Дәулет Дидахметұлы: Әкемнің сырлас досы мен болдым…

Жазушылық – тағдыр. Бұдан сәл кеңейтіңкіреп айтсақ, ұлт жолымен біте қайнасып кететін тағдыр. Себебі жазушы адам – ұлтының мұңын мұңдап, жоғын жоқтайды. Оның барлық арман-қиялы да туған еліне, ұлтына бағытталады. Иә, қазақ әдебиеті мен журналис­тикасында айшықты із қалдырған қарымды қаламгер, жалынды публицист Дидахмет Әшімханұлының өмірі мен шығармашылығы жайында айтылар сыр да, әңгіме де аз емес. Өйткені Дидағаңның бойындағы асыл қасиеттер ұлтының қайнарынан, түп тамырынан бас­тау алып жататын. Еліне, халқына адал қызмет еткен қайраткер тұлға күллі тіршілігімен, адами-азаматтық болмысымен елінің, мемлекетінің жанашыры болды. Ол кісінің өзі қандай жарқын болса, жазған әдеби туындылары да сондай көркем, шынайы да шыншыл еді.
Газетіміздің «Әкесі жақсы қандай-ды» айдарында біз Дидағаңның тұяғы, асылдың сынығы Дәулет Дидахметұлымен әке тағылымы мен өнегесі жайында әңгімелестік. Әулеттің шаңырағын көркейтіп, әке аманатына адалдық танытып келе жатқан Дәулет Дидахметұлының шерткен риясыз сыры мен айтар естелігі оқырман қауымды бейжай қалдырмасы
анық.

ЖАСАНДЫЛЫҚТАН АДА ЕДІ…

Кеңес үкіметі кезінде зиялы қауым өкілдері өздері қазақша сөйлегенімен, балаларын орысша тәрбиеледі. Орыс мектептеріне беріп, отбасында да осы тілге басымдық берілді. Бұл – жасандылық. Әкем жасандылықтан ада адам еді. Барды – бар, жоқты – жоқ дейтін. Көп жазушылар бар уақытын жұмысына арнап, балаларына дұрыс көңіл бөлмей қалғандықтан, олардың болмысы өзгеше болды деп ойлаймын. Ал біздің әкеміз жұмысына адал, отбасына берік, екі жақты бірдей ұстаған азамат болды. Ол кісі көп жазған жоқ, артында көп кітап қалдырмады. Аз жазды, аз жазса да саз жазды. Адамға энергия беріп тұратын ерекше қасиеті бар еді. Ол жасандылықты жек көрді, бізге оны берген жоқ. Әпкем екеумізді «сен қазақсың», «сенің тілің қазақ», «сенің осындай әдет-ғұрып, дәстүрің, тарихың бар» бар деп өсірді. Қазақ балабақшасына берді, қазақ мектебінде оқытты. Әкеміздің ең бірінші мақсаты бізге қазақша тәлім-тәрбие беру болды. Ол көп уақытын отбасына арнады. Мысалы, әкемізбен бірге жазда Қатонқарағайға барамыз. Мені ауылға қалдырып, өзі кері қайтатын. Демалыс біткенде алып кетуге тағы арнайы келеді. Ал қыста бірге шаңғы тебеміз. Ылғи бірге жүретінбіз. Менімен ешқашан бала ретінде сөйлескен жоқ. Әрдайым үлкен ­адамдарша сөйлесіп, сырласып, кеңесіп отыратын.
Ол кісі үнемі әзіл-қалжыңмен сөйлейтін. Бір кемшілікті көріп, не біреуге ренжісе де қалжыңмен жеткізетін. Себебі ми күтпеген нәрсені адам айтады. Сондықтан әкем басқалардың миына ашумен емес, ақылмен жол табатын.
Көшеде таза, ұқыпты, сәнді киінетін әкем үйде де сондай еді. Себебі ол кісіде жасандылық болмайтын. Ол әдемі киініп біреуге керемет, біреуге бай көрінейін деген мақсатта жүрмейді. Өзі тазалықты жақсы көретін. Киім тазалығын, жан тазалығын, адамдардың тазалығын жақсы көретін. Чеховты сүйіп оқитын. Оның «Адам жанмен ғана емес, тәнмен де таза болу керек» деген сөзінен үлгі алатын. Сол ұстанымды ұстанды. Ол кісі көңіл күйі болмаса да, күлімсіреп жүретін. Әрқашан позитивті ойлайтын. Маған да «дұрыстап киінбейсің бе, әрдайым әдемі болып, жарқырап жүр» дейтін.

