Арманы аласармай өткен азамат

Жұмат ТІЛЕПОВ,
филология ғылымының
докторы, профессор

Жақында қоғам және мемлекет қай­раткері, көрнекті әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаевтың ІІІ томдық шығармалар жинағы марқұмның аяулы жары, белгілі жазушы Шәрбану Бейсенованың құрас­тыруымен «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан жарық көрді.
Кез келген қайраткер азаматтың өнбойында көбінесе елі елерліктей бірнеше қабілет-қасиеттің болатыны баршаға мәлім. Бұл тұрғыдан келгенде Сағат замандасымызды халқымыз, ең алдымен, әдебиет сыншысы деп таныды. Ал нағыз әдебиет сыншысының елінің арын арлаған, халқының қамын қамдаған, жүрегі елім деп соғатын азаматтар сойынан болатындығына шүбә жоқ. Сондықтан да Сағат барлық уақытта да елінің назарында жүрді. Ол қандай қызметте отырса да, оны оқырман қауым рухани қазынамыздың иелерінің бірі болып саналатын – ақындар мен жазушылар шығармаларының сапасын тап басып, мүлт кетпей анықтайтын зерделі ой иесі – әдебиет сынының сардары деп тани білді. Халық жаңылысқан жоқ.

Сағат Әшімбаев әдебиет сынына ат басын тіреген уақыт – өткен ғасырдың 60-жылдарының аяғы болатын. Бұл атақты қаламгер, жеті жұрттың тілін білетін, әлемдегі адамзат баласы бастан кешкен барлық қоғамдық формациялардың хал-күйіне айна-қатесіз баға бере алатын кісі деп есептелетін Илья Эренбург «Оттепель» деп, қазақ қауымы «жылымық» атайтын Н.Хрущев дәуірімен жалғасқан тұс еді. Ол кезде, әрине, Н.Хрущев тағынан тайған (1964 жылдың күзі ) уақыт. Бірақ «жеке басқа табыну дәуірі» сыналған заманда әдебиетке келген А.Вознесенский, Е.Евтушенко, Р.Рождественский секілді жаңа үнді, орыс тілді ақындар шоғыры мен әдебиет сыншылары өздерінің шығармашылық жолдарын жалғастырып жатты. Қазақ әдебиетінде де еркін ойлы біраз қаламгерлер бар болатын. Олардың дені жастар еді. Әйтсе де сол уақытта олардың бәрінің бірдей айдарынан жел есіп тұрмағаны хақ-ты. Бірақ бозбала жігіт Сағаттың шешімі нық болды. Ол алғаш кездесіп тұрған, өзіндей бірінші курстың студенті, қазіргі қабырғалы қаламгер Нұрлан Оразалинге «Мақсатым – сыншы болу» депті. Қолында атақты әдебиет сыншысы Мұхаметжан Қаратаевтың «Туған әдебиет туралы ойлар» деп аталатын жасыл мұқабалы кітабы (С.Әшімбаев. Шығармалары. ІІ том, 8-бет). Қызық! Бар болғаны өзі І курстың студенті. Алға қойған мақсаты жаңағыдай. Биік! Ол осы биік мақсатын сол жылы белгілі қаламгер Әубәкір Нілібаевқа да айтыпты.
– Қазір ойлап отырсам, егер адам баласы, – депті Әубәкір Дастанұлы: – Алдына анық бір мақсат қойып, оны орындап шығу үшін күресе білсе, ойы орындалары сөзсіз екен. Әлі есімде, менің Алматы облыстық «Жетісу» газетінің әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып істейтін кезім. Бөлмеге бір жап-жас жігіт имене кіріп келді. Қызыл шырайлы, бойшаңдау. Қара көздері мөлдіреп, күлімсіреп тұрған жылы өңді, ауылдың кәдімгі момын да инабатты бозбаласы. Ол жасы едәуір үлкен менімен бірден-ақ ашық сөйлесіп, бір сәтте:
– Аға, қазіргі әдебиет сынына көңіліңіз тола ма? – деді.
– Толмайды, – дедім мен жап-жас балаң жігіттің тосын сұрағына іштей таңданып.
– Дұрыс айтасыз, аға! Қазіргі сынымыз өте төмен деңгейде. Ал мен осы сын мәселесін көтеруге атсалысам… Көресіз, айтқанымды орындап шығамын.
