ОРБҰЛАҚТЕКТІ ОҒЛАН

Жазиралы Жаркентте, орталықтағы саябақта Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына арналып керемет мемориалдық кешен ашылған. Тұңғыш Президент күні. Сәулетті де сәнді, асқақ та айбынды! Аты қандай сәтті – «Ұлы Жебе!». Облыс әкімі А.Баталов, Мәжіліс депутаты Қ.Сұлтанов, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Б.Нұржекеұлы бастаған ел ағалары лентасын қиды. Аудандық мәдениет үйінде ғылыми-теориялық конференция өтіп, көрнекті  тарихшылар келелі баяндама жасады. «Қасиетті Орбұлақ» атты кітаптың тұсауы кесіліп, Б.Римова атындағы облыстық драма театры Орбұлақ шайқасы туралы спектакльдің премьерасын көрсетті. Аймақтық тарихи-танымдық «Орбұлақ» газетінің арнайы шығарылған нөмірі таратылды. Ас беріліп, батыр бабалар рухына құран бағышталды. Бір сөзбен айтқанда, барлық шара жоспар бойынша өтті.

Мұндай шара ең бірінші тарихи тағылымдығымен құнды. Бұл тұрғыдан таразылағанда бәрі дұрыс. Мерейтойлық шаралар кезінде бабалар ерлігі туралы мейлінше жеткілікті айтылды. Оны індете зерттеп, дерегін тапқан, ел-жұртқа көрсетіп, кеңінен танытқан қайраткерлер де барынша құрметтелді. Бұған артатын өкпеміз, тағатын мініміз жоқ. Майдан қыл суырғандай аса ыждаһаттылықпен, өте төзімділікпен атқарылған ұлан-асыр зерттеу, анықтау, дәлелдеу тақылеттес ғылыми-сараптамалық істер өте лайықты бағаланды.
Десек те, кейбір олқы тұстары­мыз­ды толтырып, той тағылымын түгендей түскен жөн тәрізді. Бұл жерде тілге тиек еткелі тұрғанымыз – ресми құжат бойынша негізделіп, қарапайым бұқарадан – жоғары билік эшалонына дейін толық қуатталған «Орбұлақ жеңісінің» осыдан жиырма бес жыл бұрын алғаш рет аталып өткен 350 жылдық мерейтойы туралы.
Иә, 1993 жылы республикалық деңгейде мерейтой өткізу туралы үкімет Қаулысы шықты. Ендігі кезек – қағаз жүзіндегі құжатты іске асыру, бұл міндет алдыңғыдан да ауыр. Одақ тарап, «балапан – басына, тұрымтай – тұсына» тараған шақ. Шаруа шатқаяқтап, кез келген саланың сиқы сұйыла бастаған. Оның үстіне «тас түскен жеріне – ауыр» демекші, барлық салмақ «Орбұлақ» орын тепкен бір ғана Панфилов ауданының иығына жүктелген. Бұдан асқан жауапкершілік һәм сенім бар ма?! Енді, қайтпек керек?
…Біздің бүйткен бұл іске,
Бытырлатып бір-бірлеп.
Қабырғасын сөксе де,
Қабақ шытпас ер керек! – дегендей, қаншалықты қиын болса да қиюын тауып, қисынын келтіріп мерейтойды өз деңгейінде өткізу керек. Ал осынау ұлы ерлік орын алған жерде оған арналған ұлан-ғайыр шараны ұйымдастыра алатын, сөйтіп, ғасырлар бойы бодандықтың бұғауында бұққан халқымызға соны серпін, тың рух сыйлайтын «Бүгінгі бейбіт заманның батыры» бар ма?
Шүкір, бар екен! Үміт ақталды, сенім сетінемеді. Есіл ерлер шыққан өлкеде еміренген елін елеулі шараны жүзеге асыруға жұмылдыра білетін, туған ел мен туған жер дегенде жүрегін жұлып беруге әзір ел ағасы табылды. Ол – сол тәуелсіздігіміз тәй-тәй басқан тұста ­Панфилов ауданының тұңғыш әкімі болған, «Орбұлақтың өр ұлы» атанған Әділшайық Ыбыраймолдаев еді.