«МЕНІҢ ЖАЛҒЫЗ  ДОСЫМ – СЕНСІҢ»

Менен сегіз жас үлкен әпкем бар. «Қызға қырық үйден тыйым» дейді ғой, әкем оны барынша қатал тәрбиелегісі келді. Қазақтың қызы деген атқа лайық етіп өсіруге бар күш-жігерін жұмсады. Ал маған келгенде керісінше болды. Көп қыса қойған жоқ, еркін, ашық өсірді. Өмірінің соңына дейін досы ретінде қарады, дос ретінде сыйласып өттік. Әкем маған үнемі «Менің жалғыз досым – сенсің» дейтін. Қазір менің де екі ұлым бар. Олардан «сенің досың кім?» деп сұраймын. Көп достарының аттарын айтып бастағанда, «ең бірінші досың – мен» деймін. Бір-бірімізбен шынайы әңгіме болуы үшін, арамыз жақындай түсуі үшін қарым-қатынасты осылай нығайтып жүрмін. Яғни мен де әкемнен көрген тәрбиені балаларыма беріп отырмын. Кейде «әкең жазушы, сен неге оның жолын қумадың» деген сияқты сұрақ туындап жатады. Әкем әр адам өз алдына жеке тұлға екенін жақсы түсінді. Сондықтан балаларынан өз жолын жалғастыруды, жазушы болуды талап еткен жоқ. Мен қанша жерден ұқсап бақсам да, әкем сияқты бола алмаймын. Себебі ондай адам жалғыз. Сондай-ақ әлемде мен сияқты адам жоқ немесе сіз сияқты адам жоқ. Әр адам әртүрлі болады. Арман-мақсаты, мінез-құлқы әртүрлі. Меніңше, бала әкесі сияқты жазушы болып, тура солай сөйлеуі керек, әкесіндей қалыптасуы керек деген қате ұғым. Мінездегі кейбір элементтер әкеден, кейбірі анадан беріледі. Бала әкесінің болмысын қайталаса, әкенің сол моделін алып, кейбір элементтерін өзіне құрастырып, өмірлік бағытына ұстануы мүмкін. Бірақ бұл түбегейлі сол адамның көшірмесі деуге келмейді. Сондықтан мен тек әкемнен көргенімді балаларыма беруге тырысамын.

БІР ҚҰРАҚ КӨРПЕМЕН  АЛМАТЫҒА КЕЛГЕН…

Ата-анам екеуі де Қатонқарағайдан. Жастық шақтарын еске алғанда, ең алғаш кітапханада танысқандарын айтып отырады. Отбасылық өмірде бір-біріне деген қарым-қатынасы өте жылы, өте жақсы болды. Түсініспеушілік орын алған кездері де болды, оған өзіміз куәміз. ­Дегенмен, адамның ақылы мен ортақ түсінік отбасын сақтап тұрады екен. Ортақ түсінік демекші, ерлі-зайыптының бір өңірден болғанның пайдалы тұсы көп. Көзқарасы, дәстүрі ұқсас болады. Қазір жастар әр жерден қосылып, кейде үлкен қателікке бой алдырып жатады. Мысалы, мен – өскемендік, жұбайым – шымкенттік. Бұл екі аймақтың дәстүрге келгенде айырмашылықтары бар, сондай кезде бастапқыда келіспей қалған кездеріміз болатын. Ал әке-шешемізде ондай мәселе болған жоқ. Ата-анам 1975 жылы Алматыға бір ғана құрақ көрпемен көшіп келген. Не ақша, не пәтер жоқ. Оралхан Бөкейге барармыз, бір жұмысқа орналасып, күнімізді көрерміз деп келген. Әкеміздің қолы ашық еді, ол керек адамға бәрін бере салғысы келетін. Ал анамыз шаңырақтың ішіндегі дүниенің иесі ғой, ол барынша шырылдайтын. Осындай бір дүниелік ұсақ-түйекке түсініспей қалғаны болмаса, ата-анамның қарым-қатынасы өте нәзік болды.
Әкеміздің қайтқаны анама өте ауыр тиді. Қаншама жыл бірге отасқан қосағы ғой, жанының бір бөлшегін жұлып әкеткендей күй кешті. Көп күйзеліске түсті. Ол айналасына да, бізге де әсер етті. Қазір, Құдайға шүкір, басқа салды, біз көндік. Анам үйде немерелерін бағып-қағып отыр.
Ата-анам кітапханада танысқан дедім ғой, әкем бала кезінен кітапқа құмар жан болған. Оның өмір бойы жинаған кітаптарының бірде-бірін тастаған жоқпын. Әкем қайтқанда біз жаңа үйге көшіп жатқанбыз. Сөре-сөре кітаптарын сол тізіммен, сол нөмірмен әкеліп жайғастырдым. Себебі мен әкем сияқты кітап жинай алмаймын. Сөредегі кітаптардың әрқайсының өз орны бар: шетел әдебиеті, орыс әдебиеті, классикалық орыс әдебиеті, қазақ классикасы және т.б.
Бала кезімнен кітапқа аса құмар болған жоқпын. Үйде не көп болса, бала соған керісінше өсетін сияқты… (күліп). Әкем «мынаны оқы, ананы оқы» деп тізім де жасап беретін. Бірде «балам, мынаны оқышы. Сен жазушының баласысың ғой. Әкең қандай шығармалар жазды деп сұрай қалса, сен білмесең, ұят болады» деп ұялтты. Осылайша, кітапқа деген қызығушылығым әкемнің шығармашылғынан бастау алды десем артық айтқаным емес. Әкемнің шығармаларында көп сөзі жоқ, нақты, нық, детальға өте бай, психологиялық жағынан да көп меңгерілген, диалогтардың өзі де жақсы құрылған, соның бәрі маған ұнады. Содан кейін кітаптарды талғаммен таңдап оқитын болдым. Кейін әкем оқы деген кітаптардың барлығын қайталап оқып шықтым. Бұл менің жан дүниемді байытады, ой-өрісімді дамытады. Қазір психология, бизнес салаларына қатысты салалық кітаптарға ден қойып жүрмін.