ҚазМУ-дің бірінші курсында оқып жүрген Сағат сол айтқанында тұрды. (С.Әшімбаев. Шығармалары. ІІІ том, 297-298 беттер).
Осы ретте Сағаттың сол уақытта ақын болам немесе қара сөздің майталман шебері үлкен прозашы болам демей, өзін әдеби сынның жүгін көтерер азамат болам деп, замандас қатарлары мен алдыңғы толқын ағаларына сөз беруінің сыры неде деп ойлансақ, ең алдымен ол, оның сырт көзге момын көрінгенімен ішінде лапылдап тұрған ерекше қуат көзі мол қайсар мінезділігінен деп ойлаймыз. Ал әдеби сынның барлық уақытта да халықтың сұранысында болатындығы, сірә, белгілі. Бірақ Сағат сыншылыққа ерекше сұраныста болатындығына бола барған жоқ. Ол, ең алдымен, біздің ойымызша, елдік санаға қызмет етуді мақсат тұтқандықтан да осы жолды таңдады. Сөйтіп, оның еңбек жолы бірден әдеби сыннан басталды.
Өмірді біреулер «күрес» дейді, біреулер «еңбек» дейді. Осы тұжырымдардың қай-қайсысының да дұрыс сөз екендігіне шүбә жоқ. Бірақ күрестің де түрі көп, еңбектің де түрі көп. Соның ішінде әдебиет сынында жүрген еңбеккердің еңбегінің кіреукелі сәттері шаш етектен. Өйткені әдеби сынның «өзегі толы от жалын» дегендей, өзекті проблемалары көп. Осы көп мәселелер қай жұрттың әдеби сынында да ақи-тақи түгелдей шешіліпті дейтін әңгіме жоқ. Олай болатын себебі әдеби шығармашылық әлемі апталап, айлап өнім беріп жататын тентек мінезді қайнар көздердің сан-тараулы сағасы секілді. Міне, Сағат Әшімбаев сынды жас сыншы өзінің бар мүмкіндігін жұмсай отырып, осы күрмеуі күрделі процестің сан алуан мәселесіне тәуекел етіп қалам тартқан қайраткеріміз болатын. Әрине, жас сыншының алғашқы мақалаларының көлемдері шағын. Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылып жатқан, елге белгілі көрнекті ғалым Мұхаметжан Қаратаевтың қос томдық еңбегіне білдірген лебізі де, «Жастар сыны туралы бірер сөз», «Әдебиет көкжиегі кеңейе береді», «Міндетін орындаған еңбек», «Дала балладалары», «Мұрат алды – ізденіс», «Сұлулықсыз өлең тұл», «Салиқалы сөз, соны із», «Сырлы толқын» атты 1967-69 жылдар аралығында жарияланған мақалаларының қазіргі І томға еніп отырған көлемдері 3-5 беттен аспайды. Бірақ осында алды бір-екі кітап шығарған, соңы тек баспасөз бетінде жаңа көрініп жүрген Әбіш Кекілбаев, Төлен Әбдіков, Мұхтар Мағауин, Жұмекен Нәжімеденов, Зейнолла Серікқалиев, Асқар Сүлейменов, Оразбек Сәрсенбаев, Рымғали Нұрғалиев, Сайын Мұратбеков, Дулат Исабеков, Әнес Сараев, ­Сатыбалды Нарымбетов, Қарауылбек Қазиев, ­Тынымбай Нұрмағамбетов, Сәбит Баймолдин, Марат Отаралиевтардың шығармаларының тек аттарын атап немесе әдебиетке осындай жақсы қаламгер келген екен деген секілді жалпылама сөзбен емес, олардың шығармашылық тұлғалар ретінде ел тануы тиіс деп біледі. Мәселен, Сағат: «Осыдан біраз уақыт бұрын Асқар Сүлейменов сын мақалалар жазуға бой ұрып жүрді. Жазғандары сауаттылығымен салмақты еді. «Түр туралы сөз», «Жас прозаиктер туралы» мақалалары білімді жастың қолтаңбасын, әдебиет туралы мағлұматы, түсінігі мол, эстетикалық позициясы бар сыншылық таланттың толғаныс-тебіренісін танытқан-ды… Белгілі бір шығарма хақында тым өткір сынап жіберді ме (біз ондай жасты жақтырмаймыз ғой), бүтіндей қақпайланып, зым-зия жоқ болып кетті. А.