Таңғажайып Каппадокия

Каппадокия… Таулар мен төбелерден ойылып салынған үйлер мен шіркеулер… Таңғажайып ландшафт… Күн – сұлу ұясынан енді көтерілгенде көкке көтерілетін түрлі-түсті әуе шарлары… Бір кездері мұнда тек өте белсенді жанартаулар ғана бар еді. Уақыт өте лавадан қалған күл нығыздалып, қатты топырақ жынысы – жанартау туфы пайда болды… Жердің отқа күйген беті қатты болғанымен, астыңғы жағы жұмсақ еді. Уақыт өте келе жел мен жаңбырдың әсерінен түрлі пішіндерге келген. Құдды алып саңырауқұлақ сияқты. Кейбіреуі басына қалпақ киіп, жүрелей отырған адамды елестете ме, қалай…

ТАРИХ ТҰНҒАН  АЙМАҚ

Каппадокия – Түркияның ең көп қонақ қабылдайтын туристік нысан­дарының бірі. Мұнда елдегі ең суық ай саналатын ақпанда табанымыз тиді. Жолсапардың әлқиссасын елдің тарихынан бастаған жөн шығар…
Таңғажайып өлкенің ең байырғы тұрғындары – хат халқы. «Жұлдызды соғыс» фильмінде оларды бөгде ғаламшарлықтар ретінде көрсетеді. Ал шындығында хаттар – шамамен қола дәуірінде өмір сүрген халық. Олардан кейін бұл мекенге хеттер келді. Кейбір дереккөздерге сүйенсек, осы хеттер жау­ларынан қашып, жерасты қалаларын салған екен. Себебі парсылар оларға тыныштық берген жоқ. Ақыры алып тынды да. «Қызды ауылдың иті жатпас» дегендей, әсем өлкенің халқы да тыныш жата алмады. Сан түрлі жорықтан соң Рим империясының қарамағына өтіп, ел астанасы Мадак – Рим императоры Августың құрметіне Кесар деп өзгертілді. Қазір бұл қала Кайсери деп аталады. Міне осы кезеңде Каппадокияда христиан діні кеңінен тарай бастады. Таулар мен төбелерден үңгір ойылып, шіркеулер салынды. Оның қабырғаларына түрлі икона бейнеленді. Бірақ Рим бөлінген кезде Каппадокия Византияның құрамында қалды да, жаңа басшылық Құдайдың суретін салуға қарсы болды. Міне осы кезде халықтың жартысы Қырымға көшіп кетті де, сол жақта үңгірге монастырь салу мәдениетін таратты. Ал халықтың екінші бір бөлігі жаңа режимге көніп, бұрынғы салған суреттерін өзгертіп тастады.
1047 жылы аймақты селжүктер басып алды. Олар шіркеулер мен монастырларды мешіттер мен керуен-сарайларға айналдырды. Керуен-сарай сол кездегі Қытайдан Еуропаға сапарлатқан жолаушыларға арналған қонақүй еді. Мәселен, византиялықтардың кезінде салынған бірнеше қабатты Селиме монастры кейін сондай қонақүйге айналған. Ол әлі күнге дейін бар. Монастырдың кіреберісіне көтерілген кезде Селиме ауылы алақандағыдай көрінеді. Бірақ жанартау туфынан ойылған ғимараттың әлі қанша уақыт қалқайып тұрары белгісіз. Себебі біз барған кезде біраз жері ойылып түсіп жатты…
Ал XV ғасырдан бас­тап Каппадокия ­Осман сұлтандығына өтті. Халық Ислам дініне келе ­бастады. ­Хрис­тиан діні де шет қалмады. Екі діннің жара­сым­ды ғұмыры ХХ ғасырдың басында Түркия Республикасы құрылғанда өзгерді. Елдің алғашқы президенті Ататүрік христиандардың денін шекара асырды. Олардың орнына көшіп келген мұсылмандар үңгір қазуды жалғастырмады, шіркеулердегі суреттерден қорқып, көздерін өшіріп тастады. Монастырлар иесіз қалды…
Десе де, олар ұмыт болмады. Өткен ғасырдың екінші жартысында еуропалық БАҚ бұл мекеннің көз тартар көріністері туралы жарыса жазды. Содан бері жыл он екі ай туристер ағымы толастаған емес. Жергілікті халық та осыған бейімделіп, ауыл шаруа­шы­лығын екінші орынға ысырып, қонақүйлер мен хостелдер салумен айналыса бастады. Нәтижесінде, Каппадокия әлемде­гі ең сұранысы жо­ғары туристік ай­маққа айналды.
