Оңтүстігім – ерен елім

d188d0b0d0bcd188d0b8Жазушы Еркінбай Әкімқұлов атақты сазгер Шәмші жайында «Шәмші Қалдаяқов» атты роман-эссесін жазып бітірді. Оқиға, әңгіменің бәрі – бас кейіпкер Шәмшінің атынан жүреді.
Төменде сол кітаптағы «Оңтүстігім – ерен елім» аталатын сегізінші желі сәл қысқартылып, көпшілік назарына ұсынылып отыр.

Мен, бәріңізге белгілі шығар: Оңтүстік Қазақстанда дүниеге келген азаматпын. Туған жерін жақсы көрмейтін перзенттер аз. Өскен өңір, бала, бозбала шақ өте ыстық болатыны әркімге аян.
Ал Оңтүстік – байтақ рес­пуб­ли­камыздың жер тұмағы, алтын ал­қасы, тәу етер тәбәрік аймағы. Онда баптардың бабы Арыстан бабаның мәйіті жатыр; онда мұсылман, түрік әлемінің екінші Меккесі атанған Түркістан шаһарындағы суфизмнің негізін қалаушы Әзіреті Сұлтан – Қожа Ахмет дамылдаған. Онда екінші дана-ғалым, Аристотельден кейінгі Әбу Насыр әл-Фараби туған Отырар-Фараб шаһарының атшаптырым төбе боп қалған орыны жатыр. Ол аймақта заманында жиырма бес шағын-шағын қала болған «алтын төбелер» жатыр. Екі миллионға тарта халқы бар Оңтүстікте жерасты қазба байлықтардың бәрі кездеседі. Ондағы уранның көлемі әлем бо­йын­ша үшінші орында. Адам байлығы қандай! Елуінші, алпысыншы жылдары көп жайды басымыздан өткердік. Сталинді әшкерелеген Хрущевтің өзі не болды. Тың өлкесінен кейін Қазақстаннан тағы да екі өлке аш­қызды – Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан. Екі обком – өнеркәсіпті обком, ауылшаруашылық обкомы. Оңтүстік Қазақстанның мақталы үш ауданын бір жарым миллион гектар жерімен қосып, Өзбек республикасына өткізіп жіберді. Үш мақталы аудан, екі малды ауданы және өздерінің Жызақ облысынан бұрын қосқан екі-үш ауданын біріктіріп, Сырдария деген – орталығы Гүлстан – Өзбекстанның жиырма бесінші облысын құрды.
Мен бұл жылдарда Алматыны қойып, қамқор аға Өзбекәлі Жә­нібековтің ақыл-кеңесімен Шымкентке – Оңтүстіктің орталығына көшкенмін.
Алпыс үшінші жылдың тоғызын­шы қаңтары. Жетісай қаласы. Мәде­ниет сарайы. Дүрліккен халық, мақта­шылар.
Осы жерден тоқтай тұрып, сәл шегініс жасайық.
Мен өзі тіпті қызық адаммын. Асығуға болмайды.
Асыққан – шайтанның ісі. «Асық­қан үйрек артымен сүңгиді». «Асықпаған арбамен қоян алады».
Алдымен жаңадан Оңтүстік Қазақстан өлкесі болып құрылып жатқан бір мың тоғыз жүз алпыс екінші жылы – туған елім, ауданым, облысым, өлкем, азаматтар, халық мені қалай құрметтеп қарсы алды? Соны айтқаным мақұл. Оны аттап, содыр сөзге беріліп кетуге болмайды.
