ТІЛДІҢ АЛДЫНДА ТІЗЕРЛЕП ҚЫЗМЕТ ЕТЕЙІК

Бексұлтан НҰРЖЕКЕ-ҰЛЫ

 ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Кәзір әлемдік қоғамда бір-біріне қарама-қайшы екі басқару жүйесі бар: бірі – диктатура, екіншісі – демократия.
Диктатура бойынша, халық бійлікке қызмет жасайды, соның айтқанын бұлжытпай орындайды; ал, демократия бойынша, бійлік халыққа қызмет жасайды, соның қамын ойлайды. Біздің тіл білімі ғалымдары жаңа емле жасауда осы заңның диктатуралық, йағный зорлау жолын таңдапты.

Мен «Түңілмесіме тірек бар ма?» атты мақалама орай жазылған Тіл білімі иниститутының деректірі ­Ерден Қажыбектің «Алғыстан басқа ­айтарым жоқ» атты маған берген ­жауабы мен «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» атты Әлімхан Жүніс­бековтің, «Емлені ұштап, орфография­ны жетілдіреміз десек» атты Сейдін Бизақовтың және осы тақырыпты өз бетінше талқылаған Байынқол Қалиевтің «Жас алаш» гәзетіндегі «И мен у мәселесі дұрыс шешілмесе, жаңа әліпби де дұрысталмайды» деген мақалаларымен, сондай-ақ филология ғылымының докторы, Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты мамандарынан құрылған Орфографиялық жұмыс тобының ғылыми жетекшісі Нұргелді Уәлінің басшылығымен жасалған «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерімен» танысып шықтым.
Мақаласындағы пікіріне қарағанда, Сейдін мырза тілімізде тек буын үндестігі ғана емес, дыбыс үндестігі де болатынына және соған «ы», «і» дыбыстары өнімді қызмет көрсететініне күмәнмен қарайтын секілді. Соған қарағанда, Ахмет Байтұрсыновтың Тіл (лұғат) әуезділігі, сөз және сөйлеу әуезділігіне берген сыйпаттамасын оқымаған, оқыса да мән бермеген сықылды (Ахмет Байтұрсынов «Шығармалары», «Жазушы» баспасы, 1989, 177 – бет).
«Ми – нистр деген буын мен «мі – ніс – тір» деген буындардың әуез ерекшелігін әйтпесе қалай ажыратпауға болады? «Министр» деп жазылғанмен, менің замандастарым ол сөзді «міністір» деп айтып жүргенін біраз қазақ білетін шығар деп ойлаймын. Қазақ тілінде сөздің бастапқы буынында ешқашан дауыссыз дыбыс та, дауысты дыбыс та қатар келмейді. Дыбыс үндестігі деген – сол. Егер Сейдін мырза бұған сенбесе, бірінші буында екі дауыссыз қатар келетін бір қазақ сөзін тауып берсінші! Қазақ, мысалы, ешқашан «прақ» демейді, «пырақ» дейді. Сондықтан шет тілден енген «президент», «премьер – министр» сыйақты сөздерді төл тіліміздің табиғатына сай дыбыс үндестігіне бағындырып, «пірезійдент», «піремійер – міністір» деп жазсақ, онымыз пірезійдент пен піремійер – міністірді құрметтемеу болып шықпайды, қайта пірезійдент пен піремійер – міністірдің ұлт перзенті ретінде өз тілін құрметтеуі болып табылмай ма?
Біздің ғалымдар әншейінде орыстан үйренгіш келеді, шет елдің тілін қалай өз тіліңе айналдырудың әдісін солардан неге үйренбейді? Олар шет елдің барлық сөзін өз тілінің дійірменіне салып барып пайдаланады.
Әңгіменің тоқ етерін айтқанда, бәріміздің шырылдап жүргеніміз – осы емле ереже дұрыс жасалса екен деген тілек. Алайда ол ойымыз жүзеге аспапты. Бұл емле ереженің басты кемшілігі – ғылыми жүйесі мен дәлелі жоқ, шашыраңқы: ананы бір айтады, мынаны бір айтады, алдында айтқанын басқаша түрмен тағы қайталайды. Мысалы, бірге жазылатын сөздерді әлденеше топқа бөліп, жеке-жеке түсіндіріп, оған жеке-жеке мысалдар келтіреді. Соның бір түрі – ботаникалық, зоологиялық сөздер: қойжусан, сыйыржоңышқа, ботабүрген, итбүлдірген, укекіре, убидайық, сорқаңбақ, қоңыраушөп, күлмесгүл, қозыгүл, қалтагүл, еменшөп, сүтжапырақ, көкқұс, бөсірқұрт, белтамыр, тамыржеміс, торжеміс тәрізді қолданыста бар-жоғы белгісіз, күмәнді сөздер. Алайда бұл сөздер ғана емес, бірнеше түбірден құралған, бірақ бір ғана мағына беретін, бір ғана зат пен құбылыстың, адамның аты – бәрі де бірге жазылады. Мысалы: итмұрын, тасбақа, құрбақа, атакәсіп, атамекен, көртышқан, тасжол, Қыдырбекұлы, Қуантайжан, тасжарған, күретамыр, т.с.с.

1929 жылғы латын әліпбійінің тәжірибесі мұнда мүлде ескерілмеген. Ол әліпбійді қазақ он жыл бойы пайдаланған болатын.
Қазақ тілі – ежелден, бұрын да, кәзір де жалғамалы тіл. Олай аталатын себебі бұл тілдегі барлық сөз, оның буыны да, түбірі мен қосымшасы да – бәрі бір-біріне жалғану арқылы жасалады. Бір буында бір ғана дауыс­ты дыбыс болады. Осы басты ерекшелік емле ережеде анықтап айтылмаған, оған көңіл аударылмаған. ­Демек, басшылыққа алынбаған.
