ЖҰМЕКЕН − АҢЫЗ!

Нәсіп НӘЖІМЕДЕНОВА

Жұмекен өзінің ғұмырнамасын жазамын деп жүретін еді, үлгермеді. Мұны өзіме аманат ретінде қабылдап, әжем мен апамның айтуымен білгенімді қағазға түсіргенді жөн көрдім. Кейінгі ұрпақ білсін.
Бұған дейін «Жұмекен – құдірет!» деген ғұмырбаяндық кітабым шыққанын оқырман қауым білуге тиіс. Осы күндерде денсаулығым сыр бергеніне қарамастан, «Жұмекен – аңыз!» деген екінші кітапты жазу үстіндемін. Ешкімге диктовка жасамастан, қалам-қағазды алып, өзім жазудамын. Кереуетімнің іргесі толған қағаз, ойыма түскен дүниелерді шетінен қағазға түсірем, оны Әйкен қызым тереді. Терімнің үстінен тағы қараймын, қайта түзетем. Денсаулығымның қиындығына қарамастан, бас алмай жазудамын. Бұл – ең әуелі Жұмекеннің ұрпағына керек, сосын қалың оқырманына, Жұмекен шығармашылығын зерттеушілерге керек. Сол себепті Жұмекен өмірінің бір парасын «Ана тілі» газеті арқылы әдебиетті ардақ тұтқан әлеуметпен бөлісуді жөн көрдім.

Жұмекеннің азан шақырып қойған аты – Жұмеден. Әкесінің аты – ­Сабыреден, кейін Сабыр, Сабыржан деп, ал Жұмеденді Жұмекен деп кетіпті.
Дүниеге 1934 жылы 28-қарашада келді, бірақ біраз жыл қате жазылып жүрді. Бірде әжемнің: «Сен соғымға екі күн қалғанда тудың, ол қарашаның 28-і болатын, неге қате жазып жүрсің?» дегені бар. Атырау жақта желтоқсанды «жеді» деп атайды. Атамыз соғымға соятын малды бөлек күтіп, дәл 1-желтоқсанда соятын. Әжеміздің әңгімесі осыдан шығып отыр.
Жұмекен 1-сыныпқа 1944 жылы барып, мектепті 1954 жылы бітірді. Мектеп бітірген соң жетіжылдық «Жас қайрат» мектебінде мұғалім болды. 1955 жылы әскер қатарына шақырылғанымен, атасы алып қалыпты. Сол жылы Алматыға оқуға барып, өте алмай, Қарағандыдағы №33/34 шахтада комбайнердің көмекшісі болып жұмыс істеді.
1957-1959 жылдары консерватория­да оқыды. 1959 жылы көркем әдебиет баспасында екінші (кіші) редактор, 1967 жылы «Лениншіл жас» газетінде әдеби бөлім меңгерушісі, 1970 жылдары КСРО Баспа және кітап саудасы жөніндегі мемлекеттік комитетте (Госкомиздат) редактор болды. 1971-1973 жылдары Мәскеудегі әдебиет институтында оқып, 1973 жылдан ­бастап өмірінің соңына дейін «Мектеп» баспасында бөлім бастығы қызметін атқарды.
Жұмекен әдебиеттің барлық жанрын қамтыған. Поэзия, проза, сықақ, сатира, аударма салаларында да талмай еңбек етті. Біраз өлеңдері шет тілдерге аударылды. Соңында 10 томдай жыр жинағы, 7 том роман, повесть, 3-4 том аудармалары қалды. Өзінің орындаған күйлері аудиокітап болып шықты.
Алдымен әдебиетімізге ақын ретінде танылды. Мектеп қабырғасынан, 1952 жылдан бастап өлең жазды. 1956 жылдары өлеңдері республикалық газет-журналға шығып тұрды. 1961 жылы «Балауса» атты алғашқы жыр жинағы шыққанда, оқырмандар іздеп жүріп оқыды.