Сүлейменов қазақ әдеби сынына керек талант. Мұны Асқар да, басқа да жете түсінуі ләзім» десе, ал сыншылық жолда «көркем шығарманы көбінесе бір образды үңги қарау арқылы талдайтындығымен» өзгешеленетін Зейнолла Серікқалиевтің, сондай-ақ Ғабит Мүсіреповтің «Өмір жорығы» әңгімесі туралы ешкім тіс жарып, үн қатпай жатқанда туындының көркемдік қуатын дәл басып, оны үлкен новеллистиканың қатарына қосқан батыл пікірлі Рымғали Нұрғалиевті де сын майданынан соңғы кезде көре алмай жүрміз деп, олардың шығармашылық тағдырларына алаңдайтынын білдіреді. «Сонымен, – дейді автор, – сөзіміздің қорытындысына келсек, жастар сынына проза мен поэзиядағы мол творчестволық қамқорлықтың бірде-бірі бұйырмаған. Сондықтан да шығар, ойлы, отты, жастардың біразы бұл салада табан тіреп тұрақтай алмай жүргені. Міне, осы себепті жастар сыны сылбыр, онда қозғалыс баяу, қимыл аз… Әдеби сынды – тәрбиеші емес, сойылшы деп қабылдау басым. Жас сыншылардың осынау үлкен өнерден сырғақсып кетуі бір жағынан осыған да саяды» (С.Әшімбаев. І том, 21-23-беттер).
Бұл – ілгеріде әдебиет сынының басыбайлы маманы боламын деп алдына таудай мақсат қойған жас сыншының баспасөз беті арқылы ең алдына шығып тұрып айтқан алғашқы әрі батыл, әрі жүрекжарды ақиқат сөзі болатын. Сонымен бірге бұл 21-22 жастағы жас адамның алға ұстанған азамат­тық принципіне куәлік беретін тұжырым еді.
Сағат Әшімбаев өзімен қатарлас тұр­ғы­лас­тарына қарағанда, сөз жоқ, әдеби сынды, соның ішінде қазақ әде­бие­тінде еңбек етіп жүрген сыншылар қауымының шығармашылығын кеңінен қарастыратындығымен ерекшеленетін. Оның «Сыншыл ой туралы сыр», «Бір проблема, бес толғам», «Проблемалар мен міндеттер немесе соңғы жылдардағы сынға көзқарас», «Сыншыл ой сипаты», «Сын – жауапкершілік һәм бәріне жауап берушілік немесе әдебиет сыншыларының адамзат болашағы үшін жауапкершілігі жайлы сұхбат» (С.Әшімбаев пен Әлия Бөпежанованың диалог-сұхбаты), «Сыншыл ойдың сымбаты немесе сексенінші жылдар­дағы сынға көзқарас» атты еңбектері – соның бір дәлелі. Осынау жай ғана мақалалар тізімінің өзінен-ақ Сәкең марқұмның таза әдебиет сынына байланысты қаншама қыруар еңбек еткендігін көруге болады. Әлбетте, 1972 жылғы КПСС Орталық комитетінің «Әдеби көркем сын туралы» қаулысына байланысты тек Мәскеуде ғана емес, Кеңес одағының ұлт республикаларында да әдеби сынға деген ерекше серпілістің болғандығы мәлім. Соның нақты бір көрінісі 1973-1978 жылдар аралығында «Жазушы» баспасынан 90-ға тарта авторды қамтыған «Уақыт және қаламгер» атты бес томдық әдеби сын кітабы жарық көрді. Академик М.Қаратаев пен профессор Ш.Елеукенов сол бес томның бесеуіне де қатынасқан.
