýý таңбасы орыстың у дауысты дыбысы мен қазақтың қазіргі емлесіндегі у дауыссызына ортақ таңба ретінде беріліп отыр. Бұл – теория-практикалық тұрғыдан жаңсақ шешім: қазіргі латын әліпбиіміз орыс тілінің емі­лесін сол күйінде қайталап отыр. «Дауыстыдан кейін дауыссыз болады, дауыссыздан кейін дауысты болады» деген дүбара кирилл ережеміз сол күйінде, мұрты бұзылмай, қалып отыр.
Орыстың дауысты У таңбасымен орынсыз белгіленіп келген қазақтың
У (дауыс­сыз) дыбысы, әлеми жазу дәстүрі мен жазу теориясына лайық, [w] таңбасымен міндетті түрде белгілену керек. Мысалы, Aw aw (AÝ aý емес), AWA awa (AÝA aýa емес), SUW suw (SÝ sý емес), UW uw (Ý ý емес).
Кирилл үлгісіндегі Уу әрібінің жазуымызда төрт түрлі оқылымы (айтылымы) бар (көрнекі кестені қараңыз).


Әлеми жазу практикасында бір дыбысты бірнеше таңбамен белгілеу дәстүрі бар, ал бірнеше дыбыс пен дыбыс тіркестерін бір таңбамен белгілеу қазақ-кирилл жазуының «жетістігі» болып табылады.
Сонда «бір дыбыс – бір әріп» ұста­нымына орай әрбір әріптің бір ғана оқылым (айтылым) үлгісі болады. Оқылымы (айтылымы) екі не одан көп әріп дұрыс әріп емес. Көпшілік қауым осы көрнекі үлгіге не айтар екен…
Әліпби тізбегіндегі 11-нөмірге тағы оралайық. Қазақ тілінде орыс тіліндегідей и деген дауысты дыбыс жоқ. Соған қарамай, кирилдің и таңбасын еншілеп алдық. Ал бұл таңба алдында сөз болған у таңбасымен түйдей тағдырлас.
Қазақтың дауыссыз й дыбысы, әлеми жазу дәстүрі мен жазу теориясына лайық, [y] таңбасымен міндетті түрде белгілену керек. Мысалы, AY ay (AI aɪ емес), İY iy (I ɪ емес), TAY tay (TAI taɪ емес), TİY tiy (TI tɪ емес).
Әліпби тізбегіндегі 31-нөмір. Мысалы, ashana қалай оқылады: асхана ма, әлде ашана ма? Ендеше жаңа әліпбидің акут ұстанымына сүйеніп, диграф sh орнына жалаң Ś ś таңбасын қабылдай салған дұрыс болады. Сонда, ŚAŚ śaś (SHASH shash емес), UŚAQ uśaq (USHAQ ushaq емес).
Қазақ тілі, тіптен бүкіл түркі тілдері, үндесім (сингармонизм) тіл болып табылады. Ендеше оның фонетика-грамматикалық бірліктері, әсіресе дыбыстары, жуанды-жіңішкелі әуезбен жұптасып айтылады. Олай болса, дыбыстардың үндесім жұптары әліпби тізбегінде, міндетті түрде, бірінен кейін бірі тұру керек. Мысалы, a-ә, u-ү, o-ө. Бірақ осы іспеттес ы-і, қ-к үндесім жұптары бір-бірінен ажырасып шалғай орналасқан. Сонымен қатар жасалымы (артикуляция) ұқсас дыбыстар тіркесе орналасу керек. ­Дауыссыз z дыбысының таңбасы j-дан кейін, оған ілесе [y] дыбысының таңбасы орналасуы керек. Даулы болып жүрген еріндік [w] дыбысының таңбасы өзінің үйлесімді u-ü дауыстыларының таңбаларын ілестіре не алдынан, не ілесе соңынан орналасу керек. Ал ɪ-i дауыстыларының таңбалары қазіргі дәстүр бойынша әліпбидің соңын ала орналасады.
Мұның бәрі оқу-әдістемелік тұрғыдан тиімді болады, балалардың жаттығуын жеңілдетеді.
