ҚАМҚОРЛЫҚ ҚАНАТ БІТІРЕДІ

Адам баласының әрбір сәті мен жылы мағына, маңызға ие. Күніңе есеп беру, ертеңгі күніңді сәулелі шақтарға толтыру өз қолыңда. Биылғы Мемлекет басшысы жариялаған «Жастар жылы» болашаққа басталған баспалдақтың бағыты. Еліміздің ең қуатты да белсенді тобын құрайтын жастардың мақсаты айқын, танымы терең болуы әу бастан білім мен еңбектің ізденуінен басталмақ.

Отанның борышын, аядай отбасыңның үмітін ақтау өрімтал кезден бастап-ақ сана саңылауына парыз болып ұялайды. Қазақтың аяулы ұлы, зиялы азаматы Ахмет Байтұрсынұлы ұлттың күретамыры туралы: «Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы. Құлша тәрбиелесең, құл болмақшы. Мойындағы борышты білу – білім ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі.Бір нәрсені істегенде, сол істі істей білетін адам істесе, шапшаң да, жақсы да істейді. Жаңалыққа жастар мойнын бұрып, қайырылар, халық түзелуінің үміті – жастарда. Сондықтан жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуі – бәрінен бұрын ескеріліп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс» деген екен.Бұл жауапкершілік жүгі. Қашанда ата-балаларымыз тарихын, асыл мұрасын ұрпақтарына аманаттап, үміт етіп отырған. Бір ғана әулетінің емес, күллі сол ұлттың абыройына алаңдаған. Өнер-білімге махаббатпен келуге ұмтылған.
Бүгінгі күні елімізде жастардың жан-жақты ізденім­паздығы, өнер-ғылымның сан түрлі қырларына тереңдей баруы көңіл қуантады. «Рухани жаңғыру» аясында жүргізілген «Жаңа 100 есім» бастамасында танылған, халық таңдаған түрлі сала иегерлерінің ішінде 70 пайызына жуығы жастар. Біз білмейтін, теледидардан да көрмейтін әртүрлі талант иелерінің жеткен жетістіктеріне көз жүгірттім. Техниканың тілін меңгерген, әлем әдебиеттерін қазақша сөйлеткен аудармашылар, өз мамандығының мәнін ұғып, сол салаға сүбелі үлес қосып жүрген қыз-жігіттер, міне, солардың бәрі біздің Отанымызда өмір сүріп жүрген бауырларымыз. Биылғы «Жастар жылы» танылмай жүрген таланттың қанатын қомдатып, самғауына, ел мен елдің достығын жалғауына сеп болары сөзсіз. Жастары жалындап тұрған ұлттың оты сөнбейді, келешегі көмескеленбейді. Тыңнан түрен салар дүниелердің бәрі осы кезеңнің ұрпақтарынан шықпақ. Жаһандану дәуіріндегі жаңашыл ұрпақтың елге, жерге деген аяулы сезіміне көлеңке түспесе екен.

Динара Мәлік,
Мемлекеттік «Дарын» жастар
сыйлығының иегері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.