«Есіңе мені алғайсың…»

Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай «Есіңе мені алғайсың…» атты әдеби сазды кеш ұйымдастырды. Поэзия кешіне ақынның ұлы  Жұлдыз Мұқағалиұлы мен келіні Бақытгүл Айдарова арнайы шақырылып, құрметті қонақ болды. Рухани кеште ақынның өлеңдері оқылып, тағылымы мол естеліктер айтылды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Ықылас Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет сарайында өткен еске алу кешіне Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақыт ­Беделхан қатысты. Сондай-ақ ақынның рухына арналған шараға Алматы мен Шымкент қаласының, Қызылорда мен Түркістан облыстарының ақындары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Кешті белгілі ақын, «Shalqar» радиосының директоры, «Дарын» мемлекеттік жастар сый­лы­ғының лауреаты Қалқаман Сарин жүргізді.
Әуелі ақынның «Сенің көзің» атты лирикалық өлеңінің желісімен ақын өмірінен көрініс сахналанды. Содан кейін сахнаға Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков шығып, ақын туралы сөз сөйледі. Сондай-ақ ол ақынның ұлы Жұлдыз Мұқағалиұлы мен келіні Бақытгүл Айдароваға облыс әкімінің атынан қазақы салт бойынша сый-сияпат көрсетті.
Ал ақын Бақыт Беделхан Мұқағали шығар­ма­шылығы жас ұрпақты отаншыл етіп тәрбие­лейтінін айтса, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Несіпбек Дәутайұлы Мұқағали поэзиясы өзге ақындардан несімен ерекше екенін әңгімеледі. Сонымен қатар ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов Мұқағали Мақатаев туралы естелігімен бөлісіп, өзінің жүрек жарды лебізін жеткізді.


Бұдан кейін жас ақын Нұржан Қадірәлі мен Марал Хантөре сахнаға шығып, ақиық ақынға арнаған өлеңдерін оқыса, Мәдина Сағымбекова, Жазира Сметова сынды өнерпаздар ақын өлеңдеріне жазылған әндерді шырқады. Ақын кешіне арнайы келген Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртайұлы, Біржан Байтуов сынды танымал айтыс ақындары да сахнаға шығып, өзара тартымды айтыс ұйымдастырды.
Кеш соңында Жұлдыз Мұқағалиұлы мен Бақытгүл Айдарова әулиеаталық әлеуметке ақын кешін ұйымдастырғаны үшін алғыс айтып, өз сый-сияпатын жасады. Нақтырақ айтсақ, «М.Мақатаев атындағы Халықаралық қор» атынан ақын Қайырбек Асанов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли, ақын Қалқаман Сарин мен жас ақын Нұржан Қадірәліні «Мұқағали Мақатаев медалімен» марапаттады.


Бұдан бөлек ақынның туған күні құрметіне оңтүстік аймақтық ақындардың арасында «Ақынға парыз көп ойлау, Артық та емес доп ойнау» атты кіші футболдан жолдастық кездесу өтті. Доп додасына Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан, Қызылорда, Жамбыл (3 команда) облыстарынан 7 команда қатысты. Қызыққа толы жолдастық кездесуде 3 орынды Ербол Қамбатыров бастаған әулиеаталық айтыс­кер ақындар иемденсе, екінші орын Мұхтар Ниязовтың «Ақмешіт» командасына бұйырды. Ал бас жүлдені айтыскер ақын Тұрар Тілеулиевтің командасы (Түркістан облысы) жеңіп алды.

Серік Жолдасбай
Суреттерді түсірген
Алтынбек ҚАРТАБАЙ
ТАРАЗ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.