ТЕЛЕХАБАРЛАР НЕГЕ КӨҢІЛ КӨНШІТПЕЙДІ?..

Ақпарат құралдарының ішінде  қаржылық  қолдауды мемлекеттен де, осы сала министрлігінен де молынан көріп отырған кейбір телеарналардың берілетін хабарларды еріккеннің ермегі ете бастағанын сіз де, біз де «КТК» мен «1» телеарнасынан да құдайдың құтты күні көріп келеміз. Өткен жылы  республикалық, облыстық газеттер беттерінде телехабарлардың көпшілігі тек төрт қабырғаның ішіндегі студияда ғана, елді жалықтыратын жағдайда өтетінін, рухани сала – ұлттық үрдіс, тіл мен діл, ұрпақтар сабақтастығы, жас­тар проблемасы, ауылдың қазіргі жайы, ондағы жол мен ауыз су мәселесі, жұмыссыздық, оралмандар  мен шаруа қожалықтарының жайы, ауыл спорты секілді өзекті мәселелер кейбір телеарналарда ұмыт қалғанын нақты дәлелдермен айтқан едік. 

Өкініштісі сол, біз дабыл қа­ғып қозғаған сол сынымыз бен достық рәуіштегі ой-пікір, ұсы­ныстарымызға пысқырып та қараған басшылар болмады. Өздері бадырайтып тұрып «Айтса, айта берсін!» деп артистердің ұрысқаны мен жұлыса жаздағанын, ажырасып, қайта төсек жаңғыртқанын, үй салғаны мен көлік ауыстырғанын, босанғанын, тойда болғанын, баласының тұсауын кескенін, қалталы байлар тойға шақыртып, тынбай ұшақта ұшқанын, «Еуразия 1» телеарнасындағы «Қалаулымға» сонау жердің түбінен кеп, әлгі бір еркетотай бұраңбелмен ұрыса жаздап қайтқанын, «КТК»-дағы тікелей эфирдің өзінде «Кел, келінімге» қатысқан қыздардың Мұхит ­Сапарбаев деген жүргізушінің өзімен шәйкем-шалыс боп қалғанын көріп, осындай түкке қажеті жоқ ұсақ-түйекке соншама алтын уақытты қор қылған жоба жетекшілерінің қылығына күйінгенбіз. Басымыз әңкі-тәңкі болған.
Жоғарыда біз айтқан у-шу, бірде орысша: – «..Ио,..мое..!?..», «А, ну, давай,..», «..Подходить?.. Или нет!?» деп қазақша өтіп жатқан тікелей эфирде өздерінің мәдениетсіздігін көрсеткен, шүлдірлеп, шулап долданған болашақ «келіндердің» ес тандырар сөздерін қайталап тыңдағыңыз келсе, «КТК» мен «Еуразия 1» арнасында 28, 29 және 30 қаңтарда кешкілік өткен тікелей эфир хабарын аталған арналарға барып, қайталап көрулеріңізге болады.
Біздің мақсатымыз – әнші Аша Матай жүргізетін «Қалаулым» мен ылғи «Ң»-нан адасып қап,.. «Н»-ды жапсыра салатын Мұхит інімізбен және бір әдемі қарындасымыз тізгінін ұстаған «Кел, келінім!» хабарын жоққа шығару емес. Айтпағымыз – көтерген мәселенің жартылай ­болса да ашылмай қалып, соңы бәдір-батпақ айғай-шуға ұласып кеткені. Миллион көрерменге осының не беретінін жүргізуші мен продюсердің түсіне алмағаны. Көп көрермен көңілін су сепкендей ғып, тіпті мазақ еткендей болғаны!?.
Қайталап болса да айтатын басты мәселенің бірі – кейбір танымал әнші қыздарымыздың телехабар жүргізуге жанын сала қызыққыштығы. Мақұл, жүргізсін-ақ. Шалғай ауыл­дар­ға барып, сондағы елдің тыныс-тіршілігін, өздеріндей жастардың өмірін көрсетсін. Ауылда қалған жас таланттарды – әншілерді, күйшілерді, ұлттық өнер жанашырларын тауып, елге танытсын. ­Насихаттасын. Елбасы жариялаған Жастар жылы қолға алынған оңды шаралар болса, айтсын. Көрсетсін. Шынымен мықты, білімді, оқып-тоқыған тележүргізуші болса, жұрт көңілінен шығатын, бүгінгі уақыт талабына лайық хабарлар жасасын. Ондай шамасы жоқ болса, неге әр телеарнадан бір жылтыңдай береді олар!?.. Бұларды қызғыштай қорып, эфирде тайраңдатып қоятын «көкелер» кімдер?..
Халық өнерлеріне тәнті боп, өздерін ерекше сыйлайтын ­Рамазан Стамғазиев, Мейрамбек Бесбаев, Саят Медеуов, Тоқтар Серіков, Досымжан Таңатаров, Жұбаныш Жексенұлы секілді әншілер кез келгені хабар жүргізе алатын сауатты азаматтар. Олар біз айтқан кейбір пысықтар секілді орынсыз сұғанақ­танбайды. Киелі өнерді уақытша атақ-даңққа айырбастауды, «Мен жұлдызбын!» деген ауруды жөн ­санамайды. Бұл – тектілік.
Қазір бірде ана «көк жәшіктен», бірде мына «көк жәшіктен» жыл­тыңдай беретін пысықайларға со­лардың қасиетінен бір мысқалы жұқса, бізді жалықтырып біткен ­те­­лехабарлардан құтылып қалар ма едік деп те армандайтын болдық.

Айтақын Әбдіқал,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі, ақын

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.