МЕН АПАМНЫҢ ЖАСТЫҒЫН ҰРЛАП БАРАМ…

Ақжол Түменбай

ТОЛҒАУ…

Алаң да алаң, алаң күн.
Құтпан қойнында ұлы рух жатыр даламның.
Арыстарымнан арыстан болып туғанмен,
Намыстарынан жаралдым.

Алдаспан жүзі арымның,
Отан деп өлсем обалым кімге, қадірлім?
Тұмар қаласы иісі қазақтың – Астана.
Тұран даласы Тәңірдің.

Шаһардан едім ел білген.
Қаһарман едім төбеден тажал төндірген.
Ой, арман ғажап! Азаттық деген осы ма?
Оянған қазақ көрдім мен.

Оянған қазақ, самғар көк.
Жерұйық іздеп, Желмая мінген хандар көп.
Талдырмай қыран қанатын, тоздырмай тұлпар тұяғын,
Ұрпаққа жетсем, арман жоқ.

Жаһан жұртына ұрандап,
Бабаурап тұрса домбыра үні мұнар бақ.
Баһадүрлердің ұлы далада қалмай ма,
Аруақтары бір аунап.

Тәуелсіздікті дің етіп,
Ар-намысымды аттың жалына түнетіп,
Елдің басына еркіндік сүйген ер келді,
Көк Тәңірімді ту етіп.

Асылдан сынық қалдырып,
Ғасырдан ғасыр жасаса жұртым мәңгілік.
Қорған салмаймыз, қорған боламыз ғаламға,
Рухымыз қайта жаңғырып.

Тіліңді кесіп кім алсын,
Аттанда, Алаш, атаңнан қалған ұрансың!
Отанды сүйсең, оты мен суын менше сүй,
Намыссыз емес шығарсың…

Алдаспан жүзі арымның,
Отан деп өлсем обалым кімге, қадірлім?
Қаласа Құдай, мәңгілік елге айналар,
Қараша жұрты Тәңірдің.

ҚАСИЕТТІ  СЫР-АНА..

Абыз бабасы түнерген,
Аңыз даласы бұйра да бұйра құм өрген,
Жүз бір жыраудың сынығы қалған дүр елден,
Шежіре тұнған Сыр-Ана сенің төсіңнен,
Таудай батырлар аруақтанып күш алып,
Тұрмағамбеттер жыр емген.

Тереңге тартқан тамыры,
Сыйынары да, ұйығаны да – Тәңірі,
Запыран құсып, заманда қалған зар үні,
Өлі тасына тірі тарихын таңбалап.
Жырланып жатыр қасиет қонған қара жер,
Нұрланып жатыр аруақтарымның қабірі.

Күмбір де күмбір күй ақты,
Тұлпары дүлдүл, сұңқары ұшқан қияқты,
Ұлына намыс, қызына беріп ұятты,
Өлермен болған өр кеуделерін оқ қажап,
Есілдің бойын ен жайлап алған көп қазақ,
Ақмешітін сағынатын сияқты.

Құдайдың халық егізі,
Құдайдан ғана фәнидің бұлақ негізі,
Көзсіз батырдың, сөзсіз ақынның көп ізі.
Том-том тарихын парақтап,
Бетпақдаладан күңіренеді адақтап,
Қорқыттың кейде қобызы.

Сөзімнен кетсе тайып мән,
Жыртығын жамап, жүдеу жырымды байытқам,
Бодан дертімнен жарамды жалап айыққам,
Қалың жұртым-ау қабырғаң қаусап түңілме,
Жоғалтқандарым оралатындай түбінде,
Ботпанов кеткен ғайыптан.

Он сегіз мың ғаламат,
Туған топырағыңа татымайды екен обал-ақ,
Көшпелі жұрттан көне заманға салауат,
Ит болып тусам – итаяғындамын көп елдің,
Ер болып тусам – ел кегін қуып өлермін,
Аллаға бәрі аманат!
Демеңдер мені дүбәра:
Бабамнан қалған ата-жұртым ғой бұл ара,
Әр төбесінде жәдігер қалған мұраға,
Топырағында Тәңір ұлдары туылып,
Атырабында ұялап жатқан ұлылық –
Қасиетті ғой Сыр-Ана.

ӨГЕЙ ҒҰМЫР

Шарасыздың күйін кешсем дәл бұлай,
Панасызбын демес едім, бар Құдай.
Өгейлігі әлсін-әлсін жылатып,
Туғанындай көре алмаған тағдыр-ай.

Шарпып өткен шақалақ нұр, шала мұң,
Тауқыметтен тоз-тоз болған бала күн.
Қайда маған басқалардай тәтті өмір,
Қайда менің қасіретсіз ғаламым?

Ғазиз бастан мұң аунайды не түрлі,
Ғаріп қайғы қаратпайды бетімді.
Кедейліктің тұзын сорған тағдырда,
Өгейліктің өші кеткен секілді.

Бесік-ғұмыр тербелмесе, сірә да,
Кешіп түңіл тірлігіңді сұрама.
Туғанынан қаймығады бір әке,
Туғанына қайғырады бір ана.

Қанатына іліп алып құс-қайғы,
Құдайыма алып неге ұшпайды.
Қарттар үйі, жетім жанар, жесір мұң,
Мейірімсіз ғаламшарға ұқсайды.

