ТҮРКІШІЛ ТҰЛҒАНЫҢ МҰРАТЫ

Мандоки Қоңыр Иштван – бұл өзінің туған отаны Мажарстанда ғана емес, күллі түркі дүниесі қастерлейтін ұлық есімдер қатарынан орын алған көрнекті тұлға. Шыңғыс жорығы тұсында Карпат қойнауындағы мадиярлар арасынан пана тапқан құман-қыпшақ жұртының тумасы Мандоки Қоңыр түркі халықтарының ондаған тілін еркін меңгерген, бұған қоса зерттеушілік қарымы ерен, Тұран халықтарының фольклорлық-дүниетанымдық санасын бойына дарытқан ғалым. Ол түркология ғылымымен дендеп айналысып қана қоймай, ХХ ғасырдың төртінші ширегінде шығыс пен батыстың арасында алтын көпірге айналды, миллиондардың ықылас алқауына бөленді. Яки, ол халықтар арасын жақындастырған мәмілегер, озықтарға ой салған көреген еді. 

Басқалар отарбаның терезесінен ғана там­сана алатын Тұран сахарасында Қоңыр еркін ойқастады. Оған түркітілдес республика­лар­дың ғылым, білім саласындағы жетекші ғалым­дар мен айтулы ақын-жазушылардың қол­дауының арқасында қол жеткізді. Айталық, Қоңырмен етене жақын араласқан Анадо­лы­дан Керуленге, Оралдан Алатауға дейінгі аралықтағы елдердің кіл мықтылары болды. Әсіресе ол үшін өзі әркез аузынан таста­майтын ұлы Шыңғыс ­Айтматов, «бабасынан да үлкен қолдау жасаған» Олжас Сүлей­меновтің орны ерекше еді. Кешегі Ісмет Кеңесбаев, Ақай Нүсіпбеков, Кеңес Нұрпейісов, Тұрсынбек Кәкішев, Ақселеу Сейдімбек, Дәркембай Шоқпарұлы, бүгінгі тіл зерттеушілер Әбдуәли Қайдар, Рабиға Сыздық, Өмірзақ Айтбай, Нұргелді Уәли, Әлімхан Жүнісбек, фольклорист Мырзатай Жолдасбек, Сейіт Қасқабасов, тарихшы ­Болат Көмеков, көрнекті қайраткерлер Мұрат Әуезов, Иманғали Тасмағамбетов, Ерден Қажы­бек сынды жандардың есімдерін атасақ та жет­кілікті. Ол туралы жүздеген жандар Қоңыр­ға арналған естелік мемуарларында, онымен арада алмасқан хаттарында жете баяндайды.
Қоңыр өмірден ерте – бар болғаны 48 мүшел жасында озды. Ол – Алатаудың ­бау­райын­дағы Кеңсайда қазақтың ұлылары­мен бірге мәңгі ұйқыда. Ол тарихи отанына бас тарта отырып, қазақ жерін мәңгілікке бесік еткен алғашқы шетелдік ретінде көпке ой салды. Жерлестері мадиярлар жазғандай ол өлімнен соң «мифтік биіктікке көтерілді».
