Көкшедегі көріктілер мен бөріктілер керуені

d0b0d180d183Сәкендей сырбаз жанды өз сұлулығына тәнті еткен кербез Көкшеге қарай көрікті көштің керуені қозғалды. Арулардың шолпы сылдырына күлкі сыңғыры қосылып, ол жігіттердің әуелеген әндеріне ұласты. Сән-салтанаты асқан бұл керуеннің көрігін жастардың жарасымды әзілі қыздырып барады. Бұл керуен – ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Ақмола облысы әкімдігінің және «Қазақ газеттері» ЖШС-ның ұйымдастыруымен 11-13 қараша аралығында Көкшетауда өтетін «Ана тілі» аруы» мен «Ана тілі» сұлтаны» байқауларына бара жатқан сұлулар мен сал-серілердің көші.

Сексен көл Көкшетаудың саясында,
Әрқайсы алтын кесе аясында.
Ауасы – дертке дауа, жұпар иісті
Көкірек қанша жұтса, тоясың ба?
Осынау сыр мен сымбаты келіскен көрікті өлке – Көкшетау талайға құтты мекен болған жер. Абылайдай ханының ақылына халқы ұйып, Баяндай батырлары білектерін түрген текті жер. Осынау текті жерде тектіліктің туы көтерілмек. Жиырма жылдық тарихы бар «Ана тілі» ұлт газетінің ұйытқы болуымен ұлттың ұяты, ар-иманы мен абыройындай болған қазақ аруларының байқауы биыл жетінші рет өткелі отыр. Сондай-ақ марқасқа жігіттер мен «сен тұр, мен атайын» деген сырбаз жігіттердің білек күшін бағалап, сөздерін саралайтын «Ана тілі» сұлтаны» байқауы екінші мәрте оздырылмақ.
Бүгінде «Ана тілі» аруы» деген байқау мен атақ халықтық ұғымға айналып үлгерді. Еліміз қашанда қаракөз қыздарына тілін, ділін, салт-санасын сақтаушы деп қараған еді. Ұлттық тәрбиені ақсатып, қыз қылығы мен ұл тізгінін уыстан шығарып алған тұстарымыз да болған. Алайда осынау алмағайып заманда «төрт анамызды» тірілтіп, тұғырға қайта қондыруға осы «Ана тілі» газеті айтарлықтай үлес қосты. Соның айқын дәлелі де осы – «Ана тілі» аруы» байқауын өткізуі. Бұған дейін «Ана тілі» аруы» атанған арулар елдің көзайымына айналды. Кезінде Мәдениет және ақпарат министрі болған Ермұхамет Ертісбаев газет ұжымы мен аруларды қабылдаған кезінде «Бұл жоба соңына күллі қазақ қыздарын ілестіре алатын рухани күшке ие» деген еді. Бүгінде бұл байқау тек қазақ қыздарының ғана емес, өзге ұлт өкілдері аруларының да қызығушылығын арт­тыра бастағанын аңғаруға болады. Оған бір жылдары қазақ тілін жетік мең­герген орыс қыздарының да байқауға қатысқаны дәлел. Аталған байқау жыл сайын жаңа сипат алып, биік белестерді бағындырып келеді. «Ана тілі» аруының» халықаралық сипат алып, Мәскеуді мойындатып қайтқаны тағы бар.
Қазақтың қызы қандай-ды? Қазақ қызын ақша жүзіне жел тигізбей өсіріп, тауып сөйлеуге, өткір айтуға, сөйте тұра ибалығын тәрбиелілікке, кішілігін кісілікке көтеруге баулыған. Аруағың­нан айналайын, атам қазақ қыздарының бетін тұмшалап, «төмен етекті» деп төмендеткен емес. Еркелетіп есейтсе де «қызға қырық үйден тыю» екенін естен шығармаған. Ақ босаға аттап, құтты орнына қонғанша жанын шүберекке түйген де – біздің жұрт. Ертеңгі «бір қолымен бесігін, бір қолымен әлемді тербететін» ана – бүгінгі бойжеткен. Ұрпағына ұлтының асыл қасиетін дарытатын аруларымызды ардақтап, елге танытып, үлгі еткеніміз абзал. «Ана тілі» аруы» байқауының да діттеген мақсаты – осы.
