Өмір жайлы толғаныс

Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Итен Қарымсақовтың «Жақсының жарығы» атты кітабы қолымызға тиді. 1955 жылдан күні бүгінге дейін баспасөзбен біте қайнасып келе жатқан Итен Қарымсақұлын журналистика саласында білмейтін адам кемде-кем шығар. Биыл сексеннің сеңгіріне шығып отырған қаламгер-журналист салалық журналистикадағы құқық тақырыбына ден қойып, тек журналист қана емес, заң саласының да білікті маманы болып шықты. 

2019 жылды осындай жақсы жаңалықпен бастап отырған қаламгер кітабын жеке шығармашылығына арнаған. Кітап «Қырандар биікте самғайды», «Өнегеге толы өмір», «Қаламы жүйрік қалғымайды», «Тәуелсіздік және туған ел», «Шуақты лебіздер», «Құттықтаулар, жыр-шашулар, марапаттар» сынды алты бөлімнен тұрады.
Кітаптың 1-3 бөлімдерінде автордың республикалық басылымдарда жарық көрген материалдары, сұхбаттары мен портреттік мақалалары топтастырылған. Ал «Тәуелсіздік және туған ел» атты төртінші бөлімі Итен Қарымсақұлының қаламынан туған жыр шумақтары мен арнау өлеңдеріне арналған. Бесінші бөлімде автордың әріптестері мен жазушылардың жылы лебіздеріне орын беріліпті. Онда автордың еңбектерін, жақсылықтарын жарыса жазған қаламгерлердің пікірлері Итен Қарымсақұлының азаматтық болмысын аша түскен. Алтыншы бөлімде авторға деген құттықтаулар, жыр-шашулар, марапаттар жинақталған.
Белгілі ақын Ғалым Жайлыбай: «Қисапсыз мақалалары, бірнеше кітабы жарық көрді. Соның бәрі деректерді тірнектеп жинаумен, көз майын тауысып зерделеумен дүниеге келген құнды еңбектер» десе, журналист Төреғали Тәшенов: «Қазақ журналистикасында құқық тақырыбының жілік майын шағып, июін қандырған қаламгер некен-саяқ. Жалпы, құқық тақырыбын жеріне жеткізе жазу үшін журналист болу аз, қосымша заңгер мамандығын игерген болуың керек. Осы тақырыпта өмір бойы қаламының өзегі еткен аздың бірегейі» деп бағалайды авторды.
Итен Қарымсақұлының бұл жинағына енген біраз дүниесі республикалық мерзімді басылымдарда жарияланған. Автордың кейіпкерлері еліне еңбек сіңіріп келе жатқан белгілі тұлғалар, олардың өмір жолындағы ізгілікті оқиғалар, тағылымды құбылыстар оқырманды өзіне баурап алады.
Автор бұған дейінгі бір сұхбатында әрбір тақырыбы шынайы өмірден алынатынын айтқан болатын. Журналист-жазушы И.Қарымсақұлы тақырып таңдамайтын, сан қырлы қаламгер. Өмірден көріп-түйгендерін қағаз бетіне түсіріп отыруды да дағдысына айналдырған. Оның «Тойымы жоқ адам тойғанын білмейді», «Балаң жақсы болса қадіріңді асырады, жетесіз болса берекеңді қашырады», «Басыңа бақтың қонуы қиын, таюы оңай» сынды қанатты сөздері бүгінде афоризмге айналып үлгерген.
«Жақсының жарығы» – автордың төртінші кітабы. Оның бұған дейінгі «Қоңыр қалам», «Адамдар, жылдар, тағдырлар» және «Жүрек жазбалары» атты кітаптары шыққан. Ал бүгінгі сөз қылып отырған «Жақсының жарығы» кітабы ұлт тағдыры, ел қамы үшін тер төккен арыстардың ұлы істерін ұрпаққа үлгі етуді мақсат еткен. Ұлттық журналистикада жарты ғасырдан астам уақыт тер төгіп келе жатқан Итен Қарымсақұлы көпті көрген, көңілге ой мен сыр түйген, түрлі тағдырларға белсене кірісіп, батыл араласатын, шешімі қиын мәселелерге шешіле кірісетін, кейіпкерлерінің өмірін сөзбен шебер өрнектейтін азамат.
Қаламгер бұл кітабында да өмірі мен еңбегі көпке үлгі болатын тұлғалармен сұхбаттасады, қаламдастары мен әріптестерінің әлеміне үңіледі. Бұған дейінгі үш кітаптың жалғасы ретінде басылған «Жақсының жарығы» автордың жүріп өткен өмір жолының өткелдері. Біз кітаппен таныса келе, автормен бірге сол жолдарды жүріп өткендей болдық.
Өмірі мен еңбек жолының айнасы іспетті кітапқа құтты болсын айтып, қаламгер Итен Қарымсақұлына шығармашылық табыстар тілейміз!

А.ҚУАТ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.