Шынын айтатын болсақ, аталған жаңсақтықтар теориялық және оқу-әдістемелік тұрғыдан өрескел кемшілік болып табылады. Оның тауқыметін ертең оқулық жазатын авторлар, әдістеме ұсынатын әдіскерлер, аудитория мен сы­нып­тарға баратын оқытушылар мен мұғалімдер, сол аудитория мен сыныптарда отырған шәкірттер, латын әліпбиін насихаттап іске асыратын күллі мамандар тартатын болады. Ендеше «аурудың алдын алу керек».
Алайда латын әліпбиіне көшудің ең бас­ты себебі көпшілік назарынан сырт қалып ба­рады. Басты себеп – бүгінгі егемен сәтті пай­даланып «кирилл» жазуымызға реформа жасап алуымыз керек. Әрбір елдің өз жазуы­на мезгіл-мезгіл реформа жасап алатыны әлем­дік тә­жірибеде бар. Бізге де осы сәт келді.
Біз бүгінгі кирилл әліпбиіне негізделген жазуымыздың жаңсақ тұстарын әліпби ауыстыру арқылы реттеп аламыз ба деген үмітпен отырмыз. Өйткені бүгінгі кирилл әліпбиіміз қазақтың әліпбиі емес, «қазақ-орыс», тіптен турасын айту керек, «орыс-қазақ» әліпбиі. Өкінішке орай, орыс тілді фонетистеріміз сол «орыс-қазақ» әліпбиінің үлгісімен латынға көшуді ұсынып қиянат жасап отыр. Кейбір мамандар компьютердің құрсауынан шықпауды ұсынады. Алайда компьютер алдындағы ағылшын пернетақтасына байланған әліпби ешкімге абырой әпермейді. Оның дәлелі – қайта-қайта түзетіліп ұсынылып жатқан «диграф, апостроф, акут» әліпбилер. 26 таңбаға байланған әліпбидің дұрысы (оңғаны) болмайды. Тілді компьютерге икемдемеу керек, компьютерді тілге икемдеу керек.
Қазіргі әліпби негізінен кирилл әліпбиіне негізделген, соның дыбыс тізбегін қайталап шығып отырады. Сондықтан да алдымен кирилл әліпбиінің бағанасы беріледі, соның жанына барып екінші бағанамен латын үлгісі жапсырылады. Ал «жапсырма» әліпбиде ұлттық дербестік болмайды, өйткені латын таңбаларының оқылымы (айтылымы) қалайда кирилге таңулы болады: бас бағанада тұрған кирилдің созылыңқы и, у дыбыстары көрші бағанада тұрған латынның қысқа i, u дыбыстарын кирилше оқуға (айтуға) мәжбүрлейді. Санамызға сіңіп, көзіміз үйреніп, қолымыз дағдыланып қалған біз пақырдың басқаша ойлауға мұршамыз жоқ.
Ендеше әліпби құрастырудың басқа жолын қарастыру керек. Мүмкін, біреуге ерсі, мүмкін, біреуге түсініксіздеу болар. Біз, ең алдымен, кирилл әліпбиі, кирилл емілесі дегенді білмейміз, санамыз таза деп ұғайық. Ал қазақ тілінің төл дыбыс құрамы санамызда анық тұр. Енді сол дыбыстардың жасалым (артикуляция) табиғатына лайық (!!!) латын таңбаларын таңдаймыз. Мысалы, тілімізде «тіл ұшы, тоғысыңқы, қатаң» деген жасалым белгілері ақиқат дыбыс бар. Халықаралық фонетикалық әліпби бойынша оның таңбасы [t] деп қабылдаймыз. Сол сықылды: тіл ортасы/тілшік, жуысыңқы, үнді – Yy; ерін-еріндік, жуысыңқы, үнді – Ww болады. Осылай барлық дыбыстарымызды артикуляциялық анықтамасына орай таңбалап шығамыз. Осы ретпен түзілген әріп реті ұлттық әліпби болып шығады. Бөгде тілдің бөгде әліпбиінің ықпалы жоқ. Сонымен қазақ тілінің «Ұлттық әліпбиінің» құрамы шығады.

