Қазақ тілінің өміршеңдігіне күмән келтірмеді

Сурет: Қоңыр әкесі Мандоки Шандор, анасы Кочкор Карас Ержебетпен. 1950 ж.

Андраш КЕЛЕМЕН 

Бүгінгідей атаулы оқиғада Мандоки Қоңыр Иштванның жан жолдасы Андраш Келеменнің өмірі мен шығармашылығының көпке беймәлім қырларын баяндаған, досының рухын еске алу жиынында айтқан естелігін ұсынуды жөн көрдік.
Білікті дәрігер қызметімен бірге, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін ұлтшыл бағыттағы қауымның белді мүшесі болған Андраш ­Келемен коммунистік жүйе дағдарысы тұсында Мадияр Демократиялық Форумы саяси қозғалысын құрушылар қатарында болған. 1990-2010 жылдары Мажарстан Парламентінің мүшесіне сайланған. Ол – 1990 жылдан мемлекеттік қызметке ойысып, Мажарстан Әлеуметтік қамсыздандыру министрлігінің, кейін Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшы қызметтерін атқарған, көптеген қоғамдық және ұлт өміріндегі маңызды бастамаларды жүзеге асыруға атсалысқан аса ықпалды, салиқалы саясаткерлердің біріне айналған тұлға.

Егер мен інім Пиштаның, яғни доктор Мандоки Қоңыр Иштванның ғылыми шығармашылығы туралы келістіре ­баяндай алмасам, ғафу өтінем. Сондай-ақ айтқандарым кейде мақтану болып көрінсе, айыпқа бұйырмассыздар. Себебі айтайын дегенім, өзімді дәріптеу де емес, бар болғаны, Қоңырмен бірге өткізген шақтарда есте қалған оқиғаларды ретімен баяндау ғана.
Ең әуелі, екеуміз де мадиярлардың ұлттық айқындалуының, яғни идентификаяны жоғалту кезеңде шеттетіліп, қағажау көргендер қатарында болдық. Пишта інімді тапжауының өкілі екендігіне байланысты оқуын жалғастыруына жол берілмеді. Оның отбасы да зардап шеккендер қатарында. Біз бірде оның туған Карцаг қаласына келгенде, анасы бізді күтіп құрақ ұшты. Пишта қаладағы бас көшеде өз иелері өмір сүретін жалғыз үйдің түрі «мынау – күйреген, коммунизм Құманияны да дәл осылай тас-талқан етті» деп күрсінді.
Балалық шағымда әулетіміздің ыдырағанын, жан-жаққа шашырағанына куә болдым дедім мен: Трансильваниядан Будапештке дейін, Будапешттен Ванкуверге, тіпті Мельбурнға дейін шашылдық һәм күйредік. Ұлы атамның Иранда қолданған қылышын тауып алдым дегенімде, бай-кулактарды тәркілеу науқанында белсен­ділер бірінші дүниежүзілік соғыста әке­сінің асынған қаруын алып кеткендігін айтқан Пишта күрсінді.
Әкем маған Калотасег ауылы тұрғын­дары өздерін татартекті, яғни түркітекті екенін білетінін айтатын. Ауызекі әңгіме мен дәстүрлі түсінікке қарағанда, олар Түркиядан басқа аймақта тұратын түрік халқына жататындығын, сондықтан да сойымыз Kelemen, латынша Clemens-тен тумағандығын оңай түсіндім. Өйткені қалыптасқан түсініктегі Юлий есімін Дьюла немесе Иенөні Евген деуі ешбір қисынсыз, тек латыншаға зорлықпен жақындату екен. Яғни сойымыздың мағынасы түрікше екен – келемін.
Мандоки Иштван, яғни еркелетіп Пишта атайтын інім де ата-бабаларының сойы­ның 1700-ші жылдардың басында өз­геше болғандығын іздеп тапты, зерт­теу­шілік қарымының куәсі ретінде өзіне екінші есім ретінде – Қоңыр деп қосып алды.