Ол жылдары Әбіш Кекілбаев, Дүкенбай Досжанов, Оразбек Сәрсенбаевтар әдебиетке өлеңмен келген еді. Кейін «өлең жазбай-ақ қояйық» деп прозаға кетті ғой.
Жұмекеннің өлеңіне баға берген ағаларының, достарының жазбаларының бір-екеуін айта кетейін. 1987 жылы зерттеуші, тарихшы Мақсот Жолжанов «Қарағым, уайымдама, Жұмекен түбінде күйшілігімен де, ақындығымен де аңыз болады» деп пікір білдіріп еді. Рас, Жұмекен өз бағасын білді. Сөйтіп жүріп 1983 жылы 22 қарашада мәңгілік ұйқыға кетті.
Жұмекеннің әжесі Бақытжамал апамның жадыма жазылған бір әңгімесі былай сабақталып еді:
«Қарағым, біз Жұмекенді әулет болып, Құдайдан сұрап алдық. Ол кісіні жақсылап күтіп, ойынан шығып жүруге тырыс деп, әңгімесін әріден жалғады.
Мүслима (келіні) келін болып түскеннен, атаң бізге: «Келінге ауыр көтертпе! Самаурынды өзің көтер, тезек теруге жалғыз жіберме» деп үнемі айтып отыратын. Соғымға екі күн қалғанда Жұмекен жарық дүние есігін ашты. Толғақ басталғанда Хабира деген көрші әйелге бала жіберіп, шақыртып алдым. Жақсы әйел еді. Атаңды «далаға шыға тұр» деп, басқа бөлмеге жібердік. Хабира құрды бақанға байлап, келіннің белін ұстай бергенде, бала шыр етіп дүние есігін ашты. «Ұл бала, атаңнан сүйінші сұра» деп, Хабираны атаңа жіберіп, өзім белін ұстап тұра беріппін. Атаң қуанғаннан: «Сүйіншіге боталы інгенімді беремін» депті. Міне, қарағым, Жұмекеніміз өмірге осылай келді.
Атаң екеуміз баланы қасымызға алып, анасына тек емізуге ғана апарамыз. Атаң Жұмекенді бесікке саларда ат шаптырып той жасады. Бұл қуанышымыз ел аузында аңыз болып тарап, «тіл-көзден сақтағай» деп, Аллаға сыйынумен болдық» деп әжеміз оның амандығын тілеп отыратын.
Жұмекеннің кіндігін кескен Хабира шешемді мен 1960 жылы Жұмекеннің кенже қарындасы Жаңылсынды ұзатқанда көрдім. Ол кісінің қолы құтты деп бас құдағи болып барды. Жанында бірнеше күн бірге жүріп, әңгімесін тыңдадым. «Бала кіндік шешесіне тартады» деген рас екен. Өте жайлы кісі. Расында, Хабира шешеміздің қолы құт болып, қайын сіңлімнің қазір бес ұл, бес қызы бар. Батыр ана Атырау облысының Құрманғазы кеңшарында тұрады. Ал Хабира шешемнің туған немере келіні мен немересі осы қалада. Немересі ­Жарас, келіні Клара Бижанқызы – ұстаз-психолог.
Бақытжамал әжеміздің айтуынша, Жұмекен өте ерте еңбектеген. Есту қабілеті де жақсы болыпты.
«Бесікте жатып, атаңның таңғы намазының үнін естігенде жылауын қоя қоятын. Естіген дауысын айнытпай келтіретін. Түйенің боздағанын, жылқының кісінегенін, иттің үргенін, сиырдың мөңірегенін, қой-ешкінің маңырағанын салатын. «Көз тиеді» деп ешкімге айтпаймыз, тіпті қорқатын болдық. Қанша жасырғанмен, көрші-көлем естіп қалады ғой. Сөйтіп, Жұмекен жарық дүниеге аңыз болып кірген.
