Ұлы дала ұлағаты

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі ­институты өткен жыл көлемінде ұлт тіліне, түркітану мен жалпы қазақ болмысына қатысты көптеген мәнді де өзекті іс-шаралар өткізді. Бұл жиындар ерекше форматта өткізіліп келеді. Нақты айсақ, мұнда мінбеге шыққан адам баяндамасын оқып қана қоймайды, ондағы ой-тұжырымдар, ұсыныстар талқыланады, пікірталасқа түседі және жиын барысы әңгімелесу, сұхбат түрінде өткізіледі. Сондықтан жиыннан шыққан әр адам өзінше ой қорытады және рухани азық алып қайтады.
Осындай мәнді басқосудың бірі Достық үйінде өтті. Халықаралық дөңгелек үстел ­атауы – «Ұлы даланың жеті қыры: прототүркіден қазақ тіліне дейін». Бұл отырысты Тіл білімі институты Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Түркітану академиясымен бірлесіп өткізді.

Дөңгелек үстел өткізудегі негізгі мақсат – Елбасы мақаласындағы Ұлы даланың тарихына, салт-дәс­түріне, өнері мен фольклорына, му­зыкасына, ұлы есімдеріне, киносы мен телевизиясына қатысты, сондай-ақ тарихи сананы жаңғыртуға арналған ұстаным-тұжырымдарды насихаттау, түркілер тарихына жаңа көзқарас қалыптастыру, қазақ түркологиясының жаңа міндет-мақсаттарын нақтылау, жоғары органдар тапсырмаларын орындау.
Басқосуда Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек жүргізіп отырды.
Алғашқы сөзді ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов алды. Оның баяндамасының тақырыбы – «Ежелгі дәуір туралы ойлар. Сөз анатомиясы». Ақын дүние жүзінде тіл, мәдениет алмасулары үздіксіз жүріп тұрғанын, қазіргі жергілікті аумақта бұрын басқа да өркениет, өзге елдер де тұрғанын сөз етті. Сондықтан да өзінің ізденіс барысында түркі тілінің элемент­терін дүние жүзінің көптеген елдері тілінен кездестіргенін айтты. Мысалы, ежелгі латын тілінде қазіргі түркі тіліндегі аула, ауыз, ауыр сөздері сол түркі тілдеріндегі мағынасымен сәйкес келеді екен. Тіпті сонау Мысыр (Египет) елінің мифологиясындағы өсімдік құдайының атауы «Оссириус» болып шықты. Бұл сөздің түп төркіні сонда түркінің өс, өсір, өсіріс, өсімдік сөздерінен шыққан деген болжам айтылды. Әрине, мұның бәрі дәлелдеуді қажет етеді. «Көне шумер, семит, қытай жазбаларында түркілерге қатысты орасан мол мұра, мәліметтер жетерлік. Оны зерттеу келер ұрпақтың еншісінде. Біз сондай дереккөздерді зерттеуге шын құлшынысы бар мамандарды даярлауымыз қажет. Соларды жарыққа шығарып, өзіміздің кім екенімізді дәлелдей отырып танытуымыз қажет» деді ақын. Ол өзінің «Мың бір сөз этимологиясы» атты кітабы дайын тұрғанын, шығармашылық жаңалық­тары туралы да ой қозғады. «Жылқыны алғаш қолға үйретіп, оған ертоқым ойлап тауып, сан түрлі қару жасап, Еуропаны шарлаған көшпенділер кезінде сол даму сатысында біраз қалып қойды, әлемдік өркениет көші­нен сәл кешеуілдеп қалды, енді сол бос кеңістікті жылдам толтырып, ұлт келбетін көрсетейік» деді қоғам қайраткері.
Келесі сөзді модератор ­Ерден Задаұлы өзі алды. Ғалымның пікірінше, Ұлы даланың ерекшелігін оның ұлы перзенттері арқылы да көрсетуге болады. Сондықтан да зерттеулерде тұлғатануға да ерекше мән берілгені дұрыс. Олжас Омарұлының шығармаларын болашақта зерттеу де өзекті мәселе болмақ. Баяндамашы болашақта Олжас аға басқаратын орталықпен бірлесіп әр сала мамандарын жинап, жастарға елдің жалпы болмысының әртүрлі салалары туралы зерттеу тақырыптарын беруді де ұсынды, жан-жақты біліммен қаруланған мамандар даярлау ісін де ұмыт қалдырмады.
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты­ның директоры З.Қабылдиновтің «Ұлы даланың ұлы адамы» және М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры К.Матыжановтың «Ұлы дала әдебиеті» баяндамалары қызу пікірталас тудырды. Кенжехан Матыжанов: «Біз әлемдік өркениеттің бір бөлшегіміз, ал біздің оған қосқан үлесіміз орасан мол әрі ерекше, сон­дықтан біз де сол өркениеттің беделді де белді мүшесі бола аламыз» деді.
«Өрлеу» біліктілік арттырудың ұлттық орталығы «Тұлғаны әлеумет­тендіру» кафедрасы­ның меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты, түркітанушы Р.Арзиев өз баяндамасын түрік медиатану мәселесіне арнай отырып, рухани жаңғыру барысында Жүсіп Баласағұнның 1000 жылдығын атап өту де маңызды шараның бірі саналатынын, оны өткізу де түркі әлемін дүниеге таныстырудың бір жолы болатынын атап өтсе, әл-Фараби атындағы филология факультетінің деканы, филология ғылымының докторы Ө.Әбдиманұлы Олжас Сүлейменовтің ғылыми шығармашылығының қазақ әдебиеттануын дамытудағы рөлін көрсетті.
О.Сүлейменовтің өтініші ­бо­йынша, Назарбаев ­универси­теті түр­кология және қазақ тілі ­ка­фе­д­­ра­сының меңгерушісі, белгілі амери­калық түрколог, профессор Ю.Шамилоглу Алтын Орданың Еу­разия аймағында мемлекеттілік қалыптастыру рөлі туралы баяндама жасады. Оның пікірінше, біз бұрынғы Алтын Орданың тікелей мұрагері саналамыз. Ал Алтын Орданың Еуропа мен Азияның дамуына, өркендеуіне қосқан үлесі ерекше. Алтын Орда тұсында Ұлы Жібек жолында қызу сауда дамыды. Сауда дамуы гүлден­ген қалалардың, елді мекендердің пайда болуына ықпал етті. Ол мекендерде мәдениет, отырықшылық өмір салты қалыптасып, дамыды. Ол, әрине, көршілес мемлекеттерге де зор ықпалын тигізді.
Қазақ тілінің ежелгі лексикалық қабат­тарын А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты қазақ тілі тарихы мен түркітану бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының докторы, профессор М.Малбақов өз баядамасында қозғады. Ол сөз этимологиясына байланысты қызықты пікірлер айтты.
Кейінгі сөз алған ғалымдардың ойлары да ел мен жер тарихын, тілі мен өнерін, әдебиетін насихаттау сарынында өрбіді. Баяндамалар арасында қызықты әңгімелер, пікірталастар болды. Дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутай бастаған бірнеше өнерпаздар, халық және халық композиторларының әндерін әуелете шырқап, жиын көрігін қыздыра түсті.
Жиынды халықарлық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, ҚР ҰҒА академигі Ө.Айтбайұлы және дөңгелек үстелдің негізгі қонағы О.Сүлейменов қорытындылады.

Нұрлан Шүленбаев,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл
білімі институты Терминология
бөлімінің ғылыми қызметкері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.