A a Ä ä I ɪ İ i E e U u Ü ü O o Ö ö
P p T t Q q K k S s Ş ş
B b D d Ǧ ǧ G g Z z J j
M m N n Ŋ ŋ R r L l Yy Yy W w

Ұлттық әліпбиді кирилге алаңдамай, игеріп кету керек. «Мен мұндалап» тұрған ки­рилл таңбалары жоқ, ендеше Yy таңбамыз ɪy/iy болып аталып, Ww таңбамыз uw болып аталып ұлттық үлгісін сақтайды.
Енді кирилшілердің үдесінен шыға алмай жүрген екі дыбысымыздың емілесіне тоқталайық.
Дауыссыз й[y], у[w] дыбыстарын жоғалта жаздап жүргеніміздің басты бір себебі «жалған естілім» болып табылады. Қазақ тілінде сөз басында кездеспейтін бес дауыс­сыз дыбыстың екеуі – осы й[y] мен у[w]. Ендеше дыбыс атауына, өзге ­дыбыстардай бы, ды болып дауысты соңынан қосылмай, дауысты алдынан қосылып, ый/ій (йы/йі емес), ұу/үу (уұ/уү емес) түрінде айтылады. Сондықтан ый/ій және ұу/үу дауыссыз дыбыс атаулары орыс тілінің ы/и және у дауысты дыбыстарының естіліміне ұқсап кетеді. Қазақ тілі мамандарын да, өзге зерттеушілерді де шатастырып жүрген осы жайт. Бүлдіршіндер мен бірінші сынып оқушыларына арналған оқу-құралдарынан бастап «иық, ине т.б. сөздер и дауысты дыбысынан, уық, уыс т.б. сөздер у дауысты ды­бысынан басталады» деп жалған түсінік береміз. Орыстағы и және у таңбасының машақаты бір мұнымен бітіп жатқан жоқ. Сөздіктер тізбегіндегі ы, і, ұ, ү әріптерінің құрамында тұратын ондаған-жүздеген сөздер «адасып» и, у әріптерінің соңында жүр. Әзірге тек сөз басындағы буынға қа­тыс­ты «адасуларды» ғана көріп отырмыз. Ішкі әліпби тізбегіне қатысты «адасуларды» компьютер бағдарламасының көмегі болмаса, көзбен көріп, қолмен түгендеу мүмкін емес.
Сонымен и таңбасының еміле жазылымы төмендегідей болады.
Жуан әуезді сөздердің құрамында.
Жуан (қысаң) әуезді Ы [ɪ] мен үнді (жуысыңқы) Й [y] дауыссызының тіркесі ЫЙ [ɪy] болып жазылады:
Сөз басында й[y] кездеспейді, сондықтан алдынан ы[ɪ] қосылады: иық (ыйық) [ɪ-yɪq];
Сөз ортасында: тиын (ты-йын) [tɪ-yɪn], қиын (қы-йын) [qɪ-yɪn], жиын (жы-йын) [jɪ-yɪn];
Сөз соңында: тый (тый) [tɪy], ылғый (ыл-ғый) [ɪl-ğɪy], сыный (сы-ный) [sɪ-nɪy], ысый (ы-сый) [ɪ-sɪy];
Жіңішке әуезді сөздердің құрамында.
Жіңішке (қысаң) әуезді İ[i] мен үнді (жуысыңқы) Й[y] дауыссызының тіркесі İЙ[iy] болып жазылады:
Сөз басында кездеспейді, сондықтан алдынан і[i] қосылады: и (ій) [iy], иіс (і-йіс) [i-yis], ирек (ій-рек) [iy-rek], ие (і-йе) [i-ye], ине (ій-не) [iy-ne];
Сөз ортасында: киім (кі-йім) [ki-yim], шие (ші-йе) [şi-ye], тиін (ті-йін) [ti-yin], сирек (сій-рек) [siy-rek];
Сөз соңында: ти (тій) [tiy], би (бій) [biy], бәлки (бәл-кій) [bäl-kiy], іскери (іс-ке-рій) [is-ke-riy].
Кезек Ww дыбысымызға келді.
Жуан әуезді сөздер құрамында:
— жуан әуезді қысаң Ұ[u] мен үнді жуысыңқы У[w] дауыссызының тіркесі ҰУ[uw] болып жазылады;
— сөз басында [w] кездес­пейді, сон­дықтан сөз ұ[u] дауыстысынан басталады: у (ұу) [uw], уық (ұ-уық) [u-wuq], уыс (ұ-уыс) [u-wus], уақыт (ұ-уа-қыт)
[u-wa-qɪt];
— сөз ортасында: туыс (тұ-уыс) [tu-wus], суық (сұ-уық) [su-wuq], жуан (жұ-уан) [ju-wan], шаруа (ша-рұ-уа) [şa-ru-wa], оқушы (о-құу-шы) [o-quw-şɪ];
— сөз соңында: ту (тұу) [tuw], су (сұу) [suw], бу (бұу) [buw], алу (а-лұу)
[a-luw], толу (то-лұу) [to-luw], оқу (о-құу) [o-quw], қару (қа-рұу) [qa-ruw];
Жіңішке әуезді сөздер құрамында:
— жіңішке әуезді қысаң Ү[ü] мен үнді (жуысыңқы) У[w] дауыссызының тіркесі ҮУ[üw] болып жазылады:
— сөз басында [w] кездеспейді, сондықтан сөз ү[ü] дауыстысынан басталады: уіл (ү-уіл) [ü-wül], уәде (ү-уә-де) [ü-wә-de], ү-уәж (ү-уәж) [ü-wәj], уәли (ү-уә-лій) [ü-wә-liy], уәзір (ү-уә-зір) [ü-wә-zir];
— сөз ортасында: сурет (сүу-рет) [süw-ret], келуші (ке-ліу-ші) [ke-lüw-şi], сенумен (се-нүу-мен) [se-nüw-men], секіруге (се-кі-рүу-ге) [se-ki-rüw-ge], келуі (ке-лү-уі) [ke-lü-wi];
— сөз соңында: күлу (кү-лүу) [kü-lüw], тілу (ті-лүу) [ti-lüw], күту (кү-түу) [kü-tüw].