Біз мінген Ыс­­тамбұл – ­Нев­шехир бағытында ұша­тын ұшақтың борты да ­ту­­­рис­терге лық толы болды. Әуе­жай­дан түскенде өзіміз қонақүй жал­даған Мұстафапаша ауылына қарай 10 адамдық таксиге отырдық. Оның екеуі ғана қазақпыз. Қалғаны, жорамалдауымызша, корейлер мен қытайлар. Жолаушы саны жол бойы азая берді. Көпшілігі Гөреме деген жерден түсіп қалды. Сөйтсек Гөреме – Каппадокияның туристік өмірі қыз-қыз қайнаған орталығы екен. Мұнда ЮНЕСКО мұраларына енген ұлттық саябақ бар. Біз отырған такси тек Үргіп қалашағына дейін ғана баратын болып шықты. Ары қарай басқа автобусқа отыру керек. Қонақүйге кешке қарай баруды жөн көріп, Үргіпті араладық.
«Үш сұлумен» танымал қала
Үргіп – көне қала. Бейнебір ескі заманға тап болғандай күй кешесің. Қаламен жақынырақ танысу үшін екі сағатқа квадроциклді тур алдық. Бағасы – 150 лира (12 мың теңге). Мұнда да жанартау туфынан ойылған үйлер бар. Оның қалай салынғанын көру үшін екі қабатты үйге кіріп көрдік. Бірнеше бөлмесі, терезесі, қазаношағы бар. Ондағы ыс пен түтіннен қалған дақ әлі сақталған… Византия билігі кезінде қала – ­Осман, Киелі Прокофий, селжүктердің кезінде – Башхисар, Осман империясы тұсында Бургут қамалы деп аталған. Үргіп деп Ататүріктің кезінде қойған екен. Ол хеттердің «ур-бай» деген сөзінен алыныпты. Мағынасы – «қамалы көп». Бірақ бұл жақта Каппадокияның басқа аймақтарына қарағанда қамал аз. Тек бір ғана Башкале дегені бар. Есесіне шіркеу, кітапхана, жерасты жолы мен «Үш сұлу» тастары бар. «Үш сұлудың» пішіні бір қарағанда саңырауқұлаққа ұқсайды. Ол туралы ел ішінде аңыз көп. Бірі оларды гректердің тасқа айналған Афродита, Гера және Афина құдайлары десе, екіншісі бай қыз бен кедей жігіттің махаббат хикаясымен байланыстырады: Әкесі бұл некеге қарсы болып, қаһарына мінгенде қыз құдайдан ғашығы мен баласынан ешқашан айырмауды тілеп, жалбарынған екен. Сол кезде жігіт, қыз және екеуінің баласы – үшеуі тасқа айналып кетіпті-мыс. Бүгінде ол Түркияның ең-ең деген туристік нысанына айналған. Жаңаны тани түскенде уақыттың саған қарсы жұмыс істейтін әдеті емес пе, бұл қаламен жөнді танысып та үлгермедік. Екі сағат екі минуттай өте шықты…
Каппадокияның асығын алшысынан түсіріп тұрған тағы бір артықшылығы – өлкенің табиғи сұлулығын әуе шарында тамашалау. Шар тек күн шығып келе жатқан уақытта ғана ұшырылады. Ақыры келіп тұрған соң, оны да көргіміз келіп, сондай қызмет ұсынатын кеңсе іздедік. Бірақ бір де біреуінде бос шар қалмаған. Бағасы адам басына 700 лирадан басталады. Бұл, шамамен 50 мың теңгедей. Оған 20 адам мінеді. Ары қарай бір шарға мінетін адам санының азаюына қарай бағасы да өсе түседі. Кеңсе қызметкері бізді қосымша тізімге жазып қоятынын, егер біреу бас тартып жатса, бізге хабарласатынын айтып, шығарып салды. Мұстафапашаға жол тарттық.

Каппадокия атауы парсылардың «Хаспадуя» – «таңғажайып арғымақтар мекені» деген сөзінен шыққан. Бірақ бұл тақырып төңірегінде тарихшылар әлі күнге ортақ тоқтамға келе қоймады. Бір ғалымдар Каппадокия атауы лувийлердің «Катпатука», яғни «төменгі ел» деген сөзінен алынған десе, екінші топ оны хеттердің «Каттапеда» («төмен жер») деген сөзі деседі.

