Еркiндiкке жол ашқан…

Қайым-Мұнар Табеев,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Дүниені дүр сілкіндірген 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі империяның құрсауында шынжыр боп шырмалған, бұғау боп күрмелген қазақ халқының ұлттық езгіге қарсы үздіксіз күресінің заңды жалғасы болып табылады. Бабаларымыздың: «Еділді келіп алғаны, етекке қолды салғаны. Жайықты келіп алғаны, жағаға қолды салғаны» дейтін зар заманнан басталған талайлы тағдырының, арман-мақсатының, күресі мен күңіренісін танытатын қайсар өрлігінің жаңғырығы.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақала­сында Еуразияның дәл жүрегінде орна­ласқан еліміздің ұлан-ғайыр даласы, тау мен тасы, өзені мен көлі бізге оңайшылықпен тимегені, бабалары­мыздың төгілген қаны мен тері, «ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен» келгені, бүгінде мақтан тұтуға және қорғауға лайықты қастерлі аманат екені қадап айтылды. Бүгінде, тәуелсіз Қазақстанда жасалған тарихи ұлы қадамдар, ізгілікті жаңғырулар сол Ұлы дала дәуірінен келе жатқан жанкешті күрескерліктің, өрлік пен ерліктің, рухани мол мұраның жалғасы болып табылады.

Ал азаттық жолындағы ғасырларға созылған бабалар арпалысының ең соңғы нүктесі Ұлы Желтоқсанда қойылды. ­Алайда жасындай жарқ еткен қайран Желтоқсан уақыт қойнауына сіңіп, көмескі тартып бара жатқандай. Бұл ­туралы Елбасымыз «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында: «…Күнделікті күйбеңмен жүріп, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызын толық дәрежеде бағалап үлгерген жоқпыз» деп ескертіп те өтті. Желтоқсанның қадір-қасиетін түсіну үшін жасалған әділ тұжырым екені даусыз. Қазақстанның ең басты құндылығы саналатын Тәуелсіздікке жол ашқан рухы асқақ, тамыры терең Желтоқсан тарихымыздың бөлінбес бөлшегі. Оны білу, зерттеу, қастерлеу – бәріміздің ортақ парызымыз.
Желтоқсан – Қазақстанда ғана емес, бүкіл кеңестік жүйедегі бодан халықтардың құрсауын үзуге тікелей ­себепкер болуымен ерекше­ленетін көтеріліс. 1987 жылы Саха Респуб­ликасындағы, 1989 жылы Балтық жаға­лауы елдеріндегі, Грузия, Әзер­байжан, Саха, Молдовада болған демократиялық қозғалыстардың көшбасында киелі Желтоқсан тұр. Сондықтан да тоқырап қалған қоғамның тоңын жібітіп, қоғамға демократиялық тың серпін берген азаттық күресінің біртұтас тізбегін бір-бірінен ажырата қарастыру мүмкін емес.
Қазақ халқының тағдырында мәңгілік ізі қалған айтулы көтерілісте үш күн бойы алаңда жүрдік. Әділет­тілік пен әділетсіздіктің, ақиқат пен жалғандықтың күресін көзімізбен көріп, көңіл зердесінен өткіздік. Алаң­дағы сол бір арпалысқа толы күндер Ұлы дала перзенттерінің ержүрек ұрпағы бар екенін көрсетті. Желтоқсан желі замандастарымның ұлттық намысын оятты. Жүрегімізге жалын, жанымызға от берді. Көрген-білгенімізді, көңілге түйгенімізді қаламмен бөлісу сәтінде, осының барлығы қаламымызға қуат берді.
Ақиқатын айтсам, 1986 жылғы 16 желтоқсанда Орталық Комитет пленумынан бастау алып, соңы дүрбелеңге ұласқан Желтоқсанды зерделеп, зерттеп, ақиқатын баспасөзде жариялау – азабы мол, қайыры аз шаруа екен. Оны әрбір айтқан сөзіңді жау көретін, бодан халықтар үшін ешқашан оң көзбен қарамаған қатал жүйенің ұдайы бақылауында жүргенде анық сезіндім. Сонда да, Желтоқсан жастарының жанартаудай жарылуына әсер еткен не еді? Алаңға қанша адам шықты, оның мерт болғаны, жараланғаны, жазаланғаны қанша? «Ұтылған кім, ұтқан кім?» деген сауалдарға жауап іздегенімді тоқтатқан емеспін. Мұны мақтан үшін емес, бүгінгі жас ұрпақ білсін деген оймен айтып отырмын. Өйткені мені толғандырған, жауабы әлі күнге дейін толық айтылмаған ащы сауалдар кімді болса да, мазалайтыны рас.