Жалғамалы тіл болғандықтан, қазақ тілінде сөздің бастапқы буыны немесе түбірі жуан болса, оған жалғасатын буын мен қосымша да жуан болады, ал сөздің бастапқы буыны немесе түбірі жіңішке болса, оған жалғанатын қосымша мен буын да жіңішке болады. Бұл үндесім – қазақ тілінің негізгі заңы болып табылады, оны үндестік заңы. Бұл сингармонизм заңы тіліміздің негізгі заңы болып табылатынын талдап дәлелдеген – Хәлел Досмұхамедов.
Түбірге жалғанатын қосымшалар – жұрнақ және жалғау. Екеуі қатар жалғанғанда, түбір сөзге әуелі жұрнақ, сонан соң жалғау жалғанады. Жұрнақ өзі жалғанған сөзге жаңа мағына берсе, жалғау сөз бен сөзді байланыстырады. Жалғаудың көптік жалғау, септік жалғау, тәуелдік жалғау, жіктік жалғау деген төрт түрі бар. Буын үндестігінің негізгі үлгісі мынандай: «Ха–лық+шыл–дар–ға қосылдық». Халық – түбір, ха – жуан буын болған соң, оған жалғанған – лық буыны да жуан болып тұр; – шыл – жұрнақ, дар – көптік жалғау ға– септік жалғау. Бәрі үндестік заңына бағынып тұр. Ө – лең+ші +сің. Өлең – түбір сөз, ө – жіңішке буын, оған жалғанған – лең де жіңішке буын, – ші – жұрнақ, – сің – жіктік жалғау.
Алайда қазақ тілінде үндестік заңына мүлде бағынбайтын және жартылай бағынатын қосымшалар да бар. Мысалы: – хана жұрнағы. Ол жуан буынға да, жіңішке буынды сөзге де өзгермей жалғана береді: ас – хана, дәм – хана. Бұлай болатын себебі, бұл жұрнақ – тілімізге шет тілден сіңген, «үй», «орын» деген мағына беретін жұрнақ.
— кер, -гер жұрнақтары да жуан және жіңішке буынды сөздің бәріне бірдей жалғана береді. Бірақ сөз соңындағы дауыссыз дыбыстың қатаң, ұйаң келуіне қарай үндесіп жалғанады: жұмыс – кер, мініс – кер, тәлім – гер, арда – гер, т.с.с.
Сондай-ақ -тікі (-дікі, -нікі) сыйақты қосымшалар да үндестік заңына жартылай бағынады: адам – дікі, ит – тікі, кісі – нікі, т.с.с.
Мұндай ерекшеліктерді «ескерту» немесе «бірақ» деген уәжбен түсіндірмей, тілдің табиғатына сай талдап көрсету қажет. Н.Уәлінің басшылығымен жасалған емле ережеде қазақ тіліндегі барлық түбір сөзде екі дауысты дыбыстың қатар келмейтіні де, бірдей екі дауыссыз дыбыстың да қатар келмейтіні айтылмайды. Ахаң да, Хәлел ағамыз да қадап айтқан ол қағида бойынша, біз «ләззат», «махаббат», «мүдде», «құдды», «іззет», «молла» демей, «ләзәт», «махабат», «мүде», «құды», «ізет», «молда» деп жазуымыз керек. Бұған енжар қарасақ, кәзір қазақ баласы айта алмайтын сөз жоқ, айта аламыз деп жүріп, тіліміздің төл табиғатынан қалай айырылып қалғанымызды білмей қаламыз.
«Сонда бұл жаңа емле ереже қандай заңды басшылыққа ала отырып жасалды?» – деген заңды сұрақ өзі-өзінен туындайды.
Дұрысын айтқанда, Н.Уәлі басшылы­ғымен жасалған бұл жаңа емле ереже – бұ­рынғы кеңес заманында жасалған бодан тілдің емле ережесін одан ары жалғас­тыратын ереже. Сөзі басқа, жүйесіздігі басқа болғанмен, мазмұны сонымен бірдей. Ал қәуіптілігі өте күшті.
Кезінде Сталин әуелі белгілі бір ел, мемлекет бір тілде сөйлейтін болады, сөйте-сөйте әлем бір тілге көшеді деген сәуегейлік айтқан. Кеңестер Одағы сол бір тілге көшуге зорлықпен болса да бейімделе бастаған. Біздің кеңес заманындағы емле ережеміз – Сталин мен Хрущевтің талабына толық сай келетін ереже.
Ұлт болу үшін бес түрлі шарт жүзеге асуы керегін де Сталин белгілеп берген болатын. Оның айтуынша, ұлт болудың ең басты шарты – тілдік және тұрақ-мекен тұтастығы, сондай-ақ економикалық, әдет-ғұрып пен салт-сана, психологиялық-мінездік бірліктер мен тұтастықтар қажет деген-ді.
Мәселен, АҚШ халықтарын бір мемлекетке біріктіріп отырған не? Ең бастысы – тіл мен тұрақ-мекенінің тұтастығы. Бұл екі тұтастық бар жерде өзге тұтастық та болады. Әйтпесе Америкада қай халық жоқ, бірақ бәрі бір тілде сөйлейді, бір мекенде тұрады. Еуропа мемлекеттеріндегі жағдай да сондай: бәрі тіл мен тұрақ-мекенінің тұтастығы арқасында ұлт ретінде дамып, өркендеп жатыр. Білім мен ғылымсыз економиканың да, адамзаттың да дамуы болмайды. Ал білім де, ғылым да тек тіл арқылы мыйға сіңеді.
Кеңес заманында академик Н.А.Баскаковтың «Русские фамилии тюркского происхождения» деген кітәбі шықты (М.Наука, 1979). Оның дәлелінше, орыстың ұлы жазушылары Л.Толстой, А.Толстой, И.Тургенев және А. Куприннің түпкі тегі – түрік. Демек олардың ата-бабасы – Алтын Орда дәуіріндегі не найман, не керей, не жалайыр мен қоңыраттың бірі.
