Сал-серілер мұрасы жаңғыртылуда

Көкшетауда «Сал-серілер» сериясының алғашқы кітабы «Ақан сері» жинағы жарық көрді. Кітап «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында облыс әкімдігінің қолдауымен шықты.

Кітапта Ақан сері Қорамсаұлының өлеңдері, айтыстары топтастырылып берілген. Оны жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиев құрастырған. Басты мақсат – атақты серінің бай мұрасын кеңінен насихаттау, әдеби мұрасын ұрпақ санасына сіңіру.
«Ақан сері бабамыздың бай мұрасын бүгінгі ұрпаққа жеткізу – парызымыз. Ол жайлы аз айтылып, аз жазылған жоқ. Жерлесіміз Сәкен Жүнісовтің «Ақан сері» трилогиясы, классик жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» драмасының өзі қазақ әдебиетінде лайықты орнын алғаны бәрімізге мәлім. Сондықтан мұндай мұралар қашан да өз жалғасын таба бермек» деді Ж.Ерғалиев.
«Сал-серілер» сериясымен Ақан сері мұраларынан бөлек, Біржан сал, Ыбырай Сандыбайұлы, Нұрмағанбет Баймырзаұлы және Иманжүсіп Құтпанұлы сынды қазақ халқы мәдениетінің ірі өкілдерінің өшпес мұраларын да кезең-кезеңімен шығару көзделіп отыр. Сонымен қатар алдағы уақытта өңірде Ақан сері, Балуан Шолақ, Біржан сал, Кенесары Қасымұлы, Үкілі Ыбырай Сандыбайұлының ескерткіштері орнатылады. Бұл туралы кітаптың тұсау­кесер кешінде облыстық мәдениет басқар­масының басшысы Рустем Бекенов айтты.
Еске сала кетейік, биылғы жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңбе­рінде Ақмола облысы әкімдігінің қолдауы­мен академик, батыр әрі ғалым Мәлік Ғабдуллиннің 11 томдығы, «Мәлік Ғабдуллин – қазақтың Оқжетпесі», «Жер жәннаты – Ақмола» фотоальбомдары, Сәкен Жүнісовтың «Заманай мен Аманайы» Лондонда ағылшын тілінде, Қадыржан Әбуовтың кітаптары және жақында Жабал Ерғалиевтің «Әлемге! Ғарышқа! Болашаққа жол ашқан Тұңғыш!» атты кітабы шығарылды.

Майя МҰРАТБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.