Бірден айтайын, алаңда бас көтергендер Абай атамызша қайырсақ: «күшігінен таланған» ұрпақтың өкілдері еді. Әсіресе ауыл балаларының өмірлік таңдау еркі тым шектеулі болды. Шырқағанда инженер, заңгер, журналист, мұғалім, есепші, дәрігер, зоотехниктен аспайтын. Мәскеу асып, ұшқыш, теңізші мамандығын игерген қазақтар саусақпен санарлықтай ғана болды. Оның есесіне, «екінші тың» аталатын қой шаруашылығын игеру тегіс қазақтардың үлесінде қалды. Жөргегінде тұншыққан ана тілдің жағдайы айтпаса да белгілі. Жастардың жан-дүние­сін сыз­датқан осынау бітеу жара Желтоқ­сан­ның ызғарлы күндерiнде бұрқ етіп жарылды.
Әрине, жастар алаңға тек Қонаев үшін ғана шыққан жоқ. Азаттықты, тәуелсіздікті аңсап шықты. Ал демократияға сеніп қалған өрімдей жастардың албырт сенімін басып-жаншу үшін Мәскеуден, Ново­сі­бірден 10 мыңнан аса әскери жендеттер алдырылды. Көк темір құрсанған осыншалық қалың әскерге жалаңаш қолмен қарсы шығу – шынында да, көзсіз ерлік еді.
«Қаймана қазақ қамы үшін
Қарусыз шықтық алаңға.
Алыстан әскер алдырып,
Қырып салды-ау табанда.
Сөйлесем даусым жетпейтін
Кез болдық мынау заманға.
Шовинизм еді ғой,
Басты себеп жанжалға…» деп, сот алдында тайсалмаған Желтоқсан қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің азаматтық үні сол кездегі барлық жастардың жан айқайын білдірген ұранға бергісіз шақыру болатын.
Дүбірлі қозғалыстың екінші күні, 17 желтоқсанда Мәскеуден шұғыл ұшып келген КСРО Ішкi iстер министрінiң бiрiншi орынбасары, генерал-полковник Б.Елисев, КСРО Бас прокурорының орынбасары О.Сорока, КСРО КГБ төрағасының орынбасары Ф.Бобков бастаған штабтың алғашқы іс-әрекеті ушыққан жағдайдың ақ-қарасын ажыратудан гөрі, жазалау шараларын қатаңдата жүргізуге ұласты. Бұл штабқа республика басшылығынан Г.Колбин, оның оң қолы, екiншi хатшысы О.Мирошхин, Ішкі істер министрі Г.Князев, КГБ төрағасы В.Мирошник қана енгiзiлді.
«…Оқиғаның басынан аяғына дейiн республиканың жергiлiктi басшылық өкiлдерi жағдайдың даму барысына ықпал ету мүмкiндiктерiнен айырылды» деп, сол кездегі қазақ басшыларының білдірген шарасыз халін түсінгендей боласың.
Көтерілісшілерді басып-жаншу үшін 7 618 әскери адамдар қарсы қойылып, 15 БТР, 20 өрт сөндіргіш машина ­қолданыл­ды. Алматы қаласының 70-разъезінде арнайы танк полкі №1 әскери әзірлікте тұрды. Күштiң теңсiздiгi, милицияның шоқ­пары мен солдаттардың сапер күрегi, өрт сөндiргiш бронемашиналар өмiрiмiзге ендi ене бастаған балаң демократия мен жауқазын жариялылықтың үнiн осылайша тұншықтырды.