Қарағым, бұл бала тегін емес, тек сұқ көзден сақтағай. Шамаң келгенше күт! Бағала! Күйшілік қасиет нағашы жағында бар еді. Сол дариын деп жүрген болар» деген Бақытжамал әжеміз: «Сен бала жұмсамайды екенсің. Жұмекен мына Мағжанның жасында пішен жинап, орақ шабатын, құдық қазатын. Асау тайларды үйрететін. Баланы жұмсау керек» деп ақыл-кеңесін айтып отыратын.
Әжеміздің бұл әңгімесіне өз басым сенемін.
Қазір Астанада, Алматыда, ­Атырауда Жұмекен атында көше бар. Атырау қаласында еңселі ескерткіш қойылды. Туған жері Құрманғазы ауданында мүсіні және Жұмекен атында алаң бар. Атырау қаласында және туған жері Қызылобада Жұмекен атында мектеп бар. Осының бәрін келешек ұрпақ біліп жүрсін деген ниетпен жазып, айтып отырмын.

ЕКІ ҚУАНЫШ, ЕКІ РЕНІШ

Екі қуаныш деп отырғанымның біреуі – ұлым Мағжан дүние есігін ашқан сәт еді. Екіншісі – Жұмекеннің толық шығармалар жинағы шыққан кез. Ол – Темірғали Көпбаев деген ақынның үлкен азаматтығының арқасында жарық көрді. Жинақты шығаруға демеуші тауып, «Қазығұрт» баспасынан шы­ғарды, оған ризамын. Бұл қуанышты Жұме­кеннің өзіне көрсетпесе де, менің көруіме жазған Аллаға мың да бір шүкір.
Ал ренішімнің бірі – мектеп бітіріп, арманымды арқалап оқуға тапсырып, түсе алмағаным. Екіншісі – Жұмекеннен айырылып қалғаным… Жұмекен де қуаныш пен реніштің талайын көрді ғой. Мағжан туғанда ол да төбесі көкке бір елі жетпей қуанып еді. Әбіш Кекілбаевты әскерге әкеткендегі реніші де есімде…
Жұмекеннің Әбіш туралы «Мен данышпан адамды көрген жоқ едім, сөйтсем ол Әбекеңдей екен ғой» де­гені бар. Бұл оның Әбіштің шы­ғар­ма­­шылығымен әлі жіті таныс­паған шағында өзімен ұзақ отырып әңгімелес­кеннен соң, сөз саптасынан-ақ түйіп айтқаны еді.
Қазір ойлап отырсам, Әбіштің дана­лығын, ұлылығын, данышпан­ды­ғын бірінші байқаған да Жұмекен екен…

МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВТЫҢ  ЖАРЫНАН БАТА АЛДЫҚ

1966 жылы ұлымыз Мағжан 1 жасқа толғанда Жұмекенге «Көркем әдебиет» баспасында бірге істейтін Әмина Шалабаева деген ақын апамыз: «Балаңды Мағжан Жұмабаевтың жары Зылиха апайға апарып батасын алайық, мен үйін білемін» депті. Кішкентай Мағжанды алып, апайға бардық. Үйі қазіргі «Атакенттің» маңында екен. Ол кісі дене тұрқы толықтау келген қараторы, өңді кісі болатын, ұлты – өзбек. Бір бөлмелі үйде жалғыз тұрады екен. Мағжанды қолына алып, маңдайынан сипап отырып: «Маңдайың менің Мағжаныма ұқсайды екен, Мағжан атаңның бейнетін емес, талантын берсін» деп батасын берді. Сол кезде шешейдің жай-күйі жаныма қатты батты. «Мағ­жан­ның жарына неге дұрыс үй бермеді екен» деген ой келді. Күтуші берсе де болар еді ғой. Балалары жоқ екен…
Жұмекен – ұлына Мағжанның есімін ақын ақталмай тұрып, 1965 жылы берген бірінші адам. Содан кейін Мағжан есімді бүлдіршіндер көбейді…

ҚҰДАЙ ҚОСҚАН КӨРШІЛЕР

Әбу Сәрсенбаевпен 40 жылдай көрші тұрдық. Ләзиза апамыз екеуі үнемі бірге жүретін. Қатарластарына да, кейінгілерге де үлгі болды. Талай мұқтаж жандарға қол ұшын созғаны елге аңыз болып тараған. Ешкім көмек сұрап бармаса да, өздері тауып алып көмектесетін еді. Береке-бірлігі жарасқан жанұя болды.