Ендеше латын әліпбиіне қазіргі ­кирилл орфографиямыздың үлгісімен өтуге болмайды. Онда кирилдегі тілбұзар ережелерімізді сол күйінде қайталаған болып шығамыз. Кирилшілдердің тағы бір уәжі – жоғарыдағыдай ұлттық жазылымға көп­шіліктің көзі үйренбеген, қоғам қабыл­дамайды дейді. Расты рас деу керек, и-умен көзін ашып, сонымен ер жетіп, сонымен көз жұмып кетіп жатқан қоғамның қабылдауы қиын. Сонда қалай, қоғам қабылдамайды деп қол қусырып отыра береміз бе? Ұлттық сана жаңғырудың (әліпби жаңғырудың) мін­деті қоғам санасын оятып, дұрысын көрсетіп, жөнімен таныстырып, тіптен мойын­дату емес пе? «Қиын болады» дейді, дұрыс – қиын болады (реформаның оңайы жоқ). Алайда қиындық қазақ тілінің фонетика-грамматикалық табиғатынан туындап жатқан жоқ, бұзып-жарып, шашып-төгіп бүлдіріп алып, енді жөндеудің амалынан қашып отырғандығымызда болып отыр. «Орфография» деп бұзып жазып, «орфоэпия» деп түзетіп әлек болып жатқан өзіміз емес пе? Тілі қазақша шыққан ұрпақ үшін еш қиындық жоқ, ал тілі күрмеліп отырған ұрпақтың жайы басқа. Екі нәрсенің басын шатастырмау керек.
«Ұлттық әліпбидің» емілесі қазақ тілінің: төл дыбыс құрамын; сөздің үндесім әуезін; сөздің морфем құрамын; сөздің буын желісін; тасымал ретін; сөйлеу ырғағын бұзбайды. Қазақ жазуына жасалатын реформаның нәтижесі осы болмақ.
Қазақ тілін үндесім (сингармонизм) тіл етіп тұрған осы төрт дыбыс: Iɪ, İi,
Uu, Üü. Қазіргі әліпби мен оның еміле-ережесімен кететін болсақ, онда ұрпақ ауыса келе, ы мен і орнына и, ұ мен ү орнына у келеді. Сонда бізге керегі осы болғаны ма?
Өкінішке орай, бұл дыбыстардың ақиқат [y], [w] таңбаларына латын негізіндегі жаңа акут ӘЛІПБИімізден де орын табылмады.
Кирилл жазуымыздағы қазақ тілінің іргелі заңдылықтарын бұзып келген орфо­графиялық үлгілер сол күйінде латын жазуымызға көшіп барады.
Сөз ішінде екі дауысты қатар тұрмайды. Кирилдің емілесі алдымен осы заңдылықты бұзушы еді, акут латынның емілесі сол күйінде қайталап беріп отыр. Ал ұлттық әліпби екі дауысты арасында дауыссыз дыбыс бар екенін көрсетеді. Мысалдарды кестелеп емес, тізбектеп кирилл → акут → ұлттық деп беріп отырмыз: суық → sýyq → su-wuq; қиық → qɪyq → qɪ-yɪq; қуыс → qýys → qu-wus; жиын → jɪyn → jɪ-yɪn.
Сөз ішінде буын дауысты дыбыстан басталмайды. Осы заңдылық та өрескел бұзылып отыр, тағы да ұлттық әліпбиге жүгінеміз: жи-ын → jɪ-yn → jɪ-yɪn; су-ық → sý-yq → su-wuq; си-ық → sɪ-yq → sɪ-yɪq; ту-ыс → tý-ys → tu-wus.
Сөз соңында дауысты буын мен тұйық буын тұрмайды. Кирилл және акут емілесі бойынша сөз соңында дауысты буын мен тұйық буын кездесе беретін болып отыр. Бұл еміле ретінің орынсыз екенін де ұлттық әліпби көрсетеді: ми-ы → mɪ-y → mɪ-yɪ; су-ы → sý-y → su-wu; жи-ын → jɪ-yn → jɪ-yɪn; су-ық → sý-yq → su-wuq.
Сөздің тасымал ретін бұзады. Жоғары­дағы еміле бұзушылық сөздің әртүрлі шебіне қатысты болса, тасымал ретін бұзу сөздің өн бойында жаппай кездеседі. Тасымал да ұлттық әліпбимен реттеледі: жи-ын → jɪ-yn → jɪ-yɪn; ми-ық → mɪ-yq → mɪ-yɪq; су-ық → sý-yq → su-wuq; ту-ыс → tu-ys → tu-wus.
Бірінші кезекте қазақ тілінің төл дыбыс құрамы (состав) мен жүйесі (система) дұрыс анықталуы керек. Өйткені түрік (қазақ) тілдері орфоэпиялық тіл, сөз құрамындағы кез келген дыбыс сөздің барлық шебінде өз айтылым үлгісін (орфоэпиясын) сақтайды (морфем жігіндегі түрленімнің өз алмасым ерекшелігі бар). Ендеше әліпби үлгісі «бір дыбыс – бір таңба» болу керек. Әріп қосақтау, дыбыс қосақтау деген болмайды. Сонда «орфография» деп қолдан бұзып, «орфоэпия» деп түзетіп әлекке түсіп жатпаймыз. Әліпбидің ақыры еміле-ережеге барып тірелетіні белгілі. Тағы қайталайық, бұрыс әліпбиден дұрыс еміле шықпайды, дұрыс әліпбиден бұрыс еміле шықпайды.
Кез келген әріптің дәйектемесі сол әріпке тән дыбыстың жасалым (артикуляциялық) белгілері болып табылады. Әзірге қазақ әліпбиін құрастыру дыбыстардың естілім (перцепция) белгілеріне ғана сүйеніп жасалып жатыр. Әсіресе, өкінішке қарай, әбден «үйреншікті» болып қалған орыс әліпбиінің үлгісіне еліктеу басым: адасқанның алды жөн, арты соқпақ…
Сонымен «акут әліпби» қабылданды, бірақ қазіргі күйінде сауат ашу дайындығына жіберуге болмас. Осы оймен біз «акут әліпбидің» пысықталған төл үлгісін түздік: қазақ тілінің 28 дыбысы түгел қамтылып, әліпби жүйесіне бөгде қоспасыз түсірілді (кестені қараңыз).
Төл әліпбидің құрамында кірме таңбалар болмайды. Олардың емілесі өз алдына дербес шешілетін болады, оның халықаралық үлгісі бар. Төл әліпби бойынша дайындалған еміле-ереже де төл болып, тіл заңдылықтарын бұзбайды, керісінше, тілдің қорғаныш қауызы болады. Тілдің фонетика-грамматикалық ұлттық сөлін ұрпақтан-ұрпаққа қанық күйінде жеткізудің осыдан басқа амалы жоқ.

