ТУҒАН ЖЕР. СӘКЕН ЖӘНЕ «ЖЫНДЫ» ӘБЕН

Серік ҚИРАБАЕВ,
академик, Мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты

Туған жерін сағынып еске алмайтын адам болмайды. Біздің қазақ туған жеріне кіндігінен байланып, арқандаулы аттай соны айналып жүретін халық қой. Аз уақыт ұзап кетсең де, есіңнен шықпайды, сол жерде өткен балалық шағың, жасты­ғың еске түседі. «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деп тегін айтылмаған болар. Мен туған жер – Қарағанды-Жезқазған теміржолының бойындағы Жаңарқа ауданы. Аудан орталығынан асфальт жолмен Жезқазғанға қарай жүрсең, 70 шақырымдай өткен соң «Бес маршал» деген жер кездеседі. Бұрын Жезқазғанға қатынайтын автобус аялдамасы да солай аталған.
Елуінші жылдардың бас кезінде зейнетке шыққаннан кейін біздің әкей (Смайыл Қирабаев) осы жерден қоныс теуіп, үй тұрғызған екен. Соны көріп, өзімен құрбы тағы төрт шал (ішінде Көкі, Жүкен деген аталас туыс-замандастары бар) үй салыпты. Бұрын бұл жерде қыстау көрмеген бір өкіл өтіп бара жатып, қасындағы Өндібай деген жігіттен бұл кімдердің үйі деп сұрапты. Сонда қуақы Өндібай: «Мұнда бес маршал тұрады» депті. Содан сол жер «бес маршал» аталып кеткен. Кейін әкем өзін сол жерге жерлеуді өсиет етті. О кісі сол жерге қоныстанғанда-ақ сүйегін сонда қалдыруды ойлаған сияқты. Өзінің өлетінін алдын ала сезді. Аздап науқастанып жүрді. Естіп, көңілін сұрай елге барғанымда, «қайратым қайтқан жоқ, бірақ кеуде жағым босатпайды, ентіге берем» деген. Емдету жайын сөз еткенімде, оған құлық танытпады. «Осы жерден топырақ бұйырса» дегенді қайталай берді. Кейін білдім, көңілін сұрай барған інісі Жаманды өз үйі мен үлкен жолдың орта тұсындағы бір шидің түбіне ертіп барып, «олай-бұлай болсам, мені осы жерге жерле» депті. Жаман жақын жерде жатқан әке-шешесін, басқа туыстары жатқан қорымды айтқан екен, «сүйектің бірге жатуы міндетті емес, рух табысады» деп көнбепті. Ақыры сол жерге жерленді. «Смайылдың қасына жатамыз» деген замандастары, туыстары көбейіп, кейін ол жер үлкен қорымға айналып кетті. Үлкен жолдың бойында, қатарында теміржол – Монадырь деген станция бар, солармен жарысып ағып жатқан Сарысу өзені – тұрмысқа, тіршілікке қолайлы қатынастың жолы болатын. Сарысудың қалың шөпті, жазда гүлі жайқалған, суы мол (жазда Сарысу бөлініп-бөлініп бөлек-бөлек көлге айналады), бір сәнді тұсы – осы. Біздің жас күнімізде әкей осы жерге, өзенге жақын жағалауда киіз үй тігіп отыратын. Мен үйленіп, елге Әлияны алып барғанда да осында күткен. Болашақ табиғат зерттеуші келіншегім Сарысу бойының сәнді табиғатын көріп таңырқаған.