Бірақ біз оларды ешқашан орыс емес дей алмаймыз, өйткені тілдері орысша. Демек ұлты да орыс. Економика дамый береді, тұрақ-мекен тұра береді, бірақ мемлекет қай тілде сөйлесе, сол тілдің ійесі ұлт саналады. Бұл – тарихтың табиғи заңы, зорлықпен жасалған ереже емес.
Кәзір біздің арамыздағы бірде-бір қазақ сөзін білмейтн, тек орысша сөйлейтін, бірақ қазақ деп жазылатын адамдардың да болашағы Толстой мен Тургеневтің болашағына ұқсас. Ұлт боламыз, ұлттық мемлекет құрамыз десек, онда ең әуелі тілге мән беруіміз керек, мемлекеттік тіл арқылы барша халықты тұтастыра білуіміз керек. Ондай сайасат – мәңгілік сайасат. Алайда бійлік сол Н.Уәлі тобы жасаған жобаны қабылдайды-ау деген күдігім бар. Өйткені, Ерден мырзаның айтуынша, ол жаңа емле ережені дауысқа салғанда, Н.Уәлі өзі бағынатын Тіл білімі институтының деректірін де жеңіп кетіпті.
Былтыр «Известия» гәзетіне берген сұхбатында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев халқымыздың жартысынан көбі өз тілін білмейтінін ашып айтты. Ал, менің байқауымша, бійліктің 70 – 80 пайызы өз тілін толық білмеуі мүмкін, көбі жарты сөзін қазақша, жарты сөзін орысша айтатыны сондықтан, ал көбі өз тілінде сауатты жаза алмайды, өз тілінде кітәп те оқый алмайды. Ұлттың болашағы осы кәзіргі жағдайға қарай жорамалданады.
Сондықтан бійлік «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережесіне» негізгі пікірді айта алмайды. Тәуелсіздіктің жыйырма сегіз жылында мемлекетті қазақ тілінде басқаруға көшіре алмай отырған бійлік өзі білмейтін немесе шала білетін тілге қалай жөн-жосық көрсете алады? Комсомолдың жүз жылдығын Алматының Опера және балет театрында атап өтіп-ақ бійлік өзінің әлі нені, қай заманды көксейтінін аңғартты емес пе? Оларға бодан тілдің бодан емле ережесі де жарай береді. Өйткені олар тілдің ережесі мен табиғи ерекшелігінде ештеңе тұрған жоқ деп есептейді. Сол оймен олар Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында тілге қатысты айтылған көкейкесті мәселелерді де ауызбен орақ ору арқылы «орындайды» да, нақты ештеңені жүзеге асырмай тынады.
Еліміздің економикалық, қаржылық мәселелерін Елбасынан бастап, міністір­лер, зыйалы қауым – бәрі жабыла талқылайды. Економикамыз сондықтан сапалы дамып келеді. Ал тілді тіл білетін аз ғана топ талқылайды. Сондықтан оның мәселесі мұндай күйде, әрине, мүшкіл шешіледі.
Жалпы қазақ өз тіл білімінің атасы деп Ахмет Байтұрсыновты таныйды. Алайда кеңес заманының 80 – жылдары «Қазақ әліппесін алғаш Ахмет Байтұрсынов жасады» деген бір сөйлем үшін, атақты бір филология ғылымдарының докторының көрсетуі бойынша, «Мектеп» баспасының деректірі Жарылқасын Нұсқабаевқа қатаң сөгіс жарыйаланғанын мен әлі ұмыта қойған жоқпын. Бұрынғы бодан емле ережені жасаған да сол арызқой ғалымдар болатын. Тіл білімінің Ахаң айтқан табиғи жолға түсуіне ең алдымен тіл ғалымдарының өзі іштей қарсы болатыны да сондықтан болуы мүмкін.
«Емле – жазу үшін шығарған нәрсе, жазу – тіл үшін шығарған нәрсе. Олай болса, тілді бұзып емлеге ыңғайлау емес, емлені тілге ыңғайлау керек. Тілдің табиғатына қарамай, зорлап, емлеге таңып байласақ, қытай қатындарының айағы болып шығады», – дейді Ахмет Байтұрсынов («Тіл тағылымы», Ана тілі, 1992, 395 – бет).
Тілді емлеге зорлап таңғаннан тіл жойылып кетеді демейді Ахаң, тілдің тұрқы қыйсық айақша бұзылады дейді. Бұған қарсы қандай дау айтуға болады? Мұны аз десең, Ахаң тағы былай дейді: «Қазақта жазу-сызу болмаған соң, жалғыз-ақ табиғаттың законына ерген; сондықтан тілі азбаған. Өзгелер табиғатын зорлап емлеге таңып, тілін аздырған» (сонда, 396 – бет).
Ал біздің жаңа емле ережеміз тілді аздыруды алға қойып отыр. Ол зорлық 1940 және 1957 – жылы басталған, ал Н.Уәлі сол зорлықты жалғастыра беруді дұрыс көреді. Өйткені ол емлені көріп көзіміз үйреніп қалды, айтып аузымыз үйреніп қалды деп, «Қазақ жазуының бұрын-соңды тұрақтаған нәрселерін ескере отырып» жасапты. Және «үш тұғырлы тіл сайасатына» «назар» аударыпты. Мен онысын жөнді түсіне алмадым, ол сайасат қазақ тілінің табиғатын сақтама дейтін сайасат па? Елдің тәуелсіздігі мен тілдің тәуелсіздігі екеуі екі басқа нәрсе емес. Екеуі – бір. «Біздің тәуелсіз Қазақстаннан басқа отанымыз жоқ!» – деп, Елбасының өзі қадап тұрып айтпап па еді? Ендеше сол тәуелсіздікке неге немқұрайды қараймыз?
