Адалдықты пір тұтқан ақын

Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада бағзы бабалар бас сауғалап, паналап жүрген киелі жер, көзбен көрмеген, аяғым баспаған Сыр елі туралы үш әңгіме, бір пьеса жаздым. Оқиғасы Шиеліде, Жалағашта өтетін «Көкенай мен Қалқаман» (2011), «Бұқарбай батыр» (2012), «Шашты» (2014), «Темірше» (2018). Қазақ халқының бетке ұстар адал ұлы,ірі қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың тұлғалық портретіне арналған «Темірше» атты әңгімем 2018 жылы көктемде жазылды.Республикалық байқауды Темірбек Жүргенов қоры ұйымдастырды, қозғаушысы Сәби Әбдіқадырұлы Аңсат. Әңгімені бір тылсым күш жазғызғандай әсер етті, өйткені ең соңғы сәтте, байқау аяқталуға бір жұма қалғанда кірістім. 

Сейфолла ағаға телефон соғып,Темірбек Қараұлының туып-өскен жері туралы кеңес алдым. Сейфолла ағадан бірер деталь алғанымды несін жасырайын: «Қырға қарай диқандар қауын егеді. Екі кісі жабылып арбаға әрең көтеріп салатын қауын өседі. Жап-жасыл қауын шытырлақ, пышақ ұшы тисе-ақ қақ айрылады. Тез пісетін қазақы қауын бар. Сары күләбі, қара күләбі, торлама, балдай дәмі таңдайды жарып жібереді. Қауын піссе, әуелі шалдар жейді. Содан кейін қауынды балалар жейді. Бала біткен тәтті шырыннан езуі жырылып, қанап жүреді. Күзде пісетін сарала дөңкиген қауынды ақ жаулықты апалары қысқа сақтайды. Төрт ағашты қадаған шартаққа іліп, қауынды қақтап күнге кептіреді. Балалар жейтін кәмпит сол».Сейфолла аға балаша аңқылдаған жүрегі таза, пейілі жомарт, өз сөзін өзгеден қорып қызғану пиғылы жоқ. Бала кезін еске алып, балықтардың уылдырық шашар кезін суреттеп берді. «Арқа сүйер аруағым – туған жер» деп Қызылорда туралы талай мәрте тебірене өлең жазған ақын ғой, туған жеріне сағынышын солай білдірді:
Алтын орда, ақ орда, орда, орда,
Ақ сәулесін санама құйған ол да.
Адам ата – Хауа Ана алғашқы рет,
Түскен жердей құт-мекен Қызылорда.
Мұқабасы көз тартар, мазмұны бас алғызбай, жіпсіз матап қоятын «Мың бір түн» кітабының төрт кітабы ауыл кітапханасынан табылмады, тегі теп-тегіс ұрланып кеткен. Ырысқайша тәтемнің үйінде бар «Мың бір түн» томдарын 6-7 класта үлкендерден жасырып тығып оқитын едім. Бұл кітапты балаға оқуға тыйым бар тәрізді сезілетін. Мәңгілік сарынмен бір-біріне жалғаса беретін шытырман оқиғалары шиыршық атып, теңіздей буырқанып төгіліп жатқан қарасөз оқыс Иран бағы сияқты жұмбақ бәйіттерге жиі ойыса қоятыны керемет тартымды сезілетін. ­Сейфоллла аға Қалтай Мұхаметжанов қапысыз аударған прозалық нұсқаның ішінде тоғайдағы қарақат бұталардай самсап тұратын өлең жолдарын аудару сырын ауызша айтып берді. Әкесі дін ұстаған молда екен, соның оң әсері тиген. Әлем әдебиетінің теңдесі жоқ классикалық туындысының көне стиль-сарынын тәржімада сақтап, араб өлеңіне тән мақамын әкесі үзбей оқитын Құран аяттары бала шақтан санасына әбден сіңгендіктен талабы күшті жауһар дүниені аударудан қашпағанын айтты.
Атағым жоқ болғанмен
аруағы бар ақынмын,
Сейфолла боп жүргені
тегін емес атымның.