Өзен жағалап гүл теріп, өзеннен бөлінген көлдерден балаларға қосылып балық аулаған. Қы­зықтап жүріп, жаңа түскен келін екенін ұмытып та кеткенін кейін ылғи есіне алып отырады. Осы жерден ұзын жолды қиғаштай, солтүстік шығысқа қарай жүрсең, кең далада жайқалған қалың шөпті жазыққа кездесесің. Бұл жерді «Аяқ» ­немесе «Келтеталдың аяғы» дейді. Келтетал – содан сәл жоғарылау, шөптесіні мол, бұрынғы өзеннің арнасы сақталған, екі жағында қыстаулар орналасқан ауыл. Одан жоғары – Бөтей. Осы Бөтейдің тұсында кезінде қалың бұлақ болыпты. Бұлақ суы арна салып, өзен құраған. Екі жағын шағын тал, шілік басқан өзен аңғары Келтеталдан өте бере тегістеліп, далаға жайылған. «Келтеталдың аяғы» дейтіні сондықтан. Бұлақ суына көктемгі қар суы қосылып, Келтеталдың тасығанын, екі жағалаудағы елдің қатынаса алмай қалғанын біз бала кезімізде талай көрдік. Міне, мен туған өлке – осы. 1927 жылдың көктемінде қар шала кетіп, күн жылуы айналаны шапағына бөлей бастаған тұста, осы Келтеталдағы қыстауда туыппын. Әкей марқұм: «Ескіше наурыздың оны күні туғансың» дейтін. Кейін соған 13 күн қосып, құжатқа «наурыздың 23-і» деп жаздырдым. Әкем мен олардың туыстық дәстүрі жайлы «Менің әкелерім» атты естелігімде жазғанмын. Оған қосарым – менің бірер жастағы кезімде анамның қайтыс болғаны, мені Смайылдың әйелі Бибіқамзе анамның бауырына салғаны. Бірақ мен мектепке барғанша атам Жақсыбай мен әжем Балжанның қолында болдым. Алпысбай да, Хамит та сол үйде өсті. Алғаш мектепке барғанда Жақсыбаев болып жазылғаным бар. Жазда Қарағашта тұратын Жаманның үйіне барып, ­Алпысбай марқұм екеуміз күзде сол жердің мектебіне бардық. Алпысбай есейіп қалған (1920 жылы туған). Ол екінші класқа, мен бірінші класқа бардым. 1933 жылдың күзі болатын. Алты-ақ жастамын. Жәмкемнің (Жаман) мектепке бере қоятын ойы жоқ еді, әуелде Алпысбайға ілесіп барып жүріп, кейін оқып кеттім. Ұстазымыз – Шайхиддин Әбдраимов деген кісі еді. Жаңарқа кө­ле­мінде тұңғыш мектеп мұғалімдерінің бірі болатын.
Біздің ауылда мектеп кейін ашылды. Екінші класқа аудан орталығындағы мектепке бардым. Ақкем (Смайыл әкем) ­ауданда тұратын, жазда соның қолына келдім де, қалып қойдым. Менің «Жақсыбаев» болып жазылғанымды көрген әкем: «Жақсыбаевың не? Жақсыбай баласы – Жәкен, біз Қирабай баласымыз ғой» деп қалды. Содан мектепке барғанда Қирабаев боп жазылдым. Екінші класта Қамар ­Жолдасбаев деген жас мұғалімнен оқыдым. Қамар, Өсербай Шамаев, Балғатай Өтешов деген үш жас жігіт сол жылдары аудандық мектепте сабақ бере бастады. Өздері әдемі киінетін, бірге жүретін, сыртынан қызығып қарайтынбыз. Бала көңіл солардай болсақ деп армандайтын. Қамар бізді екі жылдай оқытты, аяқ астынан қайтыс болып кетті. Өсербай біздің үлкен нағашымыздың (Балжанның ағасының) баласы еді. Соғыс кезінде мұғалімдікті тастап кетті. Балғатай ғана өмірін ұстаздықпен өткізді. Әкей бұл жылдары Жаңарқада салына бастаған аудандық партия комитеті мен аудандық атқару комитеті үйінің құрылысын бас­қарды. Бұл жұмысқа тағайындауға аудан­дық атқару комитетінің төрағасы Нығман Тәукин себепкер болыпты. 1932 жылғы аштықтан жүдеп шыққан халыққа мал үлестіру науқанын басқарған Тәукин сол малды алу үшін әкейді ертіп барып (малды қайдан алғанын білмеймін), сол жолы екеуі жақсы танысып қайтыпты. Келгеннен кейін де мал үлестіру ісін әкейге тапсырған. Содан сеніміне кірген әкейге ісіне тиянақты деп аудандағы ең жауапты құрылысты басқартқан. 1937 жылы Тәукин ұсталғанда екеуінің байланысы бар деп газетке жазушылардың («Қирабаев – халық жауының қалдығы» деген мақала «Қарағанды пролетариаты» газетінде басылған) тілге тиек еткені де осы болатын. 