Дәурен АБАЕВ, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі : Ереже консенсус нәтижесінде қабылданады

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев ведомствоның кеңей­тілген алқа отырысын өткізіп, министрліктің атқарған және жоспарлаған жұмыстарын талқылады.
Министрдің айтуынша, былтырдан бастап аналогтық телерадиохабар тарату кезең-кезеңімен тоқтатыла бастаған. Оның орнына цифрлы хабар тарату қолға алынған. Оған қажетті абоненттік құралдар әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға тегін үлестіріліпті. Ал шалғай орналасқан елді мекендер цифрлық сигналдарға отандық ОтауТВ, спутник тарелкалары арқылы қосылады. Ол үшін әр аймақтың жергілікті бюджетінен қаржы қарастырылған.

«Қазіргі уақытта еліміздің төрт аймағы толық цифрлық хабар таратуға көшті. Олар: Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл облыстары және Шымкент қаласы. Осылайша, ол жақтағы ауыл тұрғындары 15 отандық телеарнаны, ал облыс орталығының тұрғындары 30 арнаны жоғары сапада тамашалап отыр. Биыл Алматы облысы, Павлодар мен Қостанай аймақтарын цифрлық хабар таратуға ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Аталған жұмыстар 2022 жылы толық аяқталады» деді Дәурен Абаев.
Министрдің айтуынша, бос тұрған жиіліктер ұялы байланыс сапасын арттыру мақсатында пайдаланылатын болады.
Жиын барысында Абаев мырза «Қаз­теле­радио­кешеніне» мемлекеттік радио­ха­барлардың таралу ауқымын ұлғайту жұмыстарын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Министрдің айтуынша, аталған шаралар ұлттық ақпараттық қауіпсіздік саласында өте өзекті. Еліміздің ең шалғай жерлерінде тұрып жатқан азаматтар радио­қабылдағыштары арқылы Қытай немесе Ресейдің емес, Қазақстанның әнұранын тыңдауы тиіс. Өсіп келе жатқан ұрпақ қазақ ертегілеріне құлақ түріп, қазақ әндерімен сусындауы қажет. Осы мақсатта өткен жылы Алматы, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарындағы 300 мыңнан аса тұрғыны бар 12 шекаралық аймаққа «Қазақ радиосы» мен «Шалқар радиосы» тарай бастаған.
Сондай-ақ ведомство басшысы жыл соңына дейін барлық мемлекеттік орган­дардың сайты өшіріліп, орнына бірыңғай онлайн платформасы құрылатынын айтты.


«Ашық Үкімет» порталында жарияланатын деректердің саны күн санап артып келеді. 2018 жылы порталға 150 жаңа дерек енгізілді. Алдағы уақытта Астана тұрғындары осы портал арқылы қоғамдық көліктердің қозғалысын қадағалай алады. Сонымен қатар Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы кезекті бақылап, бала туу туралы мемлекеттік жәрдемақыны алатындардың саны туралы ақпаратты да осыдан алуға болады. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін «Ашық Үкімет» порталы да әрдайым жаңартылып тұрады. Мәселен, мемлекеттік орган бас­шысының блогына өтініш қалдырып, сұрақ қойған адам өзіне берілген жауапты бірден бағалап, пікір қалдыра алады. Енді мемлекеттік органдардың рейтингі олардың азаматтарға берген жауабының сапасына қарай сараланып отырады. Жыл соңына дейін біз барлық орталық мемлекеттік ­органдарды және жергілікті атқарушы органдарды бірыңғай платформаға жұмылдыруды ­жоспарлап отырмыз» деді министр.
Министрдің айтуынша, биыл «Ашық аймақ» жобасы қолға алынады. Ол арқылы қызметін ашық жүргізіп отырған әкімдер, әкімдіктер, мәслихаттар анықталады. Үздік деп танылғандары көпшіліктің назарына ұсынылады. Бұған қоса, ведомство басшысының мәліметінше, «Электронды үкімет» порталына 8 миллионнан астам адам тіркелген. 2018 жылы ол арқылы ел тұрғындарына 30 миллионнан астам электронды қызмет көрсетіліпті.
Айта кетейік, жуырда ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Бұқаралық ақпарат құралдарын тіркеу ережелеріне өзгерістер енгізуді ұсынған болатын. Құжат жобасында іс-шарадан хабар дайындайтын журналист аккредитация беруші мекемеге жеке бас куәлігінің көшірмесін, журналист пен БАҚ арасындағы келісім-шарттық қарым-қатынастың барын растайтын құжат көшірмесін тапсырып, мекеменің ішкі тәртібін сақтауға және модератор белгілеген регламенттің сақталуына жазбаша келісім беруі тиіс. Егер аталған құжаттардың бірі болмаған жағдайда, журналистерге арналған орын толып кеткенде мекеме БАҚ өкілін тіркеуден бас тартуы мүмкін екені айтылған. Бұл ұсыныс журналистер тарапынан қолдау таппады, керісінше наразылық тудырған еді. Алқа отырысында министр бұл мәселені де шет қалдырмады. Вице-министр Нұргүл Мауберлиноваға жобаны талқылауды ұйымдастыруды, журналистердің ұсыныс­тары мен ескертулерін жинақтауды тапсырды. «Бұл ережелер консенсус нәтижесінде ғана қабылдануы керек. БАҚ пікірі де ес­керілуі тиіс» деді Дәурен Абаев.

Майя МҰРАТБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.