Ләзиза апай – Әбу ағамыздың әулетінің тұтқасы, журналшылардың асыл анасы, ұстазы еді. Дастарқанынан кісі үзілмейтін. Әңгімелескісі келген адамдар сол үйде жиналатын. Балалары, немере-шөберелері Ләзиза апайды «Бабажан» деп айтатын. Қызы Райханды «Мама Рая» дейтін. Апайдың екі құрбысы: Гүлсім апай мен Сара апай үйлеріне жиі келетін. Сондай кезде апам маған телефон соғып: «Қарағым, бізге келші, бір қол жетпей тұр» дейді. Шығармашылықтың адамдары ғой, бір мезгіл демалғысы келетін болар… Менің де үйде істейтін шаруам шаш етектен. Жұмекеннің жазғандарын басам, ісім бар. Енем ауырады, ол кісінің жағдайын ойлаймын. Сонда да апамның көңілін қимай барамын. Кейде көп отырып қаламыз. Ағай басқа бөлмеде жазып отырғанда біз мына жақта 5 тиындық қара бақыр салып ойнаймыз. Ондайда Жұмекен мені мазақтап: «Оларға ұтылатын кісі керек болған ғой» деп күлетін. Кейде бір нәрсеге келіспей қалып, шулап кетеміз. Сара апай мен Гүлсім апай көбірек сөйлейтін болу керек. Ағай біз отырған бөлмеге жайлап келіп, жайсаң дауыспен: «Осы жесірлер неге көп сөйлейді?» дейтін. Ол кезде түсінбейтін едім. Кейін өзім жесір қалғанда ағаның сол сөзі есіме түсіп, көп сөйлемеуге тырысатын болдым.
Енді сол кісілердей адамдар қайта тумайтындай…
Әбу ағамыз келіндері Ғайни мен Тайра апайларды үнемі «Менің ақ келіндерім» деп айтатын. Жұмекенді «ұлым», мені «қызым» дейтін. Біз де Қанішкенде тудық қой, ағамен жерлеспіз. «Жақсы көрші – саяң» деген рас екен. Жұмекен қайтыс болған соң, аға біздің ішкі шаруамызды сырттай бақылап жүретін болды. Жұмекеннің басын қарайтар кезде аға бейіттің үстіне екі-үш мәшине қиыршық тас төсетті. Неге олай істеп жат­қанын сұраған едім. «Жылдар өтеді, бір кезде Жұмкеннің бас сүйегін іздейді. Тас бейіт ішіне дымқыл кіріп, бас сүйегінің пішімі бұзылмас үшін керек» деді. Ол айтқанын бертін келе түсіндім. Сол бейіт басындағы белгіні жасар кезде ағамен жиі келіспей қалып жүрдім. Оны әуелі пластилиннен жасайды екен. Барып көрсем, Жұмекеннің шашын басқаша қайырып, қыр мұрын етіп қойыпты. Мүсінші орыс жігіті екен, ол алдындағы фото мен ағаның суреттеп айтқанынан түйгенін түсіре беріпті. Бұздырып, қайта жасаттым. Қазір Кеңсайда тұрған мүсіні – менің айтуыммен жасалған нұсқасы. Аға соған ренжіп, мүсіннің (бейіттің) барлық құжатын өзінде қалдырды. Кейін ұрпағына керек болғанда ол қа­ғаздарды қалай табамыз деген ой маза бермей жүр. Ол жерден апам (енем) екеуіміздің де орнымыз алынған еді…

КҮРЕҢ ДОМБЫРАНЫҢ КҮҢІРЕНІСІ

Жұмекен бала кезінен ән салып, домбыра шертетін. Кішкентай кезінде қолына түскен ағашты домбыра етіп ойнайтыны туралы әжесі айтып берген. Содан кейін атасы Қошалақтағы белгілі күйшілер Баһу мен Тесік тамақ Сабырды үйге шақыртып, шеберге домбыра жасатып, 4-5 жасынан бастап домбыра үйретіпті. Сөйтіп Жұмекен мектеп табалдырығын домбырада шебер орындайтын дәрежеде аттаған. Бұл туралы оның ұстаз ағасы Хамидолла Қабдешов естелігінде айтқан болатын. Ол «Жұмекеннің жүрегі» атты естеліктер жинағында да жарық көрді.