1936 жылдың жазында мен үшінші класты бітірдім. Мектебіміз орталау ғана білім беретінін бұрын аңғармаппын. Сол жылы 7-класс бітірген бір топ жастарды шығарып салу рәсімі кезінде бір-ақ білдім. Одан, әрі қарай оқу Алматыда екен. Оларды аттандырып, оқуын жалғастыруын тілеген митинг тұсында Ісләм Жарылғапов, Шақыма Дүйсебаев, Әбутәліп Жұбаев сияқты ағаларымның аттары аталғаны есімде. Үшеуінің әкелері де елге танымал азаматтар болатын. Мен де білетінмін. Олар Алматыға келіп, дайындық курстарынан өтіп, ҚазПИ-ге түсіпті. Бәрі де жақсы оқып бітірген. Тек Шақыма әскерге кетіп, қайтпай қалды. Қалған екеуінің есімі елге танымал. Осы жылдардың оқиғаларынан есімде қалғаны – Ғабдиман Игенсартовпен көрші болуымыз және Өсербайдың үйленуі. Ғабдиман Игенсартов деген қарқаралылық ақын, кейін кітаптары шыққан, Жаңарқаға аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып келіп, біздің үйге кірді. Біздің кең қора-жайымен үлкен екі бөлмелі үйіміз болатын. Кейін сол қора-жайдың ішінен Жаманға деп әкей тағы үш бөлмелі қоржын үй салды.
Ауданға жаңа келген қызметкерге үй таба алмай, аудан басшылары әкеме қолқа салыпты. Әкей өзі отырған екі үлкен бөлмені босатып, үш бөлмелі қор­жын үйдің бір жағына кірді, екінші жағына сол тұста ауданға ауысқан Жаман келіп орналасты. Ғабдиман үлкен кісі ғой, күндіз қызметте болады, біз балалар көре бермейміз. Кірген-шыққанда ғана байқаймыз. Жасы егде тартып қалған шешесі болатын. Сол кісі балаларын жинап алып, ылғи асық ойнайтын (хан ойыны). Әуелде бізге ерсі көрінгенмен, біз де үйреніп, асық жинап, хан ойнайтын болдық. Ғабдиманның аздап өлең жазатынын байқайтынбыз, анда-санда аудандық газетке шығып қояды. Кейінірек Қарағандының облыстық газетіне басылып жүрді. 1937 жылы Пушкиннің қайтыс болғанының 100 жылдығына арналған көлемді бір өлеңі «Қарағанды пролетариа­тында» шыққанда біз бірінші ауылда едік. Әкей «Ғабдиманның өлеңі шығыпты» деп газет әкелді, бәрі жиналып тыңдады, мен оқып бердім. Өсербай нағашымыз сол жылы біздің үйде, Жаманмен бірге бір бөлмеде тұрды. Салт. Қолымызда тағы бір жиен қыз бар. Аты – Ғайни. Үй іші оны Қаят дейтін. 1932 жылғы аштықтың соңында біздің ауылға Әмір деген шал көшіп келген. Бізге жиендігі бар, әкейді паналап, 3-4 жыл тұрды. Денелі, түсі суық­тау, көзілдірік киетін, татарға ұқсас адам еді. Жалғыз қызы бар. Ол – осы Ғайни. Олар ауылда қалды да, Ғайни біздің қолымызда оқу оқыды. Есейіп қалған қыз үйдің Жамандар тұратын бөлігінде, Өсербай барлығы бірге жататын. Сөйтіп жүріп Өсербаймен көңіл қосып қойыпты. Екеуі үйленбекші болады. Бірақ оған қыздың жасы жетпейді әрі оқытып жүрген қызын алуға мұғалімнің хұқы жоқ деген заң бар – аяқ астынан Өсербай істі болды да қалды. Аз күн түрмеге де отырып шықты ма?.. Ақыры ел болып ара түсіп, сот шартты түрде бірдеңе кескен болып, босап шықты. Ғайнидың жасын өсіріп құжат алып, екеуін қостық. Жас қызын әуреге түсіргенге наразы болған әкесі де біздің әкейдің ыңғайымен басылды. Кешікпей еліне көшіп кетті. Осы кезде ауданда ойын-сауық үйірмесі Бейімбет Майлиннің «Шұға» пьесасын қоятын, соны қызықтап баратынбыз. Шұғаның, Әбіштің өлеңді монологтарын жаттап алып айтатынбыз. Сондағы Шұғаның атын Ғайни (Қаят) деп, Әбіштің атын Өсер деп, Шұғаның жеңгесі Мақпалдың атын Бәден (Жаманның әйелі) деп өзгертіп, Базарбайдың жырын менің оларға мадақтау, жұбату қып айтқаным есімде. «Серпілді тұман, серпілді. Аласың, Қаят, еркіңді Көргенде Өсер қуансын, Құбылт, Қаят, көркіңді. Жеңілді әкең, жеңілді, Жеңгең Бәден көңілді. Өксігіңді бас, Қаят, Өмір таңы көрінді» деп келетін.