Мен тамыз айында туған қа­зақ­пын. Тамыздың сыйы – Тәңі­р­ден. Мен де еліме құралақан келген жоқпын. Қысастыққа қарсы өршелене түсетін мінезім бар. Мен осы қарсаңда «Бақыт құшағында» деген ән жаздым. Мәтіні кәдімгі інім – Тұман – Тұманбай Молдағалиевтікі. Реті келгенде, бір мақтанып қояйын: қайтпас қайсар өжеттігім де жоқ емес. Патша көңілімді ешкімге бермейтін қасиетім бар. Мәселенки деймін ғой: мені қорлап, зорлап консерваториядан қуады, сағымды сындырмақ. «Күнін көре алмай қаңғырып кетсе» дейді. Ал мен болсам, еменнің қарсы біткен бұтағындай еш сынбаймын. Жігерлене түсіп, ән шығарамын: «Ба­қыт құшағында» деп жар саламын. Сөйтіп, шырайлы Шымкентіме келдім ғой. Шәмші – Шымкент ұйқасып тұр, ә! Қала абыр-сабыр. Халық қуанышты секілді.
Өлкелік комсомол комитеті құрылған. Бес хатшысы бар екен. Біріншісі Кеңес Жандыбаев – сылыңғыр қара жігіт, екінші хатшы орыс – Василий Иванович Рудов – қызыл шырайлы, толықша келген, түсі жылы азамат, үшінші – Қалаубек Тұрсынқұлов, сонан соң өндіріс-өнеркәсіпті жүргізетін Қожахметов Нұрахмет Балахметович – толық нар бітімді, алпамса азамат. Таныстық. Бір сағаттай жас бастықтар өлке жа­йын, үш облыс – Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда біріктірілгені тілге тиек болды. Өнеркәсіптік халық шаруашылығы деген тағы да комитеті бар ғой деймін.
Жүзі жылы, көздері мөлдіреген Қалаубек Тұрсынқұлов мені өлкенің үлкен басшыларына таныстыруға алып барды. Идеология жөніндегі үшінші хатшы Екейбай Қашағановқа жолықтырды. Қалақтай қатқан кісі екен, барлық жайды естіп, біліп отырған болса керек:
– Қош келдіңіз, Шәке, – деп бұрыннан таныс, сырлас адамдай құшағын жайды. – Сіз бәрімізге керексіз. Әсіресе, жастарға. Әлі жассыз ғой. «Отызында орда жықпаған – қырқында қырқа аса алмайды». Талай қырдан, биіктерден бірге асамыз. Болашақ коммунизм – алда.
Шыны ма, ойнағаны ма, жымиып күлді.
– Барлық жағдайлар жасалады. Қаланың басшыларына бұйрық береміз. Үй-жай, қызмет – бәрі болады. Сіздің әндеріңіз елге қажет, ал өзіңіз бізге қажетсіз. Солай, бауырым Шәмші Қалдаяқов, қош келдіңіз! Құттықтаймыз. Комсомолмен бірігіп жұмыс жасаңыз. Творчествоңызға сәт тілейміз.
Міне, алғашқы қабылдаулар!
Кешікпей қаланың батыс жа­ғындағы Ильич көшесінен жаңа біткен үш бөлмелі үйге кірдік. Алматыдан Жәмила келді тарсылдап, Әбілқасымды құшақтап. Пәтерді көріп шығып, мәз болды: «Спасибо, хорошо тебя приняли ваши земляки!». Ой, Шәмши, бұл қандай бақыт. Ты оправдай доверия своих друзей!»
Арада бір апта өткен жоқ, «Темір» қаракөл қой совхозының директоры, Социалистік Еңбек Ері Шерім Ерменович Ерменов баласы – студент Тілдабекті ертіп келіп, үйді жиһазға толтырып тастап кетті. Жаңа қоныс тойын тойладық.
Комсомолдар қаржысымен «Бе­ларусь» пианиносы да табандап келіп тұра қалды төрде. Ал енді, Қал­даяқов, аянба, төк творчествоң­ды, бәрін! Темір, Шәуілдір, Шымкент шаһарының азаматысың! Туған жеріңді жерге қаратпа! Ән көкпарына түс! Алып шық барлық салымдарды. Міне, әңгіме қайда жатыр!
Осымен шегініс әңгімені тә­мамдап, Жетісай жағдайына қайта оралайық.