«Тіл үндесімі – бірінші буынның үндестігіне қарай сөздердің бірыңғай жуан не бірыңғай жіңішке айтылатын қазақ тіліндегі негізгі дыбыстық заңдылық», – депті.
Жұмбаққа да ұқсайды, жаңылтпашқа да ұқсайды. «Тіл үндесімі» деген не, «дыбыстық заңдылық» деген қандай ереже? Оны Ахаң: «Жуан сөздің ішіндегі дыбыстарының бәрі жуан болады, жіңішке сөздің ішіндегі дыбыстардың бәрі жіңішке болады», – деп тұжырымдаған ғой (А. Байтұрсынов «Тіл тағылымы», 1992, 392 – бет). Алайда сол «дыбыстық заңдылықты» Н.Уәлінің өзі неге сақтамайды, жаңа емлені неге соған ылайықтап жасамайды? Ол «ы» мен «й», және «і» мен «й» дыбыстарының орнына бір ғана «и» деген орыс тілінде бар, қазақ тілінде жоқ әріпті алғанда, осы ережені неге басшылыққа алмаған? Мысалы, «жи» деген буынның жуан не жіңішке екенін Н.Уәлі мырза қалай, қандай әдіс арқылы ажыратады?
Қазақ тілінде «жыйын» деген де, «жійі» деген де сөз бар. Н.Уәлі осы екі сөздің де бірінші буынын «жи» деп жазуды ұсынады. Ал ол буынның жуан немесе жіңішке екенін біз бірінші буыннан емес, екінші буынды оқып барып қана ажыратамыз. Осындай қайшылығы бар ереже де ереже санала ма?
Менің тілге деген зорлық, диктатура деп отырғаным – осы. Осы зорлық, тілге қатысты осы диктатура қандай қажет­тіліктен, нендей мұқтаждықтан туып отыр? Оның дәлелі, себебі не? Айтылмайды.
Мына ережені, мәселен, диктатура демегенде, не дейміз? «Айтылуындағы –ый, –ій дыбыс тіркестері сөздің барлық буынында и әрпімен жазылады». Осы тектес: «Ай­ты­лудағы ұу, үу дыбыс тіркестері сөздің барлық буынында у әрпімен жазылады» делінген.
Сөйтіп бұрын тілімізде мүлдем жоқ, бірақ орыс тілінде бар және үнемі дауысты дыбысты белгілейтін «и» әрібі; бізде бұрын тек дауыссыз дыбысты ғана белгілейтін, ал орыс тілінде үнемі дауысты дыбысты белгілейтін «у» әрібі де жарты дауысты, жартылай дауыссыз болып тілімізге зорлықпен, йағный диктатуралық жолмен еніпті.
«Сы – йыр», «сұ–уыр » деп, үндестік заңын сақтап бұуынға бөлмей, енді «си – ыр», «су–ыр» деп буынға бөліп, үндестік заңын бұзып жазамыз.
Рас, «и» әрібі орыс тілінде бар және үнемі дауысты дыбыс болып айтылады. Ал қазақ тілінде біресе жуан, біресе жіңішке дауысты болып құбылып жазылмақ. Жат әріп екені содан-ақ белгілі болып тұрған жоқ па? Өз тіліміздің ешбір әрібі өйтіп біресе жуан дауыстыны, біресе жіңішке дауыстыны белгілемейді.
Құбылып оқылатынымен қоймай, ол әріп Н.Уәлінің өзі айтып отырған «дыбыстық заңдылықты» да бұзады. Мысалы, «жы–йыр–ма» деп тіліміздің табиғатына сай буынға бөлудің орнына, ол заңдылықты бұзып, «жи – ыр – ма» деп бөлуге мәжбүр боламыз. Ал мәжбүрлеуді диктатура демегенде, не дейміз?
Өзінің осы мәжбірлеу заңына бағына қоймайтын екі сөзге «ый, ій» қалпын сақтап жазуға «рұқсат» береді, ол «тый» және «сый» буындары екен.
Алайда, менің білуімше, адамның басындағы «мый» мен нотадағы «ми» белгісін де бірдей жазып мыйлықтыруға болмайды.
Нота демекші, әрбір нотаға ән сөзінің бір буыны жазылады. Дауысты дыбысқа айақталған буынды ашық, дауыссыз дыбысқа біткен буынды тұйық буын дейміз. Ашық буын созылып әуезді айтылады, ал тұйық буын созып айтуға келмейді. Салыс­тырып көрелік: бі – йе, тү – йе; сы – йыр, сү – йір; ты–йын, тү–йін; жұ –уын, тұ – йық; сұ–уып, сұ – йық; т.с.с. Бәрінің бірінші буыны – ашық, созып айтуға болатын буын. Енді соларды тұйық буынға айналдырсақ, былай болады: бій–е, түй–е; сый–ыр, сүй–ір; тый–ын, түй-ін; жу–ын, тұй–ық; су–ын, сұй–ық. Бәрінің бірінші буыны – тұйық, созуға келмейтін буын. Демек жаңа ереже сөзіміздің ғана емес, әніміздің де әкесін танытады.
1957 – жылы тілімізге енген бұл зорлықтан емлемізді құтқара алмасақ, латын әліпбійіне не үшін көштік? Не үшін «рухани жаңғыруды» қуана қолдадық?
Меніңше, тіл мамандары бійлікті әдейі алдады: алдымен «Қазақ тіл емлесінің негізгі ережелерін» жасаудың орнына, әуелі әліпбійді құптатып алды да, сонан соң бұрынғы ережені соған ылайықтап жайғастыра салды.
Тілдің табиғатын бүйтіп бұзатын заңды ұсыну Сталин заманында заңның 58 – бабына жататын.
