Әжемнің әңгімесі

Әкем ерте кетті, мен әкелік мейірімді әжемнен алдым. Есейгенше. Кейін оқу іздеп қалаға кеттім. Артымнан іздеп қалаға келді. Өмірдің сантүрлі тағдырын бастан кешкен апам, сол қиындықтарды жеңе білген аяулы әжем – Зерікүл Сүлейменқызы 1940 жылдың көктемінде дүниеге келіпті. Әкесі Сүлеймен деген кісі, өр, өжет, сөзге шешен, бес уақыт намазын қаза қылмаған барша Жиембет-Қоңыршұнақтың даңқы асқан батыр кісі болыпты. Батырлығы сол, 1920-1930-жылдардағы аласапыранда Қаратаудың Теріскейі мен Күнгейінде орын алған кезекті толқуда топ кісімен жазалаушы отрядтың қолына түсіп, 40-тан аса кісі тау арасымен Теріскейден Шымкентке айдалыпты. Айдап бара жатқан екі орыс-казак екен. Тоз-тозы шыққан тұтқындар көшті баяулатып, сусыз және тамақсыз біраз күн жүрген соң тіпті халдері нашарлаған. Әлгі екеуі бұларға: «Бәрібір Шымкентке барған соң атыласыңдар, одан да біз сендерді осында-ақ ата бастайық» деп, еріккен екеу реттік санға қойып, сол санға сәйкес келгенін біртіндеп ата беріпті. Түн ортасында тұтқындар арасындағы жасы үлкен бір ақсақал Сүлеймен атамызды өзіне тартып: «Шетімізден қырыла береміз бе? Қайратты жігіт едің! Бүгін түнде бір амалын тауып екі айдауылды қолға алудың қамын жаса!» депті. Сол түні атамыз қос солдаттың орайын тауып қолындағы кесек таспен екеуін кезек жайратыпты. Айдауылдардан айласын асырған атамыз әлгі ақсақалды арқалап тау асып қашқан екен, өзге жұрт та басы ауған жаққа кетіпті…

Сол күннен бастап Сүлеймен тау арасында банды болып, асауды ерттеп, мылтығын сайлап, ауылға тек түн кезінде ғана келіп жүріпті. Атамыз Өзбекстан мен Тәжікстан жаққа дейін жортуыл жасапты. Содан тек 1938 жылдан кейін біздің Ащысай-Хантағыда шахта ашылып, ТЭЦ салынып жұмысшы күш тапшы уақытта, жаппай амнистия жарияланғаннан кейін ғана атамыз Қырықкепеге (Хантағы маңындағы ауыл) қайта келеді. ТЭЦ-ке «көмір күреуші» боп қызметке тұрған. Сол Сүлеймен атамыз 70-ке келгенше Қырықкепеде көкпар тартты. 1895 жылы туған Сүлеймен атам 90 жасады.
Біздің апамыз сол Сүлейменнің қырықтан асқанда көрген кіші қызы. Айналасындағы жігіт-желең көңілінен шықпай, апамыз 18-ден асқанша жү­ріпті. Ақыры атамыз Тұрсынбай екеуі­нің сөзі жарасып, шаңырақ құрған.
Апам жоғарғы оқу орнын оқымаса да білімге ерекше құштар жан еді. Апам қайтқан соң үйдегі оқыған кітаптарын санадық, тек үйде тұрғаны 2000 кітап екен. Әсіресе соңғы жылдары апам ерекше көп оқыды. Соңғы 10 жыл Алматыда, қыздарының қолында тұрды. Күйбең тіршілік, жиі бара бермейміз, бірақ барып қалған күні апам бірден кітап сұрайтын: «Әй Дәурентай, маған беретін кітабың бар ма? Келесі жолы ала келші!» деп өтінетін. Соңғы жылдары апаммен ұзақ әңгімелесе алмадым… Қу, тіршілік қой… Қазір соған іштей өкінем. Десе де бірнеше жыл бұрын апамның жинақ кітабын шығардық. Онда өзінің өткен өмірін, өз жұрты мен төркінінің шежіресін, бала-шағасын, жазған өлеңдері мен естеліктерін жинақтадық.
Апамыз он құрсақ көтерген, үш ұл, жеті қыз. Бірақ тағдырдың жазуымен бір ұлы Асекең бала күнінде шетінеп, екінші ұлы Үсекең ер жетіп, әскерден келгенде қайтыс болды. Ал үлкен ұлы Насырла нағашымыз, Бапан деген атымен Кентауға аты белгілі, айналасына сыйлы, ортасына қадірлі кісі еді. Төрт қызын бой жеткізіп, өз қолынан ұзатып қияға қондырған бақытты әке еді. Ол кісі былтыр 60 жасқа қараған шағында өмірден озды. Апамызды осы, үлкен ұлының өлімі қатты есеңгіретті. Нағашымыздың жылынан кейін апамыз тұралап, енді қалған өмірді мәнсіз деп тапса керек… Одан басқа апамның 7 қызы бар. Ана жүрегі өз құрсағынан қанша бала шықса ұл-қыз демей соның бәріне бірдей көңілі бөлінеді. Біз үлкен қызынан туған жиен немерелеріміз. Әкеміз ерте кетіп, нағашымыздың, осы апамның қолында өстік. Өзінің тәрбиесімен өсиетіне сәйкес, әсіресе Алматыда тұратын жеті қызы өзара тым жақын, әркез бірге, жұмыстары да ортақ. Апамыз еш баласына барынша ауыртпалық салмауға тырысатын, Алматымен Кентаудың арасын автобус­пен еңсеріп, өзі сүйетін той-томалаққа жиі барып-келіп жүрді. Жаз шықса Кентауына асығып, ондағы өз үйіне барып, есігін ашып отыратын. Кімнен болса да сұрағанды, қатты кішірейгенді тым ұнатпайтын. Бір ұлы, жеті қызы, отыз немересі дүркіреп тұрса да өтініш қылар кезін мың саралап, еш шатаспай, асқан сақтықпен келтіретін.
Апамыздың мінезі тым өткір еді, біздің жақта жиі болатын қариялардың жиын-мерекелерінде ақсақал-қара­сақалдармен теңдей әңгіме құрып отыратын. Тарих пен әдебиетке құштар. Апамның апа болып, ертегі айтатын жасына келген кезінің барлық рахатын Дархан ағам екеуміз көрдік. Оқығанын, өмірден тоқығанын әдемілеп, майын тамызып тұрып айтатын. Ал кешқұрым апамыздың немерелерімен ойнайтын басты ермегі «Хан талапай» ойыны. Қызылға боялған сақа асық, апамның уысынан алшысымен түскенде «Хан талапай!» деген айғаймен асыққа бас салатын едік. Кентауда шілде түскенде түннің өзі ерекше қапырық, ыстық болады. Көп қабатты үйде тұрдық. Кентаудың әдеті бойынша жұрт, панельді этаж үйлердің ауласын ауыл деп атайтын, ал түнделетіп апам, ағам және мен үйдің артына кетіп, көгалда, далада ұйықтайтынбыз. Кентау жұрты үшін бұл ерсі емес-тін. Аспандағы жұлдызы жарқыраған әңгімеге толы сол түндер, біздің Қаратаудың тарихымен басталып, Хантағыда тұрған көрші-қолаң, ағайын-туыстың шежіресімен жалғасып жататын. Бірде Дархан ағам екеуміз сүндетке отыратын болып, Бауыржан жездеміз Урал мотоциклымен біздің көңілімізді аулап қыдыртып, шаппасы өткір ақсақал қожаны үйге әкеліп, сүндеттеліп болған соң далаға шықсақ, апамыз үлкен қара ат әкеліпті. Қай кезде де біз атқа отырып, тәкаппарланып, көптің алдында өктем сөйлеп, сенімді сөз бастасақ қуанып отыратын. Бірінші болып сөз алғанды, асырып айтқанды, мерей-мәртебең үстем болғанын апам қатты ұнататын. Жоғарыда әкесі туралы жазып кеттім, апама мінез әкесінен дарыса керек. Сөз арасында «арғы атамыз Әлдекей, Түркістан мен Теріскей арасында болыстыққа таласқан адам» деп отыратын еді, жарықтық.
Сосын Әзірет Сұлтан! Оңтүстік халқы Қожа Ахмет Яссауи кесенесін осылай атайды. Бала күнгі барлық әңгіме, барлық тарих және шежіре осы Әзірет Сұлтаннан басталады. Апамның рухани дем берушісі де, Алладан кейінгі бар сыйынары да Әзірет Сұлтан. Түркістанға барған күні міндетті түрде кесенеге баратынбыз. Отбасына қауіп төніп, шешуі жоқ күрмеулі мәселе болса апамыз Әзірет Сұлтанға тартатын да тұратын. Бірде үлкен ұлы Бапан қатты ауырып, ота жасалса да ем қонбай қойған қиындықта апам Арыстан баб пен Әзірет Сұлтанда түнеп, оларды неше он рет айналып келгені бар.
Әжем әдемі қартайды. Он екі жыл бұрын қант диабеті деген диагноз қойды. Бірақ болмысынан өжет апам сол күннен бастап диетасын ұстап, тәніне ерекше сақтықпен қарап, ешбір жеріне хирургтың пышағы тимей өтті өмірден. Апам көйлектің әдемісін, шайдың үндісін, сорпаның майлысын, еттің семізін ұнататын. «Құдай ешкімге күнімді қаратпасын, ақтық демім шыққанша өзім жүрейін» деп отыратын. Сол дегені болды. Бір апта ғана емханада жатып, кейін үйге келіп бақилық болды.
Біреуден көрген жақсылығы ешқа­шан қайтарымсыз қалған емес. Ең құрығанда үйіп-төгіп батасын беретін. Туған баласынан жақсылық көрсе де, тап сол сәтте ең тәтті сөздермен батасын беріп жататын.
Жастайынан жедел шешімді қабылдап, өткен күнге өкінбей, келер күнге қам жасайтын алғыр, прин­ципті кісі еді. Күні кешеге дейін Салиха қызынан туған екі кішкентай немересін бағып, мектепке дайындап, сабағын оқытып, өзінің қоғамдық рөлін қалтқысыз орындап келді. Әкесі қайтыс болғанда да өз перзенттеріне өзі тоқтау салып, өзі қайтарда да бізге: «Ұлға бергісіз 7 қызым бар, олардан тара­ған арыстандай немерелерім бар. Мен өлгенде жетісінде де, қырқында да, жылында да қасқайып тұрыңдар! Іштеріңде сөз қалмасын, айтыңдар! Қайғырып ах ұрмай, міндеттеріңді атқарыңдар» деп қысқа қайырған. Қалай күйзелмейсің, десек те ақтығын немерелері қатар тұрып қасқайып атқардық.
Кентауда жұма күні қойылатын кісі­лердің жаназасы Орталық мешіт­тен, жұма намаздан кейін шығарылады екен. Апама сол күн бұйырыпты, жана­засында мың адам сапта тұрды. Апам 79 жыл жасады. Ұзақ жылдар бух­гал­терлік қызмет атқарып, автопаркте есепші-кассир болды.
Бүгінде артында 7 қыз, 1 ұлдан тараған 30-дан аса немере, 20-дан аса шөбересі қалды. Аллаға сансыз шүкір дейміз!
Мен қоғамдық жұмыста да, жеке өмір дағдымда да шешім қабылдар сәтте әжем айтқан даналық әңгімелері құлағымда жаңғырып тұрады…

Дәурен БАБАМҰРАТОВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.