Төменде мәтіннің ұлттық әліпби үлгісі мен акут әліпби үлгісі қатар беріліп отыр

кирилл-акут емле

ABAІ JOLY
Úsh kúndik joldyń búgingi, sońǵy kúnine bala shákirt baryn saldy. Qoryq­tan kún shyǵa atqa mineɪik dep asyqqan-dy. Buny qaladan alyp qaɪtqaly barǵan aǵaɪyny Baɪtasty da tań atar-atpasta ózi oɪatyp turǵyzyp edi. Kún uzyn attan da túspeɪ, ózge júrginshilerden oq boɪy alda otyrǵan. Keɪ-keɪde ózine tanys Kókúɪirim men Býratɪgen, Taqyrbulaq sɪaqty qonys-qudyqtardyń tus-tusyna kelgende bala oqshaý shyǵyp, astyndaǵy jaraý qula bestisin aǵyzyp-aǵyzyp ta alady…
-Myna balanyń aýylǵa asyǵýyn-aɪ!

ұлттық емле

ABAYJOLІ
Üş kündik joldɪŋ bügingi, soŋǵɪ künine bala şäkirt barɪn saldɪ. Qorɪqtan kün şɪǵa atqa mineyik dep asɪqqan-dɪ. Bunɪ qaladan alɪp qaytqalɪ barǧan aǧayɪnɪ Baytastɪ da taŋ atar-atpasta özi oyatɪp turǧɪzɪp edi. Kün uzɪn attan da tüspey, özge jürginşilerden oq boyɪ alda otɪr-ǧan. Key-keyde özine tanɪs Köküyirim men Buwra-tiygen, Taqɪrbulaq sɪyaqtɪ qonɪs-qudɪqtardɪŋ tus-tusɪna kelgende bala oqşaw şɪǧɪp, astɪndaǧɪ jaraw qula bestisin aǧɪzɪp-aǧɪzɪp ta aladɪ…
— Mɪna balanɪŋ awɪlǧa asɪǧuwɪn-ay!

Біз арнайы мәселе етіп көтеріп отырған «Әліпби жаңғыруды» Елбасымыз ұсынып, көпшілік қолдап отырған кең көлемдегі «Ұлт­тық сана жаңғыру» аясындағы шара деп қарайтын болсақ, үлкен жауапкерші­лік ал­­дында тұрғанымызды ұмытпауымыз керек.

Әлімхан ЖҮНІСБЕК,
филология ғылымының
докторы, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

20 Пікір

  1. Оқушы

    «Асыу», «алыу», «барыу», «келіу» деген сөздерді «сұу», «шұу», «тұу» деген сияқты етіп, аяғына ұу келтіріп жазамыз деушілер бар. Тіпті жалғыз ғана «у» келтіріп жазамыз деушілер бар. Олардың бəрі де жете тексермегендіктен айтылып отырған сөздер. «Алып» демей, «алұп» деп, «асып» демей, «асұп» деп, «барып» демей «барұп» деп, «келіп» демей, «келүп» деп жазатын болсақ, алұу, барұу, келүу деп жазуға болады. Олай жазбай, алып, асып, барып, келіп деп жазатын болсақ, «у» дың алдына «ұ»(ү) жазудың орны жоқ. Мұндай «у» сөздің аяғына «п» есебінде қосылып тұрған дыбыс немесе «алыс, беріс, барыс, келіс» дегендері сөздердің ішіндегі «с» есебінде қосылып тұрған сөз. «Алыс» деген «алыу» деген, «барыс» деген «барыу» деген, «келіс» деген «келіу» деген сөздердегі айырым аяқ дыбыстарында ғана, басқа жерінде айырым жоқ. Егер алұс, барұс, келүс деп жазсақ, онда алұу, барұу, келүу деп жазу дұрыс. Бірақ «алұс», «барұс», «келүс» деп айтпаймыз ғой. Егерде «ұ»(ү) мен «ы»(і) дүдəмəл естілетін болса, ол дүдəмəлдік «ы» жағына қарай шешіліп отырады ғой. Мəселен: «тан» деген, «таны» деген, «жан» деген «жаны», «тас» деген «тасы» деген сөздерді алып, аяқтарына «п», «c», «у» қосып туынды сөз жасасақ, аяғы дауысты дыбыс болса, осы дыбыстарды қосамыз да қоямыз. Аяғы басқа дыбыстар болса, «ы» арқылы қосамыз: танып, таныс, таныу, жанып, жаныс, жаныу, тасып, тасыс, тасыу. Осында «у» дыбыстың келіп кірерлік орны бар ма? Қай жерден келіп кіріспекші?
    Ақмет Байтұрсынұлы

    tanuw, januw, tesüw, jeńüw ❌
    tanıw, janıw, tesiw, jeńiw ✅

  2. Жаңа нұсқа

    1. A a-а
    2. B b-б
    3. C c-ж
    4. D d-д
    5. E e-е
    6. F f-ф
    7. G g-г
    8. H h-х
    9. I ı-и, ый, ій
    10. J j-қысқа й
    11. K k-к
    12. L l-л
    13. M m-м
    14. N n-н
    15. O o-о
    16. P p-п
    17. Q q-қ
    18. R r-р
    19. S s-с
    20. T t-т
    21. U u-у, ұў, үў, ыў, іў
    22. V v-в
    23. W w-қысқа ў
    24. Y y-ы
    25. Z z-з
    26. Ä ä-ә
    27. Ć ć-ч
    28. Ğ ğ-ғ
    29. İ i-і
    30. Ń ń-ң
    31. Ö ö-ө
    32. Ś ś-ш
    33. Ü ü-ү
    34. Ú ú-ұ

    ABAJ COLY
    Üś kündik coldyń bügingi, sońğy künine bala śäkirt baryn saldy. Qoryq­tan kün śyğa atqa minejik dep asyqqan-dy. Búny qaladan alyp qajtqaly barğan ağajyny Bajtasty da tań atar-atpasta özi ojatyp túrğyzyp edi. Kün úzyn attan da tüspej, özge cürginśilerden oq bojy alda otyrğan. Kej-kejde özine tanys Köküjirim men Buratɪgen, Taqyrbúlaq sɪaqty qonys-qúdyqtardyń tús-túsyna kelgende bala oqśaw śyğyp, astyndağy caraw qúla bestisin ağyzyp-ağyzyp ta alady…
    -Myna balanyń awylğa asyğuyn-aj!