Жүзіктің көзінен өткен жүздеген қыздар – бүгінде бір-бір жанұяның жанашыры, өмірде өз биігіне қол жеткізген жандар. Ал қайсыбір жылдары «Ана тілі» аруының» асыл тәжін қанжығасына байлап кеткен аруларымыз қазір қайда жүр? «Ана тілі» аруы» аламаны жақындаған сайын оқырмандар арасынан «арула­рыңызбен араласып тұрасыздар ма? Қазір қайда жүр? Тұрмыс құрды ма? Олар туралы мәлімет беріңіздерші» деп жазатындар жиі кездеседі.
Иә, аруларға үлкен өмірге жолдама берген, бағыт сілтеген сүйікті басылымдары «Ана тілі» апталығымен ара-қатынасын үзген жоқ. Дәстүрлі өтіп тұратын байқауларға келіп, бақ сынаған сіңлілерін құттықтап тұрады. Олар кімдер еді?
«Ана тілі» аруы» байқауының алғашқы бас жүлдегері, тұңғыш аруы – Сана Мұсаева (Шандыбаева) деген алматылық ару еді. Сан сұлудың арасынан суырылып шыққан Сананың сырт сымбаты мен сөз салмағын түсінер қасиеті саналарда ұзақ сақталып қалғаны аңғарылады. Әлі күнге Сананы сұраушылардың саны артып, оның бүгінгі өмірінің өзгерістері туралы білгісі келетіндер көбеймесе – азаяр түрі жоқ. Сан серінің сезіміне қозғау салып, жігіттердің жүректерін жаулаған Сана қазір қайда жүр? Сана Мұсаева (Шандыбаева) 2003 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін әлемдік экономика мамандығы бойынша үздік бітіріп, 2005 жылы Қазақ ұлттық университетінде қаржы мамандығы бо­йынша экономика магистрі дәрежесін қорғап шықты. Сананың өміріндегі ең бір жарқын сәттерінің бірі, 2004 жылы «Қазақфильм» киностудиясында режис­сер Болат Қалымбетов түсірген көр­кемсуретті тарихи «Сардар» фильмінде басты рөлді абыроймен орындап шы­ғуы болды. Сондай-ақ Сана Халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлегі атанды. 2009 жылы Лондондағы «Cass Business School» City университетін бітіріп шы­ғып, сақтандыру және тәуекел-менеджменті саласының ғылым магистрі дәрежесін алды. Бойындағы білімі мен біліктілігін жетілдіруді жалықпай жалғастырып, лон­дондық Сити Чартерлік Сақтандыру институтының сертификатын және Cert CII атағын қолдану құқығының иегері атанды. Сондай-ақ бар күш-жігерін еліміздің экономикасының сақтандыру секторын дамытуға жұмсауда. «Ана тілі» аруы» байқауының алғашқы жеңімпа­зы болу бақытына ие болғанымды әлі күнге дейін зор ризашылықпен һәм мақтанышпен есіме аламын. Ең алдымен, ана тіліне деген құрметім одан сайын артты. Бұдан кейін де қатысқан байқауларда, әр ісімде жеңіске жетуге деген сенімділігім мен құштарлығымды арттырды» деп еске алады Сана. Бүгінде тұрмыс құрып, үлкен отбасының сүйікті келіні, бес жастағы Лина есімді қыздың анасы атанған Сана қызметте де бірқатар биіктерді бағындырып үлгерді. Қазір ол Қазақстанның озық сақтандыру мекемелерінің бірі – «Лондон-Алматы» компаниясында бөлім бастығы болып қызмет атқарып жүр.