Пишта Кунмадараштағы совет казар­маларындағы әскерлерден ­татар және қазақ тілін үйренді. Ал мен ­болсам, бір жарым бөлмелі пәтерімізге түрік, тіпті моңғол, жапон және қытай сту­дент­терін ­немесе түрік босқындарын шақыратынмын. ­Солардан үйрендім. Есесіне Пишта дарынды түркітанушыға айналды, ал мен болсам отағалықты ертерек таңдадым. Бірақ ол өз өмірінде бір нәрсені өгейлеп тұратын. Бізбен бірге тұрған кезде, кешкі уақытта менің ұлдарыма ерекше жігермен ертегі айтып беруші еді.
Ол жаңа ғылыми тұжырымдары ­туралы түйіндерін алғашқы болып маған айтатын. Мысалы, Карпат қойнауын жаулап алған мадияр тайпаларының атауларының башқұрттар арасында кездесетіндігі туралы тұжырымның ешбір негізсіз екендігін айтты. Сол сияқты құман балаларының санамақ өлеңдерін де естідім. Ол менің әйеліме қазақ ою-өрнектері ­туралы баяндап, оның сондай үлгілерге қызығушылығын оятты. Жаңа қызметіме байланысты 1983 жылы отбасымыз Секешфехерварға көшкен кезде де, біздің жаңа пәтеріміздің терезесі қазақтың оюлы бауымен сәнделді. Пишта Оңайшамен отау көтергенде төркіндерінің жасау ретінде берген киіз үйін Мажарстанға келген алғашқы құндылық ретінде тарихта қалды.
Пишта түркі жұрттарын еркін аралаған кезеңдерін мен жіті бақыладым, оның қиялына елтідім. Содан кейін мен беймәлім түркі әлемі туралы көбірек білу үшін кітаптар мен журналдарға қол жеткізуге барынша тырысып бақтым. Алғаш рет қол жеткізген сондай құндылықтың бірі – National Geographic журналының 1954 жылдың қараша айындағы санындағы ­Милтон Дж.Кларктың жазбасы еді. ­Автор қазақтардың Баркөл және Үрімжі аймағынан екі лекпен қалай қашып бас сауғалап, Тибет қыраттарын көктей өтіп, шалғайдағы Кашмирге қияметпен жеткенін сипаттайды. Қытай коммунистік режимі түркі халықтарының, соның ішінде қазақтардың ерік бостандығына нұқсан келтіргеннен кейін, 1950 жылдың көктемінде губернатор Жанымхан мен бас қолбасшы Оспан Батырмен тәуелсіз үкімет құрған. Қазақтардың бостандыққа жұмылған күресін қытайлықтар қару­мен аяусыз басып жаншыды. Сол кезде Дәлелхан Жанымханұлы және Сұлтан­шәріп Зуқаұлы, Қалибектер басқаруымен қашып құтылуға әрекет жасайды. Ұзақ уақытқа созылған босу мен күресі баяндалады. Бұл мақаладан алатын ғибрат ерекше болды: мен коммунистік қуғын-сүргіннен арылуға болатынына көзім жетті. Қазақ бауырлардың ерлік әрекеті ерекше ой салды, жүрегіме үміт ұялатты.