Тілімізде «ұ» мен «у» әріптерінің қатарлас келетін сөздерді жазу ыңғайсыздық туғызады деп, тіліміздің табиғатына қайшы келетін ережені қабылдау тек ыңғайсыздық емес, қылмыс болып табылмай ма? Ал тілге қылмыс жасай отырып, тілді дамытатын ереже жасадым деуге бола ма?
Меніңше, бұл жағдайдан техникалық әдіс қолдану арқылы шығуға болатын еді.
Талдап көрелік. Бау, тау, татулық, саулық, жауынгер, тауық деген сөздерде «у» әрібі дауыссыз дыбысты белгілеп тұр. Оның осы қызметі қазақ тілінің табиғи болмысына сай келеді. Ал буу, туу, қуу, буын деген сөздерде «у» дауысты дыбыс санатында болып, «ұ» мен «у» дыбыстарының орнына бір өзі жүріп тұр. Ал екі дыбысты бір әріппен белгілеу – жалғамалы тілге жат нәрсе. Оның да зыйаны «и» әрібіндегідей: екі буынға бөлінуге тиісті дыбыстар зорлықпен бір буынға біріктіріледі: бұ–уын деудің орнына бу – ын деп, тіліміздің әуездік заңын бұза отырып екіге ажыратамыз.
Егер тіліміздің табиғатын сақтағымыз келсе, бұрынғы туу дегенді тұу – ұу, қуу дегенді құу-ұу деп жазған болар едік. Ғалымдар осы шұбалаңқылықтан қашуды сылтауратып, орыс тілінде үнемі дауысты дыбыстың қызметін атқаратын «у» әрібін қазақ тіліндегі екі дыбыстың орнына зорлап енгізіп отыр. Ұлттық тілге қайсысы керек: ықшам жазу үшін әріптің жат ел тіліндегі қызметін қабылдау ма әлде өз тіліңнің табиғи қалпын бұзбау ма?
Ахмет Байтұрсынов: «Дыбысқа сәйкес­теп әріп алынбаса, сөздің жазылуы мен айтылуы бөлектенбей қала алмайды», – деген ғой (Ахмет Байтұрсынов «Тіл тағылымы», «Ана тілі» баспасы, 1992, 359 – бет).
Қысқасы, бұу – ұу, сұу – ұу, құу – ұу сөздеріндегі әріпті қосарлап қолданудан қашу қажет деп тапсақ, онда екінші буындағы –ұу тіркесін қайталап жазбай-ақ, алдыңғы –ұу тіркесінің төбесіне төң­ке­рілген айшық белгі қойа салсақ, сонда бұуұу сөзін деп қана қысқа жазуымыз­ға болар еді.
Сондықтан Н.Уәлі жасаған «Қазақ тілі ем­лесінің негізгі ережелеріндегі «И, у» әріптерінің емлесі» деген тарауды алып тас­тағанды жөн санаймын. Себебі ондай тіліміздің «негізгі дыбыстық заңды­лықтарын» бұзып отырған ереже қалайша ереже болады?
Бір ескеретін нәрсе: «тіл үндесімі» деген тіркес – бұлдыр мәнді сөз. ­Өйткені ешқашан орыс тілі мен қазақ тілі үндеспейді, демек тіл үндесімі деген тіркес – қата, дұрысы – сөз үндестігі.
Меніңше, қазақ тілінің емлесін жасап отырған ғалым тек қазақ тілінде бар сөздермен ғана емлені байандауы – міндет. Н.Уәлі мырза оған тіпті талпынбаған. Оның орыс тілінен пайдаланған терміндерін оңайлықпен түсіне бермейсің. Мысалы: «Фонема – сөздер мен морфемаларды бір-бірінен мағына және форма жағынан ажыратылған тілдің дыбыстық жүйесіндегі негізгі типтік бірлік».
Ережеде ю, я, щ, ё, ц сыйақты орыс тілінен енген бұрынғы әріптердің орнына қандай әріптер жазылатынын арнайы ереже қылып айтудың қажеттігі жоқ еді. Өйткені ол әріптер жаңа әліпбійде жоқ қой. Жоқ әріпке ереженің керегі не?
Кірме сөздердің біразын жекелеп алып түсінік берудің де, меніңше, қажеті жоқ еді. Себебі, бұл ереже – қазақ тілінің ережесі. Ал кірме сөздердің әрбіріне немесе тобына түсінік бергенше, «Шет тілден енген сөздер мүмкіндігінше қазақ тілінің үндестік заңына сәйкестендіріліп жазылады» деген жалпылама ереже жасасақ та жеткілікті емес пе?
Өйткені кірме сөздер алда да тілімізге ене береді, соның бәрін де біркелкі ереже бойынша қабылдауымыз тійіс қой.
«Тауар» деген шет ел сөзі емес, ежелгі өз сөзіміз. Нанбасаңыз М.Қашғаридың ХІ – ғасырдағы сөздігін қараңыз.
«Кітап», «газет» сөздерін де Н.Уәлі мысалға келтіріп, бұрынғыша жаза беруді дұрыс санайды. Екеуі де кірме сөз. Бұрын тіліміздің табиғатына бұларды бағындырмай жазып келдік. Енді не кедергі? Бұл сөздердің түпкі түрі – «китап» және «газета». Егер оларды өз тіліміздің заңына ылайықтасақ, «кітәп» және «гәзет» болып жазылуы тійіс. Сөйтіп жазсақ, парсылар мен орыстарды іренжітіп аламыз ба? «Кітапқа» деп айтып, жазып дағдыландық, енді «кітәп – ке қарадым», «кітәпті оқыдым», «кітәптен көрдім», «кітәппен доспын» деп жазсақ; «гәзет – ке», «гәзет – тен», «гәзет – пен» деп айтып, жазып үйренсек, «гәзет» сөзінің мағынасы өзгеріп кете ме?
«Күна», «кіна» сөздерін де «күнә», «кінә» деп жазғанымыз жөн. «Күнаға баттым» де­генді «күнәге баттым» деп айтуға болмай ма? «Күнәлі, кінәлі, күнәден, кінәден, күнә­мен, кінәмен» деп айтуда қандай өрескелдік бар?
