БАСТЫ БАҒЫТ – ХАЛЫҚТЫҢ ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ

Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі өтті. Съезге партияның Төрағасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Сон­дай-ақ алқалы жиынға өңірлік кон­ференцияларда сайланған делегаттар, Парламент депутаттары, мемлекеттік басқару органдарының, ұлттық холдингтер мен компаниялардың басшылары, азаматтық қоғамның, үкіметтік емес ұйымдардың және жастар құрылымдарының, халықаралық ұйымдардың, дипломатиялық корпустың, бастауыш партия ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құрал­дарының өкілдері, ғылым және мәдениет қайраткерлері, партия ардагерлері де қатысты.

Съезд жұмысы басталар алдында Елбасы «Нұр Отан» партиясының қазіргі жұмысына, партияны жаң­ғыртуға және оның тарихына арналған арнайы көрмені аралады. Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан халқына ар­налған Жолдау мен «Бес әлеуметтік бастаманың» іске асырылу барысына мониторинг жүргізудің жаңа жүйесі, сондай-ақ партия жобаларын жүзеге асырудың нәтижелері туралы жан-жақты мәлімет берілді. Сонымен қатар Қазақстан Президентіне жаңа «Цифрлық партия» жүйесінің мүмкіндіктері көрсетілді.
Биыл «Нұр Отан» партиясының құрылғанына – 20 жыл. Сондықтан бұл алқалы жиынның мән-мағынасы ерекше деп айтуға толық негіз бар. Осы жылдар ішінде партияның бастамасымен атқарылған істер қорытындыланып, алдағы жыл­дардағы еліміздің даму көкжиегі ай­қындалды. Қарышты қадамдармен өркендеудің нақты жобалары жайында да кеңінен сөз қозғалды. Жиында партияның 2030 жылға дейінгі «Әл-ауқаттық қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты даму бағдарламасы қабылданды.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев сөз басында жиналған қауымды «Нұр Отан» партиясының 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, 1999 жылғы 1 наурыз егемен еліміздің жылнамасына партиямыздың негізі қаланған күн ретінде енгенін тілге тиек етті.

Республикалық бюджет шығындарының 45 проценті әлеуметтік салаға бағытталады
Бюджеттің әрбір тиыны халыққа жетуі керек
Толық емес көпбалалы отбасыларға үйден жұмыс істеуге мүмкіншілік жасау қажет
Көпбалалы отбасындағы әрбір балаға 21 мың теңге төленеді

– Тарих өлшемімен қарағанда бұл – көп уақыт емес, бірақ біз үшін тұтас дәуірге бара-бар. Ғасырлар тоғысындағы күрделі экономикалық жағдай тез арада дұрыс таңдау жасауымызды талап етті. Тәуелсіздігімізді нығайтып, мықты мемлекет құру үшін бізге батыл әрі маңызды реформалар жасау керек болды. Әйтпесе, өркениет жолына бастайтын әлемдік даму көшінен қалып қоятын едік. Осындай ұлы мақсатты көздеген «Нұр Отан» партиясы халықтың сенімін ақтап, орнықты ілгерілеуімізді қамтамасыз ететін бірден-бір саяси күшке айналды. Сындарлы жылдарда жанымнан табылып, биік белестерді бағындыруға атсалысқан партияластарыма алғысымды білдіремін, – деді Елбасы.
Әрі қарай Нұрсұлтан Назарбаев партия қол жеткізген жетістіктерді ай­шық­тайтын нақты фактілерге тоқ­талды. Еліміздің экономикасы айтар­лықтай өскенін, сыртқы сауда айна­лы­­мының көлемі 9 еседен астам артқанын, Қазақстанға шетелден 320 мил­лиард долларға жуық тікелей инвестиция тартылғанын, осы мерзім ара­лығында азаматтарымыздың кірісі 16 есе көбейгенін, 141 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынғанын айтты.


