Өмірдегі жарқын із

Халық үшін адал қызмет атқарған, бүкіл саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған, азаматтық биіктен көріне білген, елге еңбегімен танылған, қоғамға адал еңбегі сіңген асыл азаматтарымыздың орны ерекше. Солардың бірі – бүгінгі күнгі ардагер ақсақал, менің досым Нұрпейіс қажы Сағиұлы. Ол еңбек жолын аудандық комсомол комитетінде жастарды тәрбиелеуден бастап, совхозда егін шаруашылығында бас маман, кәсіподақ комитетінің төрағасы, партия ұйымының хатшысы болып совхоз дирек­торлығына дейін жауапты қызметтер атқарды. Қай қызметте жүрсе де зор абыройға ие болып, жұрт құрметіне бөленді. Зейнеткерлікке шыққанша Сырдария ауданында ауылшаруашылық саласында еңбек етті, аудан экономикасының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты.

Нұрекең жайлы естелік жазарда ойланып-толғанып, өткенді еске алып, өмір өткелдері көз алдымыздан өтіп, ұмытылып бара жатқан өмір жолымыз қайта жаңғырғандай болды. Біз екеуміз бір жылдың төліміз. Бір айда екі күн ғана айырмасы бар түйедей құрдаспыз. Өткен ғасырдың 39-шы жылы дүниеге келген біздер – «жалаң аяқ қар кешіп, қызыл аяқ қыр кешіп» жоқшылықтың, тапшылықтың, ауыр еңбектің дәмін ерте тартқан ұрпақпыз. Балалық шағымыз Ұлы Отан соғысы кезеңіне, соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру ауыртпалықтарына тура келді.
Қандай елге, қандай ұлтқа болмасын ортақ бір жақсы қасиет – ол ауызбіршілік, сыйластық, өзара түсіністік. Оның өзі үлкен достыққа ұластырады. Дос болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. «Шын дос болу – бақыт» деп бекер айтылмаған.
Нұрпейіс Сағиұлы – жас кезімізден бірге өскен, бір ауылдан, өмір сынынан сүрінбей, достықтың арасына кір келмеген замандасым, еңбекте сыналған, еңбекпен өсіп-өнген, көктеп-көгерген, небір алмағайып оқиғаларды бастан бірге өткізген, өмірдің ауыртпалығын да, қуанышын да бірге атқарған атпал азамат.
Бізді достастырған – адал еңбек, таза көңіл, ақ ниет. Әрқашанда бір- бірімізді қолдап, демеп, қамқорлыққа алып, жақсылығымызды асырып, жамандығымызды жасырып жұбымыз жазылмады. Бұған өмір жолының сәйкестігі де себепші болды. Мен аудандық комсомол комитетінен басқа қызметке ауысқанда Нұрекең сол мен атқарған комсомол комитетіне келді. Мен совхозда бас агроном қызметінде болған уақытта ол бөлімше агрономы, кейін тағы да басқа жұмысқа ауысқанда менің орныма бас агроном болып, ал С.Сейфуллин атындағы совхоздың директорлығынан облысқа ауысқанымда менің орныма совхоз директоры болып қызмет атқарды.
Қандай азамат болмасын, өзі басқа жұмысқа ауысқанда бұрынғы қызмет атқарған жерін ойлап, жақсысына қуанып, нашар жағына қиналып, тек қана жақсы жағынан көрінуін тілеп жүреді. Ал Нұрекең менің өткен жолымды абыроймен жалғастырып, жақсы табысқа жеткізді. Өзіңнен кейінгі азаматтың абыройлы болуының өзі – бір бақыт. Ал Нұрекең – өзін де, қатар жүрген азаматтарды да, достарын да бақытты еткен жан.
Қай жерде, қай салада қызмет атқарса да жұмысқа тыңғылықты, қарамағын­да­ғыларды жұмылдыра алатын қабілеті мен білімі, уақытпен санаспайтын тыным­сыздығы, еңбекқорлығы арқасында көптің ойынан шыға білді.
Нұрпейіс Сағиұлы өткен ғасырда өмірге келді. Екі қоғамды бастан өткерді, екі қоғамға да қызмет жасады. Егеменді еліміз­дің іргетасын қалауда еңбек сіңірді. Қай уақытта, қай салада жұмыс атқарса да нәти­желі еңбек етіп, өз ортасына сыйлы болды.
Нұрекеңнің өмір жолы қазіргі А.Тоқма­ғанбетов ауылында жүгері өсіруден басталды. 1963 жылы Тереңөзек аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы болды. Өзінің іскерлігі, қабілеттілігімен, адал да таза жұмысымен аудан басшыларының назарына ілігіп, аудан іргесіндегі партияның XXI съезі кеңшарына агроном қызметіне ауыстырылды. Кейін осы кеңшарда кәсіподақ комитетінің төрағасы, партия комитетінің хатшысы қызметін атқарды.
Партия, комсомол, кәсіподақ салаларын ойдағыдай басқарып, өндірісте бас агроном болып тәжірибе алған азамат 1981 жылы осы ауданның С.Сейфуллин атындағы совхозының директорлығына жоғарылатылды.
