АТАМЕКЕН

Азат ӘКІМ

Үйленген үш ұлы мен тұрмыс құрған қызы тойын жасап беретін ағам Қасқырбай жетпіске толады. Алдын ала хабарлағасын шілде айының ортасында жолға шықтық.
Сайрап жатқан жол жүріске жайлы, уақытпен жарысып бұрынғы Жаңақазалы стансасына келіп жеттік. Аудан орталығы болып саналатын станса біраздан бері Әйтеке би бабамыздың атында. Сәлем беруді ағамыздың шаңырағынан бастау қалыптасқан дәстүр, сырттан келген бауырларымызбен де осы үйде арқа-жарқа амандасып жатырмыз. Стансадағы қара шаңырақтың иесі Қарсақбай інім келді, бір малын шалыпты, ертең ата-бабаларымызға, әжелерімізге, әке-шешемізге Құран оқытпақшы. Үйіне шақырғасын әйелдер, бала-шаға екі жеңіл көлікпен кетті, ағайынды алтауымыз, көшбасшы Қасекең ортамызда, қара шаңыраққа жаяу тарттық. Мені қолтықтап алған ағам Астана жаңалықтарын сұрап келе жатты.
Алдағы күндерге қатысты әңгіме өрбіді. Ертең қара шаңырақтағы інім, одан кейінгі күні ағам ата-анамызға, бәйбішесі Інжігүл жеңешемізге, басқа да Құран дәметкендерге дастарқан жаймақшы. Үшінші күні мейрамханада, Құдай қаласа, жетпіс жасын атап өтеді, басқа да тиісті шаруалар рет-ретімен жалғасын табатындай. Жол-жөнекей үйінің көше бетіндегі ұзын отырғышына жайғасқан, ағамның қатары әрі ағайынымыз Сағындық жолықты. Бір заманда үй-ішімізбен араласып тұрушы едік.

– Пай-пай, әкеміз Әкімнің шамшы­рақ­тары! Жаман-жәутік көшемізге ажар-көрік бітіріп тұрсыңдар, бар екенсіңдер ғой, алтауыңның бастарың қосылғанын баяғыдан бері көріп тұрғаным осы, – деп орнынан тұрды. Кезек-кезек құшақтасып амандастық. – Үйге жүріңдер, сыбаға малдарың дайын, – дейді жік-жаппар болып. Ағамның мерейтойына Сағындық шақыру алыпты, шешесі де аман-есен екен. Майсара шешеміз ауладағы сәкіде, тал-терек көлеңкесінде кішкентай, сүйкімді шөбере қызымен бірге отыр. Жасы тоқсан алтыда, бір көзі ғана жүрер жолын шамалайтын секілді. Жапатармағай сәлем бердік.
– Алтауы да бірге жүр ме? – деп баласынан қайыра сұрады. – Ендеше бір мал сой, Әкім мен Зағипаның алты ұлы күнде келіп жатқан жоқ, – деді қадап айтып. Келістің мән-жайын түсіндірген, шешемізді тойына шақырған ағам базардан тәтті-дәмді алдырарсыз деп қалтасына ақша салды.
– Менің жүріп-тұруым қиын ғой, ана құрдасың барар бәйбішесімен, – дейді. Сағындықты айтып отырғаны түсінікті. Қолдан пісірген ыстық наннан ауыз тигесін жүз жасаған кейуананың ақ батасына әуминімізді жарысып айтып, бет сипастық.Жолда кездескен жастар біреуімізді таныса, бәрімізге сәлем береді. Інілерім сәлемшілердің ата-анасынан таратып түсіндіруде. «Көп жаса, қарағым, бақытты бол!» дейміз ұлына да, қызына да.
Қара шаңырағымыздың ауласында ойнап жүрген бала-шаға мәз-мейрам, кімнің кім екенін біреу айтпаса, ажырата алмайсың.Қарсақбай інімнің әйелі Анар бастаған көрші-қолаң келін-кепшіктер бәрімізге иіліп сәлем берді. Інім осы жаз бұрынғы үй-жайымызды ұлғайтып, шатырын қайта жауып, іші-сыртын жаңалап, еденіне дейін қайта төсеп, бояп-әрлеп қатырып қойыпты. Қыста бұрынғыдай көмір жақпайды, табиғи газ.Өкпе-бауыр, ішек-қарын, жас картоп қосқан қуырдақпен бірге шай ішкесін сыртқа қайта шықтық.