Меніңше, «шет тіл сөзі» мен «кірме сөз» дегеннің мағынасы бір. Сондықтан ережеде біреуін ғана термін ету – дұрыс.
«Лексикаланған сөз», «лексикаланған фразеология» дегеннің мағынасы бұлдыр. Лексикаланбаған сөз де бола ма? «Фразеологизм, «идиома» дегеніміз тұрақты сөз тіркесі емес пе?
«Біріккен сөз – екі сыңардан бірігіп, бір ғана зат пен құбылыстың атауы болатын бірге жазылатын сөз», – деген қағида бері­ліп­ті. Ал «Бірге жазылатын сөздер емлесі» де­ген тарауда: «Екі түбірден құралған бір ғана зат пен ұғым атауы бірге жазылады»,– делінген.
Осы екі ережені мен ажырата алмадым. Мысалға «көкөніс», «шекара», «жертөле», «бағдаршам», т.б. сөздер келтіріліпті.
«Екі сыңардан біріккен» мен «екі түбір­ден құралғанның» қандай айырмашылығы бар?
Орыс тіліндегі «сводные слова» деген ережеге бағынған бұл қағида қазақ тілінің әлі шешілмей келе жатқан кілтипәні.
Менің түсінігімде, екі сөздің немесе түбірдің бірігіп бір мағына беруі де, бірге жазылған сөздің бәрі де біріккен сөз бола бермейді. Мысалы, қазақ Сібірді кейде «Итжеккен» дей салады. Екі сөзден тұрады немесе екі түбірден. Осы біріккен сөзді мен «Ит жеккен» деп бөлек жазсам, ол енді біріккен сөз болмай қала ма?
Менің тіл табиғатын тануымша, біріккен сөз дегеніміз, шынында да, қос түбірлі немесе көп сыңардан тұратын сөз. Бірақ қос және көп түбірлі сөздің бәрі біріккен сөз бола бермейді. Оны тіліміздің табиғатынан іздеу керек. Іздеп көрейік. Быйыл – біріккен сөз. Бірікпей тұрғандағы тұлғалары: бұ (л) және йыл (жыл). Үндестік заңының ілгерінді және кейінді ықпалының әсерінен «быйыл» боп бірігіп қалыптасқан. Бұ (л) күн де солай: бүгүн. Біз бірақ бүгін деп зорлап жазып жүрміз. Сартауқұм деген жер аты бар. Сары, тау және құм сөздерінен құралған, бірақ үндестік заңының әсерінен «сары» сөзіндегі «ы» айтылмайды, жазылмайды. Қарағаш деген ағаштың аты да қара және ағаш сөзінен бірігіп жасалған, үндестік заңының әсерінен а дауысты дыбысының бірі түсіп қалып біріккен. Ахмет Байтұрсыновтың: «Қазақ тілінде дауысты дыбыстардың қатарынан бір сөздің ішінде келуі тіпті болмайды» деуі осыдан (Ахмет Байтұрсынов «Шығармалары», 1981, 178-бет).
Ахаңның осы айтқанына мына сөздерден де көруге болады: Торайғырұлы, саралақаз, Жылой, саржайлау, т.с.с.
Жоғарыда айтқан «и» және «у» әріптері осы заңды зорлап бұзады, себебі «ки – е»,«ки–ім», «қи+ын», «жи – ын» дегенде және «бу – ын», «жу – ық», « су – ық» дегенде екі дауысты дыбыс қатар келіп тұр. Тіле зорлық деп осыны айтамыз.
«Қарагөз» деген ат та біріккен сөз: қара және көз сөздерінің үндесіп жалғануынан жасалып тұр. «Алдыңгүні» – «алдыңғы күні» деген екі сөздің өз тұлғасын өзгертіп бірігуі. «Қолғап» – қол және қап сөзінен біріккен сөз, «қ» дыбысы үндестік заңына сәйкес «ғ» – ға өзгерген. «Қаптан» (қап – тән), ыштан (іш – тән) сөздері де біріккен сөз. «Жарғанат» – құстың аты, «жар» және «қанат» сөздерінің үндесіп бірігуінен жасалып тұр. «Кереңғұлақ», «Сарарқа», «Ешкөлмес», «Қарайғыр» (бекеті), «Айагөз», «саршұнақ» та біріккен сөз.
Ал енді қос және көп түбірден тұратын, бір мағынаны білдіретін мына сөздер қалайша біріккен сөз бола алады: итжейде, Түргенкент, бозторғай, қараторғай, Қыдырбекұлы, Қуантайжан, атамекен, т.т. Ештемесі бірікпей, бәрі өз тұлғаларын толық сақтап тұр ғой.
Рас, бұл сөздер де бір ғана мағынаны білдіріп тұр, бірақ бірігіп те, кіріп те тұрған жоқ. Өйткені бұлар біріккен сөз емес, жай ғана көп түбірлі сөздер. Демек көп түбірлі сөздің бәрі біріккен сөзге жата бермейді.
Тіліміздің табиғатына түсіне қарасақ, «Біріккен сөз деп, қос және көп түбірлі сөздің бір немесе екі сыңарының да өзінің бастапқы тұлғасын үндестік заңына сәйкес өзгертіп барып бірігуін айтамыз» деген қағида шықпай ма?
Бұл ережеге сүйенсек, Н.Уәлінің «көкөніс», «шекара» деген қос түбірлі сөздері көгөніс, шегара болып жазылып, біріккен сөзге жатуы керек.
Біріккен сөз бен қос түбірлі сөздің қалай жазылуы орфографиялық сөздікте (емле сөздік) тыйынақты көрсетілуі тійіс.
