ШАПАҒАТШЫ…

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,
ҚМДБ баспасөз хатшысы

Осы тақырыпта ойтолғам жазамыз деп кім ­ойлапты…
Астана жұртшылығы өрт жалмаған 5 періштесін ақтық сапарға шығарып салды. Алды пейіш болғай. Өте өкінішті… Кеудені өксік кернеп барады. Жүрегіміз езіліп, әлі күнге дейін өзімізге келе алмай жүрміз. Құдай басқа бермесін. Ажалға амал бар ма? Қазаның арты қайырлы болсын. Алла ата-анасына көркем сабыр берсін деп тілейміз. Иә, көркем сабыр…
Ертеде Дәуіт пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) 30 ұлын мешітке ертіп келеді. Байқаса, жамағат әлі жиналмаған екен. Жамағат намазын 30 ұлымен бірге бастай беруді құп көреді. Намазды аяқтап, оң иығына қарап: «Әс-сәләәму аләйкум уа рахматулла» деп сәлем бергенде оң жақта өзіне ұйып отырған 15 ұлына көзі түседі. Сол иығына қарап: ­«Әс-сәләәму аләйкум уа рахматулла» деп сәлем бергенде сол жақта өзіне ұйып отырған 15 ұлына көзі түседі. Сайдың тасындай, сайыпқыран сақадай 30 ұлына қарап, сүйсініп кетсе керек. Іштей марқайып: «Өзіміз де бір жамағат боп қалыппыз ғой» депті. Дұғасын жасап, орнынан тұрса сол сәтте 30 ұлы сәждеде жан тапсырыпты деседі. Бір мезет шүкір етуді ұмытқан Дәуіт пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын) бұл оқиға өмірлік үлкен сабақ болады. «Неге шүкір етушілерден болмадым» деп қатты өкініпті. Осыдан кейін өмірінің соңына дейін Аллаға шүкір айтуды ұмытпапты.
Жаратушы Жаббар Иеміз өз кеңшілігімен Дәуіт пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) пейіліне орай Сүлейменді нәсіп етеді.
Дәуіт пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) өмірден өткенде Сүлеймен небары он екі жаста еді. Сүлеймен қаршадай жасына қарамастан патшалықты өз қолына алады. Ол жас болса да парасаттылығымен, зеректігімен, дінді терең білген ғұламалығымен тез танылады.
Алла Тағала хазіреті Сүлейменге сиқыршылардың сиқырын бұзатын, ұшқан әрбір құстың тілін білетін ерекше ілім нәсіп етеді. Ислам тарихында Сүлеймен пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) өнегелі өмірінен алар ғибрат пен тағылым мол.
Ең үлкен сынақ пайғамбарларға келген. Осы оқиғадан алатын сабақ: баланы берген Құдайға шүкір ету, оны алған Аллаға артық тіл тигізбей, сынақ­қа сабыр ету, әр істің бір қайырын күту, т.б. Алла болашақты толық білуші.
Адамзаттың абзалы, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай баяндайды:
«Адамның баласы қайтыс болса, Алла (біле тұра) періштелеріне: «Құлымның баласының жанын алдыңдар ма?» деп сұрайды. Олар: «Иә» деп жауап береді. Ол: «Құлым не деп айтты?» дегенде періштелер: «Біз Аллаға тәнбіз әрі оған қайтушымыз» деп айтты. Сонда Алла Тағала: «Құлыма жәннаттан үй салыңдар да, оны «мақтау» үйі деп атаңдар деді».
Балиғат жасына толмай, бақи өмірге аттанған балалар арғы дүниеде мұсылман ата-анасына ша­пағатшы болады. Бұған байланысты Мұхаммед пайғамбардан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірнеше қасиетті хадис-шарифтер жеткен. Соның бірқатарына тоқталсақ:
«Балаға: «Жұмаққа кір» делінеді. Ол: «Әкем мен анам болмаса кірмеймін» дейді»;
«Балалар жұмақ есігінің алдына жиналады. Барлығы бірден айғайлап, ата-аналарын сұрайды. Олардың айғайға басқан қатты дауыстары ата-аналары сол жерге барғанша және барлығы әке-шешелерінің қолынан ұстап, жұмаққа кіргенге дейін жалғасады»;
«Кішкентай бала ата-анасын жұмаққа тартады. Қазір мен қалай сенің киіміңнен ұстап тартсам, бала да әкесінің киімінен солай ұстайды»;
«Ей, әйелдер! Сендердің араларыңнан қайсыбіріңнің үш нәрестесі қайтыс болып, өздеріңнен бұрын о дүниеге барса, балалары оған тозаққа перде болады»;
– Уа, Алланың Елшісі, екі баласы қайтыс болса да перде бола ма?
– Екі баласы қайтыс болса да перде болады.
– Бір баласы қайтыс болса да перде бола ма?
– Алланың атымен ант етемін, егер анасы сабыр етіп, сауабын Алла Тағаладан күтсе, бала анасын алып, жұмаққа салады.
Сабырдың да сан түрі бар. Қайғыға душар болғанда сабыр сақтау, күнә жасауға қалқан болар сабырлық, құлшылық кезінде сабырлы болу, т.б. Ал шынайы сабыр алғашқы соққы тигенде білінеді.
Бірде Алла Елшісі қабір басында бет тырнап, қатты дауыс көтеріп, оғаш сөздер айтып жатқан әйелді сабырға шақырып, басу айтады. Алайда пайғамбарымыз Мұхаммедті (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) танымаған әлгі әйел ашумен: «Менен аулақ жүр. Сен менің қандай қайғыға тап болғанымды білмейсің» деп салады. Кейіннен өзіне Алла Елшісі басу айтқанын естиді. Оғаш әрекеті үшін қатты күйзелген кейуана пайғамбардан кешірім сұрайды. Сонда екі дүние сәруары: «Шынайы сабыр – алғашқы соққы тигенде» деп көркем уағызын айтады.
Бір кітапқа жүк болар уағызды бір ауыз сөзбен жеткізген пайғамбардың ділмарлығына қайран қаласың…
«Тас түскен жеріне ауыр». Алла Тағала қара жа­мылған отбасының қайғысын сейілтіп, қазаның артын қайырлы еткей.
Бес періште арғы дүниеде ата-анасына шапағатшы болғай.
Жаратқан Ием бізге көтере алмайтын сынақтармен қинамағай.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.