Сананың соңын ала келер жылы «Ана тілі» аруының асыл тәжін жеңіп ал­ған Гүлзия Алшынова есімді ару болды. «Ана тілі» аруы» байқауы менің ұлтыма, тіліме, салт-дәстүріме деген сүйіспеншілігімді одан әрі арттырып қана қойған жоқ, біраз жауапкершілік те жүктеді. Қазіргі қоғамдағы мемлекеттік тілдің мәртебесі өсіп, мерейінің тасуы, ана тілімнің абыройы артып, өз тұғыры­на қонуы жолында қайраткерлікке да­йындады деп айтуға болады. Оған себеп, қандай қызмет атқарсам да сол ортада мемлекеттік тілге тікелей жауапты болдым. Мысалы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында оқытушы болып жұ­мыс істегенімде, «Мемлекеттік тіл» деген жұмыс тобын құрып, білім ордасында­ғы қазақ тілінің мәртебесін көтеруге, ісқағаздық кешендерінің мемлекеттік тілде жүргізілуіне атсалыстым. Бұл байқау мен үшін рухты, тіліме деген құрметімнің күшейгендігінің белгісі деп білемін» дейді ағынан жарылған Гүлзия. Ару атанған кезде Қыздар мемлекеттік педагогикалық университеті филология факультетінің студенті болып жүрген Гүлзия кейін 2005 жылы бакалаврды қызыл дипломмен аяқтаса, сол жылы магистратураға қабылданып, 2007 жылы магистратураны да үздік бітіріп шықты. Биыл тұрмыс құрған ол отбасылық жағдайына байланысты қызмет орнын ауыстырды. Қазір аудандық соттың бас маманы болып қызмет ететін жолдасы екеуі Алматы облысына қарасты Ұйғыр ауданының Шонжы ауылында тұрады. Гүлзияның өзі аудандық білім бөлімінің бас маманы болып қызмет етіп жүр. «Бұл жерде де бүкіл аудан аумағындағы тіл туралы заңның орындалуы мен қазақ тілі оқытылуы, ісқағаздардың мемлекеттік тілге көшірілуіне, білім бөлімінде бірден-бір жауапты маманмын. Қай жерде жүрсем де ана тілінің абыройын ту етіп көтеріп, соның жолында аянбай еңбек етемін» дейді Гүлзия.
«Қақтаған ақ күмістей» арулардың бұл байқауының үшінші жылғы аруы атанған шеттен келген қандасымыз – Бақытнұр Қызырбай. Ару атан­ған шағында бар болғаны Қыздар педагогикалық университеті музыка факультетінің 1-курс студенті еді. Қазір сол білім ордасының сол факультеттің магистратурасында оқиды. «Төлегендей батырға жар болайын деп келдім» деп, елді аузына қаратқан сол Бақытнұр бүгінде өмірде өз Төлегенін тауып, аяулы жар, ардақты ана атанып отыр. Атамекенін аңсап келген ару туған жерінде туған тілінің туын көтеріп жүр. Сондай-ақ өнерге де өлердей ғашық Бақытнұр шығармашылық ортадан да ұзай қойған жоқ. Шеттен кел­ген қандастарымыздан құрылған «Қара жорға» шығармашылық ұжымынан оқта-текте көрініп қояды.
Ақ Жайықтың атқан таңындай болған Аида Дайырова есімді бойжеткен де «Ана тілі» аруының» асыл тәжі бұйырғандардың бірі болды. «Ана тілі» аруы» байқауының ең басты мақсаты қазақ қызының ешкімге ұқсамайтын ғажап қасиеттері мен әсем мінез-құлқын қалыптастыру. Осындай ұлттық дәрежесі биік байқаудың жеңімпазы болу мен үшін үлкен бақыт болды. Осы шара аясында Ресейдегі Қазақстан елшілігінде болып, шетелдегі қандастарымызбен танысуға мүмкіндік туды. Алған дәрежем университетіме үлкен мақтаныш әкелді. Байқау халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жақсы білумен шектелмей, тілімізді одан әрі құрметтеп, мәртебе­сін биікке көтеруге, ұлтымыздың ар-намысын сақтау жолында үздіксіз еңбек етуге үйретті» дейді бүгінде астаналық ару Аида. 2007 жылы Астана қаласын­дағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің экономика факультетін үздік бітірген ол қазір «ҚазМұнайГаз» компаниясындағы Жо­баларды басқару департаментінде инженер үйлестіруші (координатор) болып қызмет атқарып жүр.