Анау-мынау қыспаққа
жан емеспін жүнжитін
Жатқан болар тектілік
ар жағында затымның.
Ақынның «Өмір – толғам» атты өлеңі заман мен адам, көз көрген өмір құбылыстары, ізгілік қасиеттерді дәріптеп, биік түйін жасайтын насихат, ағартушылық, имандылық қағидалары сарыны бар жан сыры. Ақынның өзі туралы ойлары бірталай өлеңіне өрілген. Сейфолла ақын әкенің оң тәрбиесін, мұсылманшылық қалыбын бала жастан қабылдағанын бүкпей айтады:
Қайталайтын әкем байғұс бір сөзді:
«Жан біткеннің айырма – деп – арасын.
Батам осы, жуытпағай тіл, көзді,
Не білесің, сен әзірше баласың.
Адам күні бір-бірінсіз болмайды,
Араға от тастағандар оңбайды.
Тағдыр өзі бір есептен қолдайды,
Көз таса боп ештеңе де қалмайды».
«Түрім осы, қарапайым тұлғам бар. Әдетте жоқ өп-өтірік қылмаңдар»; «Ұнамайды ішмерездер оңбаған»; Қисыны күшті дүниеге ынтық ақынның тіршілік иелеріне, жан-жануарға мейірбан жүрегі көрінеді – «Құс, мақұлық еркіндікті аңсайтын. Торға түскен. Ашиды ғой жаныңыз»; «Мен ешкімді жек көрмеймін қашанда, Секемшілмін кей мінезден жараспас»; «Ақындарда айтылмай сыр қала ма, Жырым осы жарқыраған самала».
Сейфолла ағаның телефон арқылы сөйлескенде қазақ прозасы туралы сұрыптап, ұшар биіктен бағалап айтқан аталы сөзі: «Қос алып Сәбит Мұқанов пен Мұхтар Әуезов. Сәбиттің тілі халықтың тілі, бүкіл бұқара халық ғасырлап жиған тілдің астарын Сәбит ұстап тұрса, сол уыздай халық тілінің құнарын әдеби тілге көтерген, шырқау биікке апарған Мұхтар, бір халықтың тілінің құдіретін Мұхтар тұтас ұстап тұр.Қазақ дүниесін жан-жүрегімен тебірене жазған осы екеуі. Мұхтар Әуезов бір халықтың жаратылысын күллі салт-дәстүрімен бір кітапқа тұтас енгізген жазушы. Бір кітапқа бір ұлтты енгізген дүние жүзінде ондай басқа жазушы жоқ» объективті шындық көзқарасымен көкейіме ұялап қалды. Адалдық ұлы қасиет Сейфолла Оспанның жаратылысында бар екенін шығармашылық қолтаңбасы айғақтайды:
Жазықсызды жәбірлеп кеп сөгетін,
Менмендерге қою керек шекара.
Жер бетінің ізгілігін іздейтін
Асыл жанда болмау керек шекара.
Ақынның стилінде шынайы жақсылықты қастер тұтқан уағызшылдық, философиялық толғау, насихат, өнеге, дәстүршілдік сарындары мол кездеседі:
Табиғаттың өзі берген ырысты,
Бөлісе алмай сан шекелер тырысты.
Сан қызғаныш іште зіл боп бүрісті,
Не дерсің-ау жазған адам бұл істі?!
Абай дәстүрі «Жалпаң мен қалбаң» атты өлеңінде айқын тұр. Бұл сатиралық портреттерден қазақта терең орныққан, бір-біріне кереғар қос мінезді айнытпай көресіз:
Бір сөз деп ойламаңыз сіздер босқа,
Жалпаң, қалбаң – екеуі екі басқа.
Жалпаң – залым бар сырын ішке бүккен,
Қалбаң – адал, ақ ниет, жақын досқа.
…Ішкі есебі қайтпаса Жалпаңдардың,
Бір ұрты қан, жібермес нағыз таспа.
…Майда тіл, мамық төсек, мысық табан,
Жалпаңның жан дүниесі бәйек саған.
