Есенқұлды еске алды

…Арманым алда бұлыңғыр,
Орманым ол да сылыңғыр.
Жапырақтарын жанымның,
Білдірмей біреу жұлып жүр, – деп жырлаған қазақтың айтулы ақыны Есенқұл Жақыпбеков арамызда жүргенде 65 жасқа толар еді. Есенқұл телевизиялық ақындар айтысының тұңғыш лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі. «Бұл жаз да өтер…», «Біз екеуміз», «Бастау», «Жанқисса» сынды бірнеше жыр жинақтарының авторы. Өлеңдерінен өмірдің өзі, сезімнің шынайылығы төгіліп тұратын ­Ес-ағаның жырлары талай жанның жүрек қылын шерте түседі.

Ақынның табиғаты Көк пен Жердің арасындағы дүниенің өткінші екенін, пенденің сабыр мен қанағатқа кемшін кездерін баяулап меңзеп, дөп басады. Даңқ пен дақпыртқа елең етпей, өз туған жерінің аяулы топырағында қоңырқай тірлік кешкен ақынның тіршілік мекенінен алыстағанына да алты жылға жуықтапты. Осы орайда, түрлі мәдени орындарда ақынды еске алу кеші өтті. Соның бірі орталық мемлекеттік мұрағатта жалғасын тапты. «…Сары ала қаздар саңқылдап, сары ала күздің өткені-ай…» деген атаумен ұйымдастырылған кешке ақынның әулеті мен достары, шығармашылық ортаның өкілдері қатысты. Жанат ­Ахмади, Исраил Сапарбай, Тұңғышбай Жаманқұлов, Жанарбек Әшімжан, Есей Жеңісұлы, Сәкен Майғазиев сынды ақын-жазушылар, өнер иелері естеліктерімен бөліссе, Қ.Мандоки атындағы №154 орта мектептің оқушылары ақын поэзиясын оқып, көпшілікті толғандырды. Әсіресе айтыс сахнасында үзеңгілес, өмірде дос болған Шорабек Айдарбеков екеуінің қалжың айтыстарынан үзінді келтіріп, өткен күннің сәулелі шақтарына шегініс жасады. Есенқұлдың қиыннан қиыстырып, сөз тауып кететін тұстарын, айтыс аламанында қазақы дәс­түр­дің шеңберінен шықпай, ұлттық құндылықты насихаттай отырып, халыққа жағымды әсерлі айтыс жасай білетін тапқырлығы, ел ішінде таралған түрлі қалжың, қағытпа сөздері туралы да сыр шертілді. Ақын ғұмырының басым бөлігін шәкірт тәрбиелеп, өнерге баулығандығы аңғарылды. Қолына қағаз бен қаламын серік еткен жас буын өкілдері ақынның шығармашылығын пысықтап, жарыққа шықпаған жырларын жинап, кітап етіп шығаруды міндет етіп отыр.
…Жырымды қабыл алыңдар,
Өзімнен менің аумаған.
Жауқазын мұнда жаным бар,
Жазғы бір таңда жаураған…
Сағыныш пен мұң адам баласының әсем әлемі іспетті. Осының бәрін өлең құдіретіне сиғыза білген ақынның жырлары елдің жүрегінде мәңгі тербеліп тұрары анық.

Динара Мәлік

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.