Нұрекең қай жұмыста, қай салада болмасын нәтижелі, абыройлы жұмыстар атқарды. Комсомол қызметінде жүргенде аудан комсомол жастарын күріш өсіру, мал бағу бағытына ұйымдастырып, жарқын бастамалар көтерді. Сол кезде көптеген жастар ауылшаруашылығы саласында жұмыс істеді. Күріш өсіруге аттанған Баян Құттыбаева бастаған 16 қыз, Захман Өткелбаев, ­Ахынбабай Тоқберішов, Күләш Әсимова, мал шаруашылығы саласында Гүлжан, Баян, механизатор қыздар Райкүл Жалғасбаева, Рысты Өкшебаевалардың бастамалары жастар тарапынан зор қолдауға ие болды. Жастардың түрлі басқосу жиындары өткізіліп, оларға Ы.Жақаевтың куәліктері табысталды. Міне, осындай игі істердің басы-қасында біздің Нұрекең жүрді. Ал С.Сейфуллин атындағы совхозды басқарған кезеңде күріштің гектар көлемі 55 центнерге дейін көтеріліп жылма-жыл мемлекетке астық сату тапсырмасы артығымен орындалды. Сонымен қатар мал шаруашылығында мемлекетке ет, сүт сату, мал басын аман сақтау, төл алу ­жоспары да ойдағыдай жүзеге асты.
Совхозда халыққа қызмет көрсететін мәдени-тұрмыстық, өндірістік нысандар салынды. Орталық техника жөндеу шеберханасы іске қосылды, тұрғындар үшін жылына 10-12 үй салынып, монша құрылысы пайдалануға берілді. Дала қоныстары, малшылар үйі, мал қоралары салынып, мал шаруашылығына қолайлы жағдай жасалды. Орталықта Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арнайы ескерткіш орнатылды.
Біздің Нұрекең – білікті маман, іскер ұйымдастырушы, ерінбей, жалықпай, тыным таппай жүріп өз міндетіне өте жауапкершілікпен қараған азамат. «Мамандықтың кұлы болмай, еңбектің құны болмайды» дегендей, Нұрекең мамандығының құлы, еңбегінің құны болған, еңбектен рақат тапқан, жемісін көрген маман.
Нұрекеңнің еңбектері бағаланбай, еленбей қалған жоқ. Оның айғағы – омырауында жарқыраған Үкімет наградалары, бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесінің бірнеше күміс, қола медальдары, аудан, облыс басшылығы тарапынан алған Құрмет грамоталары. Кезінде бірнеше рет аудандық кеңестің депутаты, партия конференциясының делегаты, аудандық партия комитетінің пленум мүшесі болып, мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешуге қатысқаны өз алдына. Бұл да кейінгі ұрпаққа өнеге.
Ол бүгінде сексеннің сеңгіріне көтерілді. Жұбайы Рсалдымен тату-тәтті, бақытты өмір сүрді. Екеуі Алланың ақ парызын өтеп қажылыққа бірге барды. Осыдан екі жыл бұрын Рсалды бақилыққа аттанып, Нұрекең енді балаларының қамқорлығына бөленуде.
Тау шыңына жыбырлап құмырсқа да, бауырлап жылан да шығар. Ал сексеннің шыңына біздің Нұрекең аспаннан қалықтап қонған қыран құстай абыройлы жетті. Қызметте қатарының алды болды. Ешкімге қиянат жасамады. Жақсы қасиеттерінің арқасында өсті, өнді. Ағайын-туыс, ұрпақтарының, жора-жолдастарының қызығына бөленді.
Жарасымды жанұядан бес бала өсіп, ұл – ұяға, қыз – қияға қонды. Кімнің балалары дегенде ұялмай Нұрпейіс Сағиұлының перзенттері деп ауыз толтырып айтарлық ұрпақ болды.
Үлкен ұлы Бауыржан шетелдің бір үлкен корпорациясында әкімшілік басқару бөлімін басқарады. Еркіні – Алматы қаласында голландиялық әдіспен көкөніс өсіретін, қысы-жазы өнімін шетелге жөнелтетін ірі агрофирманың директоры. Ержаны да осындай бір фирманың менеджері. Ал қызы Гүлнәр – нотариус, күйеу баласы ауылшаруашылық саласында ірі кәсіпкер. Сәулесі Түркияда қызмет етеді.
Олардан тараған он немеренің ортасында Нұрекең жақсы өмір сүруде. «Жасыңда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген осы болар. Немересі Медет Шотландияда оқып, мұнай саласының маманы болып, қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысында мұнай саласында қызмет етеді. Нұрғалиі – Түрік лицейінің соңғы сыныбында үздік оқушы.
Осындай жақсы тәрбиеден шыққан бес бала, он немеренің ортасында Нұрекең абыз ақсақал болып, жиынның төрінде батагөйлік қызметін атқарып келеді.
Міне, Нұрекеңнің өткен өмір жолы қысқаша осылай. Өмірі айтуға да, мақтауға да, мадақтауға да тұрарлық. Сексеннің биік шыңына шығып, бақытты өмір сүріп, абыройы асқақтап, елдің, ағайынның құрметіне бөленіп отырған, орны бөлек Нұрекең досым жайлы бүгін айтпағанда, жазбағанда қашан айтып, қашан жазамын? Досым, бақытты өмір сүре бер демекпін.

Жақай Бодықбаев,
Қызылорда қалалық ардагерлер
Кеңесі төрағасының орынбасары,
Сырдария, Қармақшы аудандарының Құрметті азаматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.