…Қалбаң байғұс білмейді зұлымдықты,
Сыйламаса адамды, көңілі күпті.
Аңқылдаған қалпымен алып ұшар
Ұрынса да пәлеге іші түкті.
Бар жақсылық тілейді адамзатқа,
Бөленсе деп жүреді ғалам баққа.
Жалпаң менен Қалбаңды айыра алмай
Адастық-ау тал түсте,
Қайран жолдас.
«Ақиқат сыры өмірдің» атты циклді өлеңінде ақын әдебиеттегі екіжүзділікті әшкерелейді. «Мұқағали ақынмен мұңдасу» атты өлеңі әдебиеттен арылмас шындық деу­ге болады. Талантты адамдар өз заманында қашанда артық, болмыс-танымы жат көрініп тұрады. Ол оңай мойындалмайтын ақиқат. Расында олар кейінгі замандар үшін туған. «Бетсіздің талай түрлерін көрдім, Ой, Алла-ай! Тірлікте мына қадіріңе жете алмай, Өткен соң, жоқтап асырып жатыр бағыңды». Мұқағалиға арналған «Жырға біткен алтын қазық» атты өлеңі және бар.
Жан едің сен жаның нәзік,
Жүрсең-дағы көңілің азып.
Адалдықтан бір танбадың
Жырға біткен алтын қазық.
Біздің әдебиетте кездесетін теріс құбылысты айқын берген ащы шындық: «Қанша жерден бәйге алғанмен арсыздық, Жетістірмес сол адамды қамсыз ғып».
«Жеті қазынаның бірі туралы өлең». Мұнда сарказм бар, иттер әлемі мен адамдар әлемі біте-қайнасып кеткен.Ежелде Эзоп тілімен жұмбақтап жазылған, мыңжылдықтарда өзгермес адам психологиясын Иван Крылов шырқау биігіне көтерген мысал жанрында не түрлі адамдардың бейнесі ашылған. Кісілігі аз, қабаған ит сияқты адамдар бар, мейірімі адам сияқты иттер бар. Бұл ақынға тән бір мінез, адамзаттың мінез-құлық шеруін кей тұсында өлеңін притча тәрізді жалғайды.
«Жұмсақ адам жұртқа жем» бұлжымас мақал екен-ау.
Содан иттер толастамай шұбырған,
Үлгере алмай дәрігерді «жын ұрған».
Қатты шаршап білдіргенде кейістік,
Талапты оны бір ит сонда құтырған.
Көңілшектік жетіп тынған түбіне,
Мәніне оның ой жіберсең үңіле,
Дүдәмалмен қарау керек сияқты
Сан күйге енген мүсәпірдің түбіне.
«Ой бүршіктері» – жанры бойынша дү­ниеге философиялық көзқарасты танытатын төрттаған – рубаи болып құйылып түскен. Ежелгі парсы-түркі поэзиясына тән құбылыс, иман, даналық, адамшылық қағи­да­лары адамзатқа тән типтік портреттер пси­хологиялық образдық кескінін нақты ашу арқылы қылға тізілгендей етіп ұзақ жырланған.
Қайда шіркін іріліктер баяғы,
Алақаны әлдилеген аялы?
Аяқ асты аға болып біреулер,
Інісіне алақанын жаяды.
Бір «алақан» сөзі екі түрлі контексте қолда­­нылып тұр. Аз беріп, көп алғысы келетін ашкөз, жарымаған ұсақ мінезді әшкерелейді:
Жағымпаз да шарап сынды есті алып,
Жаныңды арбап жанады мың құбылып.
Көңіліне ұяламай еш тамұқ,
Құрбан болар не азамат ұрынып.