  3. Болат

    Төл әліпби құрамында жат тілдің дыбыстық таңбалары (ч,ф,в,и,х) болса, ол әліпбиді ұлттық деп айту қиын. Сондықтан ештен кеш жақсы деп, ғалым пікір-ұсынысын тағы бір зерделеп көрсек. Туған тілдің тынысын ашатын тек ұлттық әліпби ғана. Әлімхан ағай ұсынып отырған жобалар, әсіресе ұлттық әліпби жобасы қолдауға лайық деп ойлаймын. Тіл тәуелсіз болмай, ұлт толық тәуелсіз болмайды. Ал тіл тәуелсіз болу үшін тек өз заңымен ғана өмір сүруі керек.

  4. Жаңа нұсқа-2

    A a — а
    B b — б
    C c — ш
    D d — д
    E e — е
    *F f — ф
    G g — г
    H h — х
    I ı — ы
    J j — ж
    K k — к
    L l — л
    M m — м
    N n — н
    O o — о
    P p — п
    Q q — қ
    R r — р
    S s — с
    T t — т
    U u — ұ
    *V v — в
    W w — қысқа у
    Y y — қысқа й
    Z z — з
    Ä ä — ә
    Ğ ğ — ғ
    İ i — і
    Ń ń — ң
    Ö ö — ө
    Ü ü — ү

    *tek kirme sözderde jazıladı

    ABAY JOLІ
    Üc kündik joldıń bügingi, sonğı künine bala cäkirt barın saldı. Qorıqtan kün cığa atqa mineyik dep asıqqan-dı. Bunı qaladan alıp qaytqalı barğan ağayını Baytastı da tań atar-atpasta özi oyatıp turğızıp edi. Kün uzın attan da tüspey, özge jürgincilerden oq boyı alda otırğan. Key-keyde özine tanıs Köküyirim men Buwra-tiygen, Taqırbulaq sıyaqtı qonıs-qudıqtardıń tus-tusına kelgende bala oqcaw cığıp, astındağı jaraw qula bestisin ağızıp-ağızıp ta aladı…
    — Mına balanıń awılğa asığıwın-ay!

  5. QAZAQ

    «Жаңа нұсқа-2» дегі әліпбиге *F f — ф, *V v — в (*tek kirme sözderde jazıladı) дыбыстарды қосқаннан тіліміз ұтпайды. Өзге сөздер тілімізге лайық енгізілуі тиісті, сөзімізге жат дыбыстарды қосқаннан кірме сөздерге 2 түрлі емле жасауға тура келеді (кереует, самаурын… — вагон, вожатый, фургон, фабрика…). Вв, Фф дыбыстары бар қазақ-кирил әліпбиін пайдаланған кезде енген сөздерді тілімізге лайық дыбыстармен қайтадан қосып, жаңа емле жасаған тиімді болады. Оқығанда Ққ болып естілетін (хат-қат, хабар-қабар, сахна-сақына, дастархан-дастарқан,…) H h-х дыбысы жаңа диалект жасамаса, тілімізді онша «байытпайтын» болар. Дыбыстардың: W w — қысқа у, Y y — қысқа й айтылу ұзақтығын шектеп, жазуымызды күрделендіргеннен қандай пайда? Әріптердің төбесіндегі қосымша таңбаларды бірдей қылған жөн.

  6. Жаңа Нұсқа-2

    Qazaq, у мен й-ді қалай жазамыз сізше?

    Менің түсінігімде былай: У мен й дауыстыдан кейін келсе қысқа дыбыстар (qıraW, baY), ал дауыссыздан кейін келсе дифтонгтар (sUW, tIY) Егер оларды созып жазбасақ кирил әліпбиінің катесін қайталағанмен тең

  7. Жаңа Нұсқа-3

    A a — а
    B b — б
    D d — д
    E e — е
    G g — г
    H h — х
    I ı — ы
    J j — ж
    K k — к
    L l — л
    M m — м
    N n — н
    O o — о
    P p — п
    Q q — қ
    R r — р
    S s — с
    T t — т
    U u — ұ
    W w — ў
    Y y — й
    Z z — з
    Á á — ә
    Ğ ğ — ғ
    İ i — і
    Ń ń — ң
    Ó ó — ө
    Ś ś —ш
    Ú ú — ү

  8. QAZAQ

    «Қырау» мен «тый» сөздеріне жақын естілетін «қирау» мен «ти» сөздерін қалай жазған дұрыс болады («qıYraW мен tIіY» әлде «qYraW» мен «tіY» ие «tY» ме)? …. «QYraW» мен «tY» — деп жазған дұрыс болар? Бірінші кезекте қазақ сөзін құрайтын дыбыстарды анықтап алу керек. Сөзімізге жат дыбыстарды әліпбиге қосу, тілімізге қастық келтірумен тең. Жат дыбыстар әліпбиімізге қосылса, өзге тілдерге қазақ тілін тәуелді қылады, тілімізде түрлі диалекттер пайда болады. Іріктеліп тілімізге лайық деген 28 дыбысты, таңбалап, сөзімізді қағазға түсіру ережесін жасау мамандардың ісі ғой…

