ТАРИХШЫ ЕСІМІ ӘСПЕТТЕЛДІ

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Тарих факультеті орналасқан ғимаратқа және конференц-залға Қазақ ССР ҒА корреспондент-мүшесі, ХVIII–ХХ ғғ. Қазақстан тарихын көрнекті зерттеуші, тарих ғылымының докторы, профессор Бекежан Сүлейменовтің есімі берілді. Сондай-ақ осы шара аясында Ауғанстан жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылуына 30 жыл толуы­на орай Ауған соғысы ардагерлері құрметіне арналған оқу кабинеті ашылды. 

Салтанатты рәсімге Ақтөбе облысының сол кездегі әкімі Б.Сапарбаев, қала әкімі І.Испанов, облыс және қала әкімдігінің өкілдері, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, Қазақстан халықтар Ассамблеясының өкілдері, БАҚ өкілдері, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Тұсаукесерді құттықтау сөзімен ашқан университет ректоры Бауыржан Ердембеков: «Тарих факультетінің ғимараты институт болып құрылған кездегі алғашқы ғимараттарымыздың бірі. Бүгін тарих факультеті орналасқан ғимаратқа белгілі тарихшының есімін беріп отырмыз, көрнекті тұлғалардың есімін беру – бізде үрдіске айналған. Осы шараның аясында Ауған соғысы ардагерлерінің құрметіне оқу кабинеттерін де ашып отырмыз» деп, ер есімдері ешқашан ұмытылмайтынын және кейінгі толқын жас ұрпаққа үлгі болатынын тілге тиек етті. Бұл ретте университет басшысы Бекежан Сүлейменовтің бауыры Бақыткерей Әдманов пен Ауған соғысының ардагері Марат Қойлыбаевқа арнайы «Жұбанов медалін» табыс етті.
Бердібек Сапарбаев өз сөзінде ұлт зиялыларын тануда Жұбанов университетінде бірқатар маңызды шаралар атқарылып жатқанын атап өтіп, ғимаратқа тарихшы Бекежан Сүлейменовтің есімі берілуінің, оның құрметіне ескерткіш ашылуының символикалық мәні бар екенін айтты. Өз мемлекетінің дамуы мен көркеюіне өлшеусіз үлес қосқан тарихшының есімі берілгені қисынды екеніне маңыз берді. «Осындай игілікті істерімізбен жас ұрпақты өз ұлтын сүюге, білім биігіне, ғибратты ғылымға, еңбек етуге тәрбиелеуіміз керек» деді Бердібек Мәшбекұлы.
Тарихшының ұлағатты өмір жолымен Б.Сүлейменовтің туысы Бақыткерей Әдманов таныстырды.
Одан кейін Ауған соғысы ардагерлері құрметіне арналған оқу кабинетінде «Қос шынар» ұйымының президенті, «Қос шынар» – Әлия-Мәншүк» қоғамдық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербес Ауған соғысы ардагерлерінің жастарға патриоттық тәрбие беру жөніндегі атқарып жатқан істеріне көңілі толатынын, Ауған соғысы ардагерлеріне қандай құрмет көрсетсе де артық болмайтынын жеткізді.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрметті қызметкері, Шалқар ауданының құрметті азаматы Шындәулет Алдияров жиынға қатысушыларды құттықтап, Ауған соғысы жауынгерлерінің әскери жорық жолдары бүгінгі және келешек ұрпақ үшін үлгі-өнеге екеніне тоқталды.
«Ер-Бақыт» спорттық-патриоттық клубының жетекшісі, «Құрмет» орденінің кавалері, Ресейдегі Ауғанстан ардагерлері одағының «За заслуги» орденінің иегері ­Марат Қойлыбаев Ауған соғысы туралы және сол кездерде қатерге бел буып, батырлық пен қайсарлықтың үлгісін көрсеткен, өздерінің Отан алдындағы парызына адал болған жауынгер достары туралы сыр ақтарды.
«Біздің қатарымыз кезінде Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қарап өсті, соларға ұқсап батыр болғысы келді. Енді біздің жауынгерлік ісіміз қазіргі жастардың бойындағы патриоттық сезімін нығайтып, ел қорғау сенімін бекітуі керек. Қазіргі арайлап атқан әрбір бейбіт таңымызды қастерлеуіміз керек. Сонау Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен аталарымызды ұмытуға еш қақымыз жоқ. Келер ұрпақ та мұны жадынан шығармаған дұрыс» деп түйіндеді өз ойын.
Жиынды қорытындылаған тарих факуль­тетінің деканы Гүлмира Купенова қатысушы қонақтарға ризашылығын білдіріп, жастарға патриоттық тәрбие беруде игілікті істердің жалғаса беретінін жеткізді.

Сандуғаш Байғұлқызы

Ақтөбе

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.