Құрылыс аяқталған соң сол жылы әкейді бірінші ауылға ауылдық кеңестің төрағасы етіп жіберді. Ауылдық кеңестің орталығы «Еңбек» колхозында болатын. Мен төртінші класты сол ауылда оқыдым. Бұл – Жаңарқаның шығыс бетінде, Оспен (Нілді) руднигіне таяу ауыл еді. Әкейге еріп рудникті, ағылшындар тастан салған үйлерді, мектепті (кезінде Сәкен оқыған) көрдім. Сәкеннің аты бұл кезде дүрілдеп тұрған. 1936 жылы оның шығармашылық қызметінің 20 жылдығы аталып, мектептің алдында суреті мен плакат ілінген екен. Әкей мен оған еріп барғандарға рудникті көрсеткен адамдар Сәкен атын мақтанышпен атағаны есімде. Бұл ауылда бір жарым жылдай тұрдық. Аштықтан жүдеп шыққан елдің тіршілігі ұлғайып, есін жиғанына куә болдық. 1936 жылғы КСРО Конституциясын қабылдау (әуелде жобаны талқылау), КСРО Жоғарғы Кеңесінің бірінші сайлауын өткізу сияқты науқандарды абыроймен өткізген әкейді 1937 жылдан бастап айналдыра бастады. Жаңарқа аудандық партия Комитетінің бірінші хатшысы Мәжит Ордабаев ұстал­ды. Абдолла Асылбеков, Мансұр Ғатаулин­дермен бірге Қарағандыда өткен атақты сот процесінің шешімімен атылып кетті. Нұғман Тәукин ұсталды. «Халық жауларын әшкерелеу» ауданда қатты жүрді. Смайыл Тондығұлов деген аудандық ішкі істер бөлі­мінің бастығы қатыгез, әпербақан адам еді. Сол Сәкен Сейфуллин, ­Жанайдар Садуа­қасов сияқты сол елден шыққан адам­дардың елге келген кезінде кездескен, әңгі­ме­лескен адамдарын, туған-туыстарын (ішінде Сәкеннің қарт әкесі Сейфолла да бар) тізімдеп, түрмеге тықты. 1936 жылы Жаңар­қада үлкен бір жәрмеңке өткен. Бұл тұрмысы жүдеу елдің малын сатып, керек-жарағын алуына, саудаға араласуына кө­мек­тесетін шара есебінде ұйымдасқан бо­латын. Сол жәрмеңке мал басын кемітіп жі­берді, әдейі қастандықпен жасалды деп, оған қатысқан, мал сатқан, жәрмеңкені ұйым­дастырған адамдардың бәрін ұстады. Ішінде талай сауатсыз, саясаттан хабары жоқ қарт адамдардың кеткенін көзімізбен көрдік.