Тегінде, әдебиет сыншысының барлық еңбегі, мейлі ол көркем шығарманың кейіпкерлері туралы толғансын ­немесе әдебиет сыны туралы оқырманымен сырлассын, барлық уақытта да белгілі бір қоғамдағы әлеуметтің елдік мұраты, азаматтық қадір-қасиеті, ар-ұжданы ­туралы тебіренеді. Өйткені нағыз сыншы, М.Горький айтқандай, жазушының өзінен де талантты болуы керек екен. Ал Л.Толстой В.Белинскийдің Пушкин туралы мақаласын оқығаннан кейін: «Мен Пушкинді енді ғана түсіндім» дейді. Адам таңданатындай сөздер ғой. Бірақ нағыз әдебиет сыншысы болған адамның дүниедегі әділет пен өнерге деген ынтызарын сөзбен айтып жеткізу қиын. Бұл жайлы ұлы жаратылыс иесі А.Пушкин: «Өнерге, әділет пен ақиқат шындыққа ынтызарлық жоқ жерде сын да қараң» дейді. Ал әділетке ынтызар талантты жанның алмас қамалы жоқ.
Әдебиет сыншысы Сағат замандастың шығармашылық, азаматтық мақсат-мұратын академик Серік Қирабаев: «Ол әрқашан ұлт намысы үшін жанын беретін еді» деген бір-ақ сөйлеммен берген. Ұлт намысын жанынан артық бағалаған жан – ол сол ұлттың әзиз тұлғасы ғой. Сондықтан да оны замандас үлкен-кіші еліне еткен еңбегін емірене отырып еске алғанда: «Заманынан озып туған, өр намыстың, өрелі ойдың иесі еді» деп (мемлекет қайраткері, көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбеков), «Сағатты сағыну – жасымыз, жасамысымыз бар күллі ізгілік әулеті имандай сенген бірбеткей ұғым-танымынан тамыз (1991 ж) ылаңымен көбесі сөгіліп, адасқан қаздай тығырыққа тірелген шырғалаң жол айрығында жүрекке түскен салмақтан жанып кеткен от-өрім азаматты сағыну» деп (Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ғалым, сыншы Зейнолла Серікқалиев), «Лапылдап атып, лапылдап батқан күндей еді» деп (Қазақстанның Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев), «Халқыңа керек ұл едің, ерте кеттің-ау, айналайын! Жүктелген іске жауапты қарайтын, уәдеге берік, қызуқанды едің. Жұмыста жанып кеттің-ау жалын боп» деп (Қазақстанның Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов) тебіренеді.
Осынау ел ағаларының Сағат ­бауы­рымыз туралы жазбаларынан алынып отырған лебіздері шын мәнісінде, оның еліне сіңірген еңбегінің қадір қа­сиетін айна-қатесіз білген жандардың еңірегенге бергісіз болып қамыққан көңілден шыққан ағалық сөздері болатын. Өйткені ол әдебиетіміздің үлкенді-кішілі қайраткерлеріне де, Шығармашылық атты қастерлі ғибадатхананың есігін жаңа ашып тұрған балапан жасқа да сыпайы да мейірімді еді. Шамасы келсе біреуге жақсылық жасап, еңбегіне қолғабыс еткісі келіп тұратын (Ш.Елеукенов, Ғ.Қабышұлы, Б.Мекішев, Т.Жұртбай, Ә.Бөпежанова, Б.Мұқаев, А.Абдрахманов, Қ.Ергөбек, К.Адырбекұлы). Өйткені оның өмірден көрген тәлім-тәрбиесі мен қоса сонау Ф.Достоевскийге, С.Есенинге, М.Шолоховқа, Ғ.Мүсіреповке шығармашылық жолда қолдау көрсеткен В.Белинский, А.Блок, А.Серафимович, Б.Майлиндердің азаматтық үлгілері әманда есінде тұратын. Сондай-ақ ол белгілі бір нақты шығармасы сәтсіз шығып жатқан авторға да, оның ілгерідегі өзге бір туындысының жақсы екендігін оқырманға айта отырып (әрине, сондай еңбегі бар қаламгер болса) мүмкіндігінше айтар сынын сыпайы жеткізетін. Бірақ айтарын айқын, қисынды дәлелдермен түйіндейтін. Сонымен бірге әлгіндей кемшілігі бар шығарманы әспеттеген әріптес өзге қаламгерлердің пікірінің (көңілжықпас достық пейілдерімен жазған рецензиялар) негізгі міні неде екендігін де байыппен саралай отырып, әдебиет жанашырларының көңілінен шығып отыратын. Соған қоса ол қаламы жүрдек аға сыншылардың тарапынан елеулі прозалық, поэзиялық туындыларға баға беру барысында артық айтылған сындарының жаңсақ жайларын мүмкіндігінше халыққа жеткізуге асығып тұратын. Біз, бұл жерде сыншы Сағат Әшімбаевтың сынын естіген жазушы азаматтарды да, әдебиет сыншыларын да атымен атап, шығармалары мен мақалаларының түсін түстеп отырған жоқпыз. Оның басты себебі – сол аза­маттардың көбі қазір дүниеде жоқ. Және олардың дені қазақ әдебиетіне өз заманында елеулі үлес қосқан елеулі тұлғалар болатын.
