«Отанды қорғауда» – майдан басылымы

Ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасап, отандық архивтер алдына Ұлттық архив қорын толықтыру, жеке архивтік коллекциялар жинау Елбасы­ның «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында жеріне жеткізе айтылған. 

ҚР Президентінің архивінде «Архив және қоғам» шарасы аясында Ленинград түбіндегі шайқаста блокаданың алынуының 75 жылдығына арналған кездесуде Түймебай Әшімбайұлының отбасылық архивінде ұзақ уақыт бойы сақталған «Отанды қорғауда» атты газет тігіндісі архивке мемлекеттік сақтауға тапсырылды.
«Отанды қорғауда» – соғыс кезінде қазақ тілінде жарық көрген майдандық 26 газеттің ішіндегі ең үздік басылым. 1942 жылдың 1-қарашасынан бас­тап Ленинград әскери округының «На страже Родины» атты газетінің қосымшасы ретінде шыға бастады.
Жиын барысында Қазақстан Республикасы Президенті архивінің директоры Жәмила Әбдіқадырова, «Тұран» университетінің ректоры, Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов, республикалық «Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, генерал-майор Махамбет Мұстафа, Түймебай Әшімбаевтың немерелері Данияр Әшімбаев пен Айбар Алшанов және т.б. сөз сөйлеп, Т.Әшімбайұлының өмір тарихынан сыр шертті.
Былтыр Президент архивінен ­Түй­мебай Әшімбайұлының жеке қоры ашылып, құжаттарды ғылыми ұйым­дастыру нәтижесінде 1936-2012 жыл­дарға арналған №1 мұрағат қоры құрылды. Онда Т.Әшімбаевтың аттес­таты, орта және жоғары оқу орнын бітіргені жөніндегі дипломы, кан­ди­даттық және докторлық дипломы, марапат құжаттары, орден мен медальдары және т.б. тапсырылды.
«Отанды қорғауда» әскери газетін жою актісі, газеттің көшірмесі, Ленинград округі әскери сотының айыптау шешімі, ІІМ-нің қамау орындарында жазасын өтеу туралы анықтама, КСРО Бас прокурорына сот ісін қайта қарау туралы өтініш, оңалту туралы анықтама секілді Т.Әшімбаевты айыптау құжаттары да сақталған.
Осы құнды құжаттардың қатарын «Отанды қорғауда» газетінің түпнұс­қасы толықтырды.
Түймебай Әшімбаев 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыс аяқталған жылы «ұлтшыл» деген жалған айыппен тұтқынға алынып, алты жыл (1945-1951) саяси қуғын-сүргін­нің азабын тартқан. Әскери қыз­метінде «Ленинград қорғанысы үшін» медалі және «Қызыл жұлдыз» ордені, «аға лейтенант» офицерлік шені бар.
Түймебай Әшімбаев – ғалым, экономика ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбегі сіңір­ген ғылым қайраткері. Ол 1957 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «өнеркәсіп экономикасы» мамандығы бойынша бітірген. 1958 жылдан Экономика институтынында кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, сектор меңгерушісі, директордың ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарып, бүкіл өмірін осы институтқа арнаған. 1973 жылдан бастап Экономика институтының директоры болды.

Бағдагүл Балаубаева
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.