ҚАЗІРГІ «АЙҚАП» әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығаруымен халықаралық кеңістікке жол тартты

Бұл журнал туралы айтқанда, қазақ жұртының ХХ ғасыр басындағы тарихынан хабары бар оқырманның есіне алдымен Алаш қайраткері Мұхамеджан Сералин шығарған «Айқап» түседі. 1911 жылдың қаңтар айынан 1915 жылдың шілде айына дейін бар-жоғы 88 саны жарық көрген журналдың шығарылуына патшалық Ресей өкіметі ресми түрде тыйым салған соң жалпы бұқара көңілінен көмескіленіп, тек зерттеушілердің ғылыми нысанына ғана айналған еді. Ол журнал ұлт санасының оянуына ерекше ықпал еткен басылым ретінде өз бағасын ешқашан жоймасы анық. 

97 жыл өткен соң, яғни 2012 жыл­дың шілде айынан бастап, қайрат­кер-жазушы Қоғабай Сәрсекеев жаһандану заманында Тәуелсіз Қазақстанның іргесін нықтап, керегесін көтеру бағытындағы қоғамдық санаға қозғау салу, ұлт рухының еңсесін көтеру мақса­тында журналды қайта шығаруды қолға алды. Өз атымен қайта жарық көрген басылым аз уақыт ішінде елге бірден танылды. «Мына «Айқап­тың» бұрынғы «Айқаптан» қандай айырмашылығы бар екен?» деген сауалға жауап іздеген озық ойлы оқырман әр санын оқуға асықты. Расында қайта жарық көрген басылым беттерінде ұлт тарихының ақтаңдақтары, шырғалаңға түскен шындықтар, сергелдең болған сенімдер, үзілмеген үміттер дәйек­тілігімен, дәлелділігімен, айғақ­тарымен жарияланып, бұқараның кемел болашаққа деген бұлқынысы мен ұмтылысын үдеткен болатын. Бірақ бұл басылымның 10 саны ғана жарық көрді. Бас сарапшысы өмірден озған соң, 2015 жылы шығарылуы тоқтады.
Арада көп уақыт оздырмай ректор, академик Ғалымқайыр Мұтанұлының бастамасымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жанынан шығарылатын болды.
2016 жылдың сәуір айынан бастап жарық көруді жалғастырған журнал бір кездері Алаш арыстары аңсаған Тәуелсіздіктің іргесін нықтап, керегесін кеңейтіп, шаңырағын биіктетуге бағытталған салиқалы ой, салмақты пікірлер жариялауға бірден кірісті. Елдік мұратты, мемлекеттік мүддені, ұлттық мақсатты ту еткен тұлғалардың сарабдал сана сүзгісінен өткен сараптамаларын, еліміздің бүгініне байыпты баға бере отырып, болашағына бағдар боларлық ойларын оқырман назарына үнемі ұсынуды көздеген «Мінбер» айдарында Олжас Сүлейменовтің, Мұрат Әуезовтың, Мырзатай Жолдасбековтың, Қуаныш Сұлтановтың, Нұрлан Ораза­линнің, Дулат Исабековтің, Дүйсен Қасейіновтің, Кенжеғали Саға­диевтің және басқа да қайрат­керлердің сұхбаттары жарияланды.
Елбасымыздың ұлт тарихы мен тағдырына, рухани құндылықтары мен игіліктеріне қатысты, сондай-ақ ұлттың кемелденуі мен өзіндік бет-бейнесін сақтаған күйі әлемдік өркениет көшіне үлес қосарлық әлеуетіне байланысты сарап­тамалық һәм бағдарламалық Жолдаулары мен мақалалары­на дер кезінде үн қосу арқылы ойлы оқырманды іске бастау, жұрт ісіне жұмыл­дыру мақ­­сатында осы тақырып төңірегінде сүбелі ойларымен бөліскен авторлардың да мақалалары «Сараптама», «Руханиат», «Замансөз», «Тарих-та­ғылым» айдарларында ұсынылды. Олардың қатарында Әділ ­Ахметов, Әбсаттар-қажы Дербісәлі, Аманжол Қошанов, Роллан ­Сейсен­баев, Мәмбет Қой­гелдиев, Талас Омар­беков, Хангелді Әбжанов, Жақыпбек Алтаев,Зиябек ­Қабыл­динов, ­Дархан Мың­бай, Бауыржан ­Омаров, ­Ше­рубай Құрманбайұлы секілді қатары әр нөмір сайын көбейіп келе жатқан аузы дуалы, сөзі уәлі авторлар бар.
Журнал жаһандану заманындағы білім мен ғылымдағы озық ойларды, жаңарулар мен жаңғыруларды әлем назарына ұсыну және дүниежүзінің ғылыми, мәдени жетістіктерін өз оқыр­мандарына таныстырып, ой бөлісіп отыру мақсатында шетелдік көрнекті қайраткерлер мен ғалым­дардың да ой-пікірлерін нөмір ­сайын жариялап отыруды алғашқы сандарынан бастап жолға қойған болатын. Мысалы, философия ғылымының докторы, профессор Бекір Қарлығаның «әл-Фарабидің әлемдік өркениетке тигізген ық­палы» (Түркия); профессор Чарльз Мелвиллдің «Түркі әлемінің тұңғиығы» (Ұлыбритания); профессор Аббас Хамейардың «Иран –Тұран» жобасы және Кембридждегі Шахнеме орталығы» (Иран); тарих ғылымының докторы, профессор Лариса Додхудоеваның «Репрессия­ға ұшыраған шығыс­тану­шылар…» (Тәжікстан); профессор, PhD докторы Чарльз Уэллердің «Еуропа­лық­тар алдымен әл-Фарабиден үйренді» (АҚШ, Вашингтон); ака­демик Мурадгелди Соеговтің «Қазақ ұландары – Түркменстан тұрғындары» (Түркменстан); тарих ғылымының докторы ­Франсис Ришардың «Орталық Азияның мәдени мұралары» (Франция); жазушы-журналист Джонатан Фрейердің «Шыңғыс Айтматов пен Оскар Уайльд және адамзаттық құндылықтар» (Ұлыбритания, Лондон); профессор Джеймс Петрик­тің «Әл-Фараби және қайырымды қала туралы арман» (АҚШ, Огайо); шығыстанушы ғалым ­Ольга Ястребованың «Ортаазиялық қолжазбалар «Өмірбаянын» қалпына келтіру» (Ресей, Санкт-Петербург) атты жазындары мен айтындары журналдың әр санында жарық көрген «Өркениет» айдарында берілді.