…Қыс. Қалың қар. Қаңтар айы. Үкімет жарлығы шыққан. Мәдениет сарайы. Ығы-жығы халық. Қысқы аяздан ба, ішкі аяздан ба, қазақтардың түстері суық. Құлақшындарын баса киіп, беттері түтігіп, суықтан, әлде ұяттан қып-қызыл боп бір айқасқа бас тіккендей болып жүр. Көтеріліс!
Сол кезде топ арасынан саңқыл­даған өр дауыстар қосылып «Менің Қазақстаным» әні ұрандай жөнелді. Автор, автор. Қалдаяқов осында. Шықсын сол бастап. Біз жер беруге қарсымыз. Мұндай шерлі шешім, солақай шараны кім ойлап тапты? Москва, Хрущев. Дауыстар, айғай-шу, үрей-сүрен. Мәдениет сарайында Жарлықты бекіту әрекеті жүріп жатыр. Өрт шығып, бір топалаң болмаса нетті! Үкімет халықты алдап соқты. Барлық билік бұрынғыша орын-орнында тұра береді. Жер де, халықтар да. Бір өзбек мұн­да басшылыққа жоламайды. Тек мақта, мақта! Отанға көп мақта керек. Бір жарым миллион гектар жер, екі жүз мыңдай халық. Техника! Олай болса, қой шаруашылығы дамыған Шымқорған даласы неге беріледі Өзбекстанға. Болсынай Дауылбаева, Әзімхан Шахабаев сынды Социалистік Еңбек Ерлері бастаған аяулы шопандар өзге жұрттың құлдары бола ма?! Сұрақтар көп, баянды, бәтуалы уәж жоқ. Әліптің артын бағайық! Қазақстанда Қонаев аман тұрса, қайтып қайтарып алар. Елді, халықты жылатып қоймас!
Содан ұнжырғамыз түсіп, Камал Смайылов, Қалаубек Тұрсынқұлов – бәріміз өкініп, Шымкентімізге, Алматымызға оралдық.
Біз сол Жетісайдан қайтқан бойда Шымкентке жетіп, Шымкентке «жер аударылған» облыстық Совет атқару комитеті председателінің орынбасары, Хрущевтің тепкісіне ұшыраған ағамыз Жұмабек Тә­шеновтің кабинетіне кеп кірдік. Найқалған нардай, аппақ ай жүзді ел ағасы біздерді орнынан тұрып, қол беріп амандасты.
– Хош, жігіттер, ат-көлік аман, жақсы жеттіңдер ме? – деді амандық-саулықтан соң. Жағдайдың бәрін естіп, біліп отырса керек. Бізде үн жоқ. Жерімізден, елімізден айырылып келіп отырған бейшараларда не гәп болсын.
Жұмекең – Жұмабек Тәшенов ағамыз баритон дауысымен бірталай әңгіменің басын қайырды. Ел тарихы, қазақ тарихы, қазақ батырлары. Ғасырлар. Ресейге бодандық. Хрущевтің сұрқиялығы. Осы сөздер айтылып жатқанда, мен шыдай алмай:
– Аға, ағатай, Сіздің сонау По­­литбюрода Хрущевқа қарсы шық­қаныңыз рас па? Содан қуғынға ұшырадыңыз ба? – дедім жалма-жан жұлып алғандай.
Жұмекең жымиып күлді. Ірі, жуан саусақтарымен үстел үстін тықылдатты.
– Рас, Шәмші қалқам. Жеріңді бөлшектеп, әртүрлі айламен арам ойларын іске асырып жатқан бүлікшіл басшыға бірауыз жауап айта алмасақ, біздің кім болғанымыз? Никита Сергеевич, халық наразы болады, асы­ғыс шешім жасамайық! – дедім. Ол айғайлап, бұл кім өзі дегендей столды соққылады. Маған ұлтшыл деп айып тағып, кінәлап, күстәналады. «Мұндай өресі тар адамды Үкімет басшысы тұрмақ, облысқа айдау керек», – деп бажылдады. Содан, міне, өздерің көріп отырсыңдар, Шым­кент облысына «жер аударды». Жұмекең осыны айтып теңселіп, сылқ-сылқ күлді. «Мені ешкім де мұқата алмайды» дегені. Мен тағы бір сұрақ қойдым.
