ҮШІНШІ ЭРНЕСТ

Тұма бұлаққа ат суғарады. Жылқы жарықтық таза суды мейірі қанып ішеді. Адам да солай. Таза жүрек бір-бірін суғарады, мейіріммен шөлін басады. Мен 1978 жылы көкек айының 22-сінде осындай бір тұма бұлақтай таза адаммен табыстым. Пәтер кілтін алдық. Пәтер болғанда қандай, СовМиннің үйі.

Бесінші қабат. Бұл тақияма тар келмейді. Өйткені жаңа қосылған жанжарым екеуіміз ғана. Балкондас көршім – сұңғақ бойлы, қоңқақ мұрын, кең иықты, жүзінен мейірім шуағы төгілген адам. Күлімсіреп жүреді. Төрт баласы бар. Министрлер Кеңесінде жауапты қызмет атқарады. Қол алысып таныстық. Мені баласынбай «Эрнест» деп есімін айтты. Әдебиет айналасында жүргесін Эрнест Хемингуэйді білемін. «Соған орайластырып қойды ма екен?». Тағы бір Эрнест бар. Ол – Герман Коммунистік партиясының лидері, Моабит түрмесінде отырып, ақыры Бухенвальдта жан тапсырған Эрнест Тельман. «Сұрау ыңғайсыз, кейін біле жатармын». Жалпыға жаттығы жоқ, адамды өзіне тартып тұрар өн бойында бір бұла күші бар кісі екен. Қазақ Ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетін тамамдапты. Ғылым кандидаты. Қырыққа келген жасында өмірдің өткелегінен әбден өтіпті. Студент күндерінде-ақ спорттың шыңына шығып, самбодан КСРО спорт шебері атанып, біраз жерде қазақтың намысын жыртып, жалауын желбіретіпті.
Агрономия жағынан жақын екенбіз. Менің де әуелі агрофакта оқып, кейін журналистика жағына кеткенім бар еді.
– Институтта кімдерді білесің? – деп сұрады.
– Хайдар Арыстанбековті…
Ректордан төмен түспегесін одан әрі қозғамады.
Агрономия дегеніміз – жер тану, топырақпен бірге өмір сүру ғой. Бұл кісі де топырақпен жаны бір адам екен. «Ауыл шаруашылығына мал азығын өндіру» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, ғылымға өзіндік үлесін қосып, оны тәжірибемен астастырыпты. Жоғары оқу орнын бітіргесін ата мекені – Талдықорған облысындағы екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, атағы жер жарған Никита Головацкий басқарған «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы колхозда қатардағы агроном боп қызмет істеп, жақсы мен жаманға көз жеткізіпті, қасиетті қара жер мен жасампаз Адам арасындағы талай сырға қанығыпты, тәжірибе жинап, мамандықтың құпия теңізінде құлаштай жүзіпті. Оның қайда жүрсе де адал жүргені анық. Өтірік айта алмайды, үлкенге де, кішіге де шын сөйлейді, бұра тартып, боссөзділікке салынғанды жаны сүймейді.
Бұл кісі үлкендігін алға тартып, әуелі маған есік көрсетті. Тоқсанның бел ортасына тақаған қария әкесі бар екен. Мен де шалдың баласымын. Әңгімеміз жарасып, ол кісі менің ауылымның тіршілігі туралы сұрады. Мен де әкелерім келгенде Эрекеңді үйіме шақырып, шалдармен жүздестірдім. Агроном боп туған адам кетпен шапқан Ыбырайды көріп, қатты таңғалды. Саусағын ұстап көрді. «Мына саусағыңызға кетпеннің сабы қалай шыдайды?» деп сұрады.