Көшеге қалың әскермен бірге, 10 мың­нан астам жұмысшы жасақшылары шы­ғарылды. Оларды партия белсенділері мен милиция өкілдері арнайы бөлінген автобустармен алып жүрді. Жұмысшы жасақшыларын ұйымдастыруды Алматы обкомының 1-хатшысы М.Меңдiбаев, қалалық комитеттің 1-хатшысы Г.Шулико тікелей назарда ұстады. Қалалық партия комитетінің бөлім бастығы А.Хмызов, Москва және Октябрь аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшылары Ю.Ежков, Ю.Мещеряков дегендердің шолақ белсенділігі, тіпті шектен асып кетті. Сол кездегі Алматы электр техникасы зауытының директоры Еркiн Қадыржанов былай деп еске алады: «Мен 17 желтоқсанда зауыттан жасақшылар құрап, оларды алаңға апару туралы ­Октябрь аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Мещеряковтан шұғыл бұйрық ­алдым. Жастардың қарсылығын басу үшiн арматурадан арнайы келте тоқпақтар қиып беру тапсырылды».
Осы асыра сілтеушіліктің өзі-ақ қан­­шалықты әлеуметтік зардапқа апарып соқтырғанын, кенеттен бол­ған «ұлтара­лық жанжалдың» қан­дай себептерден туындағанын дәлелдейді.
Штабтың нұсқауымен қалаға кiреберіс жерлердегі тоғыз жолдың торабы толық бекiтiлдi. Кірген-шыққан көлiктер жаппай тексеруге алынды. Бұл бір сөзбен айтқанда, әскери-коменданттық тәртіп орнатылды.
Ол күндері Алматыда ғана емес, еліміздің барлық облыс орталық­тарында жаппай толқулар өткенін бүгінгі көпшілік біле бермейді. Онда да әскери күштер пайдаланылды, қарулар қолданылды. ­Жастар таяққа жығылды, абақтыға қамалды, оқудан, жұмыстан шығарылды. Осылайша бүкіл республика аумағын қамтыған Желтоқсан дүрбелеңі «оқиға» шеңберінен асып, көтеріліс деген бағаға сұранып-ақ тұр еді. Бірақ Мәскеу ықпалындағы барлық БАҚ жай ғана «оқиға» деген атауды санаға сіңіруге тырысты. Әлі күнге дейін осы таңбалы атаудан арыла қоймағанымыз да шындық.
Ұлы Желтоқсанды заң құрығына ілігіп, темір торға қамалған жүз қаралы адам ғана жасаған жоқ, оны жаны қазақ, жүректі де, білекті мыңдаған жандар қолдады. Прокуратура деректеріне сүйенсек, ­Алматы театр және өнер институтының 4-шi курс студенттерi – Үсiпхан Сейтiмбетов (1966 ж.т.), Құрманғазы Айтмұрзаев (1963 ж.т.), Батырбек Иманқожаев (1961 ж.т.), ­Аманбай Қанетов (1963 ж.т.), Мейрамғазы Қасенбаев (1962 ж.т.) бесеуi Желтоқсан оқиғасын ұйымдастырушы басты айып­керлер ретінде жауапқа тартылған. Бұлардың барлығы да әскерде болған, жастары жағынан басқалардан ересектеу. Осылардың ұйымдастыруымен студент жас­тар түнімен басқа жатақханаларды аралап, үгіт жүргізген. Қолға ұстайтын ұрандар мен плакаттар дайындаған. Оларды қолдаған Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика, ­физика факультеттерінің студенттері алаңға алғашқылардың бірі болып шықты. Көп ұзамай, оларға басқа жоғары оқу орындарының студенттері мен жұмысшы жастар келіп қосыла бастады. Тіпті қаладағы жалғыз ғана 12-ші қазақ орта мектебі мен республикалық тіл-әдебиеті мектеп-интернатының оқу­шылары да бой көрсеткенін кейін білдік.
«Қазақ ССР Ішкi iстер министр­лiгi­нiң анықтамасы бойынша, 18-25 желтоқсан аралығында iшкi iстер бөлiмдерiне 8 мыңдай адам әкелінді» деген мәліметтер Желтоқсаннан кейінгі репрессияның жойқын күшін аңғартады. Бұл ресми дерек қана. Ал Парламенттік комиссия жинақтаған деректерге жүгінсек, сол үш күнде 60 мыңдай адам алаңға шы­ғыпты. Оның 8000 уақытша мерзімге қамауға алынды, 99 адам ауыр қылмыскер ретінде сотталды, 200-дей адам (5 күннен 1 айға дейін) абақтыға жабылды, 1500 адам әкімшілік-тәртіптік жазаға тартылды.
