ҚАНЫШ АҒА аманаты

Биыл қала мәртебесін алғанына 65 жылдығын тойлағалы отырған Жезқазғанның тумасымын, қаладан екі жас үлкендігім бар. Аталарымның негізгі қонысы – Жезқазған қаласының нақ басы. Дәлірек айтсам, қазіргі Кеңгір су қоймасының күнбатыс жақ табаны. Кейіннен, қала бой көтерген тұста, ол жер көлге айналатын болған соң, қаланың шығысына қоныс аударып, №1,2,3 «Бекболат» ауылы атанған жерден әкелеріміз үй тұрғызып, соған көшкен екенбіз. Қазір Жезқазғанның үлкен металлургия заводы орнаған жер бұрын Наушабай деп аталған. 1930-1940 жылдары менің аталарым қоныстанған ауылға Қаныш Имантайұлы Сәтбаев жиі келіп тұрған екен. Аталарым мен әжелерімнің қойған сұрақтарына, Қаныш аға Жезқазған даласында мыс кенінің мол қоры бар екенін, алдағы уақытта табылатын әлі де көптеген басқа да кен байлықтары көп екенін айта келе, енді шамалы жылдары осы жерде үлкен қала болатынын, Қарағандыдан теміржол келетінін, кенді өңдейтін үлкен фабрикалар мен завод салынатынын айтқанда бірі сеніп, енді біреулері сенбестік білдірген. Ауыл ақсақалдарының таңырқағанын байқаған Қаныш аға: «Қаланы да, заводты да, теміржол мен тоғанды да, тағы басқа құрылыс нысандарын осы арадағы халықтың өзі салады. Оған Үкімет басшылық етіп, қаражат бөледі. Мыс өндіретін фабрикалар мен заводта сіздердің балаларыңыз бен немерелеріңіз жұмыс істейтін болады» дейді. Қаныш ағаның айтқандарына ауыл тұрғындары: «Айтқаның келсін, айналайын, Алла жар болсын» деп баталарын берген екен. Сонау жылдары «Бекболат» ауылы атанған 10 шақты үй бүгінде көптеген ұрпақ тараған үлкен әулетке айналды. Сол ұрпақтың бірі өзіммін.

Жерінің асты толған қазына, үсті ­ырысты, кенді өлке – Жезқазған өңірінің ен байлығын ел игілігіне айналдыру, кемелді келешегіміздің негізін бүгіннен қалап, экономикалық қуатын арттыру арқылы тәуелсіз мемлекетімізді дүниежүзіндегі дамыған елдермен терезесі тең, өркениетті елге айналдыруға сүбелі үлес қосу – елін сүйер, Отанының баянды болашағына деген сенімі мол әрбір азаматтың қасиетті борышы.
Әкемнің туған інісі «Сүтемген Бүкіров (1921-1996жж.) Жезқазған қаласында көп жылдар елеулі еңбек етті. Жазу­шы-ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақселеу Сейдімбеков естелігінде: – Сүтекең туған өлкесінің тірі шежіресі еді. Киелі де қасиетті Ұлытау өңірінің екі ға­сыр­лық тарихын кішкентай көкірегіне сыйдырған алып қойма еді. Сүтекеңнің пайымы, Сүтекеңнің дерегі біз түгіл, кешегі Қанекең (Сәтбаев), Әлекеңдерге (Марғұлан) нағыз компас іспетті бол­ған­дығы белгілі. Ұлытау-Жезқазған жақтан жол іздегендерге, жоқ іздегендерге ­Сүтем­ген аға бағыттаған тайдырмас бағдар­шам қызметін атқарғандығын ғылымның өлкетану атты ауқымы кең саласымен айналысатындардың ешқайсысы да жоққа шығармаса керек. Сүтемген Бүкіров өз халқының нағыз патриоты, адал ұлы болды. Оның бүкіл саналы ғұмыры көмескіленген тарихымызды, көзден кетсе де көңілден өшпеген көне мағлұматтарды іздеумен өтті» деп толғана жазған.
Көзінің тірісінде «Музей ата» атанған Сүтемген көкемнің Қаныш Сәтбаевқа деген сүйіспеншілігі ерекше болатын. Әлі есімде, Қаныш аға дүниеден өтті деген суық хабарды естігенде ол кісінің балаша жылағаны. Қ.Сәтбаевтың үлкен портреті көкемнің бөлмесінің төрінде ілулі тұратын.