МҰСТАФАПАША АУЫЛЫ

Бір кездері Каппадокияның мәдени, діни және ағартушы орталығы болған ауыл. Бұрын бұл жер Синассос – «балықшылар қаласы» деп аталған. Өз уақытында Константинопольдегі икра мен тұздалған балық нарығын осы жақтың балықшылары қыздырған көрінеді. 1920 жылдары түріктер қоныстана бастағанда елді мекен атауы Мұстафа Кемал Ататүріктің құрметіне Мұстафапаша болып өзгерген. Жаңа тұрғындар үңгірдегі өмірге үйренісе алмағандықтан, аты дүркіреген орталық ақырындап құлдырай бастайды. Десе де, XVII ғасырға жататын тарихи жерлері түбегейлі жойылып кетпесе де, там-тұмдап қалған. Кейін күрделі жөндеуден өткен. Солардың ішінде Кебир мешіті, Мехмет Шакирпаша медресесі, ­Константин мен Еленаның шіркеуі, Киелі Крест шіркеуі бар.
Мұнда кешкі бес шамасында жеттік. Бір қызығы, біз қонақүй алғанда оның атауына мән бермеппіз. Monastery cave hotel. Бұрын монастырь болған үңгір екен! Ішінде бірнеше крест ілінген. Иконалар бар. Оның үстіне бізден басқа қонақ жоқ. Көшеде кіл ер адамдар ғана. Әйелдер мен балалар көрінбейді. Айналада ежелгі үңгір-үйлер көп. Күн де бұлтты болды. Адамның қиялы жүйрік қой. Көңілге үрей ұялағаны рас. Десе де үш арсыздың бірі – ұйқы қысқанда үрей дегенің өздігінен жым болады екен. Ертеңінде Үргіп қалашығы арқылы Гөремеге жол тарттық.
Иә, айтпақшы, әуе шарынан сол күйі хабарласпады. Егер орын босаса, бізді таңғы сағат 5-те арнайы көлікпен ұшу алаңына алып кетуі керек еді. Бірақ мұнда шармен ұшудан басқа да қызықтар бар. Солардың бірі – бір күндік тур. Оның үш түрі бар: қызыл, қызғылт және жасыл. Бұл тур кезінде аралайтын нысандардың түсіне байланысты. Мәсе­лен, біз жасыл тур­ды таңдадық. Мұнда да серіктеріміз ко­рейлер мен қы­тайлар болды. Тарихымен танысуға келген түрік студенттер де бар. Гидіміз бізді Деринкүй жерасты ша­һарына, Ыхлара шатқалына, Кептерлер аңғарына және басқа да жерлерге апарды.