Бұл жылдары мен аудандық мектепте оқыдым. Біз 1-ауылға көшерде екі қабатты жаңа мектеп салынып жатқанын көргенмін. Мектебіміз орта мектеп дәрежесін алып, сол жаңа үйге көшкен екен. Бесінші кластан бастап, бітіргенше мен сол мектеп қабырғасында тәрбие алдым. Мұғалімдерімнің көпшілігін қазір ұмытыппын. 5-6-кластарда қазақ тілі мен әдебиетінен Балғатайдың сабақ бергені есімде. Тарихтан Ақтай Ишмұхамедов берді. Сәнді киінетін, сыпайы, жас жігіт еді, қысқы демалысқа шығып қайтып келсек, аудандық комсомол комитетіне хатшы болып кетіпті. Содан өсіп, Қарағанды облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болды. Ол кеткеннен кейін тарих сабағын Дамыл Ысқақов жүргізді. Алаңғасарлау, тілін шайнап сөйлейтін, аузына келгенін айта салатын, балалардың алдында ұстаздық этиканы сақтай бермейтін… География сабағынан берген жақсы мұғалім Төлеухан Хамитов есімде қалыпты. Картаны жақсы білетін және салмақты түсіндіретін еді. Соның арқасында география менің жақсы көретін пәндерімнің біріне айналды. Соғыс кезінде әскерге алынып кеткен осы ұстазымды 1944 жылы мен Қарағандыда кездестірдім. Жаңа қалада Киров көшесінің бойымен келе жатыр едім, облыстық оқу бөлімінен қос қолтығына балдақ тіреген, аяғын баса алмай бір мүгедек адам шығып келе жатты. Көзіме жылы ұшырай кетті. Таныдым – Төлеухан ағай екен. Тоқтап сәлем бердім. Аты-жөнімді, өзінен оқығанымды айттым. Ол да есіне түсірді. Соғыста қатты жараланып, госпитальда ұзақ жатып, елге қайтыпты. «Елде жұмыссыз жүруге болмайды ғой, оқу бөліміне кіріп, Қарқаралыға жолдама алып кетіп бара жатырмын» деді. Кейін кездескен емеспін. 8-9-кластарда әдебиеттен сабақ беріп, менің осы пәнге деген ықыласымды оятқан мұғалім – Жарылғапов, атын ұмыттым. Әскерге кетіп, қайтпай қалды. Химиядан Мұқан (Мұқым) Қайыржанов дейтін мұғалім сабақ берді, ол да соғыстан қайтпады. Соның ілтипатымен мен химияны да жақсы оқып едім. «Сенен химик шығады» деуші еді ол. Кейінгі жағдайлар (оқудан қол үзіп қалуым) оны бұзып кетті. Химия сияқты ғылым үнемі жаттығуды, зертханалық жұмысты талап етеді ғой. 9-10 класта математикадан мектеп директоры Бименде Амалбеков сабақ берді. Бұл да адам ретінде де, ұстаз ретінде де аяулы азамат еді. Білімді, сыпайы, кісілігі бар – нағыз зиялы.
Негізінен кісі үйінде жатып оқыдым. Қайда жататынымды әкей шешеді. Үш жылдай Әбдібектің Мәтісінің үйінде жаттым. Ол – әкейдің туған нағашысының жақын туыстары еді. Мәті, Күлшіман, жалғыз ұлы Қаратай – үшеуі-ақ, бастары шағын, Қаратайға серік болады, басқаша салмақ түсірмейді деп әкей келісіпті. Осы үш жылдың ішінде сол үйдің өз баласындай болып кеттім. Мәтекең әкемдей, Күлшекең анамдай, Қаратай ағамдай болды. Кейін олар өмірден өткенше сыйластығымыз бұзылған жоқ. 6-ауылда біздің әкей 1942 жылдың басына шейін істеді, 1941 жылдың сәуірінде Төлеупас апам қайтыс болды. Бүкіл отбасымыз, ағайын-туыстарымыз жетім қалғандай күй кешті. Аяулы кісі еді. Жаздың аяғына қарай әкей қайта үйленді. Айтыман деген жас келіншекті көрші ауыл – «Жеткіншектен» алып келді. Отыздың ішіндегі көрікті адам екен, күйеуі 1937 жылы ұсталып кетіпті. 