Қазақ қызына тән көз сүріндірер кө­рік пен жан жылытар нәзіктікті бо­йына жиған тағы бір аруымыз – Раушан Әріп. Киноға түсіп, тележүргізуші болып та көрген Раушан үшін бұл байқаудың жөні бөлек. «Ана тілі мен қазақы діл, өнер салалары (ән-күй-би, шешендік, қолөнері, т.б.), ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрып тәрізді неше алуан құн­дылықтарымызды жете меңгеріп, өскелең ұрпақтың халқымыздың рухани мұраларын қастерлеуіне жол ашатын бұл байқаудың маңызы ерекше. Менің де Алла қолдап, ата-бабалар дем беріп, осы сынаққа қатысуым және белгілі бір биік белестерден көрінуім бүкіл өміріме үлкен қуат пен серпін берді. Өзіңнің анаңның тілінде сөйлеп, сол тілден нәр алуың, ұрпағыңды тәрбиелеуіңнен артық бақыт жоқ деп ойлаймын» дейді Раушан. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық политехникалық институтының мұнай факультетін қызыл диплом­­мен тәмамдаған Раушан – бүгінде асыл жар, аяулы ана. «Ана тілінің» ғана емес, алты Алаштың аруы атанған Раушанға көз тіккендер де көп еді, суырылып сөз айтқандар да сирек емес еді. Алайда ай дидарлы бұл ару қазақтың өнерлі азаматы, бүгінде елге танымал «Жігіттер» тобының мүшесі, әнші жігіт Айдар Бай­жановқа бұйырғанын айта кеткеніміз жөн шығар. «Аллаға шүкір, жолдасым – сенімді серігім! Сезім мен сенім бар жерде тату-тәтті тіршілік салтанат құрары сөзсіз» деген Раушан қазір Алматыдағы «EСOTERA» ЖШС-де жетекші маман болып қызмет етеді. Бұл серіктестік еліміздің мұнай-газ саласында­ғы эко­логиялық зерттеу, мониторинг тә­різді ғылыми және сараптамалық жұ­мыстармен айналысады. Мамандығы бойынша жұмыс істеп жүргенімен кө­кейінен бұрынғыдай эфирге шығып, те­леэкранға оралсам, киноға түссем деген ойлар кеткен емес. Қайда жүрсе де «Ана тіліміздің сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де мемлекеттік тілге айналып, әрбір исі қазақ өз тілінде еркін сөйлеп, қазақ тілінің мәртебесі асқақтай түсуіне өз үлесімді қосу – көңіл төріндегі айқын нысанам болмақ», – дейді Раушан.
Тотыдайын таранып, аққудайын сы­ланған аруларымыз қатысқан сұлулықтың тағы бір сынында Бибігүл Сауытова суырылып алға шыққан. Үкісі бұлғақтап, қолынан қара домбырасы түспейтін бұл ару ақын Сара апасының сарқыншағындай. Құрманғазы атын­дағы Қазақ ұлттық консерваториясында білімін жалғап жүрген Бибігүл «Ана тілі» аруы» байқауынан соң «Парасат» кәсіподақтар ұйымының ұйым­дастырылуымен өткізілген арулар байқауында «Парасат аруы» атанды. Үздік оқып, жетістіктерге жеткені үшін Президенттің стипендиясына ие болды. Сондай-ақ өнерпаз қыз әнімен қоса жыршы-жыраулық дәстүрді қоса алып жүр. Орал қаласында өткен ән дарабозы Ғ.Құрманғалиев атындағы Республикалық әншілер сайысында үшінші орын, Атырау қаласында өткен Республикалық Шернияз атындағы, Қызылорда қаласында өткен Мардан Байділдаев атындағы жыршы-жыраулар сайысында бірінші орын, жақында Ақтау қаласында өткен Республикалық Досан батыр атындағы жыршы-жыраулар сайысында екінші орынды, консерватория ішінде қыздар арасында өткен Рабиға Есімжанова атындағы сайыста (қолөнер, аспаздық өнер және анамыздың репертуарындағы бір әнді домбырамен, екінші әнді басқа аспап­тың сүйемелдеуінде орындау) бірінші орынды иеленді. «Дәстүрлі әнші болған­нан соң бізге жеткен және жарыққа шық­пай жатқан әндерді ізденіп, халыққа на­сихаттап, жарыққа шығарудамын. Батыс мектебіндегі ән өнерінің ең биік шыңы Мұхит Мералыұлының әнін жеткізуші Ғ.Құрманғалиевтің шәкірті – өзім­нің ардақты ұстазым С.Жанпейісованың берген білімінің арқасында тек қана батыс мектебінің ғана емес, Арқа, Жетісу, Сыр, Маңғыстау мектебінің әндерін үйреніп, халыққа танылып жатқан жайымыз бар» деген Бибігүлдің әзірге басы бос. «Ана тілі» аруының» ендігі арманы – иманды азаматқа адал жар атанып, ерді ер, әйелді әйел деп, жүрер жолын, сөйлер сөзін білетін ақылды һәм ардақты ана болу.
