Тіл ортақ болмай, қоғам бірікпейді

Тіл тағдыры – ел тағдыры. Десек те, біздің қоғамда өз тілінің қадірі мен тағдырын жете түсінбей жүргендер аз емес. Ащы болса да, шындық осы. Өйткені тіл мәселесінде ілгерілеушілік жоқтай сезіледі. Тілге жаны ашиды деген ағайындардың өзі үйінде орысша сөйлеп, тілі шықпаған балапандарын орыс балабақшасына беруде…

Елбасы бір сөзінде: «Қазірдің өзінде елімізде қазақтың үлесі 70%-ға жақындап келе жатыр. 2025 жылға дейін дайындалып, қазақ тілін барлық жерде енгізуге жұмыс жасаймыз. Бірақ басқа тілдерден ажырап қалуға болмайды. Жабысып айырылмайық деген сөз емес, мәселе мәдениетте. Қанша тіл білсең, сонша мәдениеттісің. Орыс тілі әлемнің әдебиетіне жол ашты, ғылымына жол ашты. Ал ағылшын тіліне келсек, Жолдаудағы мақсаттарға жету үшін ағылшын тілі керек. Ол тілде медицинада жаңа жасалған теориялар сипатталады. Ол орыс тіліне аударылуы үшін кемінде 5 жыл керек. Ал қазақ тіліне аудару үшін қанша жыл керек? Егер ғылым, ақпарат, инновация, мәдениет орыс тілінде дамыса, бүкіл әлем орысша сөйлеген болар еді. Бәрі Қытайдан шықса, бәрі қытайша үйренуі керек болады. Қаласақ та, қаламасақ та, солай болар еді. Ол қажеттілік. Ағылшын тілін білмей, ағылшын тілінде ашылған жаңалықты білмей қалай дәрігер болуға болады? Ағылшын тілін білмей қалай ғалым боласыз?» деген болатын.
Қарап тұрсақ, елімізде тілдің жайын күйттейтін заң да бар, бағдарлама да жетерлік. Тіліміз біздің халықпен бірге дамиды, өркендейді, жасайды. Бірақ та еліміз егеменді болғанымен, тіліміз өз тұғырына қона алмай келе жатқанын мойындауымыз керек. Өз ана тілімізді біліп тұрып, басқа жат елдің тілінде сөйлейтіндер аз емес арамызда. Мемлекеттік мекемелерде да біршама бәсеңдеушілік бар. Бірақ соны жөндеп іске асыруға келгенде құлықсыздық таныту етек алған. Себебі Үкіметтің болмаса Парламенттің отырыстары негізінен орыс тілінде өтеді. Бұл өзекті өртейтін шындық, әрі өкініш. Ең бастысы, қолда бар заңды орындауда. Біз көбіне мемлекеттік тілден гөрі ресми тілге жүгінеміз. Мәселе сонда. Алайда аузымызды құрғақ шөппен сүрте беруге болмас. Себебі еліміздегі өзге ұлт өкілдері арасында сең бұзылғандай. Олардың тарапынан қазақ тілін үйренуге құлшынысы артты. Енді соларға қолдау көрсетуіміз керек. Қоғамымызда, қарапайым халық арасында тіл үйренсек деген талпыныс бар. Оны жоққа шығаруға болмайды. Мысалға, этнос өкілдерінің арасында «Қазақ тілін білемін» деп жауап бергендердің пайыздық көрсеткішіне назар аударатын болсақ: өзбектер – 95,5, қырғыздар – 97,7, түріктер – 91,1, ұйғырлар – 93,7, тәжіктер – 89,4, әзербайжандар – 81,7, күрділер – 77,5, татарлар – 72,6 пайыз. Демек, бұл көрсеткішті әлі де жақсарта түсу үшін көптеген жұмыс атқарылуы маңызды.
Ең бастысы, мемлекеттік тілді биліктегі шенді-шек­пен­ділердің өзі қолға алып, үлгі көрсетуі керек. Бабалар үмітін ақтап, тілімізді биіктен көрсететінімізді дәлелдеп, нағыз тіл жанашыры өзіміз болуымыз керек. Сол секілді туған тіліміздің өз тұғырында нық тұруы үшін, ең әуелі іргетасы қалануы керек. «Тасты тесетін тамшының қаттылығы емес, тұрақтылығы» демекші, қазақ тілінің өркендеуіне барынша атсалысуымыз қажет.

Сабина Олжаби

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.