4 жасар қызымен бар, аты – Шайда. Біздің үйдің балаларына тез үйреніп кетті. Кейін Смаилова боп мек­тепке барды, тұрмысқа шықты, туған қарындасымыздай біздің ошағымыздың бір жағын толтыруға жарады. Айтыман анамыз да балаларды өз туғанындай бауы­рына басып, ағайын-туыспен, елмен тез тіл табысты. Айтыман келгеннен кейін менің қызық көріп танысқан адамым – жынды Әбен. Сәкен Сейфуллинмен аталас, бір ауылда өскен, оның қасында көп жүрген, сайқымазағы, қалжыңқой серігі болған Әбен Айтыман түскеннен кейін «құтты болсын» айта келіп, бір ай жатты. Соның аузынан алғаш рет Сәкен жайында әңгімелер естідім. Аузына берік Әбен оңаша қалғанда, үй ішінде жас кезін, Сәкенмен бірге жүрген күндерін, күлкілі оқиғаларды есіне түсіреді. Сәкеннің дүрілдеп тұрған кезінде Алматыға да барыпты. Кейін Сәкен ұсталғанда, онымен байланысы бар деп Әбенді де тұтқындапты. Ауылдың сауатсыз шалы, сайқымазақ, қулығынан басқа қолынан келері жоқ, саясаттан хабарсыз адамның жаулығын дәлелдей алмай, бірер жылдан кейін босатып жіберіпті. Сонда қайтып келген Әбен: «Менің қадірімнің кетіп жүргені осы кез ғой. Әйтпесе, мен дәретке отырғанда екі жағымда екі милиция күзетіп тұрушы еді» депті. Осы сөзді өз аузынан естідім. Кейін Сәкен шығармаларын оқыған кезде Сәкеннің «Сол жылдарда», «Қызыл сұңқарлар» сияқт­ы шығармаларында байдың жалшы жігіті, қуақы Әбеннің күлкілі оқиғаларын жазғанын көрдім. «Сол жылдарда» романында Әбен орындайтын «Қараторғай» әнінің нұсқасы жайында жазыпты. Оны мен де тыңдағам. Аудандық теміржол клу­бында Қарағандыдан артистер келіп, біреуі «Қараторғайды» айтқанда, Әбен: «Қа­рағым, «Қараторғайды» олай емес, былай айтады» деп орындағанының куәсі болғам.
Шынында, Әбеннің «Қаратор­ғайы», оның шиқылдап кеп қайыры­латын қайырмасы ерекше әсерлі болатын. Сызылып шығатын, әдемі жіңішке дауысты Әбен әнді аса шебер орындайтынын Сәкен: «Еққу-ее-е-е дегенде көмейін бүлкілдетіп, дыбысты көмейінен, тамағынан шығарып, қараторғайдың сайрағаны сияқтандырып, көмейін, тамағын қылқылдатып, үнін қайырып, қысық көздерін онан сайын қысып, жылтырата күлімдеп, мойнын қылқың еткізеді» деп суреттеген. Осы жіңішке дауыспен оның ұзатылған қыз боп сыңсығанын, толғатқан әйел боп зарлағанын мен Әбеннің өз аузынан естідім. Сәкен туралы әңгімелерге кейде Айтыман да қосылып, жас кезінде Сәкенді ауылға келгенде көргенін, ауылдың қыздарына бір-бір иіс сабын, иіссу сыйлағанын, соны өзі ұзатылғанша сақтағанын айтады. Әбеннің тағы бір ерекшелігі – малжандылығы еді. Өмірінде қолмен еңбек етпеген, мал бақпаған, егін екпеген, тек ерке боп ел үстінде жүрген Әбен, табиғатынан ба екен, малжанды еді. Ол бір ай жатқанда біздің үйдің таңертең ұстатпай, желіге байлаудан қашып жүретін құлындарын қолға үйретіп кетті. Бірдеңе деп олармен өзінше сөйлесіп, жалын қасып, еркелетіп бойына үйретіп алды. Бізден қашқан құлындар Әбенді көргенде алдына барып тұра қалатын. Халық ­жиналып Әбеннің әңгімелерін тыңдайды, күледі, мәз-мейрам болады. Сөзді сыпайы, өзі күлмей, ел күлетіндей тауып айтады. Юморы да, кекесіні де бай адам еді. Қақырынып, жөткірініп отырып, қақырығын есікке қарай атып жібергенде, ол өзіне ұнамаған біреудің бетіне сарт ете түсетін. Қақырығының өткірлігіне, өзінің мергендігіне таңғаласың. Сол жылы соғыс басталды. Соғыс басталар алдында күн тұтылды. Күн бетін ай түгелдей көлеңкелеп, қараңғы түсіп, ит үріп, сиыр мөңіреп, қой маңырап, у-шу болған. Жұрт жаманшылыққа жорыған еді.