С.Әшімбаев әдебиет сынына қадам басқан алғашқы жылдарынан бастап қазақ әдебиетінің елеулі тақырыптарын, елдік ерекшеліктерімізді көркем сөзбен ерекше кестелей білген Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Әбу Сәрсенбаев, Мәриям Хакімжанова, Әбділда Тәжібаев, Әнуар Әлімжанов, Ілияс Есенберлин, ­Тахауи Ахтанов, Қуандық Шаңғытбаев, Жұбан Молдағалиев, Ілияс Омаров, Сәкен Жүнісов, Әбіш Кекілбаев, Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Мағауин, Қадыр Мырзалиев, Асқар Сүлейменов, Тұманбай Молдағалиев, Тоқаш Бердияров, Сайын Мұратбеков, Өтежан Нұрғалиев, Фариза Оңғарсынова, Қанипа Бұғыбаева, Қалихан Ысқақов, Сәтімжан Санбаев, Оралхан Бөкеев, Төлен Әбдіков, Әнес ­Сараев, Қажығали Мұқамедқалиев, ­Сейфолла ­Оспанов, ­Жарасхан Әбдірашов, Кеңшілік Мырзабеков сынды қаламгерлердің бірсыпырасына бүкіл шығармашылық әлемінің ерекшелігін көрсететін жеке мақалалар арнады (мәселен, Ғабит Мүсірепов шығармашылығына бірнеше тұста қайталап оралып отырды). Енді бірінің туындыгерлігінің қыр-сырын ұлттық әдебиетіміздің өзекті проблемалары қарастырылатын әдеби процестің жай-күйімен байланысты жазылған ауқымды еңбектерінде қарастырды. Мысалы, сондай сын-толғамдардың бірінде өмірден ертерек кеткен Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» атты романының кейіпкері Құланның 1916 жылғы тарихи дүрбелеңге, одан кейінгі аласапыран оқиғаларға белсене қатысуын, «осындай қысталаң уақыттағы күрделі адамның тағдыры мен талайына өз тұрғысынан, суреткер көзімен философиялық-психологиялық талдау жасай келіп, жаңа өмір орнатуда Құлан сияқтылардың да өз орны бар екендігін дәлелдеген. Жазушының суреткерлік парасатын, оның позициясынан анық танимыз. Сондықтанда аталмыш дүниені «Ботакөз», «Қан мен тер», «Дауылдан кейін», «Ақ Жайық» сияқты тарихи революциялық тақырыптағы әлеуметтік-психологиялық романдардың қатарына қоюға әбден болар еді» деген тұжырым жасайды (С.Әшімбаев. І том. 265-бет). Бұл жердегі сыншының Ақан Нұрманов шығармасын біздің халықтың осы тақырыптағы классикалық туындыларының санатына қосуы және сол пікірді бірінші болып айтуы, сол тұстағы (1974 жыл) әдеби жұртшылық үшін елеулі жаналық болды.
Жалпы С.Әшімбаев өмірден өткен авторлар еңбектеріне деген ізеттілікті тек А.Нұрманов туындыгерлігіне қатысты ғана емес, Абай шығармашылығына байланысты есімдері аталмай жатқан өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы зиялы азаматтар турасында да, Ілияс Омаровтың артында қалған мұрасы хақында жазылған «Кемері кең бір кемел», т.б. еңбектерінде де көрсете отырып, біздің күні бүгінге дейінгі елдік мұраға деген селқостығымызды қынжыла отырып баяндайды. Шындығында, бұл тек бір адамның емес, өзін саналымыз деп есептейтін баршамыздың қынжыларлықтай жайымыз ғой.
