ҚОС ҚАНАТ БАЙЛАП ҰШҚЫМ КЕЛЕДІ…

ӨЗІМЕ

– Өлесің! – деймін, бейшара,
Нық қарап тұрып көзіне.
– Ажалға сірә, не шара,
Түсесің бір күн тезіне.

– Е, неғып? – дейді ол, міз бақпай,
– Өлуге әлі тым ерте,
Ажалдан өзге сөз жоқтай,
Көңілге салма кіреуке.

– «Өлім хақ!» – дейді Құранда.
– Мәңгі өлмей-тұғын кім онда?
– Мәңгі өлмей-тұғын бір Алла!
– Өлген соң… қайта тұрам ба?..

– Өлесің! – деймін, бейшара,
Нық қарап тұрып көзіне.
Ешкімге емес ишара,
Өзім ғой айтқан, өзіме.

Қарамай көңіл хошын-ай
Өзіме-өзім бір уақ,
Ұрсып аламын осылай,
Айнаға қарап тұрып-ақ.

Түбі жоқ, шексіз арманмен,
Таусылмай-тұғын сұрақтар.
Сырт кейпім біреу болғанмен,
Ішімде тағы Мұрат бар.

Екі ұдай болып тұрамын,
Екі ұдай болып жүремін.
Түрулі саған құлағым,
Не дейсің, менің жүрегім?!

МОМЫННЫҢ
МІНӘЖАТЫ

Қинасаң, мейлі қина, Алла!
Қалауыңдағыны сыйла, Алла!
Тек жалғыз ғана тілегім:
Аманатыңды аларда –
Тілімді келтір Иманға!

Мекен емес қой мәңгі бұл,
Үзіліп түскен сан ғұмыр.
Жалған дүниеңнің қоры қыл,
Мәңгі дүниеңнің алды қыл!

Баттық қой талай күнәға,
Көз жасым, сірә, жуа ма?
Мына дүниеде – сына да,
Ана дүниеде – сұрама!

Болдық қой талай масқара,
Назарыңнан тыс тастама.
Алаң көңіл ғып әрнеге,
Мойын бұрғызба басқаға.

Мінберде, төрде отырып,
Сөйледік талай лепіріп.
Екі дүниеде Өзіңнен –
Өзгенің бәрі – өтірік!

…Құлшылығым жоқ оңды аса,
Дейміз ғой, әйтеу «қам жаса»…
Алладан жәрдем болмаса,
Біздікі жай бір далбаса.

Қинасаң, мейлі қина, Алла!
Қалауыңдағыны сыйла, Алла!
Тек жалғыз ғана тілегім:
Аманатыңды аларда –
Тілімді келтір Иманға!
Лә илләһә илалла!

КЕЛЕДІ

Іздегенім сол Арудың елі еді,
Жақында ғана табылды дерегі.
Сау адам онда ене алмайды екен,
Ауырғым келеді.

Қос қанат байлап ұшқым келеді,
Топ етіп сонда түскім келеді.
Тек мастар ғана мекендейді екен,
Ішкім келеді.

Жоқ енді маған емнің керегі,
Дидарын Соның көргім келеді.
Тірілер онда тұра алмайды екен,
«Өлгім» келеді.

ҚАМҚОРШЫМ

«Көздер Оған жете алмайды.
Ол көздерді көреді».
(«Әнғам» сүресі, 103 аят).

Күні-түні күзетумен,
Көз ілмейтін Қамқоршым.
Мен бейбақтан жүз өкінген,
Безінбейтін Қамқоршым.

Жаза бассам түзетуден,
Ерінбейтін Қамқоршым.
Айналайын ізетіңнен,
Көрінбейтін Қамқоршым.

Айыбым мен міндерімді,
Біліп тұрған Қамқоршым.
Көңілдегі кірбеңімді,
Ұмыттырған Қамқоршым.
Күндерімді, түндерімді
Қылып құрбан Қамқоршым,
Дидарыңды бір көруді,
Үміт қылғам, Қамқоршым.

Көрінбесең – көрінбегін,
Көңілде Сен, Қамқоршым.
Күбірлесе еріндерім,
Демімде Сен, Қамқоршым.

Берік болып Антыма шын,
Берілмес ем, Қамқоршым.
Салшы назар – жарқырасын,
Менің кесем* – Қамқоршым.

Болмасаң да мекен жайлы,
Сен бәріне – Төресің.
«Көздер Саған жете алмайды,
Сен көздерді көресің».
Қамқоршым…
———
Жүрек*

СЕН БАРСЫҢ

Досым менен жүз қайырды,
Сен барсың ғой, жетеді.
Жолдар бізді екі айырды,
Сен барсың ғой, жетеді.

Жарым бүгін қабақ шытты,
Сен барсың ғой, жетеді.
Деді «Үйде тамақ бітті»,
Сен барсың ғой, жетеді.

Бауырлар да «қуды» дейді,
Сен барсың ғой, жетеді.
«Кімге болмақ үлгі?» дейді,
Сен барсың ғой, жетеді.

Көршім қойды есік ашпай,
Сен барсың ғой, жетеді.
Қайтер дей ме: «Осы қасқа-ай»
Сен барсың ғой, жетеді.

Туыстар да тілсіз қалды,
Сен барсың ғой, жетеді.
Телефоным үнсіз қалды,
Сен барсың ғой, жетеді.

Мен ешкімге өкпелемен,
Сен барсың ғой, жетеді.
Безеді олар текке менен,
Сен барсың ғой, жетеді.

Міне, осылай жалғызсырау,
Кейде мезі етеді.
Сен де мендей жалғызсың-ау,
Жоқ ешқандай мекені.

Мені Өзіңе – «Құлым!» деп бір,
Қосып алсаң нетеді?!
Мен пақырдың түгім жоқ, тұл
Досы болсаң нетеді?!

Бәрі Сенің қалауыңда,
Өзің білші, о, тегі!
Менің барлық ғамалымда –
Сен барсың, сол жетеді.

БАҚЫТ ТУРАЛЫ

Бақыт жайлы ойлайды әркім әртүрлі,
Ол туралы пікірлер де әрқилы.
Білмесе де шын бақыттың не екенін,
Бақыт тілеу – адамдардың салты игі.

Түрлі-түрлі түсінеміз бақытты,
(Шын бақыттың дәмін кімдер татыпты?)
Ал мен үшін ең бақытсыз сәтте де,
«Бақыттымын!» деген адам – бақытты!

АЛЫСТАҒЫ ЖАҚЫНЫМ

Сезбе мейлі, сезін мейлің,
Арышыдағы Аяулым.
Өзің деймін, көз ілмеймін,
Түндер бойы ояумын.

Жамалыңа қалай ғана,
Боламын деп лайық…
Оңашада соны ойлана,
Отырамын мұңайып.

Менен сонша жырақпысың,
Созсам қолым жетер ме?
Жауабы жоқ сұрақпысың,
Әлде бәрі бекер ме?

Қалай Саған жолығамын,
Жетпейді ешбір ақылым.
Көрмесем де сағынамын,
Алыстағы жақыным.

Мүмкін болып, мүмкін емес,
Мақсатыма жетемін.
Аршы да емес, Күрсі де емес,
Жүрегім ғой мекенің.

Жамалыңа қалай ғана,
Боламын деп лайық…
Оңашада соны ойлана,
Отырамын мұңайып.

СЕМЕЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.