Мандоки Қоңыр Иштван дәстүрлерді қайта тірілте отырып азаттығымызды қалпына келтіруге болатындығына, яғни өзімізді жоғалтпайтындығымызға бек сенді. Сондықтан ол жүрген-тұрған жерінде түркі халықтарының жастарынан өздерінің тілдері мен әдет-ғұрыптарын дәріптеуді, дамытуды талап етті, карекетке шақырды. Бұл пайымы өз тілінен және отбасы құндылықтарынан айырылған қалалық жастарға оғаш көрінетіндей еді. Бүгін бәріміз оған рақмет дейміз, оны бағалаймыз. Себебі Қоңыр уақыттың пісіп жетіліп келе жатқанын алдын ала болжай алатын. Қысымшылыққа қарсы күресуге қабілеті бар күштер кілкіп бетіне шыға бастады. Кеңес Одағындағы осындай жайтқа Орталық Азияға келгенде өзім де куә болдым. Бірде көрші үстелдегі орыстардың әңгімесін елеместен «Олар бізді барынша төменшіктетпек, олардың дегені бола қоймас!» деген кесімін айтқан түркімен жігітінің бет-әлпетін ешқашан ұмытпаймын…
Қоңырмен достығымыздың ең бақытты кезеңі Түркияда бірге өткізген шақ еді. Бізбен бірге мұраттас, жүрегіміз бірге соғатын Алтайтану институтының қызметкері, моңғолтанушы Беше Лайош болды. Аттила патшаның үш қабатты табыты туралы гот Иорданның дерегін солақай зерттеушілердің жоққа шығаруының ешбір негізсіз екендігін, ол отырықшы халықтардың өркениетті жетістіктері ғана емес, мұндай жерлеу үрдісі көшпелілерде де кең таралғандығын моңғол ертегілерінің желісінің негізінде дәлелденген осы Лайош еді. Оның арамыздан ерте кетуі, екеумізге қатты батқан еді, әсіресе Қоңыр қанаты қайырылғандай күй кешті…
Үйіміздің бақшасында Кобзош Киш Тамаштың түрік қонақтарымыздың алдында түрікше ән салғанына бірге куә болдық. Пишта екеуміз бір-біріміздің көзімізге қарап, қуанышты бөлісіп, шаттандық.
Тағы бір есте қаларлық сапарымыз Болгарияға жалғасты. Естеріңізге сала кетейін, коммунистер еркіндік пен халықтық құндылықтарды ғана емес, дінді де аяусыз қудалайтын. Соның бірін тұздық үшін ғана келтірсем, ­Чаушеску заманында Румыниядағы реформат шіркеуінен жібірілген ондаған мың дана Таурат кітабын дәретхана қағаздарын жасауға жіберілгені 1986 жылы көктемде белгілі болды. Сонан бұрынырақта, Румыния арқылы Болгариядағы Қырымнан қашқан татар (ноғай) шоғыры арасына сапар шеккенімізде жол жөнекей Трансильваниядағы бауырластарға Таурат, татарларға Құран кітаптарын жеткізіп тұрдық.
ХІХ ғасырдың ортасында орыстан­дырудың ең соңғы әрекеті Тың игеруге дейінгі барлық зардаптарға қарамастан ұлтты біріктіретін қуатты құралы қазақ тілінің күшейетіндігіне сендік. Өз ана тілін білмейтіндерді, тіпті сөйлемейтіндерді әрдайым сынайтын Иштван қазақ тілінің қуаты мен өміршеңдігіне бір мысқал да шәк келтірмеді. Ол ХІХ ғасырдағы Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, Абай сияқты ұлыларды тудырған халықтың қуатты ұлтқа айналып, нығаятынына нақ сенді. «Біз Мажарстан өз тарихымызда ұлттың әдеби тілі дегеніміз азаттықтың ең басты алғышарты екендігін бастан кешірген жұртпыз, ал дәл осы мәселені ХІХ-ХХ ғасырда А.Байтұрсынұлының «Қазақ» газеті бетінде ұран етуі кездей­соқтық емес» дейтін Пишта.