Қайраткер, қаламгер Сағаттың үлкен ой иесі ретіндегі ерекше шығармаларының қатарында аталатын оның «Әдебиет және мораль», «Азаматтық формуласы», «Азаматтық позиция – айқындаушы күш», «Абай тағылымы – азаматтық тағы­лым» атты туындыларының филосо­фия­лық қарымдылығы алабөтен. Мұнда автор адамзат баласының бойын­дағы үлкен дерттің басы ретінде тоғышар­лық, немқұрайды­лық, енжарлық, іштарлық, күншілдік ­сынды қоғамдық формациялардың барлық кезеңінде де өмір сүре беретін жаны сірі ерекшелігін И.Гончаров, А.Чехов, М.Горький сынды жазушылар туындыгерлігімен түсіндіріп қана қоймай, В.Ленин, Г.Плеханов, А.Герцендердің ғылыми еңбектерімен байланыстыра отырып толғанады. Ал халқымыздың ұлы тұлғасы Абайдың замандастарының бойындағы қанағатсыз, мақтаншақ ойсыздықтан өз қадірін өзі жоғалтқан ел аңғалдығын «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, ұстарасыз аузыңа түсті мұртың. Жақсы менен жаманды айырмадың, бірі қан, бірі май боп екі ұртың. Өздерінді түзелер дей алмаймын, өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың… Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос…» деп, күңірене отырып жырлайтын туындыларын да аталмыш мәселенің табиғатына қатысты әр тұста-ақ жаны күйіне отырып сөз етеді.
Қысқасы, Сағат өзі көтеріп келген келелі де, кенеулі ойлы қаламгерлік мәселесі – қай халықтың болсын, өз жұр­тының елдігінің ескерткіші екенін жақсы білетін. Өйткені ол терең ойлы, сергек сезімді аса білімдар һәм біртуар азамат болатын. Өзге жұрттың күллі әлемге мәшһүр қаламгерлерлер шы­ғар­маларын­дағы жетістіктерінің ұлттық бастауларын өзіміздің дәстүр мәселесімен байланыстыра қарастыратын. Тіпті жай жүрген, ел көрген сапарларындағы (кон­ферен­цияларға барған кездегі) грузин мектептеріндегідей оқушыларды дүниеден өткен ақын-жазушыларының қабіріне ұстаздарының алып келетін дәстүрін көріп немесе патшалық замандағы халықтың адам басына бір тиыннан жинап Мәскеуде А.Пушкинге ескерткіш орнатқанын айтып, тебіренетінінің барлығы да өз халқының барлық жағынан да үлгілі жұрт болуын аңсағандығынан еді. Оның республика теле-радио хабары жөніндегі комитетке төрағаның орынбасары болып келгеннен кейін «Жүректен қозғайық», «Парыз бен қарыз», т.б. хабарларды ұйымдастырып, бұрын жабылып қалған «Тамаша» секілді (көрермендер ұсыныстарын ұйымдастыра отырып) бірсыпыра хабарларды өмірге қайта оралтуы осындай азаматтық мұратынан бастау алатын.
1986 жылдың 17-18 желтоқсаны елдің есінде. Сағат марқұм бұл күндерді «Желтоқсандағы жер болу» деп атай отырып, «Мен бұл күндерді ұмытқан күні ұлт намысы деген ұғымды да ұмытатын шығармын. Ал оны ұмытқан жерде барыңнан жоғың пайдалы шығар!» деп күнделігіне жазып кетіпті (С.Әшімбаев. ІІІ том, 62-бет).