– Біздің басты басымдығымыз – азаматтарымыздың тұрмыс сапасын арттыру және Қазақстанды әлеуметтік бағыттағы мемлекет ретінде дамыту. Біз қиын кезеңдердің өзінде әлеуметтік міндеттемелерімізді орындадық. Елімізде әрдайым әлеуметтік салаға мол қаржы бөлініп келді, бұл көрсеткіш алдағы уақытта бірте-бірте арта беретін болады, – деді Елбасы.
Елбасының сөзінен белгілі бол­ғандай, бүкіл елімізде әлеуметтік маңызы зор жаңа инфрақұрылым нысандары бой көтерген, 1 400 заманауи аурухана, емханалар мен амбулаториялар, 2 865 жаңа мектеп, колледждер мен балабақшалар ашылған. «Мұның бәрі – бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің нәтижесі. «Нұр Отан» мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылдауға ықпал етіп, сайлаушылардың сенімін ақтап келеді» деп бір түйіндеп өткен Президент қазіргі уақыттағы маңызды міндеттерге ойысты.
Партия Төрағасы жаһандану кезеңінде дұрыс бағыт-бағдар таңдай біліп, қоғамды соған жұмылдыра білудің маңыздылығына айрықша мән берді. Бұл орайда заманауи әлемнің трендтерін назардан тыс қалдыруға болмайтынын жеткізді.
– Жаңа заман жаңа сын-тегеурін­дерімен келеді. Бізді қоршаған әлем тоқтаусыз турбулентті аймаққа еніп келеді. Бірақ бұл қорқу керек деген сөз емес. Кез келген қиындық жаңа өзгерістермен келіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Ең бастысы, дамудың дұрыс бағытын таңдап, қоғамды алға қойған мақсаттарға жұмылдыру керек. Заманауи әлемнің негізгі трендтерін ескеру қажет. Бүгінде мемлекеттер арасындағы бәсеке жекелеген адамдардың бәсекесіне пара-пар. Кез келген экономикалық жетістіктер мен геосаяси жеңістер әрбір адамның әл-ауқатын жақсартуға ықпал етпесе, еш маңызы болмайды. Мұнда ХХІ ғасырдағы мемлекеттердің тұрақты дамуының сыры жатыр, – деген Елбасы партияның 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты бағдарламасының өз тапсырмасымен әзірленгенін атап өтті.

«Құтты мекен» жобасы 7,5 млн ауыл халқының жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді
Мүгедек балаларды асырап отырған ата-ана жәрдемақысы 30 пайызға өседі
Президент ауылдарды дамытуға 90 млрд теңге бөлуді тапсырды
Көпбалалы отбасыларға 2-3 пайызбен баспана сатып алу мүмкіндігі беріледі