…Біраз уақыт өткен кезде – 1992 жылы елдің алғашқы тәуелсіз Үкіметінің премьер-министрі мені Мажарстанның жаңа Сыртқы істер министрлігіне жауап­ты қызметке шақырды. Менің негізгі мамандығым дәрігер болғандықтан, неге маған жүктеп отырғандығының себебін сұрадым. Сол кезде ол Кеңес одағының ыдыраудың алдында тұр­ған­дығын, ертең осындай жағдай орын алғанда империя құрамындағы мадияр­ларға туыс деп саналатын елдермен Мәскеуді айналып өтіп, тікелей бай­ланыс жасау үшін дайындық қамдау қажет деді. Бұған советтік көзқарастан жаңаша ойлайтын «қалтасында қызыл кітапшасы жоқ» адамдар ғана айналысуы жарасымды деді. Менің түркі жұрттарына етене қызығушылық танытатынымды, шетке кеткен, мажарстандық атақты шығыстанушы Германиус Дьюла мен Анкара университетінің профессоры, түркітанушы Рашоньи Ласлолармен етене қарым-қатынаста екендігімді білетін болып шықты. Мен келісімімді бердім. Яғни Пиштамен ұзақ жылдар армандаған мұратымыздың шеті қылаң бергеніне көзім жетті. Мен бірден Сыртқы істер министрлігінде лауазымға кіріскен жағдайда Мажарстан үкіметі жақын арада тікелей дипломатиялық байланыс орнату мүмкіндігін, ең алдымен тәуелсіз Қазақстаннан бастауы, онда Мажарстан Елшілігін ашу қажет екендігін көлденең тарттым. Кеңес Одағының ыдырай салысымен пайда болған дербес елдердің арасынан, Мажарстан, ең алдымен Қазақстанның тәуелсіздігін таныды. Біз азат қазақ мемлекетінің өміршең болатынына сендік, бұл қадамымыз соған деген шынайы ілтипатымыз іспетті.
Толықмәнді еркіндікке 1990 жылы бет бұрған Мажарстанның алғашқы Үкіметі менің ұсынысым бойынша Орталық Азия бойынша кеңесші тартты. Сөйтіп, ол 1993 жылдың қаңтарында ҚР Сыртқы істер министрлігімен байланысқа орнатты. Бұрындары консулдық байланыстар жолға қойылған-ды, себебі Теңізде жұмыс жасайтын бірнеше мың мажарстандықтар мәселесімен айналысатын консулдық 1986 жылдан бері Құлсарыда жұмыс істеп келген еді. Кешікпей Мажарстан Үкімет басы Анталл Иожеф Қазақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты, премьері Терещенконы ресми сапармен келіп қайтуға шақырды. Сегед университетінің профессоры, түркітанушы Торма Иожефті шағын дипломатиялық жұмысқа шақырдым. Шат қимылмен Қазақстан Парламентіне барып, парламентаралық қатынастардың негізін қалап қайтқан ол Мажарстан Республикасының Алматыдағы алғашқы елшісіне тағайындалып, байланыстарды одан әрі ілгерлетуде аянбады.
Екіжақты қарым-қатынастарды жолға қоюда 1993 жылдың сәуірінде жасаған менің ресми сапарым шешуші қадам ­болды деп айта аламын. ­Мажарстан Сыртқы істер министрлігінің саяси мемлекеттік хатшысы әрі Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары ретінде бір топ мадияр дипломаттары мен бірнеше (ауыл шаруашылығы, қорғаныс, индус­трия және сауда, мәдениет және білім, көлік, сондай-ақ телекоммуникация және сушаруашылығы) министрліктің лауазымдыларынан, бірқатар іскерлер мен ірі мердігерлерден тұратын ірі үлкен делегацияны басқарып келдім (Мәдениет пен білім саласындағы келісім жобасын Пишта ертеректе өз қолымен хатқа түсіріп, дайындап та қойған еді).
Алматыда жүргізілген келіссөздер барысында біз екі тараптың қауіпсіздік саясаты саласындағы ынтымақтастықтың негізін және экономикалық дамудың негізгі бағыттарын айқындадық, бірден жаңа мазмұндағы ғылыми және мәдени байланыстар орнатуға кірістік. Сапар барысында Мажарстан үкіметі шешімімен Мажарстан Елшілігін Алматыда ашып қайттық. Қазақстан Орталық Еуропа аймағындағы Елшілігін Будапештте ашу туралы шешім қабылдады. Оған Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Сәлім Құрманғожинді Елші етіп тағайындады.
