Тайлақ немересіне қалыңдық іздейді

Қазақ кинокомедиясының көш ­басында тұрған Шәкен Аймановтың атақты фильмі «Тақиялы періште» кинотуындысының жарыққа шыққанына 50 жыл толып отыр. Осыдан 50 жыл бұрын баласының бойдақтығына алаңдап, ұлына қалыңдық іздеген ананы ешқашан ұмытпасымыз анық. Сол бір ананың балаға деген көңілі, оның жарқын күлкісі ғана емес, кинодағы актерлардың шынайы ойыны мен ­Александр Зацепиннің «Ты куда, Одиссей» әнінің орындалуы көпшіліктің көңілінен шыққан болатын.

Енді тақиялы Тайлақ кинокартинаға қайта оралды! «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» демекші, «Тайлақтың тақиясы» /«Тақиялы періште-2»/ көркем фильмінде Тайлақ енді үйленбей жүрген немересі Аңсарға қалыңдық іздейді.
Фильмнің желісі бойынша Тайлақ атаның оқыған, заманауи немересі Аңсарға жолдастары қара нәсілді қызды келін етіп түсіріп береді. Бұл алғашында әзіл ретінде ұйымдастырылғанымен, Тайлақ ата мен жары Айша (рөлде Роза Әшірбекова) шын қабылдап, ауруханадан бір-ақ шығады.
Бұл фильмге продюсері Құсман ­Шалабаев біраз уақыт режиссер іздепті. Ақыры түсірілім басталып кеткеннен кейін таңдауы Найзабек Сыдықов есімді қырғызстандық азаматқа түскен.
«Мен Шәкен Айманов түсірген «Тақиялы періште» фильмін өте жақсы көремін. Тіпті бірнеше рет қайталап көргем. Біздің картинадағы актерлер құрамы өте қарапайым әрі кәсіби. Тайлақ атаның өзі жасы 80-нен асқанымен, ширақ. Ешқандай қиындық болған жоқ» дейді режиссер.
Көптен күткен сүйікті фильмнің тұсаукесеріне елу жыл бұрын «Тақиялы періште» көркем фильміне түскен өнер қайраткерлері де шақырылды. Олар ­басты рольді сомдаған Тайлақ – Әлімғазы ­Райымбек, Тайлақ ұнатқан Сұлу – Шолпан Алтайбаева, Бибігүл Төлегенова, Райхан Шанина, т.б. Сонымен қатар шараға басқа да қоғам және мәдениет қайраткерлері шақырылды.
Тайлақтың тақиясы» /«Тақиялы періште-2»/ фильмі 31 қаңтардан ­бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіле бастайды. Ал шын бағасын қалың көрермен өзі берер.

А.МҰСАБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.