1970 жылы Алматыда жүргенімде Сүтемген көкем мені қасына ертіп Қ.Сәтбаевтың үйіне апарды. Бізді ­Таисия Алексеевна қарсы алды. Шай іштік. Сол кездесуде ерекше есте қалғаны Т.Алексеевнаның: «Сүтемген, мен саған қолымдағы Қаныш туралы деректерді тапсырайын, кітап етіп жазшы? Осы деректерді (құжаттарды) талай адам сұрады, соңғы кезде Медеу Сәрсекеев деген жазушы қайта-қайта келуде, тіпті араға таныстарымды да салды, бермедім. Тағы да айтамын сен Қаныш туралы деректер жинап жүрсің ғой, саған берейін қолымдағыларды, кітап етіп шығаршы» деп өтінгені. Көкем ойланды. Жүзі күреңітіп, сәл уақытқа тынысы да тоқтап қалғандай әсер берді. Ақырында: «Таисия ­Алексеевна, сеніміңізге көп рақмет, бірақ мен Қаныштай зор тұлғаны дұрыстап суреттей алмаймын ба деп жасқанамын. Сондықтан Қанышты өзі сияқты үлкен шебер жазушы жазғанын жөн көремін» деді күрсіне. Мұның өзі Сүтемген көкемнің әр нәрсеге үлкен жауапкершілікпен қарайтынын байқататын. Шай үстінде Таисия Алексеевна Қанаға туралы біраз әңгімелер айтты.
Кейінде «Ұлы адамдар өмірі» серия­сымен Медеу Сәрсекеевтің Қ.Сәтбаев туралы кітабы жарық көрді. Сол жылы Жезқазғанда аталмыш кітаптың тұсау­кесерін М.Сәрсекеевтің өзі қатысып өткізді. Кешкісін Медеу, қасында жезқаз­ғандық инженер-геолог Мәлік Омаров бар, көкемнің үйінде дәмдес болдық.
1978 жылы жаз айында Мейіз Қаныш­қызы Жезқазғанға арнайы келді. Сол жолы көкем мені қасына ертіп, Мейізбен бірге Қарсақбайға алып барды. Қарсақбайда Қ.Сәтбаевтың үй-мүзейінде болдық, көп естеліктер айтылды. Әңгіме арасында Қарсақбай зауытында еңбек ететін инженер-металлург Төлеш Ермағанбетов деген кісінің мына сөзі есімде қалды: «Алматыда, Политехникалық институтта оқып жүрген кезімде, институттың акт залында үлкен жиналыс өтіп, оған Ғылым академиясының сол кездегі президенті Қ.Сәтбаев қатысып сөз сөйледі. Жиналыс аяқталар шамасында жиналысты жүргізуші: «Жезқазғаннан келген студенттер залда қалсын» деген хабарлама жасады. Бірнеше жігіттер солай істедік, жұрт тарап жатқанда орнымызда қала бердік. Әлден уақытта Қаныш ағамыздың өзі залда қалған студенттердің қасына келіп, әрбірінің қолын алып, амандасып, жағдайымызды сұрады, көбіміздің әке-шешелерімізді біледі екен, олардың хал-ахуалдарына ерекше назар аударды. Елдің амандығын, жұрттың жаңалықтарынан хабардар болғаннан соң, институт ректорына жүз бұра: «Мына студенттер оқудан шығып қалмасын, бұларға барынша жағдай жасалсын» деп тапсырды. Қанекеңнің осы қамқорлығына қуанғанымыз сонша, төбеміз көкке екі елі жетпей қалды. Төлеш ақсақалдың осы сөзі Қаныш ағаның қандай биікте тұрғанының дәлелі еді.
Қарсақбайдан қайтып келе жатып жолай Бала-Жезді дейтін жерге тоқтадық. «Әлі есімде, – деген-ді, сонда Мейіз Қанышқызы, – 1941 жылғы 21 маусым күні папамның Алматыға жаңа қызметке тағайындалуына байланысты жергілікті кісілер осы жерге киіз үй тігіп, дәм берді. Бұл әкемді шығарып салу құрметі болатын. Отырыс өте мәнді өтті. Түнде үйге келіп жатып дем алдық. Өкінішке қарай, ертеңіне соғыс басталды деген суық хабар құлағымызға тиді. Сөйтіп, біздің Алматыға көшуіміз екі айға кешікті».
Сүтемген көкемнің артында өзі ұйым­дастырып, көп жыл басқарған «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-нің Қ.И.Сәтбаев атындағы мұражайы, бірінші басқарушы әрі ұйымдастырушысы болған Жезқазған аймақтық мұражайы жұмыс істеп тұр. Өкінішке қарай, қаланың балалар ойын алаңының қасына орналасқан «Космонавтар» мұражайы жабылып қалды. Көкем космонавтардың көбімен таныс болатын. Жұлдызды қалада бірнеше рет болған. С.Королев, Ю.Гагарин медальдарымен марапатталған. «Жезқазған қаласы­ның құрметті азаматы», бірнеше орден, медальдардың иегері. Жезқазған қаласында Сүтемген Бүкіров атында көше бар.
Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының тұңғыш президенті, ғұлама ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаев Орталық Қазақстанның прогноз-металлогениялық картасын жасағанда Жезқазған өңірінде мол мыс қорынан тысқары, оның сарқылмас қазынасы – кен жыныстарының құра­мында сирек кездесетін түсті металдардың қоры бар екеніндігін ғылыми жолмен зерделеп шыққан еді. Яғни 21 түрлі химиялық элементті, атап айтқанда қорғасын, мырыш, алтын, күміс, молибден, сурьма, селен, теллур, рений, осмий сияқты бағалы металдарды өндірістік жолмен бөліп алу арқылы, кен өндіруден түсетін қыруар байлықты еселей түсуге болады. Осы аталғандардың ішінде, ғалым-геологтардың деректері бойынша, әлемдегі жер қойнауындағы ренийдің 30%, ал осмий – 187 изотопының 99% Жезқазған мыс кендерінің құрамында шоғырланған екен. Ендеше басқасын былай қойғанда осы екі металдың қоры бойынша әлемдегі монополист – Жезқазған.
Еліміздің сан-салалы өндіріс орындарына қажетті осы сирек металдардың химиялық таралу заңдылықтарын зерттеу, кен құрамындағы рений және осмий сияқты құпиясы мол металдардың үлесін анықтап, оларды өндіруді жолға қою бағытында көптеген ғылыми мекемелер мен институттарда ғылыми ізденістер мен зерттеу шаралары үздіксіз жүргізіліп отырды. Жезқазған кен қорында рений, осмий сияқты бағалы металдардың бар екендігін зерттеп, алғаш анықтаған Қ.Сәтбаевтың серіктестері, көзі қарақты ғалымдар С.Калинин, Т.Кошкина, Э.Файн кендегі негізгі минералдардың көлемі ұлғайған сайын ренийдің мөлшері­нің де өсіп отыратындығын ғылыми негізде дәлелдеді. Кейіннен осы мәсе­лені зерттеу ісіне ғалымдар Е.Аркаев, К.Жаминов, Л.Наркелюк, Е.Поплавка, М.Сәтбаевалар да ден қойды.
Ал, енді осмий жайында сөз қозға­сақ, мыс кені құрамында кездесетін бұл сирек металдың ерекшеліктерін алғаш зерттеген ғалым, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, геология және минерология ғылымының докторы С.Калинин мен химия ғылымының докторы Э.Файын болатын.
Осмий Жезқазған мыс кені жыныста­рының құрамында рений изотоптарының бір түрі ретінде кездеседі. Ренийдің екі изотоптан, рений-185 және рений-187 изотоптарынан тұратыны, олардың табиғи ренийдің құрамында тиісінше 37,07 және 62,93 пайыз болатындығын, рений-187 изотопы 75-атомнан кейін ыдырап, 76 -атомында осмий-187 изотопы құрылатындығын дәлелдеген ғалымдар, оны өндіріске енгізу технологиясын игеру қажеттілігіне назар аудартқан. Бірде Жезқазғанға іссапармен келген С.Калинин осы зерттеулер жайлы айта келіп, «Жезқазған мыс кенінің құрамындағы сирек металдар мұндай мөлшерде басқа жерлерде кездесе бермейді. Бұл табиғаттың сендерге беріп отырған сыйы» деген еді.
1973-1975 жылдары Жезқазған мыс зауытында тәжірибелік қондырғылар орнатылып, шайылған күкірт қышқылынан аммоний перренатын (рений тұзы) өндіру қолға алынды. Ал 1976 жылы сирек металдар цехы іске қосылды.

Әлден уақытта Қаныш ағамыздың өзі залда қалған студенттердің қасына келіп, әрбірінің қолын алып, амандасып, жағдайларымызды сұрады, көбіміздің әке-шешелерімізді біледі екен, олардың хал-ахуалдарына ерекше назар аударды. Елдің амандығын, жұрттың жаңалықтарынан хабардар болғаннан соң, институт ректорына жүз бұра: «Мына студенттер оқудан шығып қалмасын, бұларға барынша жағдай жасалсын» деп тапсырды. 