Жұмекен ұлымыз өмірге келетін жылы М.Романенко деген белгілі шеберге арнайы тапсырыс беріп, футлярымен домбыра жасатты. Малғаждар Әубәкіров екеуі үйге алып келді. Ол өте сәтті жасалған домбыра еді. Себебі Нұрғиса Тілендиев, Жұмекеннің ұстазы Құбыш Мұхитов сынды үйге келген қадірлі қонақтардың сынынан өткен. Дыбысы таза шығатын. Қаршыға Ахмедияров қайтыс боларынан екі-үш жыл бұрын біздің үйде қонақта отырғанда сол домбыраны қолына алып бірнеше күй орындады. «Мұндай домбыра менде де жоқ, мінсіз екен, бірақ домбыра деген тартылып тұру керек, пернесін қайта байлатып тартып тұрыңдар» деді.
Ондай өнер ұлым Мағжан мен немерем Мақсаттың да бойына дарыған. Екеуінің де өз домбыралары бар. Бірақ Жұмекеннің домбырасын баласына да, немересіне де көп ұстатпаймын. Себебі ақын тебіреніп, шабыты келген шағында қолына домбырасын алып, шерін тарқататын. Екі жыл Мәскеуде оқығанда да домбырасы қасынан қалған емес. Ол консерваторияда оқығандықтан бұлай істеген жоқ. Керісінше, бойындағы тума таланты консерваторияда білім алуына себепші болды. Жұмекеннің домбыраға деген шексіз махаббаты сол күрең домбыраға сіңіп қалған секілді. Көзінің тірісінде домбырасының киесін, қасиетін байқамаған болуымыз керек. Бірақ кейін күрең домбыраның иесін жоқтап күңіренгенін естідім. Олай дейтінім, Жұмекен қайтыс болған 1983 жылдан бері ол иесін бізбен бірге жоқтады. Футлярына салынып, есігі кілттеулі киім сөресінде тұратын. Жұмекен қайтқалы оны ешкімнің қолына ұстатпақ түгілі, маңына жолатпадым. Жұрт көзінен қызғанып, тығып ұстауымның сыры осы.
Ұлымыз Мағжанға Бақыт ­Қараба­лина туған күнінде сыйлаған жақсы домбырасы бар. Өзі соны ­тартады. Әкесі тірі кезінде қолына домбыра ұстаған бала емес. Баламыздың ес білгелі ермегі кітап оқу. Сабақтан келгенінде оқулық оқығанын көрген емеспін, көбіне тарихи, әдеби кітаптарды оқиды. Әкесінің жинаған дүниежүзілік әдебиеттің 200 томдығын оқып шықты. Ал домбыраға қызығушылық білдіргенін байқамаған екенмін.