Бір оқиға: әкесі алғаш ауылдан келгенде көршісі, Халық артисі Нариман Қаражігітовті қонаққа шақырып, әнші: «Мен қарияға арнап «Ер Тарғын» операсынан үзінді орындап берейін» деп, күмбірлеген кең дауыспен ария айтып тұрғанда, ақсақал: «Мынау не деп тұр өзі?!» деп таңғала қарапты. Қазақы көңілдің қазақы көрінісі осы емес пе? Ақсақал Эрнестің қолынан мәңгілік дүниеге сапар шекті. Үлкен-кіші боп шығарып салдық.
Нарық заманы бас сұққанда қазақ бет-бетімен ыдырап кетті. Біз де «Қазақфильм» ықшамауданына 18 жыл қоныс аударып келдік. Жылап көрістік. Эрекең ағалығын, Айман жеңгелігін көрсетіп, келген бетте үйіне шақырып, ал кеп алқа-қотан әңгіме басталды. Әдебиет туралы, өнер туралы айттық. Эрекең көркем әдебиетті көп оқитын, қазақша газет-жорналды жаздыртып алатын. Мен бір «Үркер» деген жорналдың редакторымын, бұл кісі №1 оқырманым. Бірде жаңа саны кешігіп қалыпты. Жаны төзбей дереу пошта меңгерушісіне телефон шалыпты. Ол хат тасушыға түсінік жазғызыпты. Сөйтсе, хат тасушы келіншек байқамай жорналды біздің жәшікке салып жіберіпті. Мен ағаның қолына екі «Үркер» ұстаттым. Келіншек жыламсырап тұрып түсінігін қайтып алды.
Айман жеңгей де педагог, балалар бақшасының тәрбиешісі, кітаптың қадірін бір адамдай біледі. Айтпақшы, ол «Қыз Жібек» кинофильмі бойынша Жібек рөліне конкурсқа түсіп, соңғы турда «сүрініп» кетіпті. Екеуі Қыз Жібек пен Төлегендей нәзік өмір сүрді. Балаларымыз бір аулада ойнады. Олар үлкендігін көрсетіп, біздің кішкентайларымызға қамқор боп жүрді. Есік алдында қазақша сөйлейтін осы екі үйдің балалары еді. Эрекең кіммен болса да қазақша сөйлесетін. Алматының сән-салтанат сөзін екінші орынға қойып, ана тілін қашан да алға шығаратын. Ұл-қыздары мен немере, жиендерін де осылай баулыды. Ата жағынан грузиялық курт жиені нағашысын Кеңсайға жерлеуге апара жатқанда қазақша сөйлеп, үлкен-кішіні таңғалдырды. Акцент жоқ. «Қазақшаны атам үйретті» дейді нағашысын қия алмай. Қазақтың Эрнестен алып қалары аз емес-тұғын.
Айдар, Ердос, Зылиха, Шынар – осы бір өмірге сирек келетін адамның қараорманы. Бәрі де бүгінде әке мен ана, елінің іргесін қатайтқан тіршіліктің майталмандары.
1937-38-39-шы қанды кезеңде туған перзенттеріне қазақтың көзі ашықтары Эрнест, Заким, Советбек деп есім беріпті. 38-жылы өмірге келген ұлына Эрнест деп ат қойғанда әке сорлы ­Эрнест Тельмандай болсын деп тілемеді дейсіз бе? Тілегі қабыл болды.
Хемингуэйдің Эрнесі, Тельманның Эрнесі, Шәкеннің Эрнесі… Қазақтың Эрнесі американ мен немістің баласынан артық болмаса кем емес. Ол тек Орта Азияда туып, ортада қалды, өз ортасынан шыға алмай қалды.
Дертіне ота жасағаннан кейін есік алдында кезіктім.
– Биікке қарай біраз жүрейік деп едім, – деді. Өңі солғын. Шаршаңқы.
– Жүрейік, аға, жүрейік.
– Сен жолыңнан қалма. Мен өзім жүремін ғой…
Ол Алатауды беттеп, жай басып ойланып кетіп бара жатты. Өмірден алғаны мен бергеніне есеп беріп бара жатты.
Жақсы адаммен ең соңғы жүздесуім деп ойлаған жоқпын.
Кеңсайдың ең биігіне қоныс тепті.
Өзі де биік еді.

Қуандық БОҚАЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.