Мен 40 жылдан аса Жезқазған мыс заводында металлург болып қызмет атқар­дым, соның ішінде 1991-2001 жылдар аралығында сирек металл өндірісіне бас­шылық жасадым. Осы кезеңдері ­сирек металл цехы ғылыми-тәжірибелік алаңға айналды деуге толығымен болады. Кәсіпорын­да өндіріс қалдықтарынан сирек металл өнімдерінің жаңа түрлерін өндіру жолында ғылыми-зерттеу іс-шаралары одан әрі жалғасып, тоқтаусыз жүруіне Қазақстан ҒА академигі Е.Пономарева, т.ғ.д. З.Әбишева, х.ғ.д. Загородняя, т.ғ.к. Л.Агапова, геология институтынан т.ғ.д. Э.Файн, т.ғ.к. М.Мадин, Қарағанды химия-металлургия институтынан т.ғ.д. Т.Оралов, т.ғ.к. Б.Хасен, т.ғ.д. С.Исабаев, т.б. көп еңбек сіңірді, жетекшілік жасады. Сирек металдарды өндіру көлемін арттыру, сапасын жақсарту туралы үлкен бағдарлама жасалып, бекітілді. Тоқтаусыз жүргізілген жұмыстарымыз өзінің нәтижесін берді, атап айтар болсам:
1991 жылы қазан айында электородиализ қондырғысы орнатылып, өндіріс қал­дығынан рений қышқылы бірінші рет алынды;
1992 жылы қорғасын шаңынан қорғасын суригі алынды;
Бірінші рет Жезқазғанда 1995 жылдың 15 мамырында таза осмий-187 металы алынды;
1998 жылы желтоқсан айында бірінші рет ренийдің таза металы алынды; 1999 жылы өндіріс қалдығынан (свинцовый кек) үш негізді қорғасын сульфаты алынды және осы қалдықтың құрамындағы рений мен осмийді қосымша алуға қол жеткізді;
2000 жылы мамыр-маусым айларында шайылған күкірт қышқылынан ренийді өндіру (извлечение) көлемі жоспардағы 45%-дан 67%-ға жеткіздік, сол кездегі бұл үлкен өндірістік көрсеткіш болатын.
Республикамыздың ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары және ­сирек металл өндірісінің қызметкерлерінің бірлесіп атқарған ғылыми жұмыстарының нәтижесі бойынша 22 жұмысқа Қазақстан Республикасының авторлық куәлігі беріліп, патенттелді, 70 аса ғылыми мақалалар мен баяндамалар отандық және шетелдік басылымдарда жарияланды, өндірістен қол үзбей жүріп төрт сирек металл қызметкерлері техника ғылымының кандидаттығын қорғады: Н.Перфильев (1992ж.), Т.Бүкіров (1998ж.), З.Абдрахманова (1998ж.), М.Абайдильдинов (2001ж.).
Тәуелсіз Қазақ еліне ғана емес бүгінгі күні сапалы рений өнімдері мен осмий металын шығару арқалы сирек металл кәсіпорыны әлемге танымал болды. Ғылым мен техника дамыған заманда егеменді елімізде өндірілетін негізгі металдармен бірге кен жыныстарының құра­мында кездесетін сирек металдарды толы­ғымен өндіру және оны өңдеу заман талабы.
Ғұлама ғалым Қ.И.Сәтбаев жер қой­науынан өндірілетін кендерді кешенді түрде өңдеп, оның құрамындағы негізгі металдардан басқада элементтерді концентрат, қышқылдар, түрлі қоспалар, металдар түрінде толығымен өндіріп, халық игілігіне жарату керектігін жазып, кейінгі ұрпаққа аманат ретінде тапсырған. Ғалым аманатын орындау бүгінгі ұрпақ міндеті.
Сәтбаев қаласының 45 жылдығы аясында, қыркүйек айының 4-де, №27 лицейінің акт залында «Қ.И.Сәтбаев – Тұлға. Патриот. Ғалым» тақы­­рыбында халықаралық симпозиум өтті. Симпозиумға Қазақстаннан, Ресейден арнайы келген ғалымдар баяндама жасады. Баяндама жасаған ғалымдар мен жарыссөзге қатысқандар Қазақтың ұлы тұлғасы Қ.Сәтбаевтың еңбектеріне лайықты бағасын берді. Симпозиумға мен де қатынасып сөз сөйледім. Сонда «Қаныш Сәтбаевпен әлемнің бар қазағы мақтанады. Кеңес заманында Қ.Сәтбаевтың еңбегі әртүрлі себептермен өзінің лайықты бағасын алмағанын білеміз. Ұлт мақтанышына айналған тұлғаға Егеменді Қазақ елінің жоғары марапаты «Халық қаhарманы» атағын беру қажет» деген ұсыныс жасадым.
Жылдар өткен сайын Қаныш шыңы биіктеп, Қаныш жұлдызы жарқырай бермек.

Төлеген Бүкіров,
техника ғылымының
кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.