Мен ауданда оқығанмен, ауыл арасы таяу, оның үстіне анамыздың қайтыс болғаны бар, екі ортада жүргенім көп болды. Сөйтіп, әкей ауылдағы қызметінен ауысып, ауданға келгенше жүрдім. Әкей аудандық мемлекеттік сақтандыру бөліміне бастық болып бекіп, қыс ішінде ауданға көшіп келді. Айтыманның күйеуі әскерге кеткен немере сіңілісі (аты – Сәлкен) бар еді, соның үйіне кірдік. Үш бөлмелі үйдің бір бөлмесінде екі баласымен өзі қалып, екі бөл­месін бізге берді. Осы үйде Айтам босанып, ұл туды, атын Сәбитке ұқсатып, Совет қойдық. Кейін Майра (1945), Мария (1948) атты қарындасты болдық. Бірақ Совет­тің өмірі ұзақ болмады, жаңа жүгіріп жүр­ген кезінде өмірден өтіп кетті. ­Майра мен Мария бойжетіп тұрмыс құрды. Балалы-шағалы.
1942 жыл – біздің соғыс ауыртпа­шы­лығын қатты сезінген жылымыз. ­Нанды карточкамен аламыз, оның өзі дү­кенде үнемі бола бермейді. Әкей келісіп, аудандық асхананың буфетінен алатын етіп тіркетіп қойды. Оған мен барам. Нанды аз берген күні бізге жеткізбей, асхананы ғана қамтамасыз етеді. Басқа тамақ та карточкаға беріле бермейді. Ауыл да жүдеп біткен, одан келетін көмек жоқ. Кейде есебін тауып, әкей мал сойған болады, басқа тамақ болмаған соң, бір етпен күнелту де оңай емес. 6-ауылда жүргенде етке салатын нанды илейтін ұн болмай, ауданнан келген бір өкілге таза ет асып бергеніміз есімде. Сол өкіл ертеңіне: «Смайылдың үйінде неғып ұн болмады екен?!» деп әрі таңырқап, әрі сенімсіздік көрсетіп кеткенін естідік. Оның үстіне 1942 жылдың көктемінен бастап әкейді қайта-қайта әскери комиссариат шақырып, мазалай бастады. Сол жылы елуге шыққан адамды әскерге алады деген ойымызда жоқ еді… Өзі кетсе, балалардың үлкені – салмақ маған түсетінін сезді ме, білмеймін. Жазғы мектептен бос кезімізде мені аудандық банкке ертіп әкеп, бухгалтердің шәкірті етіп орналастырды. Мен аз күннің ішінде банктің есеп-қисабын игере бастадым. Бір күні іссапармен келген облыстық банк бастығының орынбасары Мұхамедьяров деген кісі мені көріп, жүргізіп жатқан есеп-қисаптарды қарап: «Балам, талабың бар екен, Қарағандыда үш айлық банктің бухгалтерлерін дайындайтын курс ашып жатырмыз. Соған барасың ба?» – деді. Мен жасқаншақтап, жауап бере алмадым. Әрі оқу орыс тілінде жүретінін естіп, жүрексіндім. Әкеме айтып едім: «Тәуекел, бірдеңе ғып үлгеріп кетерсің, бар. Заман қиын боп барады ғой, қызметке үйренгенің дұрыс» деді. «Тәуекел» деп, Қарағандыға тартып кеттім. Қарағандыда баратын үйім – Рақымбектің Құлжан деген баласының үйі. Айтыман шешемнің жақын туыстары. Әкесі Рақымбек қажыға барған, кезінде беделді адамның бірі болған екен, кеңес тұсында балалары ел ішінде қуғын көріп, Қарағандының шахтасына түсіп, қара жұмыс істеп кеткен.
