«Бәріңе жүрегіммен үн қатамын!..» дейді Серік ақын ағынан жарыла

Қарасай аудандық мәдениет үйінде көп адамның көңіліне әдемі әсер қалдырған жан жадыратарлық жақсы бір өнер кеші өтті. Ол, анықтап айтсақ, белгілі ақын Серік Қалиевтің шығармашы­лығына, сондай-ақ «Атадан жақсы ұл туса…» деп аталатын су жаңа кітабының тұсаукесеріне арналған мазмұнды, мағыналы басқосу еді.

Қазіргі кезде қазыналы Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейі­нің директоры болып істейтін Серік Мақұлбекұлы Жамбыл облысында дүниеге келген. Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институтының ауыл құрылысы факультетін бітірген. Алайда бұл салада көп «тұрақтамады». Өйткені сергек көңілді, өте сезімтал оның бала шағынан жаны нәзік еді. Кішкене кезінен-ақ үнемі ішінен бірдеңе түртіп тұрғандай тыным таппай, тылсым сыры мол әлдебір күй кешетін. Кейінірек оның мән-мәнісін түсініп-түйсінді ғой, сөйтсе, жырдың телегей теңізінде тербеле жүзгісі келеді екен. Бүйрегі темір-бетон мен кірпішке емес, әдемілікке, әсемдікке, сұлулыққа, өнерге, өлеңге бұрады екен…
Осылайша Секең сол уақытта қайта жаңарып, жаңғырған қасиетті қазақтың өрісті де өрелі өнері – айтыстың жуан ортасынан табылып, талай алқалы топтың алдына алқынбай шығады! Облыс атынан бірнеше рет республикалық сөз сайысына қаймықпай қатысып, жүлдегер, жеңімпаз атанады.
Сол кездері біз де бір-екі мәрте Серіктің қызықты қызу, тамаша тартымды айтысына куә болғанбыз. Азулы, ақпа-төкпе айтыс ақынының Берік деген інісінің жақсы әнші екенін, бірқатар жыл атақты «Тараз» триосының белді мүшесі болғанын да білеміз.
…Сонымен, Серік Мақұлбекұлы­ның ендігі еңбек жолы өнермен, мәдениетпен тікелей байланыста өрбіді. Яғни бұқаралық ақпарат құралдарында, мәдениет саласында абыройлы қызмет атқарды. Тіпті әжептеуір әлеуметтік жүк көтерген көркем және деректі фильмдер де түсірді. «Хабар» және «Қазақстан» телеар­наларында көрермен қызыға көрген айтулы авторлық бағдарла­малар жасады. «Иманым менің жинағым», «Болашаққа хат», «Ынты­маққа ынтығу», «Жүздесу» тәрізді онға жуық өлеңдер жинағы жарық көрген. Сонымен қатар «1001 мақал, 101 жұмбақ» атты кітап та құрастырып, оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленгені де бар. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
* * *
Кеш сахна төріне көтерілген мәдениет үйі қыз-жігіттерінің Серік ақынның рухты өлеңдерін мәнерлеп оқуымен басталды. Келесі кезекте өзі ортаға шығып, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мән-маңызы туралы жан-жақты әңгімеледі, тіпті оның қоғамдық санада сілкініс тудырғанын атап айтты. Бүгінгі жиынның да осы бағытта ұйымдастырылып отырғанын алға тартты.
– Мемлекет басшысының жақында ғана жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы да рухани жаңғырумен сабақтас, сарындас, – деді ақын. – Ол сонау ежелгі ата қазақтан басталатын мәйекті мәдениетіміздің әлемдік өркениеттегі орнын анық айқындап берді.
Жас ақын Қуаныш Қолқаев, Серік ағасының шығармашылығы жайында әсерлі әңгімеледі. Экраннан бейнебаян көрсетіліп, ақын түсірген фильм­дер, оның сөзіне жазылған әндер жайында айтылды.
Көрермен белгілі композитор Бағлан Омаровтың «Әлжан ана» әнін (сөзін жазған Серік Қалиев пен Қуаныш Қолқаев) аудандық мәдениет үйінің әншісі Жадыра Есжанова орын­дағанда ризашылықпен ду қол соқты.
Көпшілік соңғы кездері айтыс өнерінде өзіндік ізде­ністерімен танылып жүрген, бірнеше рет дүбірлі сөз сайысында жүлдегер, жеңімпаз болған жас­тар – Қанат Мырзахан мен Сырым Әуез­хан сахнаға көтерілгенде өздерінің шынайы құрметін білдірді.
Жан-жүрегін жарып шыққан отты өлеңдерінің өзегін негізінен адами құндылықтар – адалдық, ар-ұят, әдеп, әділеттілік, жақсылық, ізгілік, имандылық, ұлтжандылық, отансүйгіштік, жақсыға жақын, жаманнан аулақ жүру сияқты өлмес, өшпес тақырыптар құрайтын ақынды ардақтауға егемен еліміздің бас қаласы – Астанадан жедел жеткен жезтаңдай әнші, көрерменнің сүйіктісі ­Досымжан Таңатаров әсем әнмен шашу шашып, жиналғандарға өзгеше бір керемет көңіл күй сыйлады. Ал жергілікті әншіміз Баймұхамбет Мұқатай «Шамалған туралы әнді» әуелетті. Сол сияқты бауырының кешінде бас қосқан жұртты Берік Қалиев те терме айтып тебірентті.
«Атадан жақсы ұл туса…» кіта­бының лентасын қазақтың белгілі сатирик ақыны, автордың ағасы, ұстазы Толымбек Әлімбеков пен Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, «Бәйтерек – Кел­дібек» қоғамдық қо­рының атқару­шы директоры Өмірхан Әбдіқалықов ілтипатпен қиып, ізгі тілегін білдірді.
Ал Алматы облысы әкімінің Алғыс хатын облыстық музейдің директоры Ырысжан Аязбаева, Қарасай ауданы әкімінің Құттықтау хатын оның орынбасары Күлжан Дүйсенова салтанатты түрде тапсырды.
Қазақстан, кең байтақ нұрлы ­Отаным!
Өзіңе жүрегіммен үн қатамын.
Жанымда, қанымдағы махаббатты
Мен әлі жер-жаһанға тыңдатамын!
– деп жырлайтын сан қырлы талант иесінің кешіне белгілі меценат, қоғам қайраткері Болат Назарбаев қатысты. Сондай-ақ Жамбыл облысынан ат терлетіп келген атақты айтыс ақыны Шорабек Айдаров және тағы басқа достары, жолдастары, әріптестері Секеңнің қуанышын бөлісіп, ақ тілектерін ақтарыла айтты.

Берікбай ҚАДЫҚОВ,
журналист

Алматы облысы
Қарасай ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.