Туды тағы көкке керді ай төсін,
Шалқаяды шаруаға, әй, несін.
Тастан ауыр тағдырларға, Тәңір-ау,
Тас төбемнен тас атқылап қайтесің.

Қабырғамды қажытқанда құса мұң,
Өксіп-өксіп өкінішті тұсадым.
Мешіттердің ауласынан іздеймін,
Адамдардың мейірімді құшағын.
…Бүгін менің апамның туған күні!

***
Түн. Жалғыздың сырласы,
Жалғыздық Құдайға жарасқан.
Ақындар ғашықтың мұңдасы.
Ақылдан адасқан.

Гүл. Сезімнің жұпары.
Хош иіс сездің бе ғаламнан?
Тәнің де пердесін тұтады,
Пәктікке жаралған.

Мен ғаріп, сүйдім де сені шын,
Бақыттың бал, уын тең ішкем.
Сен көктен түстің бе мен үшін?
Күнәсіз періштем…

Кіл, бақытсыз күйдегі,
Адамдар жылайды үндемей.
Тек, тағдырға кінә артпай сүй мені,
Тәңірді тілдемей.

Ғашықтың, жанары қараң сәл,
Өзімдей көремін барлығын.
Екеуміз қауышқан ғаламшар,
Бұл – менің тағдырым…

Ғаламды құштарлық өпсе де,
Жүректер жылайды, жаралы.
Көп ғашық қосылмай кетсе де,
Махаббат бар әлі…

Сол үшін ұрттап кесе мұң,
Сүйдім де, ақылдан адасқам.
Жазмыш дегенің – осы өмір,
Жалғыздық Құдайға жарасқан…

АРЗУ

Жанымның жыртып ақ шүберегін,
Дертіме дауа тапшы демедің.
Өтірік күліп, өмір сүрем де,
Өкініп тұрып жақсы көремін.

Көрінген едің шуақтай маған,
Шөлдесең жаным бұлаққа айналам.
Күйбеңің қанша қанжылатса да,
Сүйгенін бірақ жылатпайды адам.

Мен сені құшқан ұлы түн қайда…
Оның да ертең күні тумай ма?..
Ес-түссіз сүйген есер шағымды
Ұмыт дейсің бе?
Ұмыту қайда…

Іңкәр сезімге бөленбей ғалам,
Мұңын шағады өлеңдей маған.
Жұлдыз көрінсе Айдың жанынан,
Есіміңді оқып өлердей болам.

Түн мені тағы ойға батырды,
Шығардым жалғыз ойланатынды.
Құдай да шебер ұмытпасын деп,
Аспанға жазып қойған атыңды.

Жақсы көрем деп жиі алдайсың ба?
Жан тәніңменен сүйе алмайсың ба?
Менің жүрегім кешірімді ғой,
Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?

Қара түндерде ай таранбаған.
Қолымды созам, қайта орал маған.
Айналмаймыз ба ғашықтарға біз,
Жердің бетінде қайталанбаған.

Мұңайды жүдеп осы гүл бағым,
Жылайды жүрек қосылып жаным.
Өмір де өзің, өлең де өзің,
Байқамайсың ба осының бәрін?

Қарамады ол ұшықталсам да,
Қара бастым-ау түсіп сарсаңға.
Мұқағалиды тірілтіп алып,
Махаббатыма ішіп барсам ба…

***
Балалық-ай балпаңдап жазым басқан,
Тағдырыма мехнат жазылмастан.
Мына менің табаным жарақатсыз,
Ал апамның маңдайын әжім басқан.

Қадір қашқан менен де, ұят налып,
Аспан неге жылайды жиі ақталып.
Ажарына апамның әжім түсті,
Әжемді жеңген тағдыр сияқтанып.

Көрмейсің бе, тірліктің тербелуін,
Мен өмірге, ал маған келді өмірім.
Есім кетіп тою мен тыныштыққа,
Еңбектеуден басталды-ау пенделігім.

Апа, мен қырт өмірді көксемедім,
Көксемеуге бар еді көп себебім.
Тоймай қалған қозыдай дүре тиіп,
Етегіңе оралып өскен едім.

Шөккен еңсе, ақ түскен тау-ғұмырға,
Кәрілік кәрленеді жау қырында.
Аяғыңның астында аят болған,
Жұмақтың иісі бар жаулығыңда.

Сайқал күлкі мүжіген мүрде мұңды,
Күпі киген қара өмір кімге нұрлы?
Бүкірейген апама қарап, білем,
Мен кімнің арқасында жүргенімді.

Тар құрсағын кеңітіп құндақтаған,
Емізген, еміренген қымбатты адам.
Тас емшегін жібітіп таңдайымды,
Ана сүтінен құрғатпаған,
Мен апамның жастығын ұрлап барам…

Қазақы үй, қарт ата-ана, тентегі бір,
Күрмеуге келмей қалған келте ғұмыр.
Әне-міне дегенше түгесілер,
Әжем айтқан, әй, жалған ертегі өмір.

Сөнді жұлдыз, құба таң бозарды да,
Болмай отыр болмағыр мазам, жүдә…
Апамның туған күні өткен сайын,
Әжем келе береді көз алдыма…

Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.