Інісі Қойшыбай екеуі бір үйде қатар тұрады. Қарағандының шахтерлерге арнап салған 16 пәтерлік, барак типтес үйі. Әр үй бір бөлмелік қана. Құлжанның бір бөлмелі үйінен қонақ үзілмейді. Мен барған тұста Шибұт деген туысы Қарағандының жұмысына шақырылып, елден сол әйелімен келіп жатыр екен. Шибұт, Нұрлыкен ­Тиш­мағанбетовтер біздің елдің бір қадірлі азаматтары еді. Айтыман түскеннен кейін олар­мен туыстығымыз жарасып, көп араластық. Ескі Қарағандының (ол кезде ескі қала, жаңа қала деп бөлінетін) арасына электр пойыз қатынайды. Шибұт оған қай жерден, қалай міну керек екенін, нешінші аялдамадан түсетінімді айтты. Сол жобамен барып, жаңа қаладағы облыстық банкті таптым. Аудандық банктың берген жолдамасын тапсырып, оқуға қабылдандым. Соғыстың ауыр кезі ғой, алғашқы күндері адам жиналмай, оқу бір жетідей кешігіп басталды және үш ай емес, екі айда аяқталды. Орысша нашар білгендіктен, мұғалімдердің айтқандарын түгел түсініп те болғам жоқ, дегенмен, есеп жұмысының біраз сырына қанықтым. Ауылдан шықпаған маған Қарағандыда болған екі айым үлкен бір мектеп болды. Соғыстың шын ауыртпашылығын осында көрдім. Қайда барсаң да жетіспеушілік, жоқшылық. Жатын үйімнің тұрмысы да жұпыны. Шахтерлер ақша табады, бірақ ақшаға сатып алар ешнәрсе жоқ. Кей күндері капустаның өзін турап, етсіз суға қайнатып, борщ жасап ішеміз. Нан өлшеулі, 500 грамм, әйтеуір уақытында береді. Есіктің алдында дүкен бар. Су да сатулы. Оны карточкамен шелектеп аламыз. Карточка да сатылады. Ескі Қарағандының екі қабатты пошта үйінің жанында Шмидт көшесі, 32 үйде тұрамыз. Оның сырт жағында теміржол вокзалы («Караганда–Угольная» деп аталады), базар бар. Қатар салынған 8 пәтерлік (екінші беті де солай, түптестіріп салынған) үйдің бір жақ шетінде біз де, екінші шетінде Қайып Айна­беков тұрады. 1929 жылы «Қырдың қызыл гүлдері» атты өлеңдер жинағы шық­қан, Сәкеннің қайнағасы, ақын, Сәкеннің көмегімен сол тұстағы совдеп жұ­мы­сына араласқан Қайып Сәкен ұстал­ған­нан кейін бой тасалап, шахтаға түсіп кет­кен екен. Бұл жайды маған Құлжан айтты.
Сол кезде алпысқа жете қоймаған Қайып еңкіш тартып қалыпты, кірген-шық­қанда сыртынан қарап қалам. Оқуға барғанда, үзіліс кезінде, оқудан шық­қан­нан кейін Қарағандының жаңа қаласында көретін өмірім де сұрғылт, жүдеу. Әйтеуір түскі тамақты банктің ішінен ішеміз. Тойып емес, талғажау боларлық қорек береді. Көшеге шықсаң, тамақ ішетін жер таппайсың. Банктің қарсы бетінде әскери госпиталь бар. Неше түрлі соғыс мүгедектері есік алдындағы бақ ішінде отырады. Қолы жоқ, аяғы жоқ мүгедектердің талайын көрдім. Бір жолы өтіп бара жатып, екі қолы жоқ бір жап-жас жігіттің қасында екі-үш адам үйіріліп тұр екен. Мен де тоқтадым. Жігіт қолсыз өмірдің қиындығын айтады – не тамақ іше алмайсың, денеңнің бір жері қышыса, қаси алмайсың. Бұдан екі аяқты берген артық қой, – дейді. Қайбір жетісіп айтады дейсің, аяқсыз өмір де ауыр ғой. Жаның ашиды, қамығасың, көңілің жүдейді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.