– Жұмеке, сонда Қонаев сыртқа шыққан соң: «Сен қандай батыр едің!» депті ғой.
– Ақмола – менің кіндік қаным тамған, туған жерім. Тың өлкесі деп бөліп алып, әкімшілік басқару жағын өздеріне алып кетіп жатса, қалай шыдарсың… Олай тұра бермес. Заман өзгерер. Талай сулар ағар…
Хрущев жер-дүниені бүлдіріп, бір мың тоғыз жүз алпыс төртінші жылы 13 қазанда орнынан мәңгі кетті. Ол он жылда елді аздырып-тоздырып кеткені мәлім.
Қазақ батырларын алып аналар туды. Мен де анадан тудым, мен де далада тудым. Анашым Сақыпжамал дүниеден өткенде, қабірінің басына жете алмай, топырақ та сала алмай, арманда қалдым емес пе! Не дейін, аяулы анашым. Мен сізге мәңгі қарыздармын. Қайғырдым, жүдедім, зарладым. Анашым өзіңе арнап керемет ән жазамын, жыр толғаймын. «Әлемнің жарығын сыйладың сен маған…», «Әлемнің бар гүлін сыйлаймын мен саған…». Қайдасың, ақындар? Қайдасың Ғафеке, менің бұл әніме сіз ғана мәтін жаза аласыз!

Мен Ғафу Қайырбековті іздедім. Таптым. «Жазушы» баспасында поэзия ре­дакциясының меңгерушісі. Қарамағында Тұманбай, Қадыр, Шәміл отыр. «Кел, кел, Шәмші бауырым» дейді аңқылдап. «Мен ана туралы ән жазып, соған өлеңін сіз жазса деп келіп тұрмын».
– Жақсы, жақсы. Бәрекелді, азамат. Кәне, кәне, ойнашы, айтшы. Ұқтым, ұқтым! Ана туралы жыр де! Ертең осы уақытта кел. Мен толық дайындап әкелемін. Келістік пе?
– К-к-келістік.
Содан жаным бір жай тапқан. Бір мың тоғыз жүз алпыс үшінші жылдың қараша айында Қазақ радиосынан берілді. Ана туралы ән шартарапқа жайылды. Бұрындары ана жайлы ән шықпаған. Бұл ерекше бір жаңалық болды.
Елдің, әсіресе, жастардың құрметінде шек жоқ. Аяқ-қолымды жерге тигізбейді. Қаңтар айының төрті-бесінде Еркінбайдың туған ауылы «Балтакөл» совхозының жастары кездесуге шақырды. Шымкенттен «АН-2» самолетімен ұшып бардық бір сағат ішінде. Аэродромнан жалаулатып, әндетіп бізді құштар көңілмен қарсы алды. Сағынышты жүрекпен ақтарыла күтті. Тай сойылды, қой сойылды дегендей. Мектепте бірге оқыған достары Әсілбек, Кәдірбай, Толғанбай, Өмірәлі, Әзібек, мектеп директоры, совхоз басшылары, селсовет дегендерің қоғадай жапырылып, құрдай жорғалады. Өзімнің Арысым, өзімнің өзенім, өзіміздің Шәуілдір. Шалықтадық. Шалқыдық. Қаңтардың салқын суығы сирағымыздан да келген жоқ. Жылы, кең кесек үй. Зорлап, қоймай өлең айтқызды маған. Әдеттегіше «Қорланнан» бастадым.
«Бір қыз бар Маралдыда Қорлығайын,
Табиғат берген екен күн мен айын!
Мұратқа іздеген жан бәрі-ау жеткен
Дариға, арманым көп не қылайын».
Махаббат әні, ән атаулының падишасы қалықтап шырқалып, құйылып айналып, мөлдіреп, сағынышқа оралып келе береді емес пе! Таусылмайтын тілек, асқаралы ар­ман аспан-көкке шығып өрлейді. Ғашық­тық­тың мәңгілікке салынған ғимараты, ескерт­кіші! Айтып тауыса алмайсың!!!