Өкініштісі, осынау ұсталған желтоқ­сан­дықтардың барлығына да бір ғана айып таңылды. «9 автомашинаны өртеп, 152 машинаны істен шығарып, 326 милиционерді, 196 әскери жауынгерді жаралады» деген сөздерді соттың кез-келген айыптау қорытындысынан көруге болады. Соның ішінде ең ауыр жаза – ату үкіміне Қайрат Рысқұлбеков пен Мырзағұл Әбдіқұлов кесілді (М.Әбдіқұлов жеті жылдан соң оралды). Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова сынды жас өркендер әскерилердің қолынан шейіт болды. Дерек-дәйегі осы күнге дейін белгісіз, хабарсыз кеткендер, алаңда соққы алып, жарақаттанса да, онысын жасырғандар, ауылына қашып, ізін суытқандар аз емес еді. Мен олар туралы бұған дейінгі кітаптарымда таратып жаздым. Мысалы, Абай атындағы педагогикалық институттың студенті Бақытгүл Мырзағазина қос бүйрегі бірдей зақымдалып, Торғайдағы еліне барған соң, көп ұзамай қайтыс болды.
Сол секілді, 1987 жылдың қаңтарында, яғни бiр айда 2300 адам «ішкiлiкке салынды» деген сылтаумен ақшалай айып төледі, оның ішінде, 150 адам күшпен емдеу орнына жiберiлді. Горбачев пен Колбиннiң алдында ақталу үшін партия жендеттері «маскүнемдер» мен «нашақорларды» осылайша қолдан жасады. Бiр ғана Алматының өзiнде маскүнемдермен күрес жө­ніндегі 128 жедел топ ­айналысты.
Барлық партия ұйымдарында, еңбек ұжымдарында адам шыдатпас психо­ло­гиялық ауыр көңіл-күй орнады. Мем­лекеттiк Қауiпсiздiк комитетiнiң бұрынғы подполковнигi Тәңiрберген Бекiмовтің айтуынша, орталық аппараттағы барлық офицерлер құрамынан төмендегiдей екi сұраққа жазбаша жауап беру талап етiлдi: «16-18 желтоқсан күндерi сiз қайда болдыңыз? Және қандай оқиғалар мен жағдайлардың куәсi болдыңыз? Оқиғаға Сiздiң қатысыңыз бен көзқарасыңыз қандай?». Аңду мен домалақ арыз ұйымдастыру, «тырнақ астынан кір іздеу», аяқтан шалу күнделікті жұмыс ырғағын бұзып қана қоймай, адамдардың денсаулығына кері әсерін тигізді. Жүйкесін әлсіретті. Мәселен, Торғай облысы Жақсы аудандық партия комитетiнiң екiншi хатшысы Шолпан Оразгелдинова ұлты бөлек басшылардың қудалауына шыдамай, 1988 жылдың 26 қаңтарында өз кабинетiнде сiрке суын iшiп, мерт болды. Балалары үшін нақақ күйгендер көбейді. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Энгельс атындағы кеңшардың директоры Айтбек Есенқұлов Желтоқсанға қатысқан студент қызы Гүлнәрға «идеялық дұрыс тәрбие» бере алмағаны үшін партбилетінен айырылып, орнынан алынды.
Желтоқсаннан кейінгі екі жыл аралы­ғында облыстық комитеттердiң 64 хатшысы, қалалық және аудандық партия комитеттерiнiң 630 хатшысы, ­бастауыш партия ұйымдарының 1836 мүшесi ­алмас­тырылды, кеңес-шаруашылық орган­да­рындағы кадрлар құрамы түгелдей жаңартылды. Республика жоғары оқу орын­дарының 12 ректоры қызметiнен алынды. Iшкi iстер министрлiгi жүйесiнен бiр жылда 1200 қызметкер қуылды. Екi облыс мүлде жабылып, 14 министрлiк пен ко­митет қысқартылды, 33 мың маман жұмыссыз қалды.