  9. Жаңа Нұсқа-2

    Қырау-Qıraw (Иней)
    Қирау-Qıyraw (Рушиться)
    Тый-Tıy (Прекращать)
    Ти-Tiy (Трогать)
    Тиін-Tiyin (Белка)
    Тыйын-Tıyın (Монета)
    Жетісу-Jetisuw (Семиречье)
    Жетісу-Jetisiw (Быть довольным)

    Демек:
    W дауыстыдан кейін=w
    дауыссыздан кейін=uw; ıw; iw
    Y дауыстыдан кейін=y
    дауыссыздан кейін=ıy; iy

  10. Жаңа Нұсқа-2

    «QYraW» мен «tY» — деп жазған дұрыс болар?
    Жоқ дұрыс емес, сөз тек дауыссыз дыбыстардан құрала алмайды (ty) және дауыссыз дыбыстар қатар келе алмайды (qyraw)

    Bar+w=barıw; barıp; barıs (baruw emes)
    Ber+w=beriw; berip; beris (berüw emes)
    Bur+w=burıw; burıp; burıs (buruw emes)
    Sıy+w=sıyıw; sıyıp; sıyıs (sıyuw emes)
    Kül+w=küliw; külip; külim (külüw emes)
    Böl+w=böliw; bölip; bölim (bölüw emes)

    UW — tek birinci buwında (jUWınıw)
    IW; İW — birinci buwınnan basqa buwındarda (tabınIW, kecigİW)

  11. QAZAQ

    Жаңа Нұсқа-2 — дегі: 23. W w-қысқа ў және 24. Y y-ы әріптерді қалай жазу керектігі туралы түсіндіргеніңізге рахмет.
    Ал енді, Жаңа Нұсқа-3 — тегі «H h — х» дыбысының (орнына «Q q — қ» пайдалантқызбайтын) қандай тілімізден «айырылмайтындай қасиеті» бар?

  12. Жаңа Нұсқа-2

    Qazaq, уақыт өтті қазақ тілі дамыды, кәзіргі қазақтар ф, в, х дыбфстарын еш қиналмай айта алады. Кезінде тілімізде болмаған деп ол дыбыстарды алып тастауға болмайды. Дүние жүзінің барлық тілдері дамып өзгеріп отырады. Дұрыс сіздікі кірме сөздерді қазақ тілінің заңдылығына сындырып барып бейімдеу керектігін, онымен 100% келісем, бірақ осы үш дыбыс ф, в, х әліпбиімізде болсын.
    Ғылыми мен техникалық мыңдаған терминдер бар ф, в, х дыбыстары кездесетін. Егер алып тастасақ ол сөздерді қалай жазамыз?

    Федерация — Педератсыйа?
    Вакцина — Бақсыйна?
    Хлорофин — Қылоропін?
    Осылай жазып, айтқан сізге ұнай ма?

    Federatsiya, Vaksina, Hlorofin деп жазсақ қазақ тілі кеміп қалмас.

    Ал ц, ч, э, ь, ъ, ю деген сияқты дыбыстарға мүлдем жеке таңба беріп әліпбиге енгізбеуге болады ол өз алдына түсінікті.

  13. QAZAQ

    Дәрменсіз аудармашылардың «Федерация, Вакцина, Хлорофин, Федерация, Вакцина, Хлорофин» секілді сөздерді қазақшалай алмағандықтан «Кроватьтан тұрып, кафедегі самовардан «Федерация» чайын малако қосып кафедрада после конференции пить будем» болдық. Халқымыз кезінде «шофёр» -ды «шопыр» қылып еді. «Федерация»ға бөтен қазақ сөзі табылмаса, біздер «Педератсыйа» деп жазғаннан басқыншылардың федерациялары тарап кетпес. Оқығанда «қан» болып естілетін «хан» сөзін «қан» деп жазғаннан дәрежесі түсетін адам жоқ… Амал жоқ, әрине өкінішті.

  14. Жаңа Нұсқа-2

    Qazaq, уайымдамаңыз әліпбиіміздегі маңызды мәселе х, ф, в таңбалары емес, у мен й дыбыстарының таңбалануы мен жазылуы. Осы әсіресе өзекті боп тұр. Болашақ ұрпағымыз мый, сыйыр деген сөздерді кәзіргі бекітілген нұсқа бойынша mı (ми), sıyr (сиыр) деп айтып кетпеуі үшін әліпбиімізде өзгерту енгізуіміз қажет.