Қазақтың өмірде біріге бермейтін басы емлеге келгенде біріге қойуы екіталай. Сондықтан жер аттарын Сарыарқа, Сарыағаш, Сарыөзек деп жазғанымыз дұрыс деушілер табыла қалса және дауысқа салғанда, олар жеңе қалса, онда Ахаңның қазақ сөзінде дауысты дыбыстардың қатар келмейді дегеніне сүйене отырып, тым құрыса, Сары – Арқа, Сары–Ағаш, Сары–Өзек деп сызбаша арқылы жазуға ғана келісуге болады.
Ал сөз тіркестерінде, күрделі сөздерде айтылмай, естілмей тұрған дыбыс өз тұлғасын сақтап жазылады: айта алмадым («ай – талмадым» деп айтылады, бір «а» айтылмайды, айтугерек (айту керек), көб адам (көп адам), қырығекі (күрделі сан есім; қырық екі), қарала (күрделі сын есім;қара ала), т.с.с.
Қос сөзге «дефиспен жазылатын күрделі сөз» деген түсінік беру бәлендей білгірлік емес.
Біріншіден, «дефис» деген – кірме сөз. Оны «сызбаша» деп қазақшалау керек. Екіншіден, ереже еместі ереже қылу жиіленіп кетсе, ереженің мәні кетеді. Мәселен, «Соңғы буынында ә әрпі жазылатын түбір сөздерге қосымшалар жіңішке жалғанады», – деп, жеке ереже жасаудың не қажеті бар? Жіңішке буынды сөзге жіңішке буын жалғанатыны бірнеше мәрте айтылды емес пе?
Ғ, г, б, м және к, қ, одан басқа да жеке-жеке әріптерге қосымшалардың қалай жалғанатынын ежіктеп айту да артық деп білем. Өйткені бұл түгел ереже емес, «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережесі» ғой.
Және де қосымшалардың жалғануында бұлар айтылды да. Мұндай қайталау өте көп.
Бас әріппен, кіші әріппен жазылатын сөздерде де осындай қайталап тәптіштеу бар. Негізгі тұжырым жалпы есім мен жалқы есімнің және атау сөздердің жазылуына қатысты айтылса, сол жетпей ме?
Қос сөз бен дефиспен («сызбашамен») жазылатын сөзге жеке-жеке түсінік беру де басы артық нәрсе деп ойлаймын. Бұрын тілімізде болмаған, бірақ бұл күнде қолданылып жүрген терміндер мен қысқарған сөздер де кірме сөзге жатады. Сондықтан олар да жалпы ережеге бағынуы керек.
«Араб цифрымен берілген санға қосымша дефис арқылы жалғанады, сондай-ақ түсірілген –ыншы (-інші) –ншы (-нші) қосымшасының орнына дефис қойылады, ал рим цифрымен берілсе, дефис қойылмайды», – делініпті.
Бұл да орыс тілі жазуының төте көшірмесі. Біздің тіл – жалғамалы (аглюнативті) тіл болғандықтан, қосымшаның рөлі өте үлкен, оған немқұрайды қарауға болмайды және қосымшаны дұрыс белгілемеу де қаталық болады. Орыс тілінде «окончание» мен «род» рөл атқарады, сондықтан олар «первый ряд», «первое место», «первая группа» деп родқа қарай окончаниені де құбылта береді. Сол себепті олардың ережесін қабылдай салу қазақ тілінің өз заңдылығын бұзу болып табылады.
Ешбір қазақ «араб» деп сөйлемейді, үндестік заңына сәйкес «арап» дейді, «араб» деп жазатын орыстар ғана. Біз «арап –тың», «арап – қа», «арап –тан», «арап – шыл» деп сөйлейміз. Екіншіден, орыс тілінде «тире» және «дефис» деген бар, екеуі екі басқа белгі. «Тирені» сызықша, «дефисті» сызбаша деп алғанымыз жөн шығар. Себебі тире – ұзындау, дефис – қысқалау.
Ал – ыншы, – ншы жұрнақтары – тек реттік сан есімге тән жұрнақтар.
Сондықтан бұл ережені, меніңше, «Реттік сан есімнің түбірі санмен (сыйпырмен) жазылғанда, оған қосымша сызықша арқылы жалғанады», –деу дұрыс болар еді деп ойлаймын. Өйткені реттік сан есімнің бұл түріне ежелден дефис (сызбаша) емес, тире (сызықша) қойылып жазылып келеді және де рим саны бола ма, басқа бола ма, бәрінде сызықша (тире) қойылуы жөн, өйткені біз қай санның қай елдікі екеніне қарамаймыз, реттік сан есімнің табиғатына қараймыз. Сондықтан олар былай сызықша арқылы жазылуы керек: ХХ–ғасыр, ХІV–тарау, № 17–мектеп, 16–нөмірлі үй, 17–қатар, т.с.с.
Ал реттік сан есімнен басқа сан есімдер сыйпырмен жазылса, оған жалғау орнына сызбаша (дефис) қойылады. Сонда түбірі санмен жазылғанда, реттік сан есімге жұр­нақ сызықша арқылы, өзге сан есімге жалғау сызбаша арқылы жалғанатын болады.
Сызықша мен сызбашаның екі басқа рөл атқаратынын мына мысалдардан да анық ажыратуға болады: Мен 6-ға (алтыға) келдім. Мұнда септік жалғауы сызбаша арқылы жалғанып тұр. Мен 6–ға көштім (мен алтыншыға көштім). Мұнда – ншы жұрнағы сызықша арқылы жалғанып тұр.
Орыс тілінің емлесін орынсыз көшіре бермей, өзімізге тән біркелкі ережемен «2019 – жылдың 2 – қаңтары » деп, барлық реттік сан есім түрлерін тек сызықша арқылы жазуымыз керек. Ал «қаңтардың 2–сі » сыйақты басқа сан есімдерді (–сі – тәуелдік жалғау) сызбаша арқылы жазғанымыз жөн.