Мандоки Қоңыр мұраты күн өткен сайын құндылығы бекемделе түсетін құбылысқа айналды. Қоңыр тұлғасы заман өткен сайын асқақтай бермек. Мадияр этногенезі мен тарихын жаңа қырынан салмақтап жүрген антрополог, жүздеген мың көрерменнің басын тоғыстыратын «Құрылтай» атты Тұран халықтарының этномәдени шарасын ұйыстырушы Биро Андраш Жолттың айтуынша, өзі куә болғандай «Орта Азия мен солтүстік Кавказда, Еділ бойынан Қоңыр тұлғасын білмейтін көзқарақты орта буын өкілдерін кездестіру некен-саяқ». Бүгінгі мадияр зерттеушілері аталған өңірлерде жүргізген зерттеу экспедициясында «Қоңыр рухы жебеп, жетелеп отырады» дейді Қоңырдың ізін жалғастырушы дарынды полиглот Шомфай Қара мен этнолог Шанта Иштван өздері куә болған жайтқа қатысты баянында. Өткен жылы ғана атақты жалаңаяқ дәруіш жиһанкез Вамбери Арминнің ізімен Өзбекстан мен Қарақал­пақстан жеріне, ілгеріде Алмаши Дьөрдь ізімен Қырғызстанға жасаған сапарларында осыған көзіміз жетті дейді олар. Фольклорлық музыканы зерттеуші Акош Гергей де қуаттайды, мұндай жайтқа өзінің Кавказдағы қараноғай, қобан ноғай, малқар, құмық, қарашай жұрттарының арасында куә болғанын айтады.
Мажарстанның мәдени өміріндегі айтулы қадамдар тікелей Қоңырдың араласуымен жүзеге асқанын куәгерлер ағынан жарылып баяндайды. Алматыдағы Мажарстанның бас консулы Блауманн Ференц ұйымдастырған бір мәдени басқосуға арнайы келген музыкант Кобзош Киш Тамаш Қоңырмен бірлесіп жазған «Құман-қыпшақ әнұранын» орындап жұртты тәнті еткені бар. Тағы бір танымал жан – Мажарстан Өнер академиясының мүшесі Видак Иштванның өзінің халықаралық дәрежедегі киіз басу өнерін дәріптеуге тікелей Қоңырдың себепкер болғанын, жол көрсетіп, ұстазы болғанын айтады. Оның тебіреніспен баяндаған әңгімесі мынадай: «Соғыстан кейін жердің біразынан айырылып, жігері пәс тартқан мадиярлар ұлттық рухты көтеру, түрлі субмәдениетті тірілту бағытында жаппай ел болып құлшынған кез-ді. Менің басымда киіз үй деген арман қаумалайтын. Будапешт іргесінде Гөдөллө қаласында тұратынбыз. 1980 жылдың қоңыр күзінде бір практикант жігіт бейтаныс үйдің ауласында шамасы суреттен көретін «юрта» тәрізді баспананы көргенін жеткізді. Сол бойда таксимен заулап әйеліміз үшеуіміз жетсек, расында киіз үй екен. Қуанышымда шек болмады, көктен сұрағанды жерден берді. Отағасы оның осында уақытша тігулі, баласының ұстазының дүниесі екендігін, ол жанның қалада Академияда істейтіндігін айтып, мекенжайын берді. Белгілі болғандай, бұл киіз үй Оңайшаның жасауына жіберілген киіз аса сәнді отау үй екен, тіпті екеу болды, бірісі – ерекше сәнді, екіншісі зауытта жасалған. Келер жылы көктемде аталған үйлер қалалық мәдениет сарайының ­ауласында арнайы тігілді. Оған келушілер қисапсыз болды. Сөйтіп, Қоңыр Иштван мен жұбайы Оңайшамен танысуымыз біздің өміріміз бен шығармашылығымызға мүлдем тың бетбұрыс әкелді. Дереу киіз басу, үйағаш жасауды қолға алайық деп қолқаладық. Біртіндеп қатарымыз көбейіп, үлкен топқа айналдық. Бір жылдан соң Кечкеметте ашылған аймақтық музейге ауысып, соның базасында киіз басу ісін дендеп қолға алдық, балалар ойыншық музейінде киіз бөлімін аштық. Іле-шала