  15. QAZAQ

    «В» әрпі бар сөздерді жазу емлесін (ежелгі заманнан қосылған, қазақ-кирил жазуы кезінде және қазақ-латын жазуы кезінде қосылған сөздерге етіп) үшке бөлесіз бе? Орыстардан қосылған «самаурын» қайтадан «самовар» болатыны сіздерге ауыртпалық тигізбес, ал батыс европа елдерінен енген «федерацион» сөзін басқаның жасаған ережесімен қалай бұрмалап «федерация» етіп жазасыз? Батыс европалық ұлтының еліміздегі азаматтарын қазақшалап «дұрыс» жазу құқығынан қалай айырасыз? «Қай жеңгендікі дұрыс болады» ма? «Вакцина, фабрика,…» сөздерін жауапты мамандар аздап қиналса тілімізге «в»-сыз (басқа сол мағыналы сөзбен ауыстырса да) енгізуіне әбден болады. Ертеде ғылыми дәрежесі түгіл жоғары білімі жоқ ҚАЗАҚ өзге елдің сөздерін тіліне лайықтап қосты ғой. Халық жазу ережелеріңізге көнер. Дегенмен, жазғанда бір бөлек, оқып, өзара сөйлегенде өзгеше болғаны емленің «шикілігін» байқататыны анық. Негізі, қатені уақытында түзетіп болдырмаған жөн…

  16. QAZAQ

    Қазақ тіліне мемлекеттік құрмет жасалса «my, syır» — деп жазғанды азаматтарымыз «мый, сыйыр» деп оқып, сөйлегенде солай айтады. Себебі, әліпбиіміздегі «M m» таңбасы «мы» әрпін белгілейді, «S s» таңбасы — «сы» әрпі. Ал, мемлекеттік тілді билік басы амандасқанда ғана пайдаланып, Конституциялық талапқа сай қолданбаса, еліміздегі келімсек азаматтар қаншама сөздеріміздің дыбыстарын жіктесекте mıy (мыйй), sıyr (сыййр) немесе басқаша оқып, мұқтаждық болғанда ғана солай айтады.

  17. QAZAQ

    Француз тілінен «ләмпәши», орыстан сондай мағыналы «кәмпит» сөздері тілімізге кезінде қосылды ғой. «Бірлестік» сөзімізге мағынасы жақын шетел сөздерінің («Federatsiya» мен «Federatsіуоn») қате жазылғаны қайсысы, басқалары «сөзімізді бұзды» деп ренжіп соттасып жүрмей ме? Қазақ жазуының емлесін өзге тілдер ережелеріне тәуелді қылып, жазуымызды басқаларға саудаға салып, шетел сөздерін айнытпай (зорлықпен) қазақ тіліне енгізуге болмайды.

  18. асыобек

    жаңа нүсқа 2 қолдаймын.

  19. Ұсыныс

    1. A a — а
    2. B b — б
    3. C c — ш
    4. D d — д
    5. E e — е
    6. G g — г / ғ
    7. I ı — и / й
    8. J j — ж
    9. K k — к / қ
    10. L l — л
    11. M m — м
    12. N n — н
    13. O o — о
    14. P p — п
    15. R r — р
    16. S s — с
    17. T t — т
    18. U u — у / ў
    19. Y y — ы
    20. Z z — з
    21. Ä ä — ә
    22. İ i — і
    23. Ń ń — ң
    24. Ö ö — ө
    25. Ü ü — ү
    26. Ú ú — ұ

    Ережелері:
    1. K k=к / қ және G g=г / ғ
    К мен г дыбыстары тек жіңішке дауыстылармен (ә е ө і ү) оқылады: kece (кеше), bügin (бүгін)
    Қ мен ғ дыбыстары тек жуан дауыстылармен (а о ұ ы) оқылады: kala (қала), baga (баға)
    2. I ı=и, й және U u=у, ў
    Егер дауыстыдан кейін келсе дауыссыз дыбыс: Aılyk (айлық) karau (қараў)
    Егер дауыссыздан кейін келсе дауысты дыбыс: Bılik (билік) su (су)
    Қазақ тіліндегі қосар дыбыстар:
    Ұу, үу, ыу, іу тек бір таңбамен U u белгіленеді.
    Ый, ій тек бір таңбамен I ı белгіленеді.

    Мысал мәтін:
    Almatyda Türkitildes jurnalıster korynyń keńsesinde Global Carrier Institute dırektory, fılologıa gylymynyń doktory Orhan Hasanoglymen jäne Girne unıversıteti mamandarymen kazak jurnalısteriniń kezdesui ötti. Jıynda latyn älipbıine köcu, jurnalıstıkanıń käzirgi mäseleleri jaıynda söz boldy.

  20. Azamat

    Әлімхан Жүнісбек ағамыздың нұсқасы @kazakgrammar әліпбиіне ұқсас келеді. Тек қазақграммарда қ,ғ дыбыстары к, г дыбыстарының алафоны деп қарастырылады. Сосын Ш әрпін латынның С әрпімен белгілейді. Сол ғана ерекшеліктері. Ресми нұсқа өте нашар нұсқа. Оған кеткен қаржы далаға кеткен деп есептеу керек.
    Қазақграммар нұсқасы:
    1. A- А
    2. Ä- Ә
    3. B- Б
    4. С- Ш
    5. D- Д
    6. E — Е
    7. F- Ф
    8. G-Г, Ғ
    9. Н- Х
    10. Іı- Ы
    11. J- Ж
    12. K- K, Қ
    13. L- Л
    14. М- М
    15. N- Н
    16. О- О
    17. Р- П
    18. R- P
    19. S- C
    20. T- T
    21. U- Ұ
    22. V- B
    23. W- У
    24. Y- Й
    25. Z- З
    26. Ü- Y
    27. Ö- Ө
    28. Ii- i
    29. Ńń- ң
    Ресми нұсқа түсініксіз, қиын. Қазақграммар нұсқасы әдемі.
    Resmiy nuska tüsiniksiz, kıyın. Kazagrammar nuskası ädemi.
    Resmı nusqa túsiniksiz, qıyn. Qazaqgrammar nuskasy ádemi.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.