Тапсырма және нәтиже

Былтырғы Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында сапалы әрі қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше тоқталды. Соның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасының табысты жүзеге асырылып отырғанын айта келе, қолға алынып жатқан «7-20-25» бағдарламасының тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратынына сенім білдірген болатын. Осы орайда Президент әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін пысықтауды тапсырды.

Соңғы уақытта қалаға халықтың көшіп келуінің артуы қалалық халықтың санын арттырып отыр. Сондықтан баспанаға деген қажеттілік те арта түсуде. Ал жоғарыда аталған бағдарламалар түрлі деңгейдегі табысы бар барлық қазақстандықтың тұрғын үйге қолжетімділігін қамтама­сыз етпек. Мәселен, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, 2018 жылдың 11 айында 10 993 мың м² (96 761 баспана) тұрғын үй пайдалануға берілген. Жоспар бойынша 2018 жылы жалпы 12,1 млн м² тұрғын үйді (100 мыңға жуық баспана) пайдалануға беру керек болатын. 2018 жылдың 11 ­айында 11 млн м² пайдалануға берілсе – бұл жылдық жоспардың 91%-ы. Сонымен қатар 96 731 баспана салынған, бұл жылдық жоспардың 97%-ы орындалғанының көрсеткіші.
Мемлекет басшысы аталған ­Жол­­дауында «7-20-25» бағдарламасына баса назар аударып, осы бағдарлама ар­қылы кез келген азаматқа қолжетімді баспанаға ие болатындай мүмкіндік жасалуын ескертті. Ол үшін қарапайым халыққа арналған ыңғайлы жолдар қарастырылып, мәселенің оңынан шешілуіне жағдай жасалуда. Мәселен, 25 жылға берілетін несие арқылы 7%-бен үй алғыңыз келсе, займ алушының бағдарламаға қатысуы үшін бірқатар критерийлер қарастырылған. Атап айтқанда, өтініш берушінің иелігінде мүлкінің және өтелмеген ипотекалық қарыздарының болмауы, сатып алынатын баспана құнының 20%-ын құрайтын ақшалай қаражаты болуы маңызды. Сондай-ақ ипотекалық займды өтеуге жеткілікті расталған кірістері болуы міндетті және қосымша кепіл болатын тұлғаны тартуға мүмкіндігі бар.
Халыққа несие берудің шекті сомасы Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларында – 25 млн теңгеге дейін. Ал ай сайынғы төлем 90 мың теңгеден келеді. Ал аймақтарда 15 млн теңгеге дейін шекті сома болса, ай сайын 63 мың теңге төлейді.
Сонымен қатар «7-20-25» ипотекасы­ның алғашқы жарнасын екі есеге азайтуды қарастыратын бағдарламалар да бар. Мысалы, «Баспана» ипотекалық ұйымы жас отбасылар мен бюджеттік сала қызметкерлеріне қаржылық жүктемені азайту мақсатында «Жас арман» және «Қамқор баспана» өнімдерін әзірледі. «­Баспана» және жергілікті атқарушы органдар арасындағы ынтымақтастыққа негізделген өнімдер аталған санаттағы азаматтарға жеңілдіктер мен мүмкіндіктер беріп отыр.
Статистикаға сүйенсек, тәуелсіздік алғалы бері елімізде 1,1 млн (жыл сайын 40 мың) пәтер салынған. Ал «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы 15 жылдың ішінде еліміздегі жаңа баспаналарды пайдалануға беру үлесін 2,5 есеге арттыруды жоспарлауда. Демек, Қазақстанда алдағы уақытта әлі де 1,5 млн (жыл сайын 100 мың) пәтер салынатын болады.
Мемлекет басшысы алдыңғы Жолдауында 2030 жылға қарай бір адамға шаққандағы баспанамен қамтамасыз ету көрсеткішін 30 шаршы метрге дейін жеткізуді тапсырды.
Ал биыл 2019 жылы қаржыландырудың барлық көздерінен 13 млн м² астам тұрғын үй (100 мыңнан астам) пайдалануға бері­леді деп жоспарлануда.

Ақбота ҚУАТОВА
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.