Апам екеуміз қай бөлмеде отырсақ та күрең домбыраның дыбысы құлағыма келеді. Күнде солай. Апамнан, балалардан сұраймын, олар естімейді. Апам кейде «өзің Жұмекенді сағынғансың ғой, содан болар» дейді. Бұл күндердің ауыртпалығын домбыра екеш домбыра да көтере алмай тұрғандай көрінетін. Апамның бөлмесінде Қарлығаш пен Тоғжан жататын. Күнде кешке ұйықтар алдында Тоғжанның көз жасы құрғамайды. Күндіз сабақ, ойын деп жүретін балалар жатар алдында әкелерінің мейірімін аңсайтын болса керек. Жұмекеннің Тоғжанды «ақ тоқам» деп басынан сипайтын, Саиданың маңдайынан иіскеп барып төсегіне жататын әдеті бар еді. Кенжесі де сол әке алақанын сағынып, екеуі екі бөлмеде жылап жататын. Апам екеумізде ұйқы жоқ. Екеуміз балалар ұйықтағаннан кейін ас үйге барып, оңаша жылаймыз. Мағжан әкесінің кабинетінде кітап оқумен болады. Оны мазаламаймыз. Қандай күйде жатқанын бір Алланың өзі біледі.
Анда-санда өз-өзінен шертілген домбыраның дыбысы келе берді құлағыма. Осының себебін күні бойы ойлаймын. Мүмкін, осы домбыраны біреу тарту керек шығар деген ой келеді, сонда да ешкімге ұстатпаймын. Сөйтіп жүріп арада он жыл өтті. Он жылдығында үйден құран оқытып, ас беруге достарын, ағайын-тума, құда-жекжаттарды жинадым. Келгендердің ішінде Әзидолла Есқалиев бар еді. Осы жерде мынадай бір естелік әңгімені айта кетудің жөні келіп отыр. Әзағаның әкесі мен Жұмекеннің атасы көп араласқан достар екен. 1962 жылы Әзағаңның әкесі мен анасы Алматыға келген сапарында үйімізде болғанда Жұмекеннің атасы туралы едәуір әңгіме айтты. Ол жылдары Әуезов көшесінің бойында «Дом баптистов» деген болды. Біз сол жерде бір бөлме жалдап тұрдық. Қолымызда апам бар, екі қызымыз бар. Біздің үйден қысы-жазы қойдың құйрығы мен түйенің өркеші үзілмейтін. Әйтеуір апам жаз болсын, қыс болсын тұзға көміп сақтап, қонақ келгенде көп етіп етке қосып асады. Сонда Есқали атамыздың айтқан сөзі әлі есімде. «Мұндай қызыл өркеш пен қызыл құйрық тек қана Нәжекеңнің дастарқанында болады» деп бәрімізге қолынан ет асатқан. Ол кісі келген сайын талай үйде қонақ болып жүрсе де Нәжекең шаңырағында отырып жеген дәм ерекше болып көрінген болса керек. Әлде, сонау өткен қимас жылдары есіне түсті ме екен…
Жоғарыда атап өткен дастарқан арасындағы үзілісте молда құран оқығаннан кейін домбыраның зарын қонақтарға айтып бердім. Олардың біразы тірі ғой, естерінде болар. Айсәуле апай «Домбыра иесін жоқтап жүр ғой. Домбырасын жалғыз ұлы тартуы керек болар. Домбыра киелі екен. Домбыраның иесі де, ағашы да киелі болуы керек. Кілтте ұстама, ұлына бер, тартсын» деді. Содан соң домбыраны футлярынан шығарып, Әзағаңның қолына ұстаттым. «Әзаға, Жұмекенде аға жоқ, Сіз өз ағасындай едіңіз, өз қолыңызбен Мағжанға табыс етіңіз» дедім. Жиырма шақты адам кабинетте жағалай отыр еді. Дастарқан арасындағы үзіліс кезі болатын. Бөлменің төрінен домбыраны Әзағаң қолына ұстап, бөлмеге кірген Мағжанға қарай жүрді. Үн-түнсіз ағаның екі көзінен тамған жас үзіліп түсіп жатты. «Қарағым, әкеңнің домбырасына енді сен ие бол» деп, Мағжанға табыс еткенінде даусы дірілдеп, әрең сөйледі. Отырғандар түгел жылады. Осы отырыс­тан кейін Мағжан әкесінің домбырасын тартатын болды. Құлағыма естіліп жүрген әлгі дыбыс та тыйылды. Дүниеде мұндай тылсым құбылыстың болатынына өзім көз жеткіздім.