Іш қулығы мол жағымпаз көздеген нысанына моншадағы сулы жапырақтай жабысып, шырмауықтай шырмап алатыны өмір шындығы, арбап алатыны рас. Бірақ бұл шумақта «тамұқ» деген сөздің орнына «күдік» деу орынды болар еді. Абайдың тылсымы түпсіз тұңғиық «Сегіз аяқ» атты өлеңі жан сыры, өсиет пен дұға алмасқан, елдік қайғы мен ақсәуле үміт арбасқан, қисын-қазығы діни астарлы, қараңғы қазаққа бағышталған рух уағызы болатын. Абай дәстүрінде кейінгі ақындар үндестік тудырып, жалғастыра беруі заңды:
Байқай білсең, әркім өзін білдірер –
Түр-тұрпаты, қимылы, ісі, күлдірер.
Ыңғайына құлай берсең әркімнің,
Өміріңді опындырып бүлдірер.
«Көп айтса көнді, Жұрт айтса болды. Әдеті надан адамның», бұл өлеңде Абай­мен үндестік көрінер. Сейфолла Оспан адамның адамшылық қасиеттеріне ерекше мән беретін ақын. Өлеңдеріне арқау етілген тақырыптар қанша айтылса да артықтық етпейді.
Пенделіктен көтеріліп кеткен паң,
Өзіне-өзі көңілі толмай өткен жан.
Менің мына қастер тұтар адамым –
Адал жүріп мұратына жеткен жан.
Бұл Шығыс пен Батыстың бағзы ғұла­малары айтудай-ақ айтып кеткен ақиқат, жаңа заманда Сейфолла ақын мұны өзіне тән шынайы үнмен айтса жарасып тұр. «Санасымен кейін адам айырар, Ақ пейілді адалдың да, арамның». Бұл балталаса кетілмес шындық. Басында сырын айқын ұқпағанмен сана адас­тырмайды, кімнің не мақсатпен іс қылғанын, оның ағы мен қарасын айырып, диагностика сияқты ашып әшкерелеп қояды. «Ашық ­достар кейде жаудай көрініп, Іші тарлар жан досыңдай емініп». Артынан аярлық мәлім болып, опық жейтін сәттерді анық көреді. Сондықтан мына өмірде адамдар не біржола кетісіп, не шынайы келісіп жататындары. ­Сейфолла аға әр төрттаған сайын философиялық түйін жасап отырады. Ол адамзат ес білгелі айқын шындық болса да өте тартымды естіледі, өйткені ақынның жан дүниесінің тазалығы рөл атқарып тұр деп ойлаймын.
Кейбір жайда артық айттық десек те,
Біздің қазақ сенгіш халық өсекке.
Кейде опынып жазғырмайды өз-өзін,
Теріс мініп бара жатып есекке.
Қазақты сүйгендіктен күйікпен сынауды Абай хакім үйретіп кетті, сын тек өсіреді, құр мадақ кері кетіреді. Көз алдыңа масқара болған жайын түсінбеген ағайынды елестетіп көру қиынға соқпайды. Ондайлар аз кездеспейді. Сейфолла аға парасат билеген ақыл мен адалдықты пір тұтуы шынайы. «Талай қыспақ көрсем де / сілкіп тастап келемін / Төрден шығар төзім мен / арқасында ақылдың»(«Өмір – толғам»). Қайрылып кеп ой ұшығын ақын адалдыққа тірейді. Соның үшін мысық қимыл жылпостықтан жиренеді, оны дәл таниды.
Тұтыларсың қанша айлакер болсаң да,
Құтыларсың адал болсаң ғайыптан.
…Халқымыздың қасиетін ұмытса,
Ұлылықты қайдан іздеп табады?
…Қанша жерден қара аспан, тау құласын,
Өнер өлмей халқың да әсте өлмейді.
…Артық нәрсе түбі өзіңді соғады,
Пір тұтқызып шүкірлік пен тобаны.
…Қалыптасқан дәстүрінен айыру –
Елді өзінің қанатынан қайыру.
Адам баласы өз басынан кешпей, күйініп барып тазармай өмір сырын мақаудай түк ұқпайды. Ақындық дарын шын сөзді халыққа жеткізуші абыздық қасиет болғандықтан психо­логиялық танымға негізделген құнар­лы білім қоры әдебиет арқылы беріліп тұруын Тәңірі сыйы деп қабылдау керек.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,
жазушы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.