Қазіргі «Айқап» халықаралық қоғамдық-саяси, ғылыми және әдеби-көркем журнал болған­дықтан, мұнда саясат, әлеумет, қоғам, ғылым мен мәдениет тақырыбымен қатар әдебиет саласы да қамтылады.

Журналымыз жазба затындарды қазақ, орыс және ағылшын тілінде жариялайды. Мұндай халықаралық маңызы бар мақалалар қай тілде жазылса, сол тілде жарық көреді. Кез келген мақала және оның авторы туралы аңдатпалар міндетті түрде үш тілде бірдей беріледі. Сондықтан да «Айқап» журналының халықаралық кеңістіктегі аясы жыл өткен сайын кеңейіп келеді.
Қазіргі «Айқап» халықаралық қоғамдық-саяси, ғылыми және әдеби-көркем журнал болған­дықтан, мұнда саясат, әлеумет, қоғам, ғылым мен мәдениет тақырыбымен қатар әдебиет саласы да қамтылады. Соңғы беттерінде әлемге әйгілі ақын, жазушы, драматургтердің бүгінгі оқырман сұранысына жауап берерлік туындылары әр нөмір сайын, әсіресе Нобель сыйлығының әр жылдардағы иегерлерінің біреуі міндетті түрде таныстырылады. Қазірге дейін Шандор Петефи, Габриель ­Гарсиа Маркес, Хуан Рамон Хименес, Боб Дилан, Харуки Мураками, Нагиб Махфуз, т.б. классиктердің қазақ тіліне аударылған айтулы шығармалары жарық көрді.
Бұрынғы «Айқап­» пен қазіргі «Айқаптың» арасында мазмұндық және пішіндік са­бақ­тастық бар. «Пішініндегі сабақ­таcтық қайсы» дегенде, журнал мұқа­басының сәтті жасалған, көзге тартымды безеніне қатысты айтар едік.
Ал мазмұнындағы са­бақ­тастық, ең алдымен, ұлтымыздың өрке­ниет­тік биікке көтерілуіне сана мен рухқа серпіліс беру арқылы ықпал етуден көрінеді. Бұл мұрат Мұхамеджан Сералиннен басталған, Қоғабай Сәрсекеев жалғастырды, университет енді одан әрі кейінгі ұрпаққа ұластыруда тарихи тамырымызды танытуды, ұлтымыздың кодын жаңғыртуды, қазіргі жаһандану заманында әлемдік өркениетке табиғи болмысымызды сақтай отырып қол жеткізуге өзіндік үлесін қосуды көздейді.
Сондықтан әлемдік өркениетке ұмтылған ұлт мұратына бейжай қарай алмайтын әр азамат әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығарып жатқан «Айқап» журналына жазылып қана жатқан жоқ, өзі де автор болуға асығуда. Бізді осы үрдіс қуантады.

Сағатбек Медеубекұлы,
халықаралық «Айқап» журналы
Бас редакторының орынбасары

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.