Колбиннің тапсырмасына сәйкес, БАҚ бетіндегі ұлттық тақырыптар Орталық комитет пен КГБ-ның арнайы назарында болды. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде «Қазақтың буржуазиялық ұлтшылдары» деген құпия бағдарлама жасалып, тыңшылық жұмыстар жүргізілді. «Қоңыр», «Пантюркизм», «Номад» деген атпен бірқатар құпия қылмыстық істер қозғалды. Республикалық газеттерге Асқар Тоқпанов, Шона Смаханұлы, Ақселеу Сейдімбеков сынды қазақ зиялыларын «пантюркистер» деп, қаралап жазған (авторсыз) мақалалар түсті. Қазақстан ғылымының бетке ұстар өкілдері, оқу министрi Қ.Нәрiбаев, академик, ҚазМУ-дың ректоры Ө.Жолдасбеков, журналистика факультетінің деканы Т.Қожакеев, заң факультетінің деканы С.Досымбеков, профессор Н.Мамыров, режиссер А.Тоқпанов, Сәулет-құрылыс институтының ректоры С.Байболов, институт доцентi А.Уақов сияқты ғалымдар қолдан жасалынған даңғаза шудың құрбанына айналды. Партиядан шығарылып, қызметтерінен қуылды. Істі болды.
Елімізді жайпап өткен репрессия­ның жойқын күшінің қаншалықты ауыр болғанын осыдан-ақ шама­лаңыз. Осы жазалау науқанын Мәскеу­дің нұсқауымен Республика про­ку­ро­рының орынбасары А.Мызников, Тергеу бөлімінің бастығы В.Волтунов, КГБ төрағасы В.Мирошник тікелей қадағалап отырды. Ал жинақталған мәліметтерді Г.Колбинге, одан әрі М.Горбачевке жеткізу міндеті ОК әкімшілік бөлімінің меңгерушісі В.Ефимовке жүктелді.

Сонымен бірге тарих үшін аса қажетті ақиқаттар бар. Оны жұрт білуге тиісті деп ойлаймын. Мысалы, Ресей Президентінің архивінен табылған З.Камалиденовтің 1987 жылдың 6 қаңтарында жазылған құпия хатын ресми газеттер жариялауға батпай-ақ қойды. «Махровый национализм» деген терісазу терминді қолданысқа енгізіп, Мәскеудің алдында ұпай жинағысы келген партия хатшысының екіжүзді бет-бейнесін айқындайтын құжат…

Оқушы жастармен кездесу сәтінде «Осы көтеріліске Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдері қатысты ма?» деген сауалды да жиі естимін. Бұл туралы тергеу органдары мәліметтерді қоғамнан жасырып ұстағандықтан, жастардың бас көтеруі әуелден-ақ ұлтшылдық бағытқа ауып кетті. Ішкі істер министрлігінің анықтамасында 26 орыс, 18 ұйғыр, 10 татар, 7 қырғыз, 4 өзбек, 4 кәріс және басқа бірнеше ұлт өкілде­рінің қамалғаны көрсетілген. Бірақ Орталық Комитеттің қатаң нұсқауымен олар сол күні-ақ шұғыл босатылған. Осыдан кейін-ақ, көтерілісшілер кілең қазақтар болып шыға келді.
Міне, осыдан кейін қазақтың «ұлтшыл­ды­ғынан» қатты сескеніп қалған өзге ұлт өкілдері жастарға ұзақ уақыт бойы сенімсіздікпен қарады. СОКП Орталық Коми­тетiнiң «қазақ ұлтшылдығы» жөнін­дегі қабылдаған қаулысы «жығылған үстіне жұдырық» болды. Оның соңы 1989 жылы 8 наурызда Шымкент облысының ­Мичурин совхозында, 9 наурызда Атбасар қаласында болған ұлтаралық кикілжіңдер мен 12 наурызда Алматыда болған шекарашы курсанттар мен зоовет институының студенттері арасындағы қақтығысқа ұласты. Мұның бәрі Мәскеу жүргізіп келген «ұлттар достығының» баянсыздығын көрсетіп, империяны ешқандай күшпен ұстап тұруға болмайтынын дәлелдеді.