Масайыңқырап қалған кейбір жігіттер: «Молодец, Шәке! Енді өзіңіздің бір әніңізді айтыңызшы?» – деп өтініш жасайды. Мен «Ана туралы жырды» сұңқылдаттым майда қоңыр жіңішке дауысыммен. «Сіз ұлысыз, данышпансыз. Сізге талантты Құдай өзі бере салған. Сіз біздің мақтанышымызсыз. Сіз опера, симфония, поэма, кантата жазбасаңыз да, ертең әр әніңізден бір опера шығады. Консерватория бітірмедім-ау деп қайғырмай-ақ қойыңыз!» Мақтау, құрмет, сыйлау, қолпаштау. Соған елігіп қаласың, желігіп қаласың. Ішімнен өзімді-өзім тоқтатып: «Шын екен деп қалмайық, Шәмші шырақ! Жаңа таптым елімді көптен сұрап» деймін қайталап. Сабыр, сабыр ет. Дәурікпе, дарқан пейіл, дүлдүлім!
«Балтакөлден» аттанардан бір күн бұ­рын ұзынқұлақтан «Аманкелдідегі» ауылына кешегі көп жыл үкімет басқарған ағамыз Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов келіп жатыр екен деген хабар естідік. Онда реті келіп тұрғанда, отыз-қырық шақырым жерде ауылына келіп жатқан ардақты азаматымызға сәлем берейік деген ой түсті. Және ол кісі Еркінбайдың нағашылары, шешесінің немере ағалары боп, жақын туысады екен. Еркінбай – журналист-жазушы. Осы өлкедегі «Лениншіл жастың» өз тілшісі. Интервью-сұхбат алғалы келіп едік десек те жөні бар ғой.
Сонымен «Аманкелді» колхозына келіп, ағамыздың түскен туысының үйін тауып, талтүсте есік қақтық. Үй-іші тола кісі екен. Аты-жөнімізді айттық. «О, Қалдаяқов болса, кіріңдер!» деп ықыласпен қарсы алды. Бір-екі кісі ығысып орын берді.
– Ассалаумағалейкум, Нұртас аға! Мен Шәмші Қалдаяқов – шәуілдірлік жерлес ініңіз боламын. Сізді елге келіпті дегенді естіген соң ат басын осында бұрған едік. Мына жігіт Еркінбай Әкімқұлов деген жиеніңіз болады. «Лениншіл жас» газетінің өлкедегі меншікті тілшісі. Шешесі сізге қарындас боп келеді екен. Бекбай деген кісінің қызы.
Тайсалмай, қысылмай өзімізді таныстырып шықтым.
– Жақсы, жігіттер, жайғасып оты­рыңдар. Біз бастаған бір әңгімені бітірейік. Дастарқаннан дәм алып, шай ішіп, құлақ сап… қонақ болыңдар.
Ағайын арасының әңгімесі біткеннен кейін бізге қарай бұрылды.
– Қалқам, Шәмші! Шығармашылығыңа сәт тілеймін. Ел, халық өзіне ұнаған нәрсені жерге тастамайды. Бауыр басады. Мерейің үстем болсын. Қиналма, туған жеріңе оралыпсың. Гурьевті басқарып болдым. Оның байлығы өте мол екен. Мұнайының өзі не тұрады. Бүкіл қазынасын жоспарлап, енді елді соған жұмылдыра бастаған шақта Хұрекең құрметті демалысқа жіберіп отыр. Мейлі. Азаматтар бар ғой, бастаған істі алға алып баратын. Елге сіңірген азды-көпті еңбегіміз бар. Далаға тастамас. Москвадан орын тептік. Мына қызымды туған жерімді көрсін деп алып келдім, – деп әдемі, сұлу ақсары бойжеткенге қарап қойды. Бәсе, манадан мынау ақ ботадай мөлдіреген қыз кім деп отырсам…
– Аға, – дедім ойланып келген сұрақ­тарымды бермек болып. – Сіз Үкімет басында тұрғанда Жамбылды жарыққа алып, дүниеге оның ақын-жыраулығын танытқан дейді. Сонан соң Қонаевты өзіне орынбасар еткен дейді. Сол қалай, рас па? Осыны өз аузыңыздан естиік деп жүр едік? Егер айып болмаса, шындықты айтсаңыз?