Қайран азамат! Бұл күнді тек сіз ғана емес, сол кезде өмір кешкен естияр қазақ баласы ұмыта алар ма? Сол күндері өзіңіз көрген бір жерде киімдері жыртылған, қолдары арттарына қайырылып, иттерге таланып, тапталған, қарға етбеттерінен жатқызылған жігіттер мен қыздардың, екінші бір жерде барлық киімдері тартып алынып, тар жолдың үстінде, суықтан қалш-қалш етіп ішкөйлекпен шөкпелеп отырған қазақ қыздарының қаншасы қазір тірі екен?.. Қолдарында рәзіңке таяғы мен қалқаны, қапталында арс-арс етіп адам талауға дайын тұрған иттері бар жазалаушылардан тірі қалған солардың «айналайындар-ай, қорғаныштарың бола алмадық» деп қамыққан сіздің дауысыңызды естігендерінің бірі болмаса бірі: «Иә, сондағы жаны бізбен бірге болған адам Сағат аға екен ғой» деп көздеріне жас алатындығы күмәнсіз. Өйткені, сол күндері сіз Альберт Устинов сынды «асыңызды ішіп, табағыңызды тебетін» қаражүректілердің нысанына іліндіңіз. Сізді партиядан шығарып, жұмыстан қудыртып, тірінің азабын көрсетпек еді. Өйткені 27 желтоқсан күні (1986) КПСС орталық комитеті 17-18 күнгі Алматыдағы көтерілісті «Қазақ ұлтшылдығы» деп көрсеткен қаулы алды. Демек, бұл барлық «қазақ – ұлтшыл» деген сөз еді. Ал Сізге («Парыз бен қарыз» хабарыңызда) ­Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердиевтердің еңбектерін, М.Қаратаев, Ғ.Мұстафин, Ә.Тәжібаев, т.б. нар көтерер жүкті қиналмай тартатын классик жазушы, ғұлама ғалымдар аузымен ел санасына шегелеткен, ұлшылдықтың ұшқынын тұтатушы деп кінә тақты. Сізге тілектес қауым теңселіп кетті. Бірақ, қолдарында билігі жоқ. Мәселе респуб­лика Комунистік партиясы Орталық Комитетінің әуелі бюросында қаралатын болды. Бірінші хатшы Г.Колбинге екінші хатшы Сағидолла Құбашев барып: «Мына телевизияның мәселесін күн тәртібіне енгізбеу керек. Мұнда бір де бір факты жоқ, жорамал сөздер. Ертең орталық комитеттің бюросында үлкен айтыс жасаудың қажеті жоқ» дейді. Оған Г.Колбин: «Мәселені бөлім (А.Устинов) тексерген. Мен жобамен таныстым, мәселе өте орынды қойылған. Көрсетілген фактілер қатаң тойтарыс беруді қажет етеді» деп әуелі келіспейді, бірақ кешкілік ол күн тәртібіндегі мәселені бюродан алып, ­секретариат мәжілісіне қарауға ауыстырды. Ал келесі күні секретариат мәжілісін өзі жүргізетін екінші хатшы С.Құбашев А.Устиновтың С.Әшімбаевты қатты сынап, секретарь қазақ қызы Л.Дәулетованың А.Устиновты қызу қолдағанын көрген соң, өз ұсынысымен Орталық Комитеттің бюро мүшесі, Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы В.Мирошникті сөйлетеді. Ақырында мәжілісті жүргізуші С.Құбашевтың өзі: «Мен С.Әшімбаевтың «Қарыз бен парызын» үзбей көремін. Өз түсінігім, өз пікірім бар. Қаулы жобасында жазылған жорамалдарды қолдамаймын. Ұсыныс: осы пікірлесумен шектелейік. Қаулы алынбасын. «Қарыз бен парыз» циклінде қате жоқ. Тоқтатылмасын. Сағат Әшімбаев және басқа жолдастар жұмысын істей берсін. С.Әшімбаев сияқты білімді ғалым, үлкен сыншы, іскер басшылар аз, оларды қолдау керек. Ешкімге кінә қойылмайды. Телевизия және бөлім қызметкерлері үнемі келісіп жұмыс (бөлім қызметкерлері деген сөз А.Устиновқа қаратылып айтылған ғой) жасаңдар. Қарсылық бар ма?» дейді де, оған отырғандардан «Жоқ, жоқ» деген жауап алады. (Демек, Сағат Әшімбаев өзіне құрылған қақпанға түспей аман-есен өтеді). Мақала иесі бұл шешім орталық комитеттің архивінде бар. Ешкім бұзған жоқ. Бірақ бірінші хатшы (Г.Колбин) риза болмады» дейді (С.Құбашев. Мен өтіріктің құрбаны болғым келмейді. «Егемен Қазақстан», 15 наурыз 2008. 5-бет).