Қазақстан жазушыларының кітап­ха­насында болған кездесуде оқушы жастар маған «Желтоқсанда жапа шеккен кейбір қыздардың аты-жөндерін неге ашып айтпайсыз?» деп, тағы бір тосын сауал қойды. Өмір болған соң, тірлікте айтылатын және айтылмайтын шындықтар болады. Оны жоққа шығара алмайсыз. Қызыл империя­ның қазақ даласындағы сол соңғы қырғыны кезінде қыздарымыз қатты жапа шекті. Аты-жөндері жария болғандары аз емес. Бірақ аты аталмағандар да көп. Оның барлығын сол қалпында қағазға түсіру мүмкін емес.
Мысалы, «Элмираның мұңы» атты деректі әңгімемде Алматы циркінің маңын­да солдаттардың айуандығына ұшы­раған бейкүнә қыздың аты-жөнін жұртқа әйгілеудің қажеті жоқ еді. Қолжазбаның төменгі тұсына «Жәбірленушінің есімі өзгертілді» деп, сілтеме көрсете тұрып, кейіпкерімнің есімін өзгертуді ұмытып кетіппін. «Қап, енді, Элмирадан ұят болды-ау» деп, қарадай өкініп жүрген кезімде, оның өзі іздеп келді. Қасында 8-сыныпта оқитын естияр қызы бар екен. Таныстыруға алып келіпті. Екеуіне қолтаңба жазып, кітабымды ұсындым да, болған жағдайды түсіндірдім.
– Айналайын, Элмира, бұл кітапта 500-ден аса адамның есімі аталады. Бәрі де құжат бойынша, аты-жөндері қалай жа­зыл­ды, солай берілді. Ал саған келгенде, фами­лияңды көрсетпедім, есімің ғана ай­тылған. Бірақ дәл сен екеніңді ешкім білмес деп, ойлаймын, – деп жұбатқан болдым.
«Аға, мен Сізге ренжімеймін, – деді ол дауысындағы дірілді жасыра алмай. Бәлкім, тарих үшін осылай жазу керек те шығар. Жауыз солдаттардың қатыгездігін біз ашып көрсетпесек, кім, қалай дәлел­дейді? Ал, шынымды айтсам, өзім сол қасіретті оқиғаны қанша ұмытайын десем де, ұмыта алмаймын. Мен сияқты жастық шағы 86-ның тәлкегіне ұшырап, бар өмірі өкінішпен өткен бейбақ жандар аз ба? Әлі күнге дейін тәніміз де, жанымыз да ауырады. Ең өкініштісі, соны түсініп жатқан жан баласы жоқ. Мені қинайтыны сол».
Элмираның егіліп отырып айтқандары арада қаншама жылдар өтсе де, уақыт шіркін жан жарасын жаза алмайтынын аңғартты. Міне, бұл ешқашан айтуға болмайтын шындық.
Сонымен бірге тарих үшін аса қажетті ақиқаттар бар. Оны жұрт білуге тиісті деп ойлаймын. Мысалы, Ресей Президентінің архивінен табылған З.Камалиденовтің 1987 жылдың 6 қаңтарында жазылған құпия хатын ресми газеттер жариялауға батпай-ақ қойды. «Махровый национализм» деген терісазу терминді қолданысқа енгізіп, Мәс­кеудің алдында ұпай жинағысы келген пар­тия хатшысының бет-бейнесін айқындайтын құжаттың үзіндісі «Аңыз адам» жур­налында ғана жариялан­ды. Міне, бұл еш­қашан жасыруға болмайтын шындық.
Желтоқсан көтерілісіне қатысты басқа да ресми құжаттар мен материалдарды Мәскеудің шаң басқан архивтерінен мол кездестіресіз. Кезінде генерал-полковник Б.Елисев басқарған штаб бүкіл ақпараттарды жинақтап, өздерімен бірге ала кетті. Біздегі құжаттардың көпшілігі Ішкі істер министрінің бұрынғы орынбасары Э.Басаровтың жазбасы бойынша, өткен ғасырдың 90-жылдарында «уақыты өтуiне байланысты» деген сылтаумен өртелiп кетті. Сондықтан Тәуелсіз еліміздің толық­қанды тарихының бір кезеңін әділетті көрсету үшін Мәскеудегі архивтерге зерт­теу­шілер жіберіп, құжаттарды саралап, ғы­лыми айналысқа қосқан артық болмас еді.