Қазанда ет асылуда. Бәріміз келісіп алғандай әке-шешеміздің басына барып қайтқымыз келді. Екі жеңіл көлікке жайғастық, көршіміз Күлмәрәш жеңгемізді, Жанқожа мешітінен бір молданы қосып алдық. Молдамыз қорымға кірер қақпа алдында ұзақ сүре оқыды, мәңгілік ұйқыға кеткен үлкен-кішіге ізгі тілектерін қосқан құдайшылық сөздері жолымызды ашты. Орнымыздан тұрғасын көше-көше болып созылып жатқан қорымды асықпай аралап келеміз. Әке-шешеміз алты ұлының келе жатқанын біліп-күтіп жатқаны анық. Кейде адам сана-сезімін елестер билеп-төстеп алады, бір көшенің екі бетінде қарама-қарсы жатқан ата-анамыз жол үстінде қарсы алатындай. «Жарықтарым-ау, сендерді аман-есен, бәріңді бірге көретін күн болады екен-ау» деп жарысып тіл қататындай.
Ата-анамыздың құлпытастарын кезек-кезек сипалап жүрміз, әрқай­сысымыз сәлем беруге келгенімізді іштей айтып жатқан болармыз. Ағам өзімізге ерекшелігі бардай көрінетін екі зиратқа келген ­сайын көзіне жас алады. Егде жастағы молдамыз әкеміздің басында күбір-сыбыр тыйылғасын, бір сәт үзілістен кейін аятына кірісті, әуезді, қоңыр дауысы ақыретті еске салатындай, шешемізге бір бөлек құран оқыды. Әкеміздің құлпытасы орнында бас жағында бір кесек тасы бар сорайған темірі қалыпты. Ойымыз осы келгенімізде жаңартып кету, сол арада ағам Ақтөбе қаласында тұратын кенже ұлы Сағитжан атасына құлпытас соқтырып әкеле жатқанын айтты. Бүгін кешкісін жеңіл көлігімен келмекші. Мына жаңалық көңіл-күйімізді қайта серпілтті. Күлмәрәш жеңгеміздің ізіне еріп, әкемнің қарындасы Раха апамның зиратына, басқа да ілгеріде марқұм болған ағайын-туыстар басына тізе бүктік. Қорымда тыныштық тапқандардың қатары қалыңдапты, іздеген бейітті білетін адам көрсетпесе, жадыңа сеніп табу қиын.
Қасекеңнің қосағы Інжігүл теміржол­дың арғы бетіндегі қорымда. Ауыл арасы көлікке тиіп тұр. Аруақты сыйлаудың барлық жөн-жоралғысы сақталды. Қайран, жеңеше! Бала-шағасын ел қатарына қоспақшы болып жүргенінде өзінің денсаулығына мән бермеген, асқынып кеткен қатерлі ісік ақыры алып тыныпты. Бәріміз еңсеміз түсіп қорымның сыртында күтіп тұрмыз, ағам жеңешемізбен бірге қалды. Әлден уақытта қорым қақпасының арғы жағынан ағам көрінді, бет орамалымен екі көзін кезек-кезек сүртіп келе жатыр. Бәйбішесімен сөйлесіп, бәлкім, жүрек түкпіріндегі сырын қозғап, көңілі босаған сияқты. Бала-шағасы күтіп-баққанымен ойындағысын қас-қабағынан-ақ түсінетін, ақылдасатын Інжігүлдей бола алмайды ғой.Қасекеңмен бірге бір көлікке мінгендеріміз қашан өзі тіл қатқанша үн-түнсіз отырдық.
Барған қорымдарымыздың бәрі бос аумақтарымен бірге мұқият қоршалған, үлкен қақпалар орнатылған, өлі разы болмай, тірі байымайды. Қырымбек Көшер­баев­тың тапсырмасы бойынша жергілікті әкімшіліктің, негізінен жеке кәсіпкерлердің иманды ісі көрінеді. ­Ит-құс, мал кірмесін, бақи жамағаты тыныш ұйықтасын деген ой. Қырымбек Елеуұлы келіп-кететін басшы емес, осы өңірдің азаматы, бірқатар ірі жобаларды жүзеге асырғанынан және көпшілік көңілінен шығатын игілікті істері жалғасып жатқаны­нан хабардармыз. Облыс әкімі туралы ел пікірі өте жақсы.
Әкеміз шілде айында қайтқан, ертеңіне Қарсақбай інім дастарқан жайды. Әлі тың, сергек Күлмәрәш жеңешемізді аулада алдынан шығып қарсы алдық. Күлмәрәш Раха апамның үйіне келін болып түскенінде ағам да, мен де мектеп оқушылары едік. Жап-жас жеңгеміз басқаларына сөзі өтпегенімен кішкентай қайнылары ағам екеуіміздің екі аяғымызды бір етікке тығатын, әлдеқайда жұмсаса құстай ұшып кетеміз. Кәделеп төрден орын ұсындық. «Ұл, төрге отырсайшы» деп ағама қайрылғанымен Қасекең ыңғай білдірмеді.