Бүгінгі съезд Қазақстан дамуындағы жаңа кезеңді бастайтыны, алдағы 10 жыл – алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттер­дің 30-дығына енудегі шешуші кезең екенін айта келе: «Осыған байланысты пар­тия нақты мақсаттар қоюы тиіс. Мұның барлығы бағдарла­мада көрсетілген. Әрқайсысымыздың гүлденген әрі қуатты Қазақстанды қа­лып­тастыруға үлес қосатынымызға сенімдімін» деді. Сонымен қатар ­Елбасы Қазақстанның табысты дамуының негізі болып саналатын ұлттық идеяны басшылыққа алуға шақырды. «Өз қызметімізде біз ұлттық идеямызды басшылыққа алуымыз керек. Оның негізгі құраушылары: ұлттық бірлік, бәсекеге қабілетті қуатты экономика, зияткерлік дамыған қоғам және әлем құрметіне бөленген мемлекет. Мұның барлығы – Қазақстанның табысты дамуының негізі. Өз кезегінде Ұлттық бірлік доктринасының төрт тірегі бар – ортақ тарих, ортақ құндылықтар, ортақ Отан және ортақ болашағымыз» деді.
Алқалы жиында Мемлекет басшысы көпбалалы отбасыларда әрбір баланың төлемақысын 21 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырды. Бұдан бөлек, мүгедек балаларды асырап отырған отбасылардың жәрдемақысы 30 пайызға ұлғайтылып, әкімдік қызметкерлерінің жалақысы да көтерілмек.
Сондай-ақ басқосуда «Нұр Отан» партиясының жаңа бағдарламасында нақты мақсат-міндеттер айқындалғаны айтылды. оның негізінде алдағы үш жылдың мемлекеттік-әлеуметтік саясаты жүргізілмек. Бұл орайда Елбасы Үкіметтің жаңа құрамы және барлық әкімдер аталған мақсат-міндеттерді орындауға шұғыл кірісулері керектігін тапсырды. «Осы айтылған мәселелерді бәріміз қолға алып, мен болып, Үкімет болып, партия мүшелері болып, аймақтағы партияның ұйымдары болып, атсалысуымыз қажет. Бұл оңай жұмыс емес, әрине. Барлығын ұйымдастыру қажет» деді.
Президент сөзінен мәлім болғандай, Үкіметтің әрбір мүшесі және әкімдер жаңа бағдарламада көрсетілген экономикалық мақсат-міндеттердің орындалуына жауапты болады. Әрқайсысының жеке жауапкершілігі болады. Ол үшін ­Президент аппаратында арнайы бақылау комитеті құрылмақ.
Өңірлердің дамуына қатысты ой білдірген Елбасы өңірлік дамуда айтарлықтай айырмашылықтар бар екеніне назар аударды. «Неге бір об­лыстың жолы жақсы, ал екіншісінде нашар? Бір жерде тұрғын үй-комму­налдық шаруашылық тұрақты болса, енді бір жерлерде іркіліс орын алуда? Демек, шынымен жұмыс істейтін, адамдардың проблемасын білетін және шешетін әкімдер бар деген сөз. Дегенмен, халық­пен тілдесуден қашатын және өңір тұр­ғын­дарының шынайы қажеттіліктерін қаперге алмайтындар да бар».
Осы ретте Мемлекет басшысы өңір әкімдері халыққа жақын болуы және олардың игілігі үшін барлығын жасауы қажеттігіне тоқталды.
– Әрине, олар жұмыс істеп жатыр. Жұмыс істемейді деп айта алмаймын. Бірақ, халыққа жақын болуы керек. Қазір бізде әкім жылына бір рет есеп беретін тәртіп бар. Алайда ол формальдылыққа айналып кетті. Әкімдер жылына бір рет емес, жыл бойы халықтың түрлі санаттары: дәрігерлермен, мұғалімдермен, жастармен кездесуі тиіс. Бізде түрлі бағдарламалар бар, жеткілікті ресурс та бөлінген. Бірақ нақты нәтижелер көрінбейді. Ешкім түсіндірмейді. Мұндайға жол берілмеуі тиіс, – деді Президент.
Жиында әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылғандарға бөлінетін қаражат көлемі төмендемейтіні белгілі болды. Атап айтқанда, республикалық бюджет шығындарынан әлеуметтік салаға 45% жұмсалған. Десек те, әлеуметтік салада қордаланып қалған бірқатар мәселелер де жоқ емес. Осы орайда Ұлттық қордан азаматтардың өмір сапасын жақсарту мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған қаражат бөлінетіні айтылды. Бұл ретте әлеуметтік саясат масылдық көңіл-күйлердің пайда болуына әкеліп соқпауы керектігі де атап өтілді.
Әлеуметтік саясаттың мынадай үш бағыты айқындалды: біріншісі, халықтың табысын арттыру және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтамасыз етілгендерді қолдау; екіншісі, айлық-жалақысы төмен азаматтардың тұрғын-үй мәселелерін шешу және білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жақсарту; үшіншісі, аймақтардың кешенді түрде дамуы.
«Әрбір қазақстандық отбасы жүргізіліп жатқан реформалардың нәти­жесін алыс болашақта емес, бүгін сезінулері керек» деген Президент көп балалы отбасыларды қолдауға байланысты шараларды күшейту керектігін айтты. Елбасының айтуына қарағанда, бүгінде елімізде 340 мың отбасында 4-тен көп бала бар екен. Жыл сайын мұндай отбасыларды қолдауға 500 миллиард теңге бөлініп келеді. Ол отбасылардың табыс деңгейі де әртүрлі болғандықтан, ең бірінші кезекте мемлекет табысы көлемі аз көпбалалы отбасыларды қолдауға баса мән бермек.

1 шілдеден бастап бюджет саласындағы айлығы төмен қызметкерлердің жалақысын 30 процентке арттыруды тапсырамын
Денсаулық сақтау саласын дамытуға қосымша 120 млрд теңге бөлінеді
Ірі қалаларда баспана салуға қосымша 90 млрд теңге бөлінеді
Көпбалалы отбасыларға 40 мың жалдамалы пәтер салынады