Жас ұрпақ ұлттың рухани тұтастығы мен мақсат-мүддесі үшін күрескен, бар күш-жігерін арнаған кешегі ерлердің есімін біліп өссе, аға ұрпаққа деген құрметтің аясы да өсетін болады.
Ұрпақ сабақтастығы дегеніміз осы!

Автордың жеке архивінен

– 1991 жылы 12 желтоқсанда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев «1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқандары үшін жазықсыз сотталғандарды ақтау туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Осының нәтижесінде 103 адамның 92-сі толықтай, біреуі – Мырзағұл Әбдіғұлов жартылай ақталды. Алайда Жамбыл Тайжұмаев секілді милицияға қарсы қол көтерген 10 адам ақтау тізіміне ілінбей қалды.
– Кезінде Желтоқсанда зардап шегіп, оқудан шығарылып, қызметтен қуылғанын дәлелдей алмай жүрген жандар аз емес. Менің жинақтаған деректерімде мұндай «ауада ілініп» қалғандар 8 мыңға жуықтайды. Одан да көп болуы мүмкін.
– Ішіне оқ тиіп жараланған Әділ Молдыбаев, сапер күрегінен ауыр жарақат алған Нұрсұлу Ерғалиева, Халуат Қожалиев, Ыдырысхан Тілешов, Ләззат Елекова, Мұхамед Мұратовсынды жастардың кейінгі тағдырын ешкім білмейді. Баспасөзде іздеу салып көрдім, еш қайран жоқ.
— Желтоқсанның сын сағатында Сағат Әшімбаев, Ғаббас Қабышев, Ақселеу Сейдімбеков, Уәлихан Қалижанов, Әшірбек Көпішев, Әбдірахман Асылбеков, Бейбіт Қойшыбаев, Бейсенбай Сүлейменов, Лесбай Оспанов, Мейірхан Ақдәулетов, Кемелбек Шаматаев, Талғат Өтегенов, Оңласын Әмірқұлов, Темірхан Момбеков, Байбота Серікбаев, Аманхан Әлімов сияқты (тізім 200-ден асады) журналист-қаламгерлердің алаңда болып, жастарды сөзбен демеп, құтырынған әскердің құрығынан ұл-қыздарды қорғаған әрекетінен бүгінгі ұрпақ хабарсыз.
Осы «саяси қателігі» үшін журналист Аманхан Әлімов тілшілік қызметінен төмендетіліп, типографияға жұмысқа жіберілді. Қабырғасы сынған Мейірхан Ақдәулетов партиядан шығарылып, журналдағы қызметінен қуылды. Белгілі сатирик Лесбай Оспанов алаңдағы ауыр соққыдан айықпастан, бірнеше жылдан соң қайтыс болды.ҚазТАГ директоры Жұмағали Ысмағұлов бастаған,«Жетісу» газетінің бас редакторы Мамадияр Жақыпов, тілші Мейрамбек Төлепбергенов сияқты журналистер орындарынан алынып, баспасөзден шеттетілді. Теле-радио комитетінде істейтін Ұлдай Ибадуллаева мен Роза Қуандықова сияқты жарақат алған журналист қыздаркөп уақыт бойы КГБ бақылауында жүрді. Олар ғана емес, жоғарыда аты аталған қазақ журналистері мен ақын-жазушыларының барлығы да тоталитарлық режимнің қатаң бақылауында ұсталды.
Бір атап өтерлігі, олардың ешқайсысы да «Мен сонда сөйтіп едім, бүйтіп едім» деп, осы күнге дейін жұрт алдында ұрандап сөйлеп, кеуде қаққан емес. Олар бар болғаны азаматтық парыздарын ғана өтегендерін жақсы түсінді.
— 1986 жылғы декабрь (құжатта осылай жазылған) оқиғасы кезінде қоғамдық тәртіпті қорғаудағы ерекше ерлік көрсеткендері үшін 5 мыңдай милиция қызметкері мен әскери қызметкерлер үкіметтік марапатқа ие болды. (Тізім көшірмесі сақтаулы. Желтоқсан көтерілісі туралы 10 томдық жинаққа ұсынып едім, көлемді болғандықтан жариялаудың мүмкіндігі келмеді).

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.