– Онда басты өзің ұста, – деді ­Күлмә­рәш жеңгем. Иә, зымырап өтіп жатқан уақыт, кеше бар адам, бүгін жоқ. Күйеуі Сағи­долла ағам қайтыс болып кетті, әрдайым сәлемі түзу балалары ержетті. ­Аяулы, асыл жеңгеміз әулеттің ендігі үлкені болып қалыпты.
Есік алдындағы көшеге асфальт төселген, біз тұратын көше басында қаз-қатар тізілген сәулетті үйлер. Стансада жеке коттеждер де баршылық, жерлестеріміз сыңғыраған жай салуға төселіпті. Қара шаңырақтағы бау-бақшаны ара-тұра аралаймын. Бақшадағы түрлі көкөніс, жеміс-жидек дәмі адам өмірбаянымен тығыз өріліп жатыр. Қияр мен қызанақтың дәмі кейде күлкілі, кейде жаныңды бау­райтын әрнәрсені еске түсіреді. Туған жерге табанымыз тиген күннен бастап кешкісін алтауымыз да қара шаңырақта, ауладағы сәкіге төсек салдырып жатамыз, қашан қайтқанымызша осы әдетімізден жаңылмадық. Бұрын маса бар еді, бір түйір маса жоқ.Іңірден бастап аулада ұсақ жарқанаттар ерсілі-қарсылы ұшып жүреді, қоректері маса, шыбын-шіркей. Аға-інілеріңді сағынып жүресің, тыныш, көңілге ыстық, көз жауын алатын жұлдыздары да ілгеріден таныс ауыл кештерінде бірталай әңгіме айтылады.
* * *
Ертеңіне таңертең ата-анамыздың басында жиналдық. Ағамның кенже баласы, кәсіпкер Сағитжан ақ мәрмәр ­тастан құлпытас жасатып әкеліпті. Жас болғанымен әңгімесі орнықты, кезінде діни медресе бітіргесін молдамыз осы Сағитжан баламыз. Балалар, күйеу балалар, інілеріміз ынта-шынтымен жұмысқа кірісіпті. Әуелі шешемнің басында, одан әкемнің басында ата-анаммен іштей ұзақ тілдестім. «Әке-шешеміз армандағандай қайырымды, жақсы адамдар бола алдық па?» деген ой түседі. Алдағы күндеріне кімнің көзі жетіп тұр. Қоштасып кеткім келсе де өзімді өзім тоқтаттым, үмітсіз шайтан, мүмкін, тағы жол түсер.
Ауысқан цемент, ұсақ тас, темір-терсекті ұқыпты түрде жинастырып, қаңылтырмен бетін жауып, ауыр таспен бастырып, қалдырып кеттік. Бейіт соғып жүргендер мүмкін пайдаланар, ортақ тәртіп осындай. Ескісін қозғамастан жаңа құлпытасы алдына орнатылды. Тағы да кезек-кезек Құран оқылғасын ата-анамыздан ұлықсат сұрап аттандық. Қасекең теміржолшы ғана емес, кәсіби ұста, кезінде өзі тұрғызған үйі сырын да, сынын да бермегенімен қолындағы баласы Бақытжан ауласынан екіқабатты жай салуда. Жүзім жапырағының көлеңкесінде отырмыз, қасапшы құлқын сәріде бір қашар сойып­ты, келіндер қонақтарды қарсы алудың қамында. Әуелі жеңіл-желпі тағам мен шай беру ұйғарылды, одан кейін үлкен дастарқан. Елгезек қызмет пен тұз-дәмге, ниетке бата оқырға жиналған қауымның алғысы көл-көсір.
Ертеңіне Киікбай інім ерте оятты. Кешеден бері ойымыз ағам үшеуіміз жарық дүниеге келген, станса іргесіндегі Қазалы қалашығына барып қайту. Жүргізуші Нұржан. Сырттан келген басқа да бауырла­рымның біраздан бері көрмеген қатар-құрбыларымен өз қызықтары өздерінде.