Жиында әлеуметтік саладан білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамыту мәселелері сөз болды.
– Қазіргі заманғы шындық біздің балаларымызда жаңа дағдылар мен құзыреттерді дамытуды талап етеді. Мен үш тілділік біртіндеп нормаға айналуы тиістігін айтқан едім. Біздің балаларымыз – жаһан балалары. Олар бүкіл әлемдік кеңістікте, үздік жоғары оқу орындарында білім алуда. Сондықтан қазақ, орыс және халықаралық ағылшын тілін білу маңызды» деді Мемлекет басшысы. Дегенмен, Елбасы бұл саясатта асығыстық болмау керегін ескертті. «Алдымен педагогтерді дайындап алу қажет. Ағылшын тілін білетін физика, математика және химиядан сабақ беруге қабілетті педагогты оқыту қажет. Ал біздің министрлік ертеңнен бастап-ақ мұғалімдерге сабақ бере бастауды тапсырды. Үш айға курсқа шақырып, оқытасыңдар. Ол дұрыс емес» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы әрбір өңірде алдыңғы қатарлы ең азы бір жоғары оқу орны болуы керектігін баса айтты. «Әрбір өңірде кемінде бір ілгері жоғары оқу орны, яғни мемлекетімізде 17 ЖОО және 10 заманауи колледж болуы тиіс. Оқу орындарының тиімділігінің басты критерийі – бұл түлектердің жұмысқа орналасуы. Университет түлегі жұмысқа орналасса, бұл – университеттің бағалануы, маманда­ры­ның қажет екендігі» деген ойын жеткізді.
Елбасы өз сөзінде еліміздегі жолдарды дамыту жайына да кеңінен тоқталды. Сонымен қатар аймақтық көлік инфра­құ­рылымын, әуежайлар мен автовокзалдарды жаңғыртуға, тұрғындарды таза ауыз сумен қамту, кең ауқымдағы газдандыру жұмыстарын ілгерлетуді тапсырды.
Айта кетейік, партияның жаңа бағдарламасы әлемдік трендтер мен Қазақстанның барлық аймақтарындағы жағдайларды сараптай келе әзірленген. Онда таяу үш жылдағы мемлекеттік әлеуметтік саясаттың іргетасы болып қаланатын нақты мақсаттар мен жобалар белгіленген. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев жаңа министрлер кабинетіне, барлық әкімдерге атап көрсетілген тапсырмаларды жедел арада шешуге кірісуді тапсырды. Бұл үшін Үкіметтің әрбір мүшесі мен әкімдері жауапкершілікте болатыны айтылды.
Съезде «Нұр Отан» – толағай табыстардың және болашаққа жол ашатын жарқын жетістіктердің партиясы екеніне баса мән берген Елбасы өз сөзін былай деп түйіндеді: «Біздің ұзақ мерзімді стратегиямыз, мол табиғи ресурсымыз, саяси күш-жігеріміз бар. Мемлекеттің қуаттылығы мен экономиканың даму қарқыны азаматтардың тұрмыс сапасымен өлшенеді. Сондықтан мен өзіме сенім артқан халықтың болашақта емес, қазір бақытты болғанын көргім келеді» дей келе: «Тәуелсіз Қазақстанның арқа сүйейтін тірегі – баянды бейбітшілік пен келелі келісім! Бас партия болу дегеніміз – басқару емес, елге адал қызмет ету! Біз – халық бірлігінің партиясымыз. Бүгінгі съезд Қазақстанды дамытудың жаңа кезеңіне жол ашады. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы жақындап келе жатыр. Бауырымыз бүтін болып, сол мерекеге мол табыспен жете берейік! Қазірден бастап дайындалайық».
Басқосуда партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев «Нұр Отан» партиясының жаңа логоти­пін таныстырды.
– Соңғы бес жылдың ішінде заңнама­лық өзгерістер мен жаңа тәжірибелерге сәйкес, партия жарғысына кейбір нормаларды енгізу қажеттігі туындап отыр. Ең алдымен, қазақ тілінің латын әліп­биіне көшуіне байланысты партияның мемлекеттік тілдегі атауында латын әріптерін қолдану ұсынылуда. Экраннан партияның жаңартылған логотипін көрулеріңізге болады. Ұсынылып отырған логотипте күннің 17 сәулесі бейнеленген. Ол біздің облыстарымыз бен Алматы, Шымкент, Астана қалаларын символикалық тұрғыда бейнелейді. Осы ретте партияның латын әліпбиіндегі атауын – Партия Төрағасының өз қолымен жаз­ғанын атап өткім келеді, – деді Мәулен Әшімбаев.
Жиында Алматы қаласының әкімі ­Бауыржан Байбек, ­Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай ­Сабильянов, «Егемен Қазақстан» АҚ-ның басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, «Аллюр» компаниясының төрағасы Андрей Лаврентьев, «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облысы филиалының өкілі Думан Ғазизов, көп балалы ана Ғалия Ақбасова және т.б. азаматтар сөйледі.
Съезд барысында Партияның ­саяси кеңесі мен Орталық бақылау-тек­серу комиссиясының жаңа құрамы бекітіліп, партия жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді, сондай-ақ Партияның саяси кеңесі мен Орталық бақылау-тексеру комиссиясы жұмыстарының қорытындылары жө­ніндегі есептері қабылданды.

Дәуіржан Төлебаев
«Ана тілі» газеті

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.