Соның алдында ғана Қазақстан Премье­рінің Мажарстанға ­ресми ­сапары барысында Мажар-Қазақ экономи­калық ынтымақтастық жөніндегі үкімета­ралық комиссия құрылды һәм ынты­мақтастық ­туралы бірлескен ­меморандум дайындалған-тұғын. 1994 жылы желтоқ­санда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Мажарстанға жасаған ресми сапарында бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылды. Әсіресе екі ел арасындағы қосарланған салық­ты болдырмау, сондай-ақ инвестицияларды өзара қорғау туралы келісімдерге қол жеткізілді.
Өкінішке қарай, Мажарстан премьері Антал Иожеф 1993 жылы қайтыс болды және оның партиясы 1994 жылы сайлау­да жеңіліске ұшырады. Сөйтіп, онан кейінгі кезеңде уағдаласқан мажар-қазақ байланыстары өз қарқынын баяулатып алды. Бірнеше жоғары деңгейдегі ­сапарлар екі тарапта да болды: 1995 жылы ­Мажарстан премьер-министрі Хорн Дьюла Қазақстанға сапарласа, қарымтада 1996 жылы қазақ премьері келді. 1997 жылы Мажарстан президенті Гөнц ­Арпад Қазақстанға ресми сапармен барды. Сол жылы Қазақ Парламентінің төрағасы Оспанов Мажарстанда болды. Меніңше, онан кейін екі ел арасында саябырсу байқалды. Есімде қалғаны 1995 жылы ұлы Абай Құнанбаевтың 150 жылдығына арналған ұлық шараға қатысқанымды екшеп айтар едім.
Арада он бес жылдай тоқыраудан кейін екіжақты байланыстың леппен қайта жылжыды, іркес-тіркес оқиғалар орын алып, қайта жаңғырғанына куә болдым. 2010 жылғы Мажарстан Үкіметінің «Шығысқа қарай ашылу» деп аталатын бағдарламасын жариялағанда қуанғанышымда шек болмады. Өйткені өтпелі кезеңнің бастапқы жылдарында осы бағдарламаны дайындауда бірнеше досымызбен бірге елеулі еңбек сіңірген едік. Пишта досым тірі болғанда екі ел арасындағы ресми және сан қилы бай­­ланыстардың жолға қойылып, дамып отыр­­ғанына жүрегі жарылардай шаттанып ма­сат­танар еді. Өкініштісі, ол ортамызда жоқ…
Қазақстанның бұрынғы басқаласына келген сайын қазақ жастарының Мандоки Қоңырдың аруағын қаншалықты сыйлайтынына куә болып, таңдай қағам. Ол көз жұмған соң Дағыстаннан – Махачкаладан Алматыға кездейсоқ жол тартпаған, ол Тәңірдің қалауы болғандығына қайран қалам. Қоңыр қаладағы зираттың бірінде таудың баурайында қазақтың ұлыларымен бірге мәңгілікте үнсіз жатыр. Қалада ­Мандоки Қоңыр есімімен аталатын мектеп пен орталықтағы оның атымен аталатын ұзын даңғыл – оның мұратының айғағы, өшпес сүрлеуі сияқты.
Қоңырдың мұраттастары мен оны үлгі тұтқан жандар екіжақты ­байланысты гүлдендіру жолында қарекет жасап ­жатыр. Будапештте Астана көшесі, Абай ескерткіші, елдің көшпелілер мәдениетінің ескерткіштері мен алуан үлгілері кең ­таралып келеді. Әлемдегі ең ірі көшпелілер фестиваліне айналған Тұран Құрылтайына қазақтар ғана емес, сан ондаған туысқан жұрттардың мыңдаған өкілдері қонақ ­болып қайтады. Біз армандаған мұраттар өз ретімен жүзеге асуда.

(Мадияр тілінен тәржімалаған
Бабақұмар Хинаят)

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.