Жаратылысынан еңбекқор азамат жарты әлем назарын тіккен үлкен мерей­тойды ұйымшылдықпен өткізуге аса ізденімпаздықпен ұйытқы болып, іскер басшылық жасай білді. Нәтижесінде:
– Бүкіл той шығыны сырттан еш көмек алмай, тек Панфилов ауданының күшімен атқарылды;
– Ерте көктемнен бастап Үлкенағаш ауылынан Белжайлауға дейінгі елу шақы­рымдай тау жолы толықтай күрделі жөнделіп, «Волга», «Жигули», тіпті шетел­дік жеңіл көліктер еш кедергісіз баратындай жағдай жасалды;
– Төрт түліктің баруына уақытша тыйым салынып, той басталғанға дейін жайлаудың табиғи көрінісі тұмса қалпында сақталды;
– Әскери техникаға қосымша сол кездегі «Гвардия» совхозының аса қуатты «Урал» автомашинасы пайдаланылып, ­жиырма тонналық гранит ескерткіш тас биік таудың басына жеткізілді;
– Колхоз-совхоз басшылары Үштөбедегі комбинатқа киіз үй жасауға арнайы тапсырыс беріп, аудан орталығында олар қазақы оюмен безендірілген ақ материалмен қапталды, сөйтіп, шаруашылық мақсаттағы қараша үйлерді қоспағанда Белжайлау төрінде қонақтарды күтуге арналған 518 үй тігілді, оның ішінде бұрын-соңды болып көрмеген 12 қанат зәулім «Ақорда» жасалып, үкіметтік мәртебелі қонақтар сонда күтілді;
– Ауданға судай жаңа 20 «Рафик» жолаушылар көлігі сатып алынып, Алматы қаласынан ақын-жазушылар мен тарихшы ғалымдар, тағы басқа да көптеген зиялы қауым өкілдеріне той тарқағанша қызмет етті;
– Осы тойда тұңғыш рет аламан ат жа­ры­сында «Жигули» жеңіл көлігі бәйгеге тігілді.
Бүкіл алты Алаштың азаматтары қатысқан тойдың құндылығы сонда: біріншіден, мұнда бүгінгі ұрпақтары өздерінің келешегі үшін қасықтай қаны қалғанша шайқасып, жанын құрбан еткен хас батыр бабаларымыздың рухына тағзым етті. Екіншіден, енді ғана егемендік алған ұлтымызға бұл шара зор рух, тың серпін берді.
Сол кездегі Қазақстан Республикасы­ның Премьер-министрі Сергей ­Терещенко салтанатты жиналыста қазақша сөз сөйледі. Халқымыздың қалаулы ұлы, Президенттің кеңесшісі Әбіш Кекілбай асқан шешендікпен ақтарыла сөйлеп, көпшілікті тіптен тәнті етті.
Мерейтой кезінде еліміздің ең бір таңдаулы ұл-қыз­дарының табаны тиді бұл топыраққа. Олардың арасында көрнекті композитор, сол кездегі Мәдениет министрі Еркеғали Рахмадиев, аты аңызға айналған ақын Фариза Оңғарсынова, майдангер-жазушы Қалмұқан Исабай, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев, мемлекеттік қайраткер Гүлша Тәңір­бергенова, тағы басқа да танымал тұлғалар болды.
Айрықша атап өтер тағы бір мәселе, ата-бабамыз асқан ерлік көрсеткен бұл жерде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері сардарлары мен сарбаздары ерекше белсенділік танытты. Сол кездегі Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағанбетовтың тікелей өзі басқарған әскерилер мерейтойдың салтанатын жауынгерлік атрибуттармен тіптен арттыра түсті.