Онан кейін де Сағаттың басынан талай сынақты сәттер өтті. Қазақстанның басшысы Г.Колбин қызметін Мәскеуге ауыстырды. Заман өзгерді. Бірақ А.Устинов өзгергісі келмеді. Қалай болса да ол қарсыласын дұрыстап бір жыққысы келді. Сағат мұнан да аман-есен құтылды. Жаңа басшы Нұрсұлтан Назарбаев жағдайды білгеннен кейін А.Устиновқа «Оставьте его в покое!» дейді. Арада бір жыл өткен соң, яғни 1990 жылы 15 тамызда ол Қазақ ССР телевизия және радио хабары жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы болып тағайындалады. Оны министрлікке бекіткен Парламент ­жиынында Әбіш Кекілбаев ағасы: «Біз кешеден бері талқылап жатқан үкімет мүшелерінің арасындағы халықтың күткеніндей болып шыққан бірден-бір кандидат С.Әшімбаев екен» деген сөздермен осыған деген өзінің қуанышын білдірген-ді (С.Әшімбаев. ІІІ том. 198-бет). Бірақ сол жылдар – аса бір ауыр жылдар еді… 1991 жылдың тамызында Мәскеуде «Путчаның» бүлігі шықты. Осы кездегі алабүлік әңгімелердің құйыны оған оңай соққан жоқ. Миуалы терекке сынампаз дәуірдің найзағайы түсті. Адал пейіл халқы қатты қиналды…
Міне, осының барлығын, абзал азамат, мемлекет қайраткері, қастерлі қалам иесі – әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаевтың студент шағынан соңғы демі таусылғанша жүріп өткен өнегелі жолын ұстаздары, жолдастары, қалам ұстаған ел ағалары, ғалымдар мен мемлекет қайраткерлері – баршасы жарыса жазған қымбат лебіздері «Сағат Әшімбаев шығармалары» аталатын үш томдық еңбекке енген.
Автор шығармаларының үш томдығы­ның бірінші кітабының алғашқы беті қазақ әдебиетінің ақсақалдарының бірі, көзі тірісінде қазақ әдеби сынының Белинскийі атанған академик Мұхаметжан Қаратаевтың «Сынның сарапшы сарбазы» (үш томдыққа арналған беташар сөз) атты шағын мақаламен ашылған. Одан кейінгі Сағаттың шығармашылығын таныстыратын ағалық сөзді, марқұмның ұстазы, сол дәуірде Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) филология, журналистика факультеттерінде білім алған ұл-қыздардың барлығының ұстазы мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков ­«Заманынан озып туған» (І томның алғы сөзі) атты үлкен толғаныспен жазылған еңбегімен жалғастырған. ІІ том ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті қаламгер Нұрлан Оразалиннің «Рух ақиқаты» (алғы сөз) атты мақаласымен басталып, филология ғылымының докторы, профессор Жаңғара Дәдебаевтың С.Әшімбаевтың 60 жылдығына жасалған баяндамасымен ұласқан.
ІІІ том – үш бөлімге бөлініп, алғаш­қысына автордың шығармалары, одан кейінгі бөлімдерге академик Серік Қирабаев бастаған ғалымдар мен мемлекет, қоғам қайраткерлерінің Сағат Әшімбаевтың шығармашылығы мен ел өмірінде атқарған ерен еңбегінің мәні мен мазмұнын жан-жақты қарастырған естелік-эсселері орын тепкен. Аталмыш үшінші томның ілгергі томдардан бір ерекшелігі, мұнда Сағаттың республикалық теле-радио мемлекеттік комитетінде қызмет істеген кезде күреске толы атқарған өмірінен репортаж сияқты қабылданатын азаматтық тағдыр жолы (әсіресе Көлбай Адырбекұлының «Казахское дело» еңбегінде), әр кездерде жазған күнделіктері мен өзі оқыған әлем ғұламаларының ерен ойлы туындыларының іріктеп алынған тізімі (мұның өзі де 200 автордың кітабы), автордың көзі барында һәм кейінгі жарияланған еңбектерінің атауы, қысқаша өмірбаяны берілген. Бір сөзбен айтқанда, үш томдық еңбектің қай томы болсын, үлкен талғаммен, ғылыми жүйемен құрастырылған. Бұл ретте, оқырман қауымның (қазіргісі және кейінгісі бар), жалпы ел мұрасына жанашыр жұрттың аталмыш томдардың құрастырушысы – белгілі қаламгер Шәрбану Бейсеноваға (Сағат марқұмның жарына) шексіз риза болары сөзсіз.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.