«ОРАЗАЛЫ ОРТАЛЫҒЫ» АШЫЛДЫ

Алматыда қазақ ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетін бір арнада тоғыстырған, республикалық және халықаралық айтыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы Оразалы Досбосыновтың рухына құрмет көрсетілді. Өмірден ерте озған ақынның өзі білім алған қара шаңырақ Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жанынан ректор Такир Балықбаевтың қолдауымен «Оразалы ­Досбосынов атындағы жас ақындар орталығы» ашылды. 

Орталықтың ашылуына Нұрлан Оразалин, Жүрсін ­Ерман бастаған ­зиялы қауым өкілдері мен жас айтыскер ақындар, ­Оразалы Досбосыновтың ұстаздары мен ­замандастары, қызы Нұрайша мен БАҚ өкілдері қатысты. Орталықтың ашылуына ұйытқы болған университет ректоры ­Такир Балықбаев: «Бұл біздің ­Оразалы түлегіміздің рухына деген құрмет деп біліңіздер. Бұл мектептен елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, ойы ұшқыр, шабыты шалқар жас ақындар легі қанат қағады деп сенеміз» деді. Сондай-ақ университет ректоры Оразалы көзі тірісінде республикалық және халықаралық айтыстарда топ жарып, ақтангер ақын атануымен бірге айтыс өнерінің де өзіндік мектебін қалыптастырып кеткен талант иесі екенін атап өтті.
Кезегімен сөз алған Нұрлан ­Оразалин: «ХХ ғасыр қазақты қазақ дейтін ұлттан алыстатып жіберді. Қазақ деген ұлттан алыстатқан 40-50-60-шы жылдарды көрдік. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары ел Тәуелсіздікке жеткелі қайтадан қазақты іздеу, жақындау деген қазыналы кең байлығымыз қанатын қайта жайды. Сол қазыналы байлықтарымыздың бірі айтыс өнері елдің жүрегіне жол тартты. Жүрсіннің жүйріктерінің бірі Оразалының бүгін өзі дәріс алған оқу ордасынан орталығының ашылуы – қуанышты жағдай» деді.
Сонымен қатар шара барысында Жүрсін Ерман, Оразалының өмірдегі ұстазы Дүйсен Мағлұмұлы, марқұмның курстасы Шынар Бектұрғанова өз естеліктерімен бөлісті. Ашылу салтанатына арнайы қатысқан Нұрайша Оразалықызы ел ағаларына алғысын жаудырып, айтыс өнерінің өшпесіне тілектестік білдірді.


«Бір күні тап осы аудиторияда емтиханды маған алуға тура келді, сонда Оразалы сұрақтарға домбырамен жырлап тұрып жауап беріп еді. Арада 4-5 жыл өтісімен ол қалың көрерменнің жүрегінен үлкен орын ала білген ақынға айналды. Ауызша ақындық поэзия мен жазба поэзияның көркемдік тұтас­тығында Оразалы озып тұрды. Тап осы құбылыс жалғаса берсе деп тілеймін» деді ұстазы Темірхан Тебегенов.
Курстастарының атынан келген, сол кезде топтың басшысы болған Шынар Бектұрғанова: «Оразалымен бір топта оқыдық, бірге жүрген замандастарымыз. Оразалы болмысы ерекше тұлға болатын, оны барлығымыз сезетінбіз, білетінбіз. Ол білімі, адамгершілігі жағынан озық тұратын. Кезінде «осы ұстаздарымыз кейін менің тілімді зерттейді ғой» деп айтатын. Бүгін соның таңы атқан шығар деп ойлаймын» деп еске алды.
Мерекелік шара «Менің пірім — Сүйінбай» ІІІ республикалық студент-ақындар айтысымен жалғасты. Айтысқа қатысқан 60-қа жуық жас ақын сөз өнерінің маржандарын терсе, ақындардың өнерін Жүрсін ­Ерман, Бауыржан Жақып, ­Манарбек Ізбасаров, Ринат Зайытов, Серік Қалиев, Еркебұлан Қайназаров сынды сөз өнерінің майталмандары бағалады.

Ақбота ҚУАТОВА
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.