Әдекеңнің осыншалық зор шараны ұтқырлықпен ұйымдастыра алуы тегін емес еді. Ол қашан да баршылыққа таспайтын, жоқшылықта саспайтын, қандай істің болсын күрмеуін тез шешіп, айналасындағыларды ортақ ізгі мақсатқа жұмылдыра білетін. Қажет кезінде ақырын айтып та, батырып айтып та сөзін өткізетін. Шенділермен шендесе, бұқарамен біте қайнасып қызмет ететін. Тіпті, есімі елге әйгілі ғалымдар, тілімен құс қайырған ақын-жазушылардың өзі Әдекеңнің білім-біліктілігін, парасаттылығы мен сұңғылалығын қапысыз мойындайтын. Оның қайраткерлігінің шарықтау шыңы әсіресе, сол бір тәуелсіздігіміздің таңы атқан алғашқы кезеңде айқын аңғарылды. Елбасымыз Н.Назарбаев айтқандай: «Сана-сезімнің шиеленісі мен ширығуы ерекше болған…», ескі мен жаңа тайталасып, қарапайым халық тығырыққа тірелген сол бір қиын кезде ол өзінің нағыз туған жерінің патриоты, ел үшін туған ер екендігін көрсетті. Қарым-қабілеті, ұйымдастырушылық қасиеті бар қырынан жарқырай ашылды. Қысылтаяң кезде халыққа ең керегі нан екенін ұғынып, ауданда күрт бетбұрыс жасады. Елді егіншілікке, оның ішінде ең қажеттісі – бидай егуге бейімдеді. Өзі де дамыл таппай, қарамағындағы шаруашылық басшыларына да тыным көрсетпей, ел қамы жолындағы игілікті іске жұмылдырды.
Ел үшін, елінің қазіргі қамы мен ­тарихи жады үшін жан-тәнін аямайтын ол «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген қағиданы бұлжытпай орындап, өзіне де, ел билігінде жүрген өзгелерге де қатаң талап қоятын. Талдықорғанға келген бір сапарында ­Елбасымыз әкімдердің ел-жұрттың жағдайы жайлы есебін тыңдапты. Сонда Әдекең өзіне тән жігерлі де ашық даусымен аудан туралы жан-жақты айта келіп, тек жағымды деректер мен дәйектерді ғана тілге тиек етпестен барлық ауыртпалықты, тіпті қылмыс жасап, істі болғандар жөнінде, олардың қайда, қандай жағдайда екендігі жайлы нақты мысалдармен айшықтап айтып беріпті. Оны естіген Нұрсұлтан Әбішұлы: «Нағыз әкім деген осындай болады» деп Израильдің озық істе­рімен танысу сапарына бірге апарған екен.
Әдекең үлкенге қандай ізетті болса, кішіге де соншалықты қамқор еді. Оларға сенім артып, жігеріне-жігер, қайратына-қайрат қосатын. Оның қамқорлығымен, шыңдауымен ширап өскен бірталай азаматтар кезінде бір-бір мекеме, шаруашылық, округ, ауданды басқарған. Қазір алды министрлікте, қалғандары әр алуан деңгейдегі іс басында тізгін ұстап отыр.
Іс барысында айбарлы Әдекең жай­шылықта өте жайдарлы еді. Сөз саптауы, сөз мергендігі өзінше бір өзгеше болатын. Табан астында тауып айтқан мірдің оғындай өткір, ойлы да отты, шоқша қарып түсетін тапқыр да күлкілі сөздері ел арасында әрқашан ауыздан-ауызға көшіп жүретін. Қарапайым халықтың оны қатты құрметтейтіні соншалық, ­Ес­келді ауданындағы «Заря коммунизма» кеңшарында директор болған кездегі оның көзін көріп, еңбегін бағалаған ел-жұрт өз ауылдарынан бір көшенің атын беріпті. «Жақсының жаттығы жоқ» деген осы болар, сірә! Өзі тұңғыш әкім болған аудан орталығы – Жаркент қаласының үлкен бір көшесі және Көктал ауылының орталық көшесі де ол кісінің есімімен аталады.
Көзі тірісіндегі келелі ісі, кемел қалпы қазір де көмескі тартпай, қайта оның кісілік келбетін одан әрі көріктендіріп келе жатқанына мұндай мысал өте көп. Соның бірегейі – жоғарыда атап өткен Орбұлақ тойындағы орасан зор ұйымдастырушылық ұтқырлығы, қайраткерлік қарекеті. Сол аруақты шайқасты жаңа ұрпақтың жадында алғаш жаңғыртқан тұғырлы тұлғалар қатарында «Әдекеңдей ер бар еді ғой…» деп, кешегі салтанаты асқан рухты тойдың аяғында есімін тағы бір рет еске алдық…

Тоқтарбай КЕРІМҚҰЛОВ,
ҚР АШМ «Қазсушар»
Алматы филиалы
Панфилов өндірістік
учаскесінің басшысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.