халықаралық киіз фестивалі мен жаздық курс ұйымдастырдық. Алдымен, Еуропа музейлеріндегі киіз атаулы, онан Кеңес одағының баруға мүмкіндігі бар елдеріне, Моңғолия, Иран, Түркияға экспедицияға аттандық. Биыл сол бастамамызға 40 жыл толады, ірі шарамен атап өтсек деген жоспарымыз бар. Осылайша, Қоңыр мен Оңайшаның арқасында біз Еуропаға таңсық, мүлдем жаңа бағытты дамыттық. Мадиярлар киіз өнері туралы жүздеген кітап, сан ондаған фильм дайындадық. Осылай басталған бағыт әлем бойынша киіз саласында ноу-хауға айналды, жаңа инновациямен ұштастыруға дейін жеткізе алдық. Мадияр киізшілері бес құрлыққа мәшһүр, түрлі шеберлік класс, курстар жүргізеді, сонау Америкадан турис­тер «фелт-турларға» келеді, Африка, Латын Америкасы тәрізді киіз туралы ұғымы болмаған елдерге дейін насихаттап, тарата алдық. Олар киізді матамен сәндеу, алуан түрлі бұйымдар жасау, дизайн, модаға дейін кіріктіре алды. Шәкіртім Ветро Михай, Қолөнершілер одағының төрайымы Ийдьярто Габриелла бастаған топ былтыр Өзбекстан мен Қырғызстанға барып, шеберлерге екі апта бойы шеберлік-класс өткізіп қайтты» дейді. «Мінекей, – дейді ағынан жарылған академик Видак Иштван. Мен Мандоки Қоңыр феноменін осындай маңызымен бағалаймын, бұл бастама миллиондар үшін кәсіпке де, нәсіпке де айналуымен құнды».
Қоңырдың басты арманы – құман-қыпшақтардың ұмыт болған тілі мен діліне қайыра жан бітіру еді. Ата-баба аманатын орындау жолында өзінің бар саналы ғұмырын сарп етті. Тіптен осы мақсатқа жету барысында өз өмірін құрбан еткен «құмандардың құрбандығы» деп бағалады.
Ол тек тіл зерттеулерге ғана ден қоймады, оның тазалығын ерекше қадағалайтын. Тіл үшін күресте қоғамның «Қазақ тілі» деп аталуына шешуші себеп Қоңырдың уәжі болғанын тіл жанашырлары ұмытпайды.
Соңғы уақытта Қоңырдың ғылыми мұра­ларын игеру жолында біршама қадамдар жасалды. Ұлы ғалым туралы Түркия, Қырғызстан, Дағыстанда кітаптар шықты. Осыдан он жыл бұрын Алматыдағы Орталық Ғылыми кітапханадан Мандоки Қоңыр Иштванның еңбектері «Ұлы тұлғалар» атты ғылыми-ғұмырнамалық сериясымен «Ұлы даланың біртуар ұланы» деген атпен (Алматы: ОҒК, 2008. – 386 б.) жарық көрді.
Халықаралық Түркі Академиясының жетекшісі Дархан Қыдырәлі Қоңыр мұрала­рын әспеттеуге үлкен үлес қосты: алды­мен, жұбайының қолында сақтаулы бай кітап­ханасын Будапешттен Астанаға алдыртты. Академияның тікелей мұрындық болуымен Қоңыр еңбектері мадияр және ағылшын тілінде екі кітап болып жарық көрді: Mándoky Kongur István. Kunok és Magyarok (құман-қыпшақтар және мадиярлар). Török-Magyar konyvtár I. A sorozatot szerkeszti Fodor Pál és Vásáry István (Budapest: Molnar kiado, 2015. 348 о.) және Newcomers from the East. Hungarians and kipchak-turks in Europe. With a historical introduction by Peter B. Golden. Edited by Ádám Molnár. – Bibliotheca Turcica, Volume I. (Molnar & Kelemen Oriental Publishers, 2017. – 324 p.+ ill.).
Бүгін Қоңыр арманы «Мәңгілік ел» мұ­ра­тының құндылықтары қатарында мәнін жоймайтын дүниелер «Ұлы Даланың жеті қыры» аясында жасампаздыққа айналып келеді.

Бабақұмар ХИНАЯТ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.