Ол кісі үндемей көп отырып қалды. Жиналғандардың да көкейлерінде жүрген сұрақтары болар. Олар да тым-тырыс. Әлден уақытта бейне ұйқыдан оянғандай:
– Жақсы, айтайын, – деп астыға салынған көрпелерді бір түзеп қойды. – Мен Қазақстан үкіметін он үш жыл басқарған адаммын. Бірінші хатшымыз Жұмабай Шаяхметов деген кісі болды. Ол – қырық тоғызыншы жылдары Орталық партия комитеті Саяси бюросының мүшелігіне кандидат болып, жиналыс Президиумында Сталинмен қатар отырған қайраткер. Соғыс алдында, соғыстан кейін халық ақындарын іздеп, бастарын құрағанбыз. Айтыс өткізгенбіз, соғыстың қызып тұрған кезінің өзінде. Міне, ақын-жырауларды көп кездестірдік. Іштерінен үздік шыққаны Жамбыл Жабаев болды. Оны шексіз сыйлап, құрметтеп көтермеледік. Жаңа заман, Сталин туралы көп жырлады. Дүниеге аты жа­йылды. Ал енді Димекең болса, мен ол кісіні Ленинград қаласында кен-металлургия комбинатының бас инженері боп істеп жүрген жерінен таныстым. Отыздан жаңа асқан, сіздердей шағында майталман маман екен. Жұмекеңмен – Шаяхметовпен келісіп, Алматыға өзіме орынбасар етіп алдым. Ол – шындық, бекер емес. Димекең әлі дүниеге өзін танытады. Керемет кісі. Адал, таза. Ғұлама ғалым. Организатор… – деп Нұрекең – Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов ұзақ сөйлеп барып, суып қалған шайын бір ұрттап, бәрін айтып тоқтады.
Біз де, басқалар да өзге сұрақ қойған жоқпыз.
Түстен кейін қош айтысып, Шәуілдірге, «Темір» совхозындағы туған үйге қарай тартып кеттік.
…Мен үйдің еркегі емеспін. Даланың адамымын. Мен үйден қамап қойса да қашып шығамын. Мен өйткені Шәмшімін! Шәмші Қалдаяқовпын. Ерен елім Оңтүстігімнің әр үйі – менің үйім. Әр адамы – туысым, досым, танысым… Әзірге мұнда тұрақты үш үйім бар. Еркінбай, Қалаубек, Мұхтар Шаханов – жас ақын. Жалғыз шешесі екеуі екі бөлмелі үйде тұрады. Қалекең мен Ерекеңде бала-шаға мол. Оларда күнде қонақ боп, жатып-тұра алмайсың. Ал Мұхтарларда тыныштық. Шешесі бір керемет қолы ашық, әулие адам. Мені екінші балам, Мұхтарымның туған ағасы дейді. Қашан келсең ас-суын дайындап отырғаны.
Өз үйім – анау. Ән шығарғанда болмаса, көп отыра алмаймын; қатынсыз пәтер қаңырап тұрмай ма! «Қатын ауру, бала жас, тары түйіп жатырмыз» депті бір жау қайтар­ған батыр. Біз де сол, қанша жау қайтарсақ та кейде тары түйіп қалуымыз мүмкін. Қаланы көрмеген әке-шеше Шымкентке ауылдағы қора-жайын, балаларын тастап келмейді. Өзім табиғатымнан, жаратылысымнан үй­күшік боп тумаған адаммын. Кейде өзімді сөгіп: «Қаңғыбассың, Қалдаяқов» деп кейіп, ұрсып алатын кездерім болады. Дегенде бұл – қанға сіңген қасиет. Көппен бірге жүргенді, сауық-сайран өмірді жақсы көретінім рас, шындық.

Еркінбай Әкімқұлов

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.