ДЕРИНКҮЙ  ЖЕРАСТЫ ШАҺАРЫ

Бұл – 12-18 қабаттан тұратын шаһар. Аудармасы – «терең құдық». Тереңдігі 60 метрге дейін жетеді. Қаланың жалпы аумағы 2,5 мың шаршы метрді құрайды. Кейбір ғалымдардың пайымдауынша, шаһардың көлемі бұдан да үлкен болуы мүмкін. Тарихшылар оның нақты қай уақытта салынғаны жөнінде әлі күнге дейін бір тоқтамға келген жоқ. Бірі б.з.д. ІІ-І мыңжылдыққа телісе, екіншісі ­Византия дәуірі кезіне (780-1180 жылдар) жатқызады.
Біз шаһардың тек бес қабатын ғана аралай алдық. Алғашқы екі қабаты тамақ пісіру, шарап жасау үшін пайдаланылған. Себебі онда метан газы болған. Ал адамдары төменгі қабаттарда тұрған екен. Онда ұйықтайтын бөл­мелер, астық қоймалары, асхана, ұсақ мал ұстайтын қора, шіркеу де бар. Мұнда бес мыңдай адам өмір сүрген көрінеді. Кейбір деректерде бұл сан 20 мың деп те көрсетілген. Әр қабаттың есігінде салмағы 450 килограмға жуық домалақ тас бар. Қанша үлкен болса да, ішкі жағындағы ағаш тетігі арқылы бір адам оңай ашып-жаба алатын болған. Бірақ оны сырттан ашу мүмкін емес. Жау келгенде осы тастар арқылы бекінген екен. Жау оны ашып алған күннің өзінде қайтар жолын тауып шыға алмайтын болыпты. Себебі бәрі басында-ақ ойластырылған. Бұл қаланың жолдарын тек оның тұрғындары ғана біледі. Бөтен адасады. Сол себепті де қазір онда әр қадам басқан сайын бағдарыңды көрсететін белгілер бар. Осының бәрін көресің де таңғаласың. Қалай ойластырған? Бұл қала осынша уақыт бойы қалай қирап қалмай тұр?..
Шаһар толықтай қайламен ойылған. Бөлмелері шағын. Оларды бір-бірімен байланыстыратын шағын ойықтары бар. Қазіргі тілмен айтқанда, телефон жүйесі. Тұрғындар сонда айқайлап сөйлеу арқылы хабар алмасып отырған. Әр қабатты жалғап тұрған баспалдақтары төменге түскен сайын тарыла береді. Бойыңды тік ұстап кіргенмен, шау тартқан қариядай еңкейіп түсесің. Егер алдыңнан қарама-қарсы біреу шығатын болса, қайсың шығаберіске жақын болсаң, сол кері қайтуы керек. Бір қызығы, шаһардың барлық қабатында ауа температурасы шамамен бірдей. Гидіміздің айтуынша, жылдың қай мезгілінде де +13-15 градус болады екен. Ауа желдеткіші де тамаша ойластырылған. Ол құдық ретінде де қолданылған.
Таңғажайып шаһар кездейсоқ табылған. 1963 жылы бір кісі үйін жөндеп жүріп, жерасты жолын тауып алады. Ол қалаға апаратын жол екен… ­Жалпы Каппадокия жерінде 200-ге жуық осындай ­жерасты шаһары бар. Оның ең үлкені – осы Деринкүй мен Каймаклы. Барлық қала бір-біріне осындай жерасты жолдары арқылы жалғасқан. Мәселен, деринкүйліктер Каймаклыға 8 шақырымдық жолмен қатынайтын болған. Бірақ ол қазір жабық.
…Шаһардан шыққан кезде жарық дүниенің қадірін сезініп қалдық. Жер басып жүргеніміз де бақыт екен ғой. Әйтпесе, қараңғы көрге кіргендей, топырақ астында ғұмыр кешу ешкімге ұнай қоймасы анық. Ал бұл шаһардың салынуына сол кездегі жаугершілік заман себеп болған көрінеді.
Бұдан кейін Кептерлер аңғарына бағыт алдық. Ол – көлемі 4 000 метрді құ­райтын таулы аймақ. Әр төбенің басында кептерлердің ұяшығы бар. Жер­гілікті халық бұрындары кептерді үш түрлі мақсатта пайдаланған екен: өзін, жұмыртқасын, саңғырығын. Өзін хат тасу үшін. Ал жұмыртқасын сурет салған кезде қолданған. Сурет салып біткен соң, бетін жұмыртқамен сылап тастаса, қанша уақыт өтсе де кетпейтін көрінеді. Сол себепті де шіркеулердегі суреттер әлі күнге дейін өшпеген. Ал саңғырығы жүзім өсіру үшін тыңайтқыш ретінде пайдаланылған. Ол жүзімнен әлемге белгілі Каппадокия шарабы өндірілген.
Тур кезінде бұлардан бөлек Ыхлара шатқалына, жергілікті тас өңдеу зауытына, зергерлердің шеберханасына, Селиме монастрына бас сұқтық. Шатқалы біздегі Шарыннан әдемі емес, бірақ өзіндік сұлулығы да бар. Оның ерекшелігі – дәл ортасынан Мелендиз өзені ағып жатыр. Шатқал етегінің бәрінен үңгір қазылған. Селиме монастры мен тағы басқа жеті шіркеу де осында орналасқан.
Күн ұясына кіргенше тур да соңына таяды. Каппадокиядағы екі күн осылайша көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Алда Анкара. Қала арасында қатынайтын автобустағы қызмет көрсету деңгейін көргенде тағы бір мәрте таңдай қақтық. Әр жолаушының алдында кішігірім планшет бар. Одан ән тыңдап, кино көруге, ойнауға болады. Құлаққабы да бірге. Шыттай киінген даяшы шай, шырын ұсынып, тіскебасар таратады. Тегін. Бәрі билеттің құнына кіреді. Ол болса, бізше есептегенде, шамамен 7000 теңге…
Махаббат аңғары, Ай пейзажы, сиқырлы тастар… Каппадокияның осындай лақап аты көп. Бір қарағанда алыптардың мекені сияқты. Олар күнде таңертең үйлерінен шығып, аспанға түрлі-түсті шар ұшырады. Бір уақытта жүздеген әуе шары көтерілгенде құдды бақбақ гүлін біреу аңдаусызда үрлеп жіберді ме деп қаласың. Олар көз алдыңда биіктеп бара жатады. Ал сен жер бетінде осындай таңғажайыптың бар екеніне тамсанған күйі кішірейе бересің. Бізде де осындай тарихи жерлер бар ғой дейсің… Есіңе Түркістан, Отырар, Құлан, Сарайшық түседі…

Алматы – Ыстамбұл –
Каппадокия – Анкара – Алматы

Әсел САРҚЫТ
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.