АРУЛАР – ӘСЕМ ЖАНДАР

Ару қаламыз Алматыда орналасқан оқу ордамыз Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде Жастар ресурстық орталығының Жастар жылы аясында ұйымдастырған «ҚазИТУ аруы – 2019» байқауының қорытынды кезеңі өтті. Байқау мақсаты – тән мен жан сұлулығы үй­лес­кен аруларымызды тіршіліктің тірегі, әлемдегі ізгіліктің алтын дің­гегі, жарық дүниедегі әдемілік пен сұлулықтың тәңірі деп бағалаған нағыз қазақ қызы атына сай болуға шақырып, әдемілік пен мәдениет­тілікке тәрбиелеу. Үш іріктеу кезеңнен сүрінбей өткен жеті аруымыз сұлулық пен парасаттылықтың тәжіне таласты.

Елбасымыз өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ­«Қа­зақстан – қызғалдақтың Отаны» деп атап өткеніндей, сұлулық бай­қауы Қазақстан аумағындағы Шу, Іле тауларының етегінен әлі күнге дейін әлемінің жауһары саналатын қызғалдақ гүліндей құлпырған жеті қызымыздың әдемі биімен басталды.
Бұл ауқымды шарада әділ қазы­лар алқасының құрамында елімізге танымал өнерпаздар мен кәсіпкерлер болды.
Бірінші кезең бойынша әсем әуен аясында өздерін таныстырған аруларымыз білім парасатын таразылайтын сайыста қазақ халқының салт-дәстүрі, еліміздің және университетіміздің тарихына байланысты сұрақтарға жауап беріп, қазақтың қыздары ажарымен ғана емес, ақыл-парасатымен, тапқырлығымен ерекшеленетінін дәлелдеді. Ақтық сайыста бақ сынаған жеті арудың бірі өнер сайысында Қыз Жібектің бейнесіне еніп гәккулетсе, бірі қасиетті домбыраның құлағында ойнады. Көрермендер мен әділ қазылардың ерекше назары Сымбат Төреханның дайындаған «5 періште» монологына ауды. Қоғамдағы соңғы жағдайға байланысты қойылған монолог әсерлі болып, әділ қазылардың жоғары бағасына ие болды. «Дефиле» сайысында арулар әдемі көйлектерімен құлпыра түсті.
Үш сайыстың қорытындысы бо­йынша жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жеңіске деген құштарлығы үшін арнайы диплом Әсел Қайырбекова, Мөлдір Бағланбаева, Ақбота Жаңабек, Іңкәр Әден есімді аруларымызға берілді. Бір апта бойы инстаграм әлеуметтік желісі арқылы дауыс беру нәтижесінде «Көрермендер көзайымы» аталымын Нұрсәуле Миран иеленді. Байқаудың «Вице-мисс ҚазИТУ – 2019» атағына сұлу сымбаты мен әсерлі поэзиясымен ерекшеленген Сымбат Төрехан лайық деп танылды. Сұлулық байқауының жеңімпазы, ақылына көркі сай, сыр мен сымбаты үйлескен, нағыз қазақ қызының көркем көрінісін көрсете білген Жібек Әбдіқалық «ҚазИТУ аруы – 2019» атанды. Барлық жеңімпаз және қатысушы аруларға университет және демеушілер атынан ұсынған баға­лы сыйлық пен диплом табыс етілді.
Ауқымды әрі тәрбиелік мәні зор бұл шара келер жылы да өз жалғасын табатын болады.

Меруерт Батай,
ҚазИТУ-дың студенттік баспасөз қызметінің жетекшісі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.