Меніңше, бұл ережеге «Қазақ тілінде қолданылатын тыныс белгілері» деген айрықша тарау берген дұрыс болар еді. Сонда хабарлы, сұраулы, лепті сөйлемдер туралы айта келіп, олардың тыныс белгісін де көрсете кету артық болмас еді. Сондай-ақ бұл ережеде айтылмаған, бірақ сол тыныс белгілерге орайластырып, қаратпа сөз, қыстырма сөз, одағай сөз және төл сөз бен төлеу сөздердің, құрмалас сөйлемдердің, қос сөздің де жазылуын анықтай кету артық болмас еді. Сонда нүкте, үтір, сызықша, сызбаша, қос нүкте, нүктелі үтір, жақша, тырнақша сықылды белгілерді де түсіндіре талдай кетуге мүмкіндік туған болар еді. Сондай-ақ «Дефиспен жазылатын сөздер емлесі» деп жеке тарау арнаудың да қажеті болмас еді.
Жалпы айтқанда, бұл емле ереженің жетістігінен кемістігі басым. Басты кінәсі – диктаторлық тұрғыда жасалған, тіліміздің табиғи болмысына қайшы ережелерге көп орын берілген. Бұл ереже бұл түрінде қабылданса, тіліміздің болашағын бұлдыр нәтиже күтіп тұрғаны даусыз. Ешбір жүйелі ережеге бағынбайтын тіл болған соң, былқылдақ, ары да, бері де қыйсайта беруге болатын берекесіз тілге айналдырады. Қазақ халқы – сақ, ғұн, үйсін, қаңлы, көк түрік, Алтын Орда секілді тарихи мемлекеттер мен одақтардың заңды мұрагері. Мұрагерлік міндет – мәңгілікті сақтау міндеті. Ондай міндетті білімді, елсүйгіш, ұлтжанды жас­тар ғана өз үдесіне абыроймен жеткізе алады. Тіліміздің тамырына зорлықпен түскен кінәрәттерді тек білімді жастар ғана түзете алады. Олар оны дер кезінде қолға алмаса, ұзақ жыл бойы білдірмей мүжіп, диктатуралық емле ережелері қазақтың әуезді, әуенді тілін қазақтың адам танығысыз қатқыл тіліне айналдырып жіберуі сөзсіз. Сондықтан елін, жерін, тілін, салт-дәстүрін сүйген әрбір қазақ – бійліктегілері де, бійліксізі де – бәрі тілінің алдында тізерлеп қызмет жасауы тійіс.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. QAZAQ

    32 таңбалы әліпбиде тілімізге лайықсыз Фф, Чч, Хх дыбыстар орын алып отыр. Қазірдің өзінде ертеден келе жатқан «Пазыл» есімін 2 түрлі жазамыз (Пазыл және Фазыл), «шофер»-ды аудармашы-ғалымдарымыздың талабындай «Автокөлік жүргізуші» кімде-кім атамайды, оның орнына «шопыр» дейді, «Федерация» сөзін батыс еуропалық азаматтарымыз «федерацион» деп жазатын құқынан қалай шектейсіз? Одан да шетел сөздерін «түпнұсқа қалпында» енгізу дұрыс емес. «Техникалық терминдер» үрдісімен соңғы кезде әсіресе банк саласында көп шетел сөздері еніп жатыр. Ал, сол сөздердің мағынасын қарапайым адам түгіл банк қызметкерлерінің өздері қазақша түсіндіре алмайды. Сөзімізге лайық емес дыбыстарды жазу емлесін жасағанда, олар қыйындық туғызады. Өзгеріс жасамаса, Пазыл-Фазылымыз уақыт өте «Федя» болып шыға келеді, Шапай-Чапай, Шопан-чабан, шөп-чоп… Қолданушыға жеңіл болу үшін және тіліміздің сингармоникалық ерекшелігін пайдаланып 26 таңбалы әліпби болғаны тәуір:

    1. A a — а
    2. B b — б
    3. C c — ш
    4. D d — д
    5. E e — е
    6. G g — г / ғ
    7. I ı — и / й (қысқа и)
    8. J j — ж
    9. K k — к / қ
    10. L l — л
    11. M m — м
    12. N n — н
    13. O o — о
    14. P p — п
    15. R r — р
    16. S s — с
    17. T t — т
    18. U u — у / ў (қысқа у)
    19. Y y — ы
    20. Z z — з
    21. «умляутты» Аа — ә
    22. İ i — і
    23. Ń ń — ң
    24. «умляутты» Оо — ө
    25. Ú ú — ү
    26. «умляутты» Y y — ұ

    Ережелері:
    1. K k=к / қ және G g=г / ғ
    К мен г дыбыстары тек жіңішке дауыстылармен (ә е ө і ү) оқылады: kece (кеше), bügin (бүгін)
    Қ мен ғ дыбыстары тек жуан дауыстылармен (а о ұ ы) оқылады: kala (қала), baga (баға)
    2. I ı=и, й және U u=у, ў
    Егер дауыстыдан кейін келсе дауыссыз дыбыс: Aılyk (айлық) karau (қараў)
    Егер дауыссыздан кейін келсе дауысты дыбыс: Bılik (билік) su (су)——————————————————— —Жер,су,зат атаулары мен адам есімдері тұтас жазылғаны дұрыс (дефис, сызықша арқылы немесе 2-3-ке бөлмей). ҚАРА АҒАШ-ты ҚАРАҒАШ деп жазғанда САРЫ АҒАШ-ты САРАҒАШ деп жазуға неге болмайды? ҚЫЗЫЛ ОРДА — Қызылорда, ҚАРА ӨЗЕН — Қарөзен, Қасым Жомарт — Қасымжомарт (Қасым-Жомарт емес), …

  2. QAZAQ

    «Умляутты» деп жазғанымды «Төбесі үтірленген» деп түсінерсіздер.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.