«ӘКЕҢНІҢ КӨЗІН  КӨРГЕН ӨЛМЕСІН…»

Бала кезімізден үлкендердің әңгімесін тыңдап өстік. Әкеме келген ағалардың тізесіне отырып өсіппін. Үйімізге Оралхан Бөкей, Шерхан Мұртаза, Қалтай Мұхамеджанов, Қайым Мұхамедханов, Тұрсын Жұртбай, Қалихан Ысқақ, Құлбек Ергөбек ағаларымыз жиі келетін. Кішкентайынан бірге өскен досы Әлібек Асқаров ағамыз да үнемі біздің үйден табылатын. Әлібек ағамыз әкеміз қайтқаннан кейін де арнайы келіп, жаңа жылды бірге қарсы алған сәттеріміз болды. Әкемнің достары маған әлі күнге хабарласып тұрады. Олармен өз достарымдай ашық сөйлесіп, сырласамын. Кейде әкемнің достары өз балаларымен дәл мендей сөйлесе алмайтынын да айтып жатады. Мені соншалықты жақын тартқанына іштей қуанамын, әрине.
«Жаман балаға әкесінің аты қырық жыл азық» дейді ғой. Расында, қай жерде болмасын «Әшімханов Дидахметтің баласы» деген бір жылы лебізді, жылы қарым-қатынасты сезіп тұрамын. Қай жерге барсам да жолым ашық. Жұмысыма байланысты іс-шараларды ұйымдастырарда кім-кімге хабарлассам да бетімнен қаққан емес. Бәрі де көмектескісі келеді. Әкемнің қайтыс болғаны мені қатты оятты. Оған дейін де ұйқылы-ояу жүрдім деп айта алмаймын. Бірақ әкеміздің қайтқаны маған өте қатты әсер етті. Мен өз-өзімді одан әрі қолға алып, «Әшімхан әулетін, Әшімханов фамилиясын төмен түсірмейін, әкеміздің «Ел-шежіре» қорын жалғастырайын, шығарып жатқан кітаптарын тоқтатпайын» деп бекіндім. Былтыр бес кітап шығардық. Менің де өмірлік ұстанымдарым бар. Шыншылдық, әділдік жолында жүргім келеді. Себебі мен кәсіпкермін, түрлі шаруалармен айналысамын. Қоғамдық ортада жүремін. Әулетіме, әкеме кір келтіруге қақым жоқ.
Қазіргі уақытта әкемнің күнделігін теріп жатырмын. Қолжазбасымен сақталған 5-6 дәптері бар. Басынан өткен күндерін бәрін жазып отырған. Кейде күнде жазған, кейде аптасына бір жазған. Кейде біраз жазбай қояды, сосын қайта жазады. Күнделікті өзім теріп жатқан кезде айтып отырған оқиғалар көз алдыма келеді, әрине. Оқып отырған кезде әкеммен сөйлесіп, сырласып отырғандай боламын. Кейде шабыт береді. Жазып отырғанда тіпті дауысын естіп отырғандай әсерлер болады.
Кезінде didahmet.kz сайтын ашқанмын, белгілі бір себептерге байланысты жабылып қалды. Сайт толық жетілмеген, әкемнің дүниелері толық жинақталмаған еді. Соны қайта қолға алуды ойлап жүрмін. Сайтты ешкімнің қолына бермей, өзім айналыссам деймін. Мүмкін сайт емес, мобильді қосымша ма… Әлі ойланып, шешуім керек. Бұл үшін маған уақыт керек сияқты. Мобильді қосымшаға қойсам, ұялы телефонға жүктеп алып, кез келген адам әкеме қатысты ақпарат пен оның шығармашылығымен таныса алатындай болса деймін.

Жазып алған
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.