Қаламгерге құрмет

Маңғыстау ауданы Шетпе кентіндегі № 7 мектеп-лицейінде жергілікті қаламгер, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Бектұр Төлеуғалиевке арналған оқу кабинетінің ашылу салтанаты болды. 

Салтанатты жиынға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Нұрдәулет Қилыбаев, білім саласының ардагерлері, зиялы қауым өкілдері мен мектеп оқушылары қатысты. Әсем безендірілген мектеп дәлі­зінде басталған салтанатты жиын ұлттық киім киген өнерлі оқу­шы­лардың биімен ашылды. Жүр­гізушілер осы шараның мақсатын түсіндіріп, қаламгердің өмір жолы мен шығармашылығын таныстырып өтті.
Б.Төлеуғалиев – Маңғыстау об­лысының, Маңғыстау ауданы мен Ақтау қаласының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының мәде­ниет қайраткері, облыстың ауыл ­ша­руа­шылығы саласында ұзақ жылдар қызмет етіп, елдің өркендеуіне елеулі еңбек сіңірген. Ол елу жасынан бастап жазушылық жолға бет бұрды. Ұлт тарихына деген құрмет пен сөз өнеріне деген қызығушылықпен ол ілкіде көркем шығармалар туралы, тіл мен әдебиет жайындағы ойларын мерзімді баспасөз беттерінде жариялап, байыпты талдауларымен көпшілікті елең еткізді. Кейін әдеби-көркем, танымдық еңбектер жазған қаламгердің «Балдағы алтын ақ болат», «Бас сардар» және «Адай тарихы сыр шертеді», «Ғасырлар құндылықтары» атты кітаптары дүниеге келді. Сондай-ақ «Салт-дәстүр және қазақ тілін оқыту» әдістемелік құралын жазуға қатысып, «Маңғыстау» және «Маңғыстау облысының ауылшаруа­шылығы» энциклопедиясын дайындау жұмысына тікелей басшылық жасап, жан-жақты сапалы еңбек жарық көрді.
Бекең көп жылдардан бері Ақтау қалалық және Маңғыстау облыстық «Қазақ тілі» қоғамын басқарып келеді. Аталған қоғам жыл сайын оқу­шылар арасында шығармалар байқауы, ақындар мүшәйрасы, аудармашы­лар сайысы секілді түрлі шаралар ұйым­дастырып, ана тіліміздің мәртебесін көтеруге зор үлес қосып жүр.
Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Н.Қилыбаев мұндай оқу кабинетінің ашылуы оқушылардың әдеби, тарихи тұрғыдан терең білім алып, туған өлкенің тарихын зерделеп, өз елінің нағыз патриоттары болып өсуіне ықпал ететінін айтып өтті. Қазіргідей мол мүмкіндік жасалып отырған кезде оқушылардың жақсы оқып, білікті азамат болып шығуларына тілек білдірді.
Бұдан кейін Б.Төлеуғалиев сөз сөйлеп, өзінің шығармашылығы туралы айтты. Оқушылардың әлемдік және отандық ақын-жазушылардың шығармаларын оқып-үйренулерінің маңыздылығын, мәдениетті адам болып қалыптасудағы әдебиет пен тарихи білімнің қажеттілігін атап өтті. Өзінің шығармашылығына назар аударып, осындай игілікті істі қолға алып отырған мектеп ұжымына алғыс білдіріп, мектеппен тығыз байланыс жасап, шығармашылық жолы мен қазақ тарихы, салт-дәстүр тақырыптарына әңгіме-дәрістер жүргізіп отыруға дайын екендігін жеткізді.
– Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала­ларында көрсетілгендей, жас ұрпақты рухани жағынан шыңдап, туған өлкеміздің тарихы мен әдебиетін тереңірек меңгертуде Бектұр ағамыз секілді жергілікті көрнекті қаламгерлердің шы­ғар­маларын оқытудың маңызы зор. Сондықтан мектептің педагогикалық кеңесінің шешімімен осындай оқу кабинетін ашып отырмыз. Болашақта бұл кабинетте оқушылар қаламгер­дің еңбектерін оқып-зерделейтін болады. Сонымен қатар тұлғаның дәрістерін өткізу, кездесулер мен басқа да танымдық-тәрбиелік шаралар ұйымдастырып тұру жоспарымызда бар, – дейді мектеп директоры Жәния Қабылқақова.
Оқу кабинетінің лентасын облыс әкімінің орынбасары мен қаламгердің өзі қиды. Эстетикалық талаптарға сай безендірілген оқу кабинетінде қалам­гер шығармашылығының тақырып­тық-идеялық ерекшеліктері көрініс тапқан. Әсем жасақталған стенділер жазушының тарихи романдары мен эсселері туралы сыр шертеді. Кітап сөрелеріне қойылған шығармаларын көріп-танысуға, оқу үрдісінде қол­дануға мүмкіндік жасалған.

Әділет Қабылов

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.