Балабақша және ұлттық тәрбие

Мемлекет басшысы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақстан халқы бүкіл әлемде үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» деген болатын. Демек, бөбектер мекенінің тілдік жағдайын жақсарту өзекті мәселенің бірі.

Елбасымыздың «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын жүзеге асыру мақсатында балабақшаларда бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Әрине, үштілдік саясатты ұстансақ та, өз ана тілімізді ұмытпағанымыз жөн.
Қазіргі таңда өзге этнос өкілдері өз балаларын, немерелерін қазақ балабақшасына бере бастауы қуанарлық құбылыс. Бұл үрдістің жалғасын таба беруі осы мекемелердегі ұлттық тәрбиеге байланысты. Сондықтан қазақ балабақшаларындағы бүлдіршіндерге қазақ тілінде тәрбие берудің де сапасына барынша көңіл бөлудің маңызы зор.
Тәрбиеленуші бүлдіршіндерді рухани ізгі қасиеттерге баулып, тәрбиенің көзі – ана тілі мен әдебиетін, тарихы мен халықтың салт-дәстүрін сақтап, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуді балабақшадан бастау қажет. Себебі қазақ тілін қастерлеуді үйрету келешекке апарар ізгі жол. Бүгінгі жаһандану кезеңінде ұлттық құндылықтарға назар аудару ұлттық сананы байытады. Сондықтан ұлттық тәрбиенің мәні ерекше. Бұл жөнінде тарих ғылымының докторы Секен Дорженов өзінің «Ұлттық тәрбиенің тәлімі» деген еңбегінде: «Қазақ халқының тұла бойы жүріс-тұрысы, мінез-құлқы, істеген ісі – тұнып тұрған тәрбие. Сондықтан біздің алға қойған міндетіміз балабақшада ұлттық тәрбие жұмысындағы салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды жинақтап, саралап пайдалану арқылы болашақ ұрпақты адамгершілік қасиеттерге баулу» деп атап көрсеткен. Барлық дәстүр, әдет-ғұрыптар ұлттық тәрбиеге байланысты. Сондықтан қазіргі кезде халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын қымбат қазына ретінде бағалап, балабақшадағы тәрбие жұмысы мен тілдік қолданысына көңіл бөлгеніміз жөн.

Сабина Олжаби,
І.Жансүгіров атындағы
Жетісу мемлекеттік университеті,
журналистика мамандығының
4 курс студенті

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.