Байқағаныңыздай, «Ана тілінің» аруы» атанған қыздардың бәрі – құр­бы­­ларының алды болып, бүгінде өмір­ден өз орнын тапқан бақытты арулар. Біздің мақтанышымыз да – солар. «Ана тілі» аруы» халықтық байқау деңгейіне көтеріліп, елдің ықыласына бөленген кейінгі жылдары еліміздің түкпір-түкпірінен «алмағайып замандарда аза­маттың қолтығынан демеп, жігерін жанып, рухын қайраған аруларымыз екені рас. Алайда ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен елін қорғаған батырлардың, ән әуелетіп, күй төгілдірген сал-серілердің жолын жалғаған жігіттеріміз бар емес пе? Неге сол сыр мен сымбаты келіскен сырбаз жігіттерімізді сайыстырмасқа? Ұлтымыздың жеті өнерді жетік меңгерген, сегіз қырлы, бір сырлы сұлтандары мен ана тілінің абыройын асқақтатқан бүгінгінің Алпамыстарын неге анықтамасқа?» деген өтінішке толы хаттар ағыла бастады. Осыдан соң осынау ұлттық жобаның басы-қасында жүрген азаматтарға да «Шындығында, ана тілі абыройының жолында атан түйенің жүгін арқалап жүрген жігіттерді неге елге танытпасқа!» деген ой келіп, дереу байқау жарияланды. Аз уақыттың ішінде Атыраудан Алтайға дейінгі атыраптан сайдың тасындай сайыпқыран жігіттер жиналды. Арулар байқауы ұлылық пен сұлулықтың сыны болса, сұлтандар сайысы жүректілер мен білектілердің нағыз белдесуіне айналды.
Сөйтіп, 2007 жылы тұңғыш рет «Ана тілі» сұлтаны» байқауы ұйымдастырыл­ды. Сандаған «сен тұр, мен атайын» деген сырбаз сал-серілердің арасынан «Ана тілі» сұлтаны» деген атаққа Серік Елубаев лайық деп танылған еді. Сол Серік қазір қайда жүр? «Ер – туған жеріне» деген Ақтөбенің апайтөс жігіті туған жеріне туын тігіпті. Серіктің өзі: «Сол бір сәулелі сәттерді сағындым. Бірге сынға түскен, елдің әр түкпірінен жиналған жігіттермен санаулы сәттің ішінде дос-бауырдай болып кеткен едік» деп еске алады сағынышпен. Оқуын бітіріп, қолына дипломын алған соң Ақтөбе политехникалық колледжінің директоры А.Құдайбергенов ағасы жұмысқа орналастырады. Бүгінде «СНПС Ақтө­бемұнайгаз» АҚ Ақтөбеэнер­гомұнайда электромонтер болып еңбек етіп жүр. Жақында өз сүйіктісімен бас құрауға сөз байласқанын айтып, бізден сүйінші сұрады. Қойнына сыймаған қуанышын бізбен бөліскен Серікке біз де «Құсың құтты болсын!» дестік.
Бұл байқаулардың басқалардан болмысы бөлек. Бұл жерде төс таразыға салынып, бөксе мен балтыр бағаланбайды. Бұл – қызының қылығын һәм бұрымын, шешендігі мен шеберлігін, өрелілігі мен көрегендігін, ұлттың салты мен санасы, болмысы мен бояуы жазбай танылатын, тарата айтсақ, тектілік таразыға түсетін сын. Бұл байқауға демеушілік көрсетіп, қаржылай қол ұшын созып жүрген азаматтар да аз емес. Бұл олардың Атымтай жомарттығы ғана емес, ана тіліне деген асқақ махаббаты мен туған салт-дәстүріне деген зор құрметі деп бағалаған дұрыс шығар.
Күміс күлкіге көмілген көш өр Көкшені бетке алып барады. Әнеу күймеден бір сұлу:
Сұлтанның сұлтаны озар сол сайыста,
Жүректің төріне орын сайлап кетем.
Қай жігіт атып түсер екен деумен,
Оқжетпеске орамал байлап кетем, – деп сыңғырлай үн қатса, оны іліп ала жөнелген бір сырбаз сері:
Аллам қолдап, атып түссем бір арудың,
Оқжетпеске байлаған орамалын.
Сұлтан болып һәм жаныма сұлу ертіп,
Жұп болып Жетісуға ораламын, – деп жауап қайырады.
Әдемі үйлесім, тұнған жарасым! «Сың­ғырлап өңкей келісім, Тас бұлақтың суындай!» деп ұлы Абай осындайда сүй­сінсе керек. Ендеше, көш көлікті болсын, көріктілер мен бөріктілер!

Динара ІЗТІЛЕУ,
Сұлтан ТАЙҒАРИН,
Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.