Домбыраның киесіне қатысты Жұмекеннің мынадай бір қылығы есіме оралды. Ол кезде Жұмекен студент болатын. Консерваторияда бірге оқитын Бағашар деген курстасы үйге жиі келетін. Есіктен кірген бойда домбырасын босағаға сүйей салатын әдеті бар екен. Мұнысына Жұмекен қатты ренжіп, «домбыраны ешқашан босағада телміртіп қалдырушы болма, киесі шамданады» дейтін. Бағашар мінезі тұйық, көп сөйлемейтін жігіт еді. Өнер адамдарына тән ой үстінде жүретіндігінен ба, әлгі ескертуді ұмытып кетіп, Жұмекеннен бұдан кейін де сөз естігені ойыма оралып отыр. Бағашар келгенде Жұмекен өзі алдынан шығып, алдымен қолынан домбырасын алып, төрге шығарады. «Домбыраның киесі шамданады» деген сөзі көкейімнен кетпейді!
Жұмекеннің нағашысы сынай қарап: жиенім берішке тартса батыр болар, алашаға тартса ақын болар дегендей, Жұмекен мектепте оқып жүргенде бүкіл Қошалаққа палуан аты шыққан Шәмер деген баламен жатақхананың алдында күресіп Шәмерді еркін жыққанын көзім көрген.
Жалпы домбыраға әуестігі Жұмекен­нің бойына біткен өнер атаулының ішін­дегі оған тым жас кезінде дарыған. Ба­лалық шағы бірге өткен Идаят Қонысов айтқан естелігінде Жұмекен­нің күйшілік өнерге жастайынан бейім­ді­лігін растайтын мынадай бір әңгімесі бар:
«Мен жылқышының баласы едім. Жастайымнан тай үйрету, асау үйрету дегенді көзіміз көріп өстік. Буынымыз қатар-қатпастан тай үйретуге дағдыланғанбыз. Жұмекеннің атасы Қошалақ өңіріне танымал ақсақал еді. Немересінің домбыраға құштарлығын байқаған атасы осы өнерді меңгеруіне ден қойды. Балалық шақтың бір қызығы – Жұмекен екеуміз біздің үйдегі патефонды үлкендер ұйықтап қалғанда шағылға алып барамыз. Шағылда отырып күйтабақтардан күй тыңдаймыз. Жұмекеннің зеректігіне қайран қалатын едім. Бір тыңдаған күйін айнытпай домбыраға сала беретін. Кейде үлкендер сезіп қалса, патефонды бұзып тастайсыңдар деп, рұқсат етпей қояды, біз әйтеуір амалын тауып, Қошалаққа келген жаңа күйтабақты ойнатып, тыңдайтынбыз. Жұмекен зердесіне тоқып, дереу домбырамен орындап шығатын…»
Күйтабақ демекші, маған көкем Астраханнан әкеліп берген ашық көгілдір түсті патефоным болды. Біз Алматыға жол жүрер алдында Жұмекен біздің үйге келгенде патефонды көріп, күйтабақтары қайда деп сұрады. Мен оған әдемі тысталған күйтабақ салынған альбомды әкеліп көрсеттім. Чайковскийдің «Аққу көлдері», әлем классиктерінің туындылары, Ғарифолла Құрманғалиевтің орындауындағы Мұхиттың әндері, татардың әні «Сандуғаш», Мағауия Хамзиннің орындауындағы «Қоңыр қаз» күйі, халық әні «Тілеуқабақ» т.б. болатын. Оларды көрген Жұме­кен қатты қуанды, күйтабақтарды түгелдей өзімізбен бірге Алматыға ала кеткенбіз…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.