Әуелі стансадағы Қашақбай Пірімов атындағы көшеге ат басын тіредік. Жол жиегіндегі жұрт серуендейтін, таскірпіш төселген табан жолы кең, таза, жауын-шашыннан қалқа орнатқан көрікті жаппалары әңгіме-дүкен құруға шақыратындай.Орта ғасырларда өмір сүрген, жар ­махаббатына адалдығы аңызға айналған Бегім анамызға,1930-шы жылғы Асан көтерілісіне, тағы бір тұста қобыз аспабына көрнекті ескерткіштер соғыпты.Осы көше бойындағы «Қазалының даңқты перзенттері» тақтасында келбеттері бедерленген Қорқыт баба, Жалаңтөс баһадүр, Әйтеке би, Жанқожа батыр және т.б. әйгілі есімдер атамекеннің ортақ мақтанышы. «Қазалының құрметті азаматтары» тақтасында бірқатар жерлестерімізбен қатар Мұстафа Матаев, Сейіл ­Боранбаев, Әлмәмбет Әлішев, Молдахмет Қаназ бейнеленіпті. Өмірден өткені бар, ортамызда жүргені бар, жас күнімде осы кісілердің азды-көпті тәлім-тәрбиесін көріп едім, көзіме оттай басылды.
Таяу болашақта стансадағы теміржол­дың арғы бетін Әйтеке би ауданы, бергі бетін Қазалы қаласы атайтындығы туралы әңгіме құлағымызда. Мұндай өзгерістің әлеуметтік астары, әрине, ескерілуі қажет, сондай-ақ аудан орталығы стансаның қала мәртебесін алғаны және туған жердің тарихи атауы сақталғаны дұрыс. Оның тағы бір себебі қос тараптан бір-біріне ұмтылған станса мен Қазалы қалашығы күндердің күнінде кірігіп-қосылуы бек мүмкін.
Қазалы қалашығының көшелері жай­қалған тал-теректер, жаяу жүрміз. Көшелердің бірінде қатар орналасқан Жастар алаңы (демалыс орны), стадион көзге түсті, бұрын жоқ еді. Жол-жөнекей Нұралы мешітінде қызметкерлері Қонысбай, Кінәзбек атты жігіттермен азды-көпті сұхбаттастық. Мешіт кеңес заманында емхана, қойма болған, кейін жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен қалпына келтіріліпті. Біз барғанда тағы да өңдеу-әрлеу жұмыстары қолға алыныпты. Осы істің басы-қасында жүргендер он бес күн бойы сыртта жұмыс істегесін он бес күн елде демалатын жергілікті жас­тар. Аталарына мың да бір рақмет, ақы-пұлсыз өз еріктерімен мешітті көркейтіп жүргендері имандылықтың белгісі. Кінәзбек ата-бабамызға, әжелерімізге, әке-шешемізге Құран оқыды, қарапайым жұрт қиналғанында жұбаныш табатын жері мешіт, кейбір Құдай үйі кейде түсіңе енеді.
Ұлы сәскенің кезі. Анықтап-пысықтап сұрайтын жасы үлкендер кездеспегенімен әлдекім қолымыздан жетектеп жүргендей іздегенімізді тауып алдық. Ілгеріде осы тұста, екі көше қиылысында өмірге келгенбіз, бірақ баяғы тоқал тамымыз жоқ. Тоқтап тұрғанымыз еңселі тұрғын жай, ашық қалған қақпасынан бау-бақшасы көрініп тұр, ауласындағы шатыр жиегіне қарлығаш ұя салыпты. Үйінің кіреберіс баспалдағы биік, есігі алдына шыққан түсі игі әйел бізге біраз қарап тұрғасын, қайта кіріп кетті.
Қайда барасың? Кімге сырыңды айта­сың? Сенімді ақпаратымыз бойынша, біз білетіндерден, танитындардан ешкім қалмаған.
«Қош бол, кіндік кескен, әлдилеп аялаған, арман мен үміт сыйлаған ескі жұрт» деп толқып тұрдық.
Сол күні орталық мейрамханада ағамыздың жетпіске толған мерейтойын атап өттік. Төрде ағамның құда-құдағилары екі үстелде отырды, жеке-жеке үстелдерде Арал мен Қызылорда қалаларынан келген нағашыларымыз, ағамның қайын жұрты, теміржолшы әріптестері, көрші-қолаңы, өзіміздің ағайын-туыстарымыз, балаларының қатар-құрбылары рет-ретімен жайғасты. Бізге, бауырларына да әйел­дерімізбен бірге оңаша үстел тиісті, ара­мызда кішкентайларымыз өріп жүр. Ойы­мыз немерелер осы бастан бірін-бірі танып өссін, бірін бірі іштартсын деген тілек.
Қайырымды, бауырмал ағаекем! Еңбекке ерте араласты. Алған мамандығы теміржол көліктерінің жүргізушісі. Мінезі – сабырлы, кең. Жас кезінде Қасқырбай ағам дүниеден ерте өткен әкеміздің орнын басты, бәрімізді бақты, оқытты-тоқытты, ер­теңгі күнге сенімімізді оятты. Бір ауыз демеу сөзі әліге дейін көңілімізге қанат бітіреді. Адам – тойымсыз. Дүние жалған­дығы, үлкендеріміз (оның ішінде өзім де бармын) енді қанша уақыт жер басып жүретіндігі туралы уайым бір бүйіріңде жатады. Ақырында ел, халық аман болсын дейсің ең басты тілегіңе қайта оралып. Іштей айтып жүрсе осы ақжолтай тілек жал­ғыздық тауқыметін тартқанның да, жетім-жесірдің де шаңырағына бір күні ра­қым нұры болып түседі. Көнеден жеткен сөз.
* * *
Той дүркіреп өткесін бір күн бойы Қамбаш көлінде демалдық, сол баяғы көз тоятын Батыс Қытай – Батыс Еуропа күрежолы. Қамбаш көлі Арал қаласы бағытында жарты сағаттық жол. Жолда бірқыдыру қашықтықта тал-терекке көмкерілген шағын «Ақбай» елді мекені көзге түсті. «Ақбайдың» қауын-қарбызы Қазалы-Арал жұртына әйгілі көрінеді. Биыл көктем кеш шығыпты, шытырлақ, торлама, қара қарбыздың алды тамыздың басында піспекші. Сарғайған әңгелек бал-шекер татиды, бағасы құдайы, бақшасынан таңдап жүріп әңгелектер жұлып берген бойжеткенге ризашылығымызды білдірдік.
Бір әттеген-айы, станса сыртындағы су көздеріне қармақ сала алмай-ақ кет­тік. Уақыт тапшы.Майсара шешеміз, Күл­мәрәш жеңгеміз сияқты қонаққа шақы­ратындар бірталай, шақырған жерге бару парыз, осындай бас қосуларда ата-анамыздың балажандығы, қанағат­шыл­дығы, ағайын-туыспен сыйластығы әңгіме өзегі, сондай-ақ бала күнімізде ба­сы­мыздан өткен түрлі қызықты оқиға, сырт көзден естігесін бе, жанымызды жадыратты.
Бір апта бір күндей болмай өте шықты. Әуелі Құдай, әрине, сонда да інілері, келіндері тұс-тұсынан шаужай­лағасын ағамның жетпіс бес жасын тойлайтын уәдесін алып, ағайынды алтауымыз Қызылорда қаласына жиналдық. Киікбай інімнің көздегені бір мал шалу, бәрімізді қонақжай шаңырағына ша­қырды. Қызылордадағы туған-туыспен тағы бір рет дидарласқасын, алдын ала ұшаққа алған билеттеріміз қалтамызда, Алматы, сондай-ақ Астана бағытында ұшамыз. Шаңырақтың кенжесі Арман, бәріміз жақсы көретін Арманжан келіншегі қырғыз қызымен бірге Алматыдан әрі қарай Бішкекке сапар шегеді. Бішкекте есік алдында бау-бақшасы, жеке үй-жайы бар, өздеріне тартқан ұл-қыздары ажарлы, инабатты балалар.
Стансадағы орталық көшенің аты ілгеріде өзгеріпті, Әйтеке би атында. Вокзал алдындағы бақ ішінде Әйтеке би бабамыздың еңселі, зәулім ескерткіші қайратыңа қайрат қосатындай. «Жүргенге жол жақсы, Қалғанға үй жақсы». Осы емеурін талай ұрпаққа ес-пана болған туған жердің қайыр-қош сөзіндей. Алтын бесікке туын тіккен, қуанышы мен қайғысын бірге көріп келе жатқан перзенттері аз емес. Солардың аман-саулығы, үстем мерейі – атамекеннің үлкен тілегі секілді. Стансада базарлы балалығымыз өтті, адам ғұмырының ең бір қымбат, қимас шағы ғой ол. Сол дәуреніміз көлігіміз жылыстай бастағанда вокзал алдында қол бұлғап қалып бара жатқасын жүрек, шіркін, бір бұлқынып, қатты қағып кетті. Құс екеш құс та көктемді қанатына ілестіріп ұшқан ұясына оралады. Кім біледі, алдамшы үміт шығар, алайда алдағы уақытта да көңіліміз алып-ұшып келетіндей көрінгесін жолаушы пойызының терезесі алдында көкейдегі бір сөзді дұға қайырғандай күбірлеп қайталаймыз.
– Қайта айналып келгенше, аман-есен бол, айналайын, Атамекен!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.