Әдемі қартаю

Шалқар аудандық «Коммунизм таңы» газеті­нің редакциясында жауапты хатшымын. Ол кезең тәртібімен газет аптасына үш рет, әр нөмірі төрт беттік көлемде шығарылады. Кестеден ауытқуға мүлде болмайды. Сөйтіп, баспахана мен екі ортада жанығып жүргенің.
Осындай бір сәтте редакторымыз Тауман Төреханов кабинетіне шақырды. Тегеуріні қатты адам, кейде екпіндетіп сөйлейтіні бар. Бірден шаруаға көшті:
– Сені облыстық газеттегі Нұрқайыр Телеуов ағамыз меншікті тілші етіп алғысы келеді. Қалай, барасың ба? – деді.

Күтпеген ұсыныс. «Коммунизм жолы» деп аталатын бұл басылымға ара-тұра жіберген материалдарымның жарияланғаны болмаса әлгі Тау-ағам айтқан басшыны көп танымаймын. Ауданға іссапармен келгенінде кеңсемізге бас сұғып, қал-жағдайымызды сұрағанда көргенім болмаса. Бір жағынан қуанып та тұрмын. Сөйтіп, облыстық басылымның штатына Шалқар, Ырғыз, Мұғаджар бойынша меншікті тілші деген қызметке қабылдандым.
Сонан бері қырық жылға тарта уақыт өтті. Санаулы күндерден кейін 90 жасқа толғалы тұрған Нұрқайыр ағамызбен арадағы ағалы-інілі қатынасқа сызат түскен емес. Қарабұтақ аудандық «Жаңа өмір» газетіне редактор болып тағайындалғанға дейінгі сегіз жыл меншікті тілші қызметі өзіме көп жайды ұқтырды. Әсіресе редактор Телеуовтің сауаттылығы, талапшылдығы, ұдайы ізденісте жүретіні, ұжымды ортақ шаруаға жұмылдыра білуі нәтижесінде «Коммунизм жолының» беделі нығайып, таралымы жылдан-жылға көбейді. Редакция көптеген әріптестерімізді тәрбиелеп, ұядан ұшырды.
Кейіпкеріміздің өмірбаяндық деректері де мағыналы. Батыс Қазақстан облысының Әлімбек ауылында туып-өскен оның балалығы мен жастығы тұстастары тәрізді Ұлы Отан соғысының жаһанға зәр шашқан кезеңіне тап келді. Қаршадайынан шөп шауып, масақ терген Нұрқайыр 15 жасында мұғалім кадрларының жетіспеушілігінен ауылдағы мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беріпті. Бұған дейін ­ауылда тірі орыс көрмеген бозбала екі жыл бойы­на сынақтан сүрінбей өткеніне өзі де таңғалады. Әке-шеше үйден ұзап шыққанын мақұл көрмесе де білімге құштарлығы жанына жай таптырмай қиырдағы Алматыдан бір-ақ шығып, Қазақ мемлекеттік университетіне маңдай тірейді. Алла сәтін салып, 1947 жылы журналистика факультетінің студенті атанған. Дипломмен елге оралған соң Батыс Қазақстан облыстық газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істейді. Облыстық комсомол комитетіндегі лекторлық топ жетекшісі қызметінен облыстық партия комитетіне шақырылып, қазақ және орыс тілдерінде шығарылатын «Үгітші блокноты» газетіне редакторлыққа бекітіледі.
Тағы да әдемі бетбұрыс – СОКП Орталық Комитеті хатшылығының шешімімен ­Телеуов Мәскеу қаласында Жоғары партия мектебіне оқуға қабылданған. Кеңестік дәуірдің мәртебелі білім ордасын тәмамдаған соң туған өлкесіне оралып, облыстық газетте идеология бөлімін басқарады. 1962 жылы Батыс Қазақстан өлкесінің құрылуына байланысты Ақтөбе қаласына – өлкелік партия комитетінің аппаратына қызметке шақырылды. Арада үш жыл өткен соң Ақтөбе облыстық «Коммунизм жолы» газетінің редакторы болып бекітілді. Бюро мәжілісінде бірінші хатшы Николай Иванович Журин айтқан: «Газетті көтеру керек. Сенің оған мүмкіндігің жетеді. Саған партиялық тапсырма осы» деген әңгімені Нұрекең жадынан шығармай берік ұстаным етті.
Сенім алдамапты: Телеуов Ақтөбенің бас газетінде үзіліссіз 27 жыл редактор қызметін атқарды, КСРО Журналистер одағының облыстық ұйымына осынша жыл төрағалық етті. Қазіргі кезеңді білмеймін, ал кеңестік империя тұсында бүтін бір облыстың жылнамасында табан аудармай ширек ғасырдан астам уақыт жетекшілік жасап, қолын қойған жалғыз адам бар, ол – біздің бүгінгі кейіпкеріміз.
Ұзақ жылдарғы қажырлы еңбек лайықты бағасын алды. Ең алдымен, көзіне оттай ыстық көрінетіні – он бес жасында омырауына тағылған «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында қажырлы еңбегі үшін» медалі және арада он бір жыл өткен соң «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталды. Телеуовтің журналистік қызметі екі мәрте Еңбек Қызыл Туы орденімен, екі мәрте «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медальдармен, грамоталармен, дипломдармен бағаланды, «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» және «Қазақстанның құрметті журналисі» атақтарына ие болды.
Оның басшылығы тұсында «Коммунизм жолы» газеті Мәскеу қаласындағы КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері Көрмесіне екі мәрте қойылып, редактордың өзі көрменің алтын және күміс медальдарымен марапатталды. Газеттің тәрбиешілік ұйымдастырушылық және насихатшылық қызметі «Құрмет белгісі» орденімен бағаланды.
Қаламы қарымды журналист, қазақ және орыс тілдерін жетік меңгерген шешен, шебер ұйымдастырушы, журналистикада және әдебиетте танымал ондаған адамдарды тәрбиелеген ұстаз Телеуовтің өзіне тән қасиеті – қандай жағдайда да орнықты қалпынан ауытқымай жан-жақты сараптама жасайтыны. Талай кедергілерге кезіксе де көтере білді, лауазымды кеңселерді жағалап, билік айтудан немесе жағымпазданудан ада. Зейнет демалысына шыққан соң біраз уақыт қоғамдық-саяси шараларға қатысып, ұстанымын танытты. Облыстағы қайырымдылық кеңесіне таратылғанға дейін төраға болды. 2009-2014 жылдар аралығында Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ақсақалдардың «Бірлік» кеңесіне жетекшілік етті, кейін төраға орынбасары ретінде жұмыс істеді. 2009 жылы еліміз бойынша алғаш рет Ақтөбе қаласында «Достық үйінің» ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келіп қатысты, сол салтанатта Нұрқайыр Телеуов сөз сөйлеп, өңір жұртшылығы атынан Елбасыға ризашылық білдірді және «Самұрық» бейнесі сипатталған мүсінді сыйлады.
Өткен жылдың күзінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультеті 1952 жылғы түлек Нұрекеңді кездесуге шақырды. Біздің кейіпкеріміз профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер алдында өзінің оқып жүріп, партия қатарына өткені, партия тобының жетекшілігіне сайланғаны, үздік оқып, тәртібімен көзге түскендіктен білім ордасында жұмыс істеуге ұсыныс жасалғаны жайында тебірене толғады. Ректорат баспасөз абызын университеттің 80 жылдығына арналып шығарылған медальмен марапаттап, әл-Фараби бейнесі бар кілемше мен халықаралық Абай клубы шығарған «Добродетельный город» атты төрт томдық шығармалар жинағының бірінші томын сыйлады. «Қазақ университеті» газетінде даңғайыр журналистің сұхбаты фотосуретімен қоса «Новые медиа не смогут вытеснить привычные газеты» деген тақырыппен жарияланды. Өз кезегінде Телеуов байырғы оқу орнының мұражайына үздік бітіргенін айғақтайтын дипломы мен курстастарымен бірге түскен фотосуретін сыйлады.
Даусыз шындық – адамның әдемі қартаюы бір жағынан Алланың несібесі, екінші ретте өнегелі ұрпақ арқасында. Нұрқайыр аға мен Бақытжамал апа бұл тұрғыда ұтылған жоқ. Жүздері жарқын, көңілдері шат. Үлкен қызы Алма – Венгрия астанасы Будапештте тұрады. Олардың төрт перзенті өсіп, қанат жайды. Ақылжан – Ақтөбеде, үш баланың әкесі. Әсия мен Дархан Алматы қаласында, бауырынан екі қыз, бір ұлды өрбітті.
Телеуовтер әулетінің көшін заманның жүйрік ағысында үлкен сұранысқа ие мамандық­тар бойын­ша білім алған, бірнеше тілде еркін сөйлейтін, тәртібімен үлгі немерелері жалғас­ты­рып келеді. Әсия мен Дарханның баласы Диас Ұлы­британияның, кейін Малайзияның астана­сында университет бітіріп, екі дипломға ие болды. Қазақ, орыс, ағылшын, неміс және малай тіл­дерінде еркін сөйлеп, жазады. Қазір жеке компа­нияда инженер-электроник, әл-Фараби атын­дағы ҚазМУ-дің психология факультетін бітірген келіншегі Мәдина осы компанияда өзімен бірге жұмыс істейді. Қызы Аяна – Швейцарияда технологиялық университетте оқып бі­тірді, бұл күнде Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қала­сында тұрады, мамандығы – инженер-технолог.
Ақылжанның отбасы перзентханада сәбиін алып шығар сәтте ата-ана келісімін алып, ырыммен есімін Нұрқайыр деп қойған-ды. Сол сәби есейді, АҚШ-тың Солтүстік Дакота штатында университеттің геология факультетін тамамдап, елге оралды. Орыс, ағылшын, неміс тілдеріне жетік ол – «Қазақмыс» корпорациясында жетекші мамандардың бірі. Одан кейінгі Саида Чехия астанасы Прагада оқып, жоғары білім алды, экономика ғылымының докторы. Қазір Германияда Франкфурт Майн қаласында Дүниежүзілік экономикалық банкте еңбек ететін жалғыз қазақ қызы, орыс, ағылшын, чех, неміс тілдеріне жүйрік. Будапешттегі Алманың қызы Марианна – заңгер, жұбайы – кәсіпкер.
Осылайша, әлемнің әр түкпірінде тұрып жатқан бала-немерелерге Нұрекең мен Бақытжамал апайдың бірде ұшақпен, енді бірде темір жол арқылы тынбай қатынап жүргенін көрсеңіз… Бірі тоқсандағы, екіншісі сексен бесті иемденген қарттар дидарынан шаршау немесе реніш байқалмайды. Өрісті ұрпаққа шүкірліктен шығар, екінші жағынан ағамыздың сонау 1970 жылдан бері күн сайын ертемен аш қарында үш-төрт шақырым жүгіруінің, сая­жайда жеміс ағаштары мен көкөніс алқабын күтіп-баптауының пайдасы. Біз осы материалды жазу ниетімен әңгімелесуге барғанымызда үйіне таяу саябақтан келіп отыр екен.
– Қала әкімдігінің саябақты қайта жөндеуден өткізіп, тренажерлар, спорттық жабдықтар орнат­қаны жақсы болды. Әжептәуір сергіп қаласың, – деді ол.
Ағамыз өзінің әңгімесінде Ақтөбенің байыр­ғы тұрғыны ретінде қала және облыста соңғы бірнеше жылдан бері көптеген игі бағдарла­малардың жүзеге асырылып жатқанына, биыл іргетасы қаланғанына 150 жыл толуы аталып өтілетін Ақтөбе қаласының бет-бейнесі мүлде жаңа сипат алғанына, еңселі ғимараттар мен әлеуметтік маңызы зор нысандар тұрғызылғанына ризашылығын айтты.
Автор ретінде қысқаша түйіндерім: Нұрқайыр Телеуов – Ақтөбе өңірінде журналистер мектебін қалыптастыруға белсене атсалысқан ізгі ниетті